- 27 қыр. 2021 00:00
- 214
Бекет Мырзағұлұлы
Бекет Мырзағұлұлы (Бекет ата) (1750-1813) — қазақтың әйгілі батыры, ағартушы, сәулетші. Халық әулие тұтқан. Маңғыстауда туып-өскен. Өзі тұрғызған Оғыланды мешітіне жерленген. Хорезмдегі Пақыржан қажыдан оқып, діни білім алған. Бекет жастайынан білмекке құмар боылп, алғырлық зеректігімен көзге түскен. Ол ат жалын тартып мінген, оң-солын тани бастаған кездің жаугершілігі мол болған. Содан да ел қамы, халық тағдырына қатысты істерге ерте араласып, парасат-пайымымен, ерлік-табандылығымен жұрт көзіне ертерек түскен. Ол, әсіресе, медресе-мешіттер салдыртып, халықты имандылыққа, кісілікке, ауызбірлікке баулуға айрықша көңіл бөлген.
Үстіртті зерттеген топограф Э. Эверсман былай деп жазған: «Үстірттегі тааудан үңгіп жасалған мешіттер араб, парсы жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткіштерді Бекет төрт жерден жасаған. Оның бірі Маңғыстаудан қашық емес, Оғыландыда. Екіншісі — Бейнеуде, үшіншісі — Жем бойында, төртіншісі — Арал жағасындағы Баялыда» дейді. Мұндай мешіттерде Бекет ата құдайға құлшылық етуге қоса, халықтың сауатын ашып, балаларды оқытатын болған. Тек қана ағартушылық жұмыстары емес, сонымен бірге ел басына күн туған ауыртпашылықта, жаугершілікте халыққа басалқылық жасап, жөн сілтеп отырған. Тікелей өзі араласып, шеп құрып жауға аттанып, небір тамаша ерліктің үлгілерін де көрсеткен. Ел мен жердің тәуелсіздігі үшін ақылымен де, қайратымен де басшы бола білген. Бекет ата салдыртқан мешіттер күні бүгінге дейін біршама тәуір сақталған. Әсіресе, өзінің сүйегі қойылған Үстірттің Маңғыстау жақ ойысындағы Оғыланды мешіті үш бөлме етіп ойылған қалпы әлі тұр. Бекеттің немересі Мұрынның мүрдесі де осында.