Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Алматы шаһары

Алдаспан жырдың Нарқызы
Айттым, сәлем, Қаламқа-а-а-ас...
Саған құрбан мал мен бас!

Абайдың әні

Әуелете шырқалатын Абай әніндегі қалам қасты арудың атын нәрестесіне еншілегенде ата-ана қыздарының болашақ тағдырына — әуелете шырқалған ән жетер шырқау биікте аты жүреріне ниет етті ме, кім біледі?...

Аты әлемге әйгілі, Орал өңірі топырағында дүниеге келген, қазақтың ән-жыр қазынасына сүбелі үлесін қосқан, қазақ қазақ болғалы осы бір ежелден дамыған асқақ ән өнерінде өзіндік із қалдырған Мұхит Мерәліұлының шөбересі Шайқы Мұхитовтың аса көрнекті әнші, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Құрманғалиевтың ұстазы болғанын ескерсек, өзінің қысқа ғұмырын қазақтың жыр-термесіне арнаған Қаламқас Орашеваның осы Ғарекеңнің өнер мектебінен дәріс алуында Аллатағаланың өзі үзілмеуге жазған құдыретті бір сабақтастық жатыр. Аңызға бара-бар осындай құбылыс қай өнерде болмасын кездесетін, өнер өрісінің  кеңейе түсуіндегі заңдылық. Қазақтың кең сахарасын, дархан болмысын, алып жүрегін баураған жыр өлмейінше, қазақ ешқашан мәңгүрт болмайды, деп бәс тіге айтуға хақылымыз!

Ал ән мен жыр қазақы болмысымен мың өліп, мың тірілген жаны сірі осы халықтың рухының мәңгі өлмейтіндігін, өнерінің де, қасиетінің де жер бетінен жойылып, өшіп кетпейтіндігінің айқын дәлелі іспетті! Олай деуге сонау жылдардағы ұлттық мұраға келгенде шектеуі шексіз кеңестік дәуірдің өзінде өнер ордалары атынан халық арасына шығып, өнер зерттеушілерінің асыл қазынаны зерттеп, зерделеуіне тыйым салынбағаны дәлел. «Ел іші — өнер кеніші» деген қағидамен, сол кеніштен қазақтың жыр мәйегінің ел арасында сақталған нұсқаларын халық қазынасына қосуға еңбек сіңірген жыршы қыздарымыздың бірі — Қаламқас Орашева еді.

Ән-жырды еншілеген рух иесі, халқының аяулы перзенті Қаламқас Орашева биылғы наурыздың жиырма төртінде тірі жүрсе, алпысқа келеді екен! Өлшеулі ғұмыр кесілген тағдырында өнер саласында көп еңбек сіңіріп, туған өңірінде дамыған жыр-терменің әуенін әуелете шырқаған қайран әншінің артында үш қызы — қарлығаштай асыл да аяулы перзенті, өнердегі өшпес ізі қалды. Ақмаралы анасының өнер жолына ден қойып, А. Жұбанов атындағы мектепте шәкірттерге домбырадан дәріс береді.

Қаламқас жыршы мұрасына қолда бар деректерге сүйене отырып, тоқтала кетелік.

Өнер жолына кішкентайынан жетектеп жүріп баулыған сіңлісі Мейрамкүл Орашева бүгінде апасының жолын қуып, жыр-термені сүйетін тыңдармандарын тәнті етіп жүрген өнер жолын кие тұтып,қастерлеп жүрген қыздардың бірі. Қаламқас білім алған оқу ордасында шәкірт болған жылдарын есіне алса: «Апамның ең асыл армандарының бірі — мені өз қадірлейтін қазақтың жыр-термесін нақышына келтіре орындауға тәрбиелеу болатын. Мен бойыма дарыған өнерді сүйе тұра, жастығым ба, әлде апама еркеледім бе,

әйтеуір бастапқыда соншалықты еңбекқор бола қоймадым. Ал, апам, маған тапсырма беріп қойып, өзі шаруасымен айналысатын. Оқтын-оқтын келіп тексереді. Бір қорап сіріңкенің шырпысын алдыма қояды, әр орындаған сайын бір талдан шегеріп отырасың, дейтін, мен апамның көзін ала беріп, екі-үш талын шегеремін... Балалық қой. Қазір апам бар сол дәурен қайта оралса ғой... Бірде мынадай оқиға болды. Ұстазым өзге шәкірттерімен дайындық жүргізіп жатқан. Маған, сені Қаламқас әпкең мен жездең дайындасын, үйге қайта ғой деді. Кейін ойласам, ұстазымның ерінгенінен емес, менің Қаламқас апам мен жездем Жақсылықтың алдында олардың өнеріне бас игендігін түсіндім. Өйткені, ол кісілер таза орындаушы ғана емес, кім-кімге де қалтқысыз ұстаздық ететінін көпшілікке мойындатқан жыршылар еді. Небәрі отыздан енді асқан қос жыршы ел есінде мәңгі құрмет тұғырында қалып еді...» деп, сыр тарқатады.

Қаламқас дүниеге келген наурыз айы — жыл басы. Ата дәстүр жаңғырып, наурыз тойы елімізде тұңғыш тойланған, өткен ғасырдың сексен сегізінші жылының наурызын Қаламқастың өмірлік досы, қимас құрбысы Сәния Бақтыгереева бірге өткізген аз ғана жылдарды әңгімелесе, көз алдыңа өлмес рух иесінің шынайы бейнесін әкеледі. Өйткені, жанындай сүйген адал досын жадынан күндіз де, түнде де бір шығара алмай, жылдар бойы торыға жүріп, Қаламқастың қайғысына қабырғасы қайыса айтқан әңгімесі түгесіліп бітпейтін дастан. Өзімен бірге өткізген, өзара тілектес, жұптары жазылмаған күндерін есіне алса, әңгіме бүгін-ертең аяқталар деп күтпеңіз. Сол жылғы наурыз тойы, елімізде тұңғыш аталып өткен наурызда түскен, қайталанбас сәттің белгісі — фотосуреттерге қарап отырып, болмысынан сезімтал, нәзік те әсершіл Сәния апай даусы дірілдеп, өкініш пен сағыныш аралас мұңын шақты. ...Наурызға керемет әзірлендік. Қаламқас маған өрнектеп кестелеген қызылкүрең шапанды сыйға тартты. Балаларымыз қатар, оларда да үш қыз, менде де үш қыз. Алты қыздың бір жерде ойнап, тып-тыныш отырғанын кім көрген. Шетінен ойын балалары, жүгіріп, жан-жағын қызықтап, асыр салып, лезде саябақта қыдырып жүрген топ-топ адамдарға араласып кете барады. Олардан көз жазып қалмайын деп зыр жүгіріп жүріп, Қаламқас, Қалампырлар суретке түскенде, мені таба алмай қалыпты. Қайталанбас сәттің бір көрінісі мынау еді деп, Сәния апай Қаламқас Орашева, Қалампыр Рахимова және Бұлбұл Көбелекова үшеуі түскен суретті ұсынды. Қазір үшеуі де о дүниелік болды. Суретке түспеген маған оларды сағыну ғана бұйырыпты... Апай күрсіне отырып тағы да естелікке кезек береді. Өткен күннің айшықты суретіне назар салайық.

...Өзбекстан жеріне гастрольге шыққан ерлі-зайыпты Жақсылық пен Қаламқасқа сапарлас болып Тұрекең (отағасы), кіші қызым Гүлжан бесеуміз он сегізінші совхоз деген мекенге келіп жеттік. Қазақтар көп, жер өзбек ағайындардыкі. Шаруашылық басшылары керенеу тарта, аса құрақ ұшпай, кеңестік стандартта салынған клубты ашып, концертке жиналған халық ішке лап қойды. Микрофонның жоқ екенін естіген Қаламқас тіпті арқаланып алды. Жыр төгілді, төгіліп емес-ау, қанаттанып, залды баурап әкетті. Асқақ үннің әуені залды кернеп кетті. Қабырғаны қайыстыра жырлаған, жыршы қыздың даусы біресе рухыңды серпілте, тынысыңды кеңейтсе, бірде қу жаныңды шүберекке түйгізіп, бір уыс халге түсіреді... Осы халді басынан кешіре отырып, сағаттап сахнадан түсірмей жыршыға табынып, ұйып халық отыр. Кең сахарада

көсіле шапқан жүйріктің тұяғының астында иленіп жатқан қара жердей әбден иі қанса да,  жырға сусаған көңіл шөлдері басылар емес. Бірде төпелеген қара нөсер селдете көңіл кірін жуғандай, енді бірде алай да түлей алақұйын етек-жеңіңді жинатпай қанкөбелек ұшырғандай апшыңды қуырып бір тынды-ау!

Шардара, Жетісай, Мырзашөл сапарлары да естен кетпес қызықты сапарлардың бірі еді... Өткен күннен белгі көп... Қаламқас өте мейірімді, өнерге шексіз берілген, әрі тәкаппар, көздерінен ұшқын атып тұратын жалынды еді! Қаламқасқа көз тиді, оның бойында буырқанған қаны жап-жас, отты-жігерлі болмысына сыймай, өрлігі мен өнері оны өртеп кетті, деп аяқтады Сәния апай сөзін, немересі Әмираның шекесінен мейірлене иіскеп, сағыныш мауқын басқандай болып. Тағы да көзіне жас алды!..

Бүгінгідей егемендікке қол жеткізген байрақты ел болған бақытты күнге куә болуды сол саңлақ әншінің — қазақ өнерінің інжу-маржанын жоқтаушылардың бірі Қаламқастың маңдайына жазбаған тағдырға шара бар ма! Артында қалған, оның өнеріне табынып, атын ардақтаған тыңдаушылар, біздің міндетіміз әр кезде там-тұмдап ол туралы жазылған, айтылған деректерді, тым болмағанда, тірі болса осыншама жасқа толар еді деген ниетпен ел есінде жаңғыртып отыру ғана. Өнерді қастерлеп, өмірін арнаған, бар-жоғы отыз бес жасында бақиға аттанған аяулы қазақ перзентінің рухына тағзым етіп, кейінгілерге таныстыру.

Орашева Қаламқас Қожахметқызы 1953 жылы 24 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Алғабас ауылында он балалы отбасында дүниеге келген Қаламқастың бойына жастайынан қазақи тәрбие мен өнерге деген құштарлықтың дәнін еккен әжесі -Бәтима, ол кішентай Қаламқастың өжет те зерделі, ән-жырды қайдан естісе де құлағына құйып алатын қабілетін қолдап, мейірлене айтып отыратын. Тіпті кішкентай Қаламқас газет-журналдан оқыған өлеңдерін мақамдай айтып, жаттап алуға бейім еді. Әкесі Қожахмет қызының бойындағы ұшқынды ерте таныды. «Қызым атақты әнші болады, теледидардан әлі-ақ тамашалап тыңдармыз» деп отырады екен. Орта мектептің жоғары сыныптарын Орал қаласында оқыған Қаламқас облыс көлемінде өткен өнер сайыстарына қатыса жүріп, терме орындауда ерекшеленіп, көзге түседі. Ел ішінде өнерлі жастарды іріктеп жүрген астаналық (Алматылық) өнер қамқоршылары Қаламқасқа Алматыда білім алу керектігін айтады.

Қаламқастың жыршы-термешілік қабілетінің шексіздігі сондай, ұзақ термелердің өзін лезде жаттап, мақамын да келістіре орындауды мақсат ететін. Ол үшін демалыс дегеннің өзі — алдағы репертуарды пысықтау болатын. Бала тәрбиесі, жанұяның тауқыметі Қаламқасты өнер жолынан қалдырып көрген емес. Өмірлік жары Жақсылық екеуі баянсыз қысқа ғұмырда көптеген іс тындырды.

Қаламқас Орашева 1971 жылы орта мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы Республикалық эстрада цирк өнер студиясының Қазақ ССР-ның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Құрманғалиевтың класына қабылданып,  1973 жылы үздік аяқтады. Мемлекеттік Қазақконцерт гастроль бірлестігіне әнші болып жұмысқа орналасады. Сол жылдан бастап, Қазақстанның барлық аймағын, сонымен қатар Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркменстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерін аралап, қазақтың ән өнерін

кеңінен насихаттай бастайды. Өзбекстанға жиі сапар шегетін, сол өңірден жыршы-термеші келіпті дегенді естісе болды, өздерінің пәтер жалдап жүргенін де ұмытатын, дереу, оларды қонақ етіп, терменің қызығымен таң атып, күннің батқанын да елемейтін. Саяси мәні бар гастрольдік сапарлармен шет мемлекеттерде де өнер көрсеткен. Репертуарында халық әндерімен қатар Асан қайғы, Бұқар, Махамбет, Шернияз, Базар, Майлықожа, Наурызбек, Тұрмағамбет, Сартай, терме-толғауларын тыңдаушыға нәшіне келтіре шырқаған тегеурінді даусы әлі құлақтан өшкен жоқ. Әсіресе Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқыз», «Төрехан» жыр-дастандары қалың көпшілікке Қаламқас есімін әйгіледі. Ақұштап Бақтыгерееваның «Ана махаббаты» толғауы да көпшілік назарына алғаш рет Қаламқастың орындауында ұсынылды.

1983-86 жылдары КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әйгілі дирижер Шамғон Қажығалиевтың шақыруымен, жұбайы әнші Жақсылық Сәрсенғалиев екеуі қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық Халық аспаптары оркестріне қызметке орналасады. 1986 жылдан өмірінің соңына дейін Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында қызмет атқарды.

Халықтың сүйікті әнші, термеші, жыршы қызы 1988 жылы 12 қарашада Алматы қаласында дүние салды. Соңында үш қызы қалды.   

Бес жыл сайын Орал облысында Қаламқас атындағы байқау өтіп тұрады, қыз-келіншектер арасында өткізіліп тұрады. Елу жылдығында, елу бес жылдығында өткізілді.

Иә, Қаламқас әпкесі жайында оның туған сіңлісі, өнердегі ізбасары, жоқтаушы шырақшысы Мейрамгүл Орашева тебіренбей сөз айтпас еді. Бүгінде Қаламқас орындаған термелерді өздері орындап, үзілгенді жалғауға талпынып жүрген өнерпаз отбасымен сұхбаттасу кім-кімге болса да ләззатты әсер қалдырады. Шіркін, өнердің киелі жолы! Әуелі өнерді сен шарықтатып, өнер жолында тер төксең өнер сенің атыңды  биікке жеткізері хақ!

Ұлт тарихында  көкіректерінен төгілте ақтарып күмбірлеген күйлерін, әуелеген асқақ үндерін қалдырды, ол мұра сақталып бүгінгіге жетті, сол мұра — ертеңге апарар қазынамыз.

Қалампыр Кенжеғалиқызы, журналист.

Алматы.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама