Биіктен таба алмасаңдар, іздеңдер тереңдіктерден...
...Терезе сыртында — алабұртқан көктем. Бірде сыбылықтап, бірде сырғақтатып, енді бірде сай-сүйегіңді сыздатардай егіліп қоя беретін сәуірдің бұлты. Жұмада жауса, жұмаға аумай қоймау Алматы жаңбырының әдеті емес пе. Қоңыр бөлмеде, қобыраған қағаздар арасында кейде қоңылтақсып, кейде әлденеге жас балаша қуанғысы келетін көңілді қайда қоясыз. Бірі шаруасымен, бірі сауғасымен, бірі жай ғана амандасып кету үшін кіріп-шығып жататын адамдар. Соның көбі — ақын. Кетеді — артында қағазы қалады. Соның көбі — өлең емес. Бірінің көңілін қимайсың — кемді деуге, бірінің өмірін қимайсың — өлді деуге. Жә... Қалың қағаздар ішінен қолыма мына бір өлең түсті:
«...Жан-жағың құз, қызыл шатқал,
Өрлеп кімдер жетіп еді?
Күнгей жартас биігіңнен
Еңлік тере кетіп еді,
Оралды ма сонау жақтан,
Шық кешкендер толарсақтан?..
Әлде қыран қиясына,
Қиянат қып ұясына,
Оқ атты ма жаңғырықпен,
Қарау ниет қорамсақтан?!
Шатқал биік, биік шатқал,
Күн қақтаған, мұз сақтаған,
Білетіндер деуші ед сені,
Жаңғырықтан үзіп алып,
Үзік-үзік үн сақтаған...
Биік шарлап келгендер көп,
Қиял кезіп өлгендер тек...
Не деп еді ақырғы рет,
Сақталды ма нақ солардан,
Құзар шыңда ақырғы леп?
Мен де бірі едім соның,
Болар дегем, болар жолым,
Өз үнімді қалдырайын,
Шың құлағын тұндырайын,
Ол да шықты, дерсің шыңға,
Шашы ағарған бір мұңлығың —
Жыр жолында жеген уайым!..»...
Көз алдыма көмескіленіп, көлбеу тартып, кеше өзіміз «классикалық», «қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атап жүрген жиырмасыншы ғасыр басындағы, оның орта шеніндегі ақындар келіп, сол ақындардың талып, талықсып, тіпті ап-анық құлаққа жатталып қалған таныс дауыстары саңқылдап естілгендей болды. Махаббатыма айналған Мағжан-ғұмыр, өзегімнен ізі өшпес Ілияс-өлең, қанымда қалған Қасым-тағдыр. Өлеңнің табиғаты уақытқа бағына бермейді екен-ау. Өлеңнің авторы — Қалампыр Кенжеғалиқызы екен. Топтама өлеңін тағы бір қарап шықтым, тәуірі аз емес. Дәуірі басқа болса да дауылы басылмаған жиырмасыншы ғасырмен еншілес, тамырлас дүниелер екен. Дауыс семгенмен, жаңғырығы өлмейді. Поэзия — жаңғырықтар әлемі. Мына дүниеге шағылысып, Абай айтқан «жартасқа» ұрынып, қайта оралып жататын жаңғырықтар. Өзі айтқандай, Қалампыр Кенжеғалиқызы да — жаңғырық перзенті.
«Дауыл да, дауың да, тайталас,
Жауын да, жауың да, бағың да,
Тағың да — бәрі де,
Бәрі де өткінші!
Өткінші дегенге көнбесең,
Жағалас,
Майдан аш! —
Оның да өткінші!» — дейді автор. Алайда, сол өткінші дүниені өлермендікпен сүйе біледі. Сүйгенде, ақынша сүйеді. «Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек» пәлсафасымен сүйеді:
«Бағынбайтын ережеге,
Жалтақтамас дәрежеңе,
Жүрек ісін тыя алмаймын —
Бөлшектеніп сүйе алмаймын!».
Ережеге мойынсұна бермейтін, дәрежеге бас ұсына алмайтын Ақындықпен сүйеді екен. Мына әлемді тұтас қабылдайды. Бұл дүниенің өзі толқынында асыр салып, жағалауында сайрандаған Қиғашынан бастап,
«Ертегілер елінен,
Ерте оралған балалық...
Ертіп апаршы, балақан,
Жүрші, үйіңе баралық...» (Қайыр сұраған бала) қайыр сұраған балаға, «жанығып арба сүйреген ұлға» жаны ауырады, тым болмағанда жырмен жәрдемші болғысы келеді.
«Бір бүйірден соғып тұрды жел өкпек,
Ұшып жүрдім жерді айналып, өбектеп.
Тәңіріме жалбарындым түсімде:
«Жер-Анаға жедел жәрдем керек!» деп» дейтін оның жүрегі енді бірде
«Амазондықтар шеруі — аманат» деген өлеңінде
«Орман жатыр оталып,
алаңқайлар кеңейіп...
......................................
Жатыр дейді адамзат,
амазондық ағашты
Мұқтаж болып сұратып...
Қажеттілік қойсын ба?
Адам қолы жайпайды
Жасыл орман өмірді,
Бөрене ғып сұлатып» деп күйінеді.
Уақытында «Жер — біреу ғана» атты қозғалыс болған біздің әлемде. Автор өз атынан ғана емес, ұлтының, арысы адамзаттың атынан сөйлейді. Бұл — үлкен жүректің ісі.
«Елеусіздеу бір шоқы,
Тау деуге де болады,
Аласартқан адамға —
Қоңырайған бір төбе,
Шау деуге де болады...
Дәрмен жиып бардым да,
Күнгейіне сол таудың
Қадап келдім қос шыбық,
Мұнар басқан шоқыға,
Жан бітіріп, қосшы ғып» дейді енді бір өлеңінде. Қос шыбықтың бірін — мән, бірін — сән деп білетін Қалампыр Кенжеғалиқызы өз өлеңдерінде дүниенің сыртқы сәні мен ішкі мәніне көбірек үңілетінін аңдадық. Өлеңдерінен Жұмекеннің кең құлаштылығы мен Мұқағалидың кең тыныстылығы сезіледі.
«...Салмақсыздық — ойсыздық,
Қойса құдырет ойсыз ғып.
Ойлыларды сынауға
Ғажап құрал — ойсыздық!» дегені де соны аңғартса керек-ті.
«Жүрегің алып-ұшып,
Сабырмен тайталасып,
Бір есім тіл ұшында
Деп тұрса, қайталасын!
Қайталасын!
Жаның тек соны қалап,
Ақылмен майдан ашып,
Қайратың әдірә қап,
Өзіңе не айта аласың?
Не айта аласың?!» деп аласұрған жүрек аспанындағы жеті құбылған кемпірқосақ іспеттес сезімдер дүниесіне іңкәрлігін, ынтықтығын айтып,
«Осылай жырлап өтсем қалған ғұмыр,
Дегендер десе, десін: «мынау — ғашық» деп, сүйе білетіндігімен биік тұруға ұмтылса да, Қалампыр Кенжеғалиқызы ойдың адамы.
«Қара Ертіс түн баласы көз ілмеген,
Мұнда да таусылғандай төзім деген.
Түбінде иірімі тымып ағар,
Ішімнен ой мүжіген өзім дер ем!» дегені де сол — «Биіктен таба алмасаң, іздеңдер тереңдіктерден...» дейтін өмірлік кредосын ашып тұрған секілді.
Өлеңмен қатар, қара сөзге де бәсі жоқ емес. Екінші кітабына енгізгелі отырған «Өріктің нәзік бұтағы», «Атақаз», «Джентельмен болғым келмейді», «Азат әкенің «ағаттығы» секілді новеллалары мен әлеуметтік этюдтары кәсіби журналистің көркем сөз дүниесіне жасаған сәтті сапары секілді. Соның бірінде: «...Ия, жаратылыс сұлулыққа да, қайыспас мықтылыққа да үлес беруге жомарт-ақ! Терезенің сыртында шықылық ата «шүйіркелескен» топ торғай қонақтаған жапырақсыз өрік талдың нәзік бұтақтарына Ажар ойлана қарап отыр. Жеміс беруге жаратылған, өзегінде нәрі бар тіршілік көзі — қайыспайтын нәзік бұтақтар қақаған қыста да шөкімдей-шөкімдей топ торғайға талғажау болып әрі аялай тербетіп тұр» дейді. Қаламгерліктің де басты мұраты осы емес пе — жапырағы тоналған жүрегіңнің өзімен жер-дүниені жылытуға ұмтылу.
Олай болса,
«Ай толғанда келген жыр,
Айтолдыдан қалған жыр,
Аян болып туған жыр,
Ар боп бетім жуған жыр,
Ақ ниетпен тигізіп,
Сәждеге басым иген жыр» дейтін Қалампыр Кенжеғалиқызына құбылаң — ашық, темірқазығың — айқын болсын деуді біз де жөн санадық.
ақын Ғалым Жайлыбай