Бүркіт
Бүркіт — сұңқартәрізділер отряды, қаршыға тұқымдасының қыравдар туысына жататын ірі жыртқыш кұс. Латынша аты «алтын қыран» деген ұғымды біддіреді. Түркі халықтарының көпшілігі «бүркіт» (жемтігін бүріп ұстау тәсіліне сәйкес) деп атайды. Бүркіт Солтүстік Американы, Еуразияны, Солтүстік-Батыс Африканы, Жапония аралдарын мекендейді.
Қазақстанда оның алты түр тармағы Маңғыстау, Үстірт, Мұғалжар, Сыр бойы, Қызылқұм, Бетпақдала, Сарыарқа, Тянь-Шань, Тарбағатай, Алтай өңірлеріндегі жазық жерлерде, тау бөктерінде кездеседі. Бүркіт — қырандар ішіндегі ең ірі әрі күшті, дене бітімі мығым, жылдам ұшатын құс. Саусақтары салалы, ірі әрі бедерлі (мүйіз қабыршақты). Қауырсындары бір түсті қара қоңыр. Желкесі мен мойнының сырты сарғыш-жирен түсті. Жас бүркіттің құйрығы ақ, оның үшында жалпақ қара жолағы, қанатының астында ірі ақ қауырсындары болады. Бүркіттің қанатының шеткі қауырсындарын шалғысы деп, ал кұйрығының ортасындағы екі қабат әлді қауырсынын көбесі, қалғандарын жебесі деп атайды.
Ұябасарының бір қанатының ұзындығы (топшысынан шалғысының ұшына дейінгі аралығы) 65-74 см, шәулісінікі — 59-66 см. Ұябасарының салмағы 3,8-6,3 кг, шәулісінікі 2,8-4,1 кг. Бүркіттің құйрық қанатының ұзындығы 33-36 см. Тұмсығының үстіңгі жағы төмен қарай иіліп келген, ұшы үшкір болады. Жұптасып тіршілік етеді. Бүркіт суыр, қоян, түлкі, борсықты, кейде тышқан мен саршұнақты, тасбақаны, тұяқты жануарлардың (ақ бөкен, елік, қарақұйрық) төлдерін жейді. Бүркіт аңды тырнағымен емес, табанындағы бүртіктері — бездерімен буындырып өлтіреді. Үлкен ұясын (диаметрі 1,5-2 м) қурап қалған ағаш бүтақтарынан құздың, жартастың басына бірнеше жыл қатарынан салады. Наурыз-сәуірде бір-үштен жұмыртқалайды, оны әдетте ұябасары қырық-қырық бес күн шайқайды. Балапандарын алғашқы күндері шәулісі асырайды. Олар екі жарым айлығында ұядан ұшады, бірақ ұябасары мен шәулісі ұзақ уақыт бойы баулып, қарауылдап жүреді.
Табиғи жағдайда бүркіт жүз жылдай тіршілік етеді. Қазақ құсбегілері бүркітті жасына қарай ажыратып, атай білген. Мысалы: бір жастағысын — балапан, екідегісін — қантүбіт, үштегісін — тірнек, төрттегісін — тас түлек, бестегісін — мұзбалақ, алтыдағысын — көк түбіт, жетідегісін — қана, сегіздегісін — жаңа, тоғыздағысын — майтүбіт, ондағысын — барқын, он бірдегісін — баршын, ал он екі жастағысын — шөгел деп атаған.
Халық ұғымында бүркіт — текті әрі киелі құс. Мысалы, балалардың бас киіміне, бесікке бүркіттің бармағын тағып қойған. Академик Әлкей Марғұланның зерттеулерінен қазақ тілінде тікелей бүркітке қатысты бір жарым мындай ұғым бар екендігі туралы деректерді кездестіруге болады. Мысалы, бүркіттің әрбір дене мүшесінің, жеке бармақтарының, қауырсындарының өз атаулары бар. Құс аяғының өкше бармағы — тегеурін, екі ойықтың ішкі жағындағы сұқ бармағы — жембасар, орта бармағы — сығым, шынашағы — шеңгел (сілім) деп аталады. Қыран бүркіт мықтылықтың, қайсарлықтың, еркіндіктің белгісі. Қазақстан Республикасының Туындағы бүркіт бейнесі азаттық айбыны ретінде бейнеленген. Бүркітті қолға үйретіп, баптап, саятшылықта пайдалану — қазақ халқының ертеден келе жатқан өнері. Оны аңға салу — төзімділікті, іскерлікті, асқан шеберлікті керек етеді. Бүркіттің балапанын ұядан алу үшін де үлкен тапқырлық керек. Амал-айласы жетпесе, адам балапанды өлтіріп алуы мүмкін. Қазіргі кезде бүркітшілік өнерге ерекше көңіл бөлініп, Қарағанды, Алматы облыстарында арнайы салбурын ұйымдастырылып, жас бүркітшілер мектебі ашылуда. Бүркіт Ақсу-Жабағылы, Алматы, Марқакөл, Үстірт қорықтарында қорғалады. Олардың санының жылдан-жылға азаюына байланысты Қазақстанның «Қызыл кітабына» (1996) енгізілген.
Бүркітшілік — бүркітті баулып, онымен аң аулау кәсібі, саятшылықтың бір түрі. Бүл кәсіппен ертеде көшпелі түркі тектес халықтар шұғылданған. Тарихи деректер бойынша Жошы ханның 3 мың бүркітшісі болған. Бүркітті екі түрлі жолмен ұстайды: біріншісі — балапанын ұядан алып, қолдан баулу. Ондай бүркітті қолбала дейді. Екіншісі — бүркітті тағы күйінде ұстап үйрету. Бұлар — тірнек, тастүлек, мұзбалақ сияқты түз құстары. Бүркіт балапанын жем беру арқылы баулиды. Тұғырға отыруға жарасымен томаға кигізіп, балақ бау тағып, қолға қондыра бастайды. Ұшуға жараған кезде етке қант бүркіп, қоян, түлкі, қарсақ сияқты аңдардың терісіне орап, шыжым жіппен сүйретіп жүріп жегізеді, мұны «шырға тарту» дейді.
Алдымен жас бөлтірік, көжек, түлкінің күшігі сияқты әлсіз аңдарды тірідей шоқытып ауыздандырады. Бұл — құсты «аңға баулу» деп аталады. Ал түз құсын ең алдымен томағалайды да, ырғаққа отырғызады. Ұйқыдан қалжыраған бүркіт бірте-бірте адамның ыңғайына көне бастайды, сол кезде қолдан жем беріп, дыбыс шығарып, басынан, қанат қырынан, арқасынан, жемсауынан сылап-сипап үйретеді. Түз құстарын елу-алпыс күннен кейін ұшырып, ұсақ аңға салады. Бүркіт біршама қоңды, жемге шабытты, сергек күйде болу керек. Сондықтан әр бүркіттің тегіне, қырандығына, жасына қарай әр жағдайда берілетін жемдері болады. Мысалы, «қан соқта», «жылы жұмсақ», «қызыл», «тоят» деп аталатын жемдер семірту мен түлекке отырғызғанда, құстың еті төмендеп кеткенде беріледі. «Тартпа», «толарсақ» дейтін жемдер бүркітті ширыктыру үшін берілсе, «сарбөрше» (туралған ет бір-екі рет суға шайылады) құстың етін бір қалыпты ұстау үшін, «ақ жем» (суға сығымдап, қан-сөлі алынған, туралған ет) құстың етін төмендету және ашқарақтануы үшін беріледі. Бүркітшінің түлекті осындай түрлі жеммен баптауын «қайыру» дейді.
Наурыз, көкек айларынан бастап, бүркітші құсты тойғыза жемдеп түлекке отырғызады. Ол бүркіт алатын андардың жатағын, өрісін, ізін танып, білетін байқампаз да болады. Аңға шығарғанда бүркітшінің жанында аяқ бау, балақ бау, тұғыр, балдақ, томаға, сапты аяқ, биялай, жеңсе бұрау (түлкі бұрайтын айыр бас шыбық), жем қалта, шыжым, пышақ, ине, тарамыс, бөлеу (бүркіт бесігі) сияқты қажетті жабдықтары болады. Бүркітші саятшылыққа бірнеше кісімен шықса, оны салбурынға шығу дейді.
Салбурын — аңшы, саятшылардың топталып, бірнеше күнге аң аулауға шығуы, яғни топтық аң аулау. Салбурын аңшылардың мерекесі тәрізді, негізінен қыс мезгілінде өтеді. Мұнда ауланған аң бәріне бірдей тең бөлінеді. Ауыл ақсақалдарының үлесі бөлек есептеледі. Салбурын аңшылардың ерлігі мен ептілігін, азаматтығын сынайтын жол. Аңшылардың қысты күні күтетін сәті — сонар. Қансонарда қыстың тынық күні ұлпа қар жерге түскен кезде аңның ізі тайға таңба басқандай анық көрініп жатады. Аңшылар осындай сонарда салбурынға шығады да, ізіне түскен аңды қаумалап жүріп, соғып алады. Салбурын кезінде інінде, апанында тығылып жатқан аңды аңшылар дабыл қағып, айғайлап, қиқулап, ит қосып үркітіп шығарады.