Бүркіт Ысқақов
Қатал тағдырға мойымаған ақын, ғалым, филология ғылымының кандидаты Бүркіт Ысқақов 1924 жылы 4 қарашада Қарағанды облысының, Нұра ауданына қарасты "Көкмөлдір" деген жерде туған. Ол жастайынан қиялшыл, арманшыл болған екен. Зерек жас ел аузындағы қисса дастандарды зейін қоя тыңдап, жаттап алып жүреді. Соның әсері болса керек, кейін өзі де өлең шығара бастайды. Оның ең алғашқы өлеңі "Ана туралы жыр" деп аталады. Одан соң "Қарағанды комсомолы" газетінде әр түрлі тақырыпқа жазған өлеңдері жарық көре бастайды. Сондай өлеңдерінің бірі ақынның туған жерге арнаған "Көкмөлдір" деген жыры.
Б. Ысқақовтың шығармашылық өмірге кең құлаш ұруы 1940 жылы Қарағанды мұғалімдер институтына түсуінен басталады. Сол жылдары жазған өлеңдері "Советтік Қарағанды", "Қарағанды комсомолы" газеттерінде үзбей жарияланып тұрады да, оқуын бітірген соң 1942 жылы "Советтік Карағанды" газетіне қызметке келеді. Сол жылы әскерге алынып, соғысқа аттанады.
1946 жылы еліне жеңіспен оралған жауынгер ақын еңбек жолын бұрынғы өзі істеген газетте жалғастырады да, көп ұзамай, Алматыға барып, "Пионер", "Білім және еңбек" журналында, "Лениншіл жас" газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарады.
1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, Ғылым Академиясының аспиратурасына түседі.
Бүркіт Ысқақов саяси көзқарасы үшін қудалауға ұшырады. Айыптау үкіметінде Б. Ысқақовтың ертеректе "Жас қалам" үйірмесі мен "ЕСЕП-ке" (елін сүйген ерлер партиясы) қатысына қосымша, "Үндістан" деген өлеңді С. Сейфуллиннің "Азия", І. Жансүгіровтың "Гималай" өлеңдеріне еліктеп жазғансың деп кінәлаған. Содан 1951 жылы жаппай қуғын-сүргін тұсында "Үкіметке қарсы үгіт жүргізіп жүр" деген жаламен жазықсыз жазаланып, 25 жылға бас еркінен айырылады. Сөйтіп 27 жасар жігіт 30 жылдық жазаны арқалап кете барады.
Лагерьде, тозақ отының төрінде жер қазып, шаң жұтып, шаршап–шалдығып, титықтап жүрсе де өлеңді қоймайды, өлең-жыр өңешінен түйдік-түйдік құйылды. Ол қазақ поэзиясында "Тұтқын жыры", "Лагерьдегі өлеңдер" деп аталатын поэзияның жаңа түрін бастады. Ұлы соғыстың оты мен суығынан аман оралған ақын қапаста көрген қайғы-қасіретін бүркемей, бүкіл үнімен шырқап жүрді. "Тас өзеннің ызғары" өлеңдер циклі оқырманның ойынан шыққан дүние. Ақылды ағамыз, академик М. Қаратаевтың "Ақындарымыздың абақтыда отырып жазған өлеңдері бізге жеткен жоқ, сол олқылықтың орнын олардың ақын ұрпағы – Б. Ысқақовтың жырлары торлтырғандай. Оның бұл өлеңдерінен Сәкеннің сыры, Бейімбеттің мұңы, Ілиястың үні естілгендей болады" деуі тегін емес.
Қапаста бес жыл қасірет шеккен Б. Ысқақов КСРО Жоғарғы сотының 1956 жылы 20 қарашадағы қаулысы бойынша толық ақталып, еркін өмірге оралды да, сүйікті кәсібін жалғастырды. Журналистика, әдебиет, ғылым саласында жемісті қызмет атқарды. Қазақ СССР Ғылым Академиясының М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып, 1991 жылы дүниеден өткенге шейін ұзақ жылдар еңбек етті.
Ақынның шығармалары 1938 жылдан бастады. Тұңғыш өлеңдер жинағы – "Сенің Отаның" 1958 жылы шықты. Қарағандылықтардың еңбектегі ерлігі жырланатын "Москваны тыңдаймын", "Жылдар жырлайды", "Шабыт шуағы", "Әлемнің әлегі", "Өлеңді жылдар", "Шындық дауысы" атты поэзиялық жинақтардың, "Қазыналы Қарағанды", "Арқаның алып жүрегі", "Нұрлы Нұра бойында" көркем очерктердің авторы Б. Ысқақов аудармашы ретінде де белгілі. Ол А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, В.В. Маяковский, И. Франко, Н. Хикмет, С. Вургун тағы да басқа авторлардың шығармаларын қазақ тіліне аудыруға қатысқан.
Ал, әдеби зерттеу саласында "Қазақ–татар әдеби байланысы", "Қазақ-башқұрт әдебиет қатынастары тарихынан" атты монографиялардың авторы. Оның құрастыруымен "Орта Азия Қазақстанның ұлы ғалымдары" атты көлемді кітап жарық көрді.
Бүркіт Ысқақов Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ұлы Отан соғысы орденінің, көптеген жауынгерлік медальдардың иегері болып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.