Рамзайдың басынан кешкендері
(Естіген құлақта жазық жоқ)
І. ТӨЛЕШ, ҚЫЛАРҚАН ЖӘНЕ РАМЗАЙ
Қыс бойы қызылшұнағы ұрып тұратын Ертіс бойы шілде туысымен шыбын жанды әй бір кеп қуырады-ау, өзен қайнап жатады десем, тағы да өтірік дейсің ғой, мейлі, саған өтірік болса да маған шын, дәп сол кезде судағы балықты да суырып жей беретінбіз. Балық демекші, Төлеш марқұм балық жеген жұртты жауынан бетер жек көруші еді.
— Немене, ішіңді жылан жайлап бара ма?! Езуінен жын бүріккен күл үстіндегі кәрі атанға ұқсап!.. бақа-шаян, құрт-құмырсқаны малжандағанша құмалағыңды қажамайсың ба! — дейтұғын.
Айтқан сөз, бақырған балағат тұсамыс бола ма, Төлештің жалғыз көзін ала бере өзенге зытамын. Артымнан қуа жетеді. Біреуге ат қойып мін тағуға келгенде бізден шебер ешкім жоқ, қармақ салып отырған өңшең қара борбайлардың бірі:
— Әй, Шойынқұлақ, Қара Дию келіп қалды, — деп айғай салады.
Тумысынан тентек адам марқұмның бір көзі жас кезінен-ақ төбелестен кеткен екен. Қолындағы қозы көшке керме болуға жететін қыл арқан, жын қаққандай тоңқаңдап ұшып келе жатады. Еңкейіп жүретін әдеті еді, содан ба, ағамның екі қолы маған ерепейсіз ұзын көрінетін, жердегіні тізесін бүкпей-ақ іліп әкетіп, намазға жығылғанда екі қолы жайнамазға тізесінен бұрын тиетін.
— Әй нақұрыс! Шық былай!
Шақар адамның дауысы қашанда құлақтан емес шекеңнен тиетін әдеті ғой, ағамның айқайынан мен түгілі судағы балық та тым-тырақай безіп-ұрып жоғалады. Тұқымнан озып қайда барасың, бас терісі, бар пәгөнәйі примерно маған тартқан еді, айырмасы — жалғыз көзі шақырайып өңменіңнен тескенде тұла бойында тінткілеп, бақайыңнан бір-ақ шығатын.
Ертістің суын теріс ағызып жіберетіндей ентігіп жеткенімен қырып тастайтыны шамалы, келе-сала қыларқанды беліме тас қылып күрмеп байлайды да
— Бар, енді балық боп кетсең де еркің, — дейді.
Құдды мен бір сүйреп қашатындай арқанның екінші басын білегіне орайды да қыстыкүнгі сенебалдан түспейтін кәрі төбеттей жар жағасында шоңқиып отырғаны. Қыларқан түнде қаракер биенің аяғынан, күндіз менің белімнен босамайды, дүниенің төрт құбыласын осы арқанмен байлап алатындай, осы арқанмен бүкіл жауын сойып салатындай қымс етсе арқанға жүгіретін әдеті. Бүкіл жатақ жолынан ығысып үркіп тұратын еді. Бүгін ойлап отырсам, қорыққаны емес, сыйлағаны екен де... Қысқа күні мені қырық домалатса да, шешем байқұс қой деп қолынан алған жоқ-ты. Астапыралла! Қара жер хабар бермесін, аруаққа шет болып қайтемін, не нәрсені бүлдіріп тастасаң да тұщы етіме ащы таяқ тигізген емес, есесіне тілі таяқтан бетер, усойқыдай ойып түсетін, небір жақсымын деп шіренгеннің жағасынан қылшық тауып, төркініне апарып-ақ тастайтын...
...Содан күн бесінге құлағанша отырады. Әбден көгеріп, Әкім боп кеткенше менде судан шықпай қоямын. (Әкім Таразидің құрдастары қойған бір аты — Көк).
— Әй Көкбақа! Әкең судан өлген жоқ еді ғой! Жұмыс қалып барады!
Көшеде біреумен кетісіп қалса да менен көретін әдеті бойынша, күні бойы сарылып отырғаны есінде жоқ, енді келіп бұзауы жамырап кеткендей маған тиісетінін қайтерсің.
— Түу, зәнталақ!.. Күресінде қап кеткен өлексенің көн тулағындай түріңді қарашы, — деп тәйтерісін иығыма жаба салады. — Әкеңе тартты десем тұқымға тиеді, сен осы кімсің?!
Сонсоң тағы отырамыз. Бөксені жылы құмға тығып қойып, әлгінде ғана асығып еді, енді Ертістің арғы бетінде әлдебір арманы қап кеткендей сүзіліп, тырс етпестен, дым сызбай отырып алатыны бар. Әлден уақытта:
— Әй, сен осы әкеңді білесің бе? — дейді.
— Жоқ.
— Өй, түріңді!.. Әкең өлгенде жеті жаста едің, мына кейпіңмен жетпіске келгенде мені де танымай қалатын шығарсың. Өй түріңді!.. Мойнына бұршақ салып, құдайдан тілеп алған баланың сөзін қара!..
Мен де ақымақпын ғой, жетпіске жеткенше Төлеш тірі тұратындай-ақ соған әжептәуір шамырқанушы едім.
...Жеті жаста екенім рас еді. «Мынау сенің әкең» деп қолымнан жетелеп әкеліп өліп жатқан біреуді корсетті. Қаперіме ештеңе келген жоқ. «Әкеңе топырақ әкел» деп қабыр басында апандай күректі алдыма тоса қойды. Салдым. Қаперіме ештеңе келген жоқ. «Мынау сенің шешең» деп үйге алып келген соң әдеміше келген қайдағы бір бөтен әйелдің қолына табыс етті. Қаперіме ештеңе кірген жоқ. Мен де ақымақпын, сонда сұрасамшы: «ау, бұл менің қайдағы шешем, анау өліп қалған қайдағы менің әкем?» деп. Сол сұрамаған қалпым, өмір-бақи сұраспай кеттік-ау. Әйтеуір, әкемнің Айып, шешемнің Жәмила екенін қырық жасқа келгенше мойындамай келіппін. Анам дүние салар алдында ғана «апа» деген сөзді елудегі ұлынан тұңғыш рет зорға естіп еді...
Тоқтардан тараған ұрпақ Шұғайып, Айып, Төлеш — үш ағайынды екен. Айыптың көпке дейін баласы тоқтамай, туа салып шетінеп кете беріпті де бір нәрестеге әбден зар болған соң: «Ей, Алла бір ұлды маған қи да сол күні қу жанымды ала ғой!» деп жалбарынса керек. Сөйтіп жүргенде мен туыппын. Қырқымнан шыққан соң жастайынан қайтыс болып кеткен ағасы Шұғайыптың жесірі — Бөтештің бауырына салыпты. Зары құдайдың құлағына жетті ме, мен жетіге жеткенде дүние салған екен. Жетіге жеткенше әке-шешенің бет-жүзін көрмей, әмеңгерлік бойынша Бәтешке үйленген Төлештің қолында өсіппін. Шұғайып ақын, серілеу кісі болған деседі, Айыптың кім болғанын қайдан білейін, әйтеуір Төлештің кісінің маған көбірек сіңгені рас. Оның үстіне үш бірдей отбасы соның қолына қарап қалған соң, біз де оның аузына қараудан жазғамыз жоқ. Бақырғаны болмаса, басымыздан сипаған емес, асырап отырмын деп астамшылық жасап, ауыртпашылығымызды айтса нағылсын. Жіпке дейін тең бөліп жапсырып, жіліншіктің майына дейін қылдай жонып аузымызға тосты.
«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді ғой. Маған біткен мінез болса, қасына еріп көп жүрген соң ба, Төлештен қонса керек. Айып көңілшек, есік көзіне келген қайыршыға үстіндегі жалғыз жейдесін сыпырып берген қайырымшыл жан еді деседі. Алдындағы ағасы қайтыс болған соң артынан ерген жалғыз інісі Төлешті жанынан тастамай, өзенге шомылса да беліне арқан байлап өзі жағада күтіп отырады екен. Айыптың Төлешке еткен бар еңбегі осы...
...Өзен бойы қарақұрық тартып, арғы беттің тоғайын көлеңке шалады. Кешкі салқынмен жарысқан тарғақ пен бөдененің бытпылы жатақтардың іргесіне жақындап, күні бойы шілденің аптабынан шаршаған Керекудің түтіні жер бауырлап, айғай-шуы құмығып, қалғып бара жатқандай көрінуші еді. Менің есімде қалғаны — Ертістің жоғарғы ағысынан, су астынан тесіп шыққан айдың шартабағы, су бетіндегі бізге қарай ай жүзінен жосып түскен прожектор... сосын Төлеш. Мені кісіге санамай, міз бақпай, дым сызбай отырған Төлеш...
— Сөйткен ағаға не жақсылық көрсеттік?! — деп көзі жасаурап орнынан тұрады да тоңқаңдап арқанды сүйрете жөнеледі.
Су сіңген қыл арқанның бір басын белімнен шеше алмай, сіргесінен жетелеген торпақтай сүмеңдеп соңынан мен кетемін.
Иә, сөйткен ағаға не жақсылық көрсеттім?!..
II. ТӨЛЕШ, ҚАРАКЕР БИЕ ЖӘНЕ РАМЗАЙ
Кереку шетіндегі бүкіл жатақтардың ішінде кісі түсер жалғыз үй Төлеште еді. Бүкіл жатақтардың ішінде мал біткені жалғыз Төлеш еді. Оның өзі де жалғыз қаракер бие. Үй мен үйдің арасындағы бүкіл соқпақ біздің үйдің ауласынан келіп тоғысатын. Атшаптырым аула қысы-жазы арба мен шанадан босамайды. Сарысы бар, болыскейі бар, үш самауыр қысы-жазы кірген-шыққанға жол бермей есік көзінде божылдап қайнайды да тұрады. Тегі үш ошақтың еншісінен жиналған болса керек. Біздің үй «Заезжый дом» сияқты, қысы-жазы кісі арылмайтын, сыйғаны ішінде, сыймағаны сыртында, тұзды балықтың бөшкесіндей сығылысып кеп жатқаны. Қысы-жазы ауланың іші сықыр-сықыр, шиқ-шиқ: жаз бойы арбаның доңғалақтары ыңырсып кіріп ыңырсып шығып жатады, қыс бойы шананың темір ұлтаны боздап кіріп боздап шығып жатады.
Тықыр естілсе тұра шабатын мен. Келімді-кетімдінің жүзін көрмей үйде жатып-ақ жетпіс жеті атасына дейін санап шығатын Төлештің алдын алу үшін кіріптар жұрт менің қолыма бірнәрсесін ұстата қоятын еді.
— Дарақы үйдің иті осырақ деп сен-ақ желпілдеп тұрады екенсің, — деп менің сыбағамды берген соң жарамсақтарға: — атасының басы осы аулада көмілгендей топырлап қаңғырған иттер-ақ жатпайды екен!, — деп амалсыз сынған болады.
— Төке-ау, сол қаңғырған иттер өзіңнің қанжығалы Құдиярың ғой, — деген соң барып жібиді де осындағы әйел жұрағаты түгел естісін дегендей айғайды кеп салады.
— Әй, мынау самауырға тас түсіп кеткен бе?! Мелшиіп тұр ғой, ит ішкірің?! Кісі кеп қалған жоқ па!..
...Кәліктіп боласың деп бір ғана Керекудің маңына жиырма жеті ауыл қамаған екен, отызыншының аштығында солар түгел қырылып, бірен — сараң қала сағалағандары, аяғынан жүре алғандары Алтай өлкесіне ауып аман қалса керек. Солардың ішінде бізге үш атадан қосылатын атақты Естай да бар, аяулы Қорлан аштан өлді ме, ажалынан өлді ме, әйтеуір сол жылдары өлімтігін көрсетпей кетті. Әнші Майра осыларды көріп отырып құсалықтан өлгенде көметін адам табылмай, көше сыпыратын бір орыс апарып жерлеген екен, марқұм апамыздың денесі қоларбаға сыймай екі аяғы жер сызып бара жатқанын жат жұрт терезеден көріп тұрыпты...
Керекудің жатағы сол қалың елден қалған жұртынтық. Біздің үйге топырлап келіп жататын жүргінші — ішкі жақтағы орыстарға жалда жүріп өлмей қалған бірен-саран ағайын. Төлештің айғайласа да қуып шыға алмай, қара суы болса да қайнатып отыратыны осыдан еді. Келімді-кетімді болмай қалса тағы да жер-көкке сыймай, ақыры күні маған түседі.
— Әй, екеуміз осы үйден кетсек қайтеді? — дейтұғын.
— Қатындармен қазанның құлағына таласып абырой таппайсың!..
Сонан қаракер биені қанатты трәшпеңкеге жеккенше сиыр сәске болады. Пружинасы ырсиған қайдағы бір трәктірдің жұлым-жұлым көпшігін кендірмен шандып қара терге түседі де:
— Қазына жасаған мүлік қайбір оңған еді, — деп совет өкіметін біраз жерге апарып тастайды.
Марқұмның өле-өлгенше өкіметпен тұзы жараспай-ақ кетті. Ертеңгісін радио сөйлей бастаса-ақ:
— Әй, сарнатпай құртыңдар анау өтірікшіні! — деп түкпірде тұрмай жатып айғай салады. — Мезгілсіз шақырған тауықтай қиқылдатып кеңірдегін кесер ме еді!..
Әлдекімнің жаназасында Сталинге тіл тигіземін деп жылға жуық түрмеге отырып шыққаны бар. Айдап бара жатқанда да қыңқ деп артына бір бұрылмап еді, босап келгенде де басымыздан сипап тырс етіп тіл қатқан жоқ. Түрмеден бар тапқан пайдасы -өзінің абажадай портретін арқалап қайтты. «Аға, мынаны кім салған?», — дегенімізде:
— Е, оны ұрамысың! — деп қолды бір сілтеді. — Өнерлі адамның бәрі абақтыда отыратын көрінеді ғой...
...Шандыма көпшікті көлденең төсеп мені қасына шақырады да ханның пәуескесін айдағандай айбарланып жан-жағына қарап алады, шырт түкіріп, орнынан қозғала бере делбені шірене тартып тағы тоқтайды.
— Әй, біз кетіп барамыз ғой!..
Оның қайда кетіп бара жатқанын өзінен баса ешкім білмейді де. Әйтеуір қасынан мені тастамайды, сөйтіп жүріп, арбаның көптігіне байлаған қара май шелек секілді салақтап соңымнан қалмайсың, — деп қыжыртып кеп отырғаны. Қақпа алдына жетіп бір тоқтап, қақпадан шыға беріп және тоқтап, біреуге шалап құйған жанторсығын алдырып, біреуді бишігіне жұмсап, қажыға жүретіндей бүкіл үйді аяғынан тік тұрғызып барып шаңқай түсте шыбынмен таласа шығады-ау. Ұсақ-түйекке мені жүгіртсе де болушы еді:
— Желпілдеме, — деп иығымнан басып отырғызып қояды. — Бұл қатындардың шаруасы!, — дейтұғын.
Қысы-жазы туырылып тұратын қаракер биенің тәкаппарлығы Төлештен жаман. Арпаны бидайдан екшеп жейтін де осқырынып шелекке қарамай, суды жүзіп ішетін еді. Әйтеуір Төлеш ат ұстап отыр деген атағы болмаса, не өсім беріп, не кіреге жегіліп қарқ қылған емес. Анда-санда қырға бір шығып, өз шөбін өзі сүйреп қайтады. Ал азабы менің бір басыма жүк: екі мезгіл Ертіске жетелеп, астын тазалап, ақырға шоп салу, атдорбаны оның кигенінен менің арқалағаным көп, кешкілік ымырт үйірілгенше желдетіп, оттатып қайтамын деп масаға таланып қызылшақа қотыр болдым. Сонда да маған алғыс бұйырған емес. Төлеш қаракер биенің күтімін қабағынан таныса, қаракер бие менің үстімнен өсек айтып тұратындай көрінетін.
Жатақтар жылқы ұстамақ түгілі, шайлық ешкінің өзін жылап жүріп бағады. Қаракердің жыл сайын қысыр қалуының бір кілтипаны да осында. Атының шын екенін, өтірік екенін кім білсін, қысы-жазы су таситын Трақай деген кісі болды. Соның жирен мәстек айғырынан басқа биеге оқыранатын қылқұйрық жатақтарға біткен жоқ.
— Трақайдың есегінен қодық алғанша қаракердің басын шауып тастамаймын ба, — деп Төлеш биесін мәстекке тосуға намыстанып, тұлан түтіп отыратыны бар. — Қымыз ішіп, қызылдан кекіріп өскендей-ақ бұлардың ақшылын көрмеймісің, — деп бізге де бүйідей тиісіп қояды.
...Қайран Ертістің бойы ертегі еді ғой. Шығы бұршақтай, бұршағы бұлдырықтай шалғынға түйе түсіп кетсе өркеші көрінбейтін жайылманың бөденесін үркітіп пішен орағында бүкіл өңір бал татып тұратын. Әрине шалғы тартатын Төлеш, мен төрт аяқтап жатып бүлдірген тергеннен қолым да, аузым да босамайды. Шалғының жүзін бояйтын баданадай қып-қызыл жидекке өліп бара жатса да қол созбайтын ағам:
— Әй Қарашелек! Қайрақты әкел! — деп тұрғызып алады.
Қайрақта кісі жұмсайтын жерде емес, аяғының астында жатады. Мен соны әдейі барып қолына ұстатуым керек, соның өзіне де разы болмай:
— Балшықтан шатпақтап, бойына насоспен үрлеп жан бітірген қуыс кеуде, — деп жетістіріп тастайды. — Әкеңді тілдей алмай, өзіңе тиісе алмай қор болдым-ау, әттең!..
Аруақтан қорықса да ағасын тілдей алмайды. Атымның Рамазан болғаны да Төлешке едәуір сес. Бірақ есебін тауып есесін жібермеуші еді. Мені сөккендегі ең жақсы көретін мәтелі: «батырдан — би, биден — ұры, ұрыдан — қары, қардан — бәрі туады». Жалтыр батыр болған екен. Оның ұрпағы Арыстан би болыпты, Арыстаннан туған Тоқтар баукеспе ұры атанған екен; ұры болып та қайбір өкіметті құлатып тастады дейсің, әйтеуір біреуде кеткен ақысын біреуден қайтпаған боқысын барымталап күн кешкен тірлік те, «өзге тоқтаса да Тоқтар тоқтамас» деген ел ішіндегі сөз содан қалған деседі: бір ұрлығы шығып қалып, айып төлегенде туған баласының атын Айып қойып, тағы бір төлемін өтегенде екіншісінің атын Төлеш қойса керек. Төлеш өзін «қарысына» балағанда, мені «бәрісінің» біріне санап тұрғандағысы.
Жарықтық, бір нәрсенің соңына түссе түбін теспей тоқтамайтын өлермен еді. Ымырт түседі. Қас қараяды. Ақ тер көк тер болып, өзен бойының бүкіл пішенін арқалап кететіндей арпалысып, жанторсықтағы шалапты басына көтергенше бір тынбайды-ау. Қараңғы түссе-ақ менің жатқанда да қыңқ деп артына бір бұрылмап еді, босап келгенде де басымыздан сипап тырс етіп тіл қатқан жоқ. Түрмеден бар тапқан пайдасы — өзінің абажадай портретін арқалап қайтты. «Аға, мынаны кім салған?», — дегенімізде:
— Е, оны ұрамысың! — деп қолды бір сілтеді. — Өнерлі адамның бәрі абақтыда отыратын көрінеді ғой...
...Шандыма көпшікті көлденең төсеп мені қасына шақырады да ханның пәуескесін айдағандай айбарланып жан-жағына қарап алады, шырт түкіріп, орнынан қозғала бере делбені шірене тартып тағы тоқтайды.
— Әй, біз кетіп барамыз ғой!..
Жатақтар жылқы ұстамақ түгілі, шайлық ешкінің өзін жылап жүріп бағады. Қаракердің жыл сайын қысыр қалуының бір кілтипаны да осында. Атының шын екенін, өтірік екенін кім білсін, қысы-жазы су таситын Трақай деген кісі болды. Соның жирен мәстек айғырынан басқа биеге оқыранатын қылқұйрық жатақтарға біткен жоқ.
— Трақайдың есегінен қодық алғанша қаракердің басын шауып тастамаймын ба, — деп Төлеш биесін мәстекке тосуға намыстанып, тұлан түтіп отыратыны бар. — Қымыз ішіп, қызылдан кекіріп өскендей-ақ бұлардың ақшылын көрмеймісің, — деп бізге де бүйідей тиісіп қояды.
...Қайран Ертістің бойы ертегі еді ғой. Шығы бұршақтай, бұршағы бұлдырықтай шалғынға түйе түсіп кетсе өркеші көрінбейтін жайылманың бөденесін үркітіп пішен орағында бүкіл өңір бал татып тұратын. Әрине шалғы тартатын Төлеш, мен төртаяқтап жатып бүлдірген тергеннен қолым да, аузым да босамайды. Шалғының жүзін бояйтын баданадай қып-қызыл жидекке өліп бара жатса да қол созбайтын ағам:
— Әй Қарашелек! Қайрақты әкел! — деп тұрғызып алады.
Қайрақта кісі жұмсайтын жерде емес, аяғының астында жатады. Мен соны әдейі барып қолына ұстатуым керек, соның өзіне де разы болмай:
— Балшықтан шатпақтап, бойына насоспен үрлеп жан бітірген қуыс кеуде, — деп жетістіріп тастайды. — Әкеңді тілдей алмай, өзіңе тиісе алмай қор болдым-ау, әттең!..
Жарықтық, бір нәрсенің соңына түссе түбін теспей тоқтамайтын өлермен еді. Ымырт түседі. Қас қараяды. Ақ тер көк тер болып, өзен бойының бүкіл пішенін арқалап кететіндей арпалысып, жанторсықтағы шалапты басына көтергенше бір тынбайды-ау. Қараңғы түссе-ақ менің құтым қаша бастайды. Бүлдірген жайына қалып, қорыққанымнан Төлештің ығына тығыламын, дәл сол кезде:
— Бар, атты алып кел!, — деп қасақана жұмсайтыны бар.
Қас қылғандай тұсап тастаған қаракер бие қайдағы бір бытқылға жайылатын әдеті. Әр бұтаның түбінен албасты аңдып тұрғандай жылай-жылай кете беремін. Артымнан:
— Әй Қарашелек, — дегенде көзім тас төбемнен шығады. — Сені албасты баспайды, жыламай бар, жыламай!
Құдайдың құдіреті қараңғыдан қорқатыным соншалық, күні бүгінге дейін үйде кісі болмаса, шам атаулының бәрін жағып, адам тұрмақ тышқан сыймайтын диванның астына дейін тінтіп шығатын әдетім. Ал Ертістің бойында ол кезде арыстан жүрмесе де атжалманның бар екені рас. Мені қорқыту үшін түн баласында сол да жетеді. Бірдеңе бақылдайды, бірдеңе сақылдайды, сонан соң шөп артқан арбаның үстіне шыққанда қу жанымды қоярға жер таппаймын-ау.
— Әй, өлмеймін-ау, өлсем қайтып келмеймін-ау, келсем көрер едім-ау менсіз күніңді! — деп Төлеш марқұм осыған да күйіп-пісетін.
Шөптің үстіне шығып алған соң көңілің көк тіреп, албасты тұрмақ арыстан шапса да қыңқ етпейсің. Кеңсірік жарған пішеннің жұпар иісі, теңселген арбаның бесіктей ырғағы жаныңды жайлауға, ойыңды он саққа шығарып тастайды-ау. Сол кезде түннің де қорқыныштан басқа сан рахаты бар екенін сезінесің. Әрине, қасымда Төлеш отырған соң ғой. Әйтпесе үңірейген тоғайдан ұялмай-қызармай жалаң бұт қашпаймын ба... Жұлдыз санап жатып, жай отырған адамнан ананы-мынаны сұрап қажайтынымды қайтерсің.
— Атаңның басы! — дейтұғын.
Жарықтық, ғұмырында жөн айтпаған кісі еді. Өзің тап, өзің біл, өзің тапқан өмір-бақи есіңнен кетпейді дейтұғын. Бір үйді ошарлы жан болып оның көңілін таптық па, таппадық па, кім білсін. Әйтеуір маған ұрысқанда:
— Адам болмайсың ғой, адам болмайсың! — Сен адам болсаң мұрнымды кесіп берейін! — дейтұғын.
Адам болдым ба, болмадым ба оған алпысқа жетсем де сенім жоқ. Әйтеуір Төлеш марқұмның мұрны о дүниеге сау кеткені рас.
III. ТӨЛЕШ, БІР КЕСЕ МАЙ ЖӘНЕ РАМЗАЙ
Бұл Күлмәшкеннің әдемі боп кеткені маған тиген соң ғой, әйтпесе танауының қаспағы томардай таңқиған пұшық қара қыз еді. Осының бетінен ай көрініп тұрғандай-ақ:
— Қағаздай аппақ қыз екен, қатын болуға жарайды, адам болам десең осыдан айрылма, — деп қоймаған тағы да Төлеш.
Әуелде келіп кетіп жүруші еді, кейін біздің үйде тұрып оқыды да қайтып шыққанды қойды. Апам обработка жасады ма, әлде өзінің де көңілі болды ма, қыз деген сұмырай ғой, әйтеуір үй-ішіне жағынып алды. Алдымен менің көзіме түскені — аяғы. Қашан көрсең де ұртын ырситып жыртық бәтеңке киіп жүргені. Екеуміздің арамызда, примерно мынадай әңгіме болды:
— Сенің аяғың неткен жемір, бәтеңке шақ келмейді екен?
— Жыртып қоймасам әкем жаңасын әпермейді.
— Ертең байға тигенде қайтесің?
— Байым әпереді де.
— Омай, шіркін, аптасына бір аяқ киім жеп қоятын жемір қатын кімге керек?!
— Қорықпай-ақ қой, саған тимесем де алатын біреу табылар.
Төлеш айтқан соң амал жоқ, бірақ Төлеш айтпаса да алуға болатын тәтті қыз екен, әрине оны кейін білдік қой. Бар айтқаным, бәтіңкеңді өзің тауып киесің, — дедім. Содан бері пәшти қырық жыл болды. Өз бәтіңкесін өзі тауып киіп жүр. Мейлі, қандай бәтіңке кимесін мың адамның ішінен Күлмәшкенді аяғынан танып аламын...
...Керекудің қақаған қысында осы Боранғали аяқ астынан қатын алатын боп қалды. Ырзабаевты айтып отырмын да. Оқуды жаңа бітіріп барған кезім, екеуміз облыстық «Қызыл Ту» газетінде қызмет істейміз. Мынау Рамазан сбежий жігіт қой, осы тамада болсын десті. Қалпағым қопа қардай болып үйге бөртіп келмеймін бе: осылай да осылай деп.
— Жәмила, мына ұлың бүгін ұлы таққа отырады екен, бір кесе май ішкізіп жібер, -деді Төлеш апама.
— Май ішкізгені несі?
— Бөтен жұрттың ортасында мас болып ырбаңдап жүрмесін, май ішсе ішіне мәйек бітеді де.
Сонымен бір кесе майды төңкеріп алып Күлмәшкенді қолтықтап шіреніп тойға бармаймын ба. Ол кезде жас түгілі жас еместің өзі баспанаға жарыған ба, Боранғали біреудің жалғыз бөлмесінде пәтерде тұратын еді. Көрпе төсеген тақтайдан орындық жасап бүкіл редакция бір столдың басына сиып-ақ кетті. Қақ төрде мен, тамада болған соң тәмам жұрттың төбесінен қарап өмірімде бірінше рет және бір-ақ рет айғайшының билігін қолыма алдым-ау. Ішімнен: бұларды бір қатырайын деп отырмын. Май ішкен басқаның басын аясын ба. Анда-сандағы шарап болмаса, арақ деген антұрған итіңді кім татып көрген, кәзір ғой адамша ішіп жүргеніміз, осының өзінде де бір литр, екі литрді тастап алған соң «Қамажайға» басатынды шығарып алыппыз.
Жә, сонымен той басталды. Айғыр стаканды толтырып алдымен тамаданың денсаулығы үшін тастап жіберіңдер, — дедім. Тастап жіберісті. Енді тамада сөйлейді, айғыр стаканды толтырып тамаданың сөзі үшін тастап жіберіңдер, — дедім. Тастап жіберісті. Сонан соң... бір уақытта көзімді ашсам жан-жағым толған аяқ... бүйен балтыр, шитиген балтыр, қисық балтыр, қаптап кеткен балтыр. Столдың астында ет бетімнен түсіп жатыр екенмін. Олай қараймын, былай қараймын, Күлмәшкеннің аяғы жоқ. Біздің Күлмәшкеннің балтырын құшақтап жатудың өзі ләззат қой... Сонан ақырын жылжып орныма шығайын. Жұрт әлі тастап отыр екен. Менің барым да, жоғым да біреуінің кәперіне кіретін емес. Әкәу, Күлмәшкен қайда деп ұрғашы атаулыны түгел түгендеп шығайын. Жоқ... Ішім қылп ете қалды да жұртқа білдірмеген болып столдың астына қайта түстім. Біреудің балшық аяғын, біреудің балпанақтай балтырын сүзе-мүзе еңбектеп сенекке шықтым -ау әйтеуір. Қолыма іліккен даңғарадай бөрікті, көлдей пәлтені кие салып үйге тарттым.
— Оу, мынаны албасты қуған ба, — деді түрімнен түңілген Төлеш.
— Өзің ғой май ішкен мас болмайды деп...
— Ой, пәруәйіңді!.. Мен мұны оқу бітіргенде адам боп қалды ма десем, әй нақұрыс, мені әулие деп пе едің?! Үш жүз алпыс бес күннің біреуіне ғана сәуегейлігім жүретінін білмейсің бе?! Тфу!..
Күлмәшкенім теріс қарап пырс-пырс мырсылдап жатыр екен. Әй мас болған мен, саған не жетті, — деймін ғой.
— Бір сағат бойы Флобер, Флобер деп...
— Иә сосын?..
— Біз де қатын алғанбыз, біз де қызығын көргенбіз деп...
Құданың құдіреті, адамның ерсілігі өмір-бақи естен кетпейді екен ғой. Тойға барсам да, сары май көрсем де күні бүгінге дейін қырық жыл бұрынғы қылығым есіме түседі де бетім ду ете қалады. Тіл көзім тасқа, айыбы ұрғашы демесең, біздің Күлмәшкен ақылды ғой, қаншама саудайылық жасасам да кешіріп келеді, тек оның алдында оңбай бір омақаса құлағаным осы шығар. Бүгінде анда-санда Флобердің орнына «Қамажайға» басып қоятын кездерім де болады. Сол сәтте стол астынан тормоз беретін де Күлмәшкеннің аяғы...
* * *
P.S. Бірде жақсы жүреміз, бірде жа... Рамзайды ептеп жақсы көретінім рас. Онда да өзін емес, өмірбаянын... «Ақсу - Жер жаннатында» аздап ұрлағанымды оқыған жұрт білетін де шығар.
Мен көрген Төлеш, топырағың торқа болғыр, сонша тентек те емес, бірақ оғаш қылық, оғаш сөзді андып отыратын сыншыл, кірпияз адам сияқты еді.
Жәмила шешеміз жайдары, әңгімешіл кісі болды. Керекуден қалған әдет болар, қашан келсек те самауыры бұрқылдап қайнап тұратын.
— Әй, Күлмайра, қазаныңды көтерсеңші, кісі кеп қалды ғой, — деп көкнарға жүгіретін еді. Күлмәшкенді Күлмайра дейтұғын. Бір қоймамды ашып қоя ма дегендей осы Рамзай: «танауың біздиіп, сен-ақ кемпірлердің өсегін тыңдауға құмар екенсің!» деп мені көкнардан қуалап шығатын.
Күлмәшкенді де жақсы... қой құрысын, Күлмәшкеннің өзі түгілі балтырын жұрттан қызғанатын анау иттің тілін шығарып қайтем...
ЕЛ ШЕТІНДЕГІ ЕКІ КҮН
Алтайдың терісіне, терістің ну тайгасына үйренген басым ұлы таудың күнгейі құм екен-ау деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген сурет. Қара Ертіс өзінің төменгі сағасынан үлкен десем біреу сенер, біреу сенбес. Қара Ертісті қара қу жайлайды екен, Қара Ертістің балығы әлі де тайдай тулайды екен десем... әй, кім білсін, сене қояр ма екен?.. «Жағалап Қара Ертісті Естай ақын, деп салған Жайқоңыр деп әннің атын...» Әннің аты неге жай, неге қоңыр болды екен?.. Жайлап басталып, қоңыр үннің құмығып барып басылатын әуенінде ме екен?..Әй, қайдам. Ақын ағам әннің ырғағын емес, басқа бір нәрсені меңзеген болар-ау. Әйтпесе, «барқырап көп ішінде қақсау қиын» деп неге тартынды? Осы әнде саркідір тартқан ақынның сары жұртта отырып мұңдана салған бір өкініш, бір қапасы бар сияқты.
Ұлы таудың күнгейі күн мен желден тозған сияқты: көлеңкесін Бұқтырма мен Қатын өзеніне беріп, қыр желкесін ащы күн мен аңызаққа тоса - тоса сары жұрт болып қажып отыр; ауылыма барғанда аспанынан ай мен күннен басқаны асырмайтын, айдары жығылмаған тәкаппар мұзартты көруші едім, желкесінен мыж-мыж болып езіліп кеткен кәп-кәрі лақсаны көрдім. Сары дала, сары бел, сары тау — сары жұрт. Елі қоңыр. Тоғайы тұнып, торғайы ұшпай, Қара Ертістің айдыны да тастай қатып ақпай қалған секілді, бәрі жай, бәрі қоңыр...Жай...қоңыр... Осыны Естай ағамда көрген шығар-ау... Ақынды қайта бір оқып, «Жайқоңырды» құлақпен емес, көкеймен қайта бір ыңылдап отыр едім...
— Келіп те қалдық — деп машинаның бөксесін майыстырып жатқан Көкеміз басын көтеріп алды. «Мынау тай жұтқан бөрідей, дүңкиіп жатқаның кім?» — деп қырғыз досымның қағытқан әзілі жиырма жылдан соң табан астында есіме түскені. Жиырма жылда Көкеміз толмаса солған жоқ.
— Неменеге ыржыңдап қалдың? — деді. Сонда да бет-ауызы бүлк еткен жоқ. Жазығы қағыр, қыраты таз, тауы құм, шөбі жусан мынау өлкенің Қаратаудың баурайына ұқсайтыны рас, бірақ, Көкеміздің дәл осы жерде туып, дәл осы жерде мың жылдан бері өмір сүріп келе жатқандай шіренуі жанға батты. Қызғанады екенсің!..
Пұшық танау өңкиген «Уазик» заставаның жұлдызды қақпасына тоңқаңдап келіп тоқтады. Өмірі сапқа тұрып «айт-дваны» естімеген, оң аяқ пен сол аяқты ажыратып көрмеген Көкеміз шекарашылардың ортасында балықша жүзгенде жағамды ұстадым. Біреуді «кіпитан» деп, біреуді «майұр» деп, әр қайсысының шенін жіктеп, шірене тіл қатқанымен солардың даражасын танып тұрғанына дәп күні-көзірге дейін сенбеймін. Әйтеуір, бір жыл бұрын келіп кеткен, көріп кеткен жүз таныстығын бұлдап, әншейінде де «сенен он жасы кіші, екі сантиметр биікпін» деп зорлықпен алған ұзындығын бойға санап тұрғаны да. Әйтпесе, Әкім Таразидың буынсыз қалыптан шыққан тұп-тұтас тұлғасы мен бет-жүзінде әскер баласына жұға қоятын танамдай ырым да жоқ еді. Запаста жүрсем де аға лейтенант деген әжептәуір шенім бола тұра заставаның қақпасынан Көкеміздің қақпақтай жауырынын алдыма сала кірдім...
...Төбеден қарағанда Бұқтырма мен Қатын таяқтастам жерде. Бұқтырма мен Қатында қар жатыр. Менің ауылым ақ көрпесін елден бұрын жамылып алыпты. Бұл жақта әлі жаз. Бірақ, тау суық. Тау ызғарлы, ызғар таудан емес, жыртып тастаған боразданың ар жағынан, шыжымдап тастаған тікенді темір тордың ар жағынан ескендей. Боразданың ар жағында шекара, темір тордың ар жағында бөтен ел. Көрші десек те, туысқан десек те бөтеннің аты бөтен; бөтеннен қашанда бой тартып, ызғарынан дене түршігетін әдет.
Әскер тілінде «система» деп аталатын бағаналы темір тор ит арқасы қиянға өрмелеп барады, әр бағананың басындағы темір торды тістеп тұрған ағаш тиек саптағы солдаттардың қалпағы сияқты, жай қалпақта емес, еститін, тыңдайтын, қауыпты жағдай туса жар салып хабар беретін есті қалпақтар. Жып-жылмағай боразданы әлде бір аша тұяқ шиырлап тастапты. Ит жетелеп қарсы жолыққан сержант пен қатарда жауынгер тәртіп бұзған тентектің бұғы екенін застава начальнигі капитан Перковке тәптіштеп баяндап шықты.
— Аяқ-қолына тұяқ байлап шекара бұзған шпионды кинодан көріп едік, мүмкін, мынау да бұғы емес шығар?
Аңғалдың доғал сұрауы деді ме, капитан бізге қарап күлді. Капитан менен ширек, Көкеміздің жарты жасындағы жас жігіт еді, Көкеміз көкбақайларға орыс тілінен сабақ беріп жүргенде Петька Перков жөргекте жатыпты, мынау іргедегі Пішпекте.
— Тұяқ байласа, көп болса боразданы ғана бұзар, ал қанат байламаса, мынау системадан секіріп кете алмайды, — деді Петр Петрович. — Сосын, бізде шпион деген ұғым жоқ, шырық бұзушы деген бар. Шекарашының міндеті — бейбіт жұрттың қаперсіз тірлігін қамтамасыз ету, қатерден сақтау.
— Оның бәрі дұрыс-ау, бірақ, өткендегі шырық бұзушы қанат байламаса мынадан қалай асқан, жай ғана шырық бұзса кісі өлімі неден болған?..
— Ол күні ауа райы құбылмалы еді, атмосферада қысым өзгерсе, кейде системаның қас-қағымға жұмыс істемей қалатын сәттері де болады... Техниканың аты техника ғой, — деп капитан күмілжіп қалды. — Бізді қапы қалдырған сигнал...
Текшенің үсті тым-тырыс, қыбыр еткен тірлік жоқ. Текшенің үсті тыпырлаған коп мая, әр шошақтың төбесінде қонақтап отырған күздің күбідей тоқ құрлары да ханнан қаперсіз, құйрығынан қауырсын жұлсаң да тырп ететін түрі жоқ. Күн жамбаста. Қырдың көлеңкесі зорайып, қойнау іші суық тартып барады. Иек артпада төбесі алқам-салқам қой қора, жапсырма сенекті қос бөлмелі жапырайған ағаш үй алабота мен қалақайдың қалың орманына тығылып отыр екен; үңірейген қос терезенің ар жағы көрдей, шатырының бір шеті снаряд жұлып кеткендей ырсиып жатыр. Көң-қоқырға көмілген йен жұрттан көңірсік иіс шығады. Қыстауға адам аяғы баспағанына да біраз болса керек, йен үйдің ызғарынан дене түршіккендей, кіре беріс босаға мен қабырғаны шұрық-шұрық оқ тескен, қопарылып жатқан күйелеш пештің мұржасы ұлып тұрғандай көрінді...
КАТИПАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Түнгі сағат онда застава кезекшісі: қақпа алдына бір кемпір келіп тұр, он екі шақырымдағы шопан қыстауынан екен, шекараны бұзып өткен әлде кім шалы мен екі ұлын атып тастапты деді.
Дереу командатураға телефон шалдым да жағдайды комендант Демченкоға баяндап, бір топ жауынгермен аттанып кеттім. Кемпір байқұста өң-түс жоқ, үсті-басы жұлым-жұлым, қалшылдап тұр; он екі шақырымды жолсызбен, қалың жынысты қақ жарып келіпті. Кемпір байқұстың өң-түсінде үрей де жоқ, қаны қарайып алған секілді, қалшылдатқан қара суық емес, ыза мен кек сияқты көрінді. Әдетте, әйел жұрағаты қайғы үстінде жылап-еңіреп, сөзін де жұптап айта алмаушы еді, мені таң қалдырғаны егде адамның қайсарлығы мен ұстамдылығы. Әр сөзі соқырға таяқ ұстатқандай, әр қимылында қажыған адамның кейпі жоқ: өлер адам өлді, енді өзгенің өміріне қауып төндірмей тұрғанда, сытылып кетпей тұрғанда ұстап алыңдар деді.
Шалы осы өңірдің ежелгі шопаны. Үлкені әскерден енді ғана келген, екіншісі әскерге енді ғана жүрейін деп отырған едел-жедел ұлдарымен қой қоралап бола бергенде қыр басынан әлде кім қиялап түсіпті. Иығында дорбасы, өңірінде көлденең асқан бір нәрсесі шошайған соң үлкен ұлы: «мына кісінің түрі бөтен, ар жақтан өткен біреу емес пе?» — деп күдіктенсе керек. «Құр атып жүрген біреу шығар» — деп әкесі оған мән бермепті. Шекараның түбінен аң аулап, оқ шығаруға рұқсат жоқ, мынаның сұры маған ұнамай тұр деген баласының қарсылығына және иланбапты. Жөн сұрай келсе де айдалаға жалғыз үйге соқпайтын адам жоқ, жолаушыны күншіліктен жасқап қайтесің, келер, көрерміз депті де қойыпты. Күн әлі байымаған, бесін шайының мезгілі болса керек, дастархан жайып, жозы басына отыра бергенде есік ашылады. Автоматтың состиған стволын көре сала үлкен ұл төр үйдегі қосауызға ұмтылған екен, табан астында соны жайратып, қалған екі еркекті отырған орнында сеспей қатырыпты. Мылтық кезеніп отырып шай ішкен, мылтық кезеніп отырып тамақ істеткен. Қазақша әжептәуір сөйлейтін көрінеді. Жозыға енді бір айналып қараса қалғып отыр екен. Бас салып мылтығын тартып алуға қаймыққан, тартып алғанда қалай атуды білмейтін кемпір еппен тысқа шығып, есікті сыртынан бекітіп, артымнан қуып жүрмесін деп екі атты босатып жіберіпті де заставаға төтесінен тартса керек...
* * *
...Наурыздың қара қатқағы мен алашабыры аралас қара суығы қысып тұр. Ай қорғалап қалған. Тау жолының шоқырағы көп: машина бірде мелшесінен кіріп, бірде шыны таппағандай қақтың мұзын қақырата жарып қырық градустық қайқаңға қарысып зорға келеді. Арт жақтан үңгіп түскен машина прожекторы үш жанып, үш сөнгенде капитан өзінің бір жерден мүлт жібергенін сезді де кілт тоқтап, моторды сөндіртіп тастады. Азынаған дауыс бүкіл Алтайды басына көшіргендей екен, капитанның мүлігі де осы екен. Қуып келе жатқан майор Демченко екенін іші сезген, ең болмағанда ескерту алатын шығармын деп еді, тықырын білдірмей жаяу жеткен Николай Сергеевич ентігін басқан соң да ол жайында тіс жарып ештеңе демеді.
— Нешеусіңдер?
— Бір наряд түгел!
— Ружье на спуске! Интервал десять шагов! — Пешом порядке! За мной!..
Сыбырлап айтса да суық айтты. Бір-бірінің көкжиектегі төбесін ғана көріп келеді. Қатқан жолдың қабыршағын сындырмастан бір-бірінің ізін басып келеді. Әлде бұйрықтың ызғары, әлде үрейдің ызғары — бірінде тіл-ауыз жоқ. Кезеңге шыға бергенде ойдан жылт еткен от көрініп еді: үш терезенің үшеуі де бақырайып тұр екен.
— Капитан!.. Остальным оставаться на местах!..
Жүгенін сыпырып жіберген мая түбіндегі екі аттан басқа тықыр жоқ. Үй ішінде біреу жүрсе де ең болмаса көлеңкесі қозғалар еді, бедірейген үш терезе кірпік қақпайды.
— Айырылып қалдық па?
Майор басын шайқады. Бірақ, іштей дүдәмалы көп еді. Шекараны не үшін бұзды? Не мақсатпен келді? Егер құпия тапсырмасы бар жансыз болса айдаладағы адамды атып, шу шығарып несі бар? Атқан екен, құдасына қонаққа келгендей бес сағат бойы шәниіп неге жатады? Қашқысы келген адам мынау екі аттың біріне мініп кете салмай ма?.. Жансыз болса салақтатып қару асынбайды. Демек...
— Не әдейі келген арандатушы, не есі дұрыс адам емес, — дегенді майор дауыстап айтты. — Қайсысы болса да өте қауіпті субъект!
— Мүмкін, терезеден...
— Оқ атпақсың ба? Ол артық шығын. Малшы болған соң итсіз отырмайды. Біз жақындаған соң ит үреді, ит үрсе, бойында жаны болса шамды өшіреді. Ал, шам өшпесе, кетіп қалғаны. Мегафон бар ма еді?
— Жоқ.
— Бала соққан пышақтың басы жарық дегенді халық осындайда айтқан. Мейлі, мегафонның ролін ит атқарады. Әсте бір жансебіл болмаса қаруын тастап шығады. Болмаса...
— Қоршауға рұқсат етіңіз.
— Что?! Этих малыпей?!. Подпулю?!. Нет!.. Пойдем мы, с тобой! Вдвоем!.. Это — приказ!..
Бала екендері рас еді. Он жылдықты кеше ғана бітірген. Кеше ғана әскер қатарына алынған. Кеше ғана кекілі қиылған тақыр бастық шашы да жетіліп болған жоқ. Бойдақ патронның күр дәрісінен басқа танауларына иіс те бармаған. Капитан мүдіріп қалды. Бір ойдан дұрыс. Бір ойдан намыс. Кеше келсе де солдат капитанның солдаттары. Майор мұны да сезе қойды.
— Кездейсоқта он баладан айырылсақ, бұл операция қымбатқа түскені. Екеуіміздің біріміз өлсек — арзандау. Солай, капитан! Жаман айтпай жақсы жоқ! Сен оң жақтан орағытып терезені аңдисың! Мен сол жақтан айналып есіктен кіремін! Абай бол! Басыңды қылтита берме, екеу емес!..
Аңду оңай. Андып жатып қағып тастауға болады. Андып жатқан жауды бас салу өлімге бас тіккенмен бірдей. Терезенің көзі — неғайбыл. Есіктің көзінде өлім күтіп тұр. Есіктің көзі — тәуекел. Тәуекелден үнемі қайтып келе бермейсің. Капитан тағы да мүдіріп қалды. Майор тағы да сезе қойды.
— Бұйрықты орында!
Қой қораның іргесіне жете бергенде ит үрді. Сол-ақ екен, жалп етіп шам сөнді де автомат сақылдап қоя ерді. Алдымен бір терезеден, сонан соң екіншісі, сонан соң үшіншісі...
— Капитан! Жағдай өзгерді. Енді ол терезеден қашпайды. Қашса не оққа ұшарын, не жарадар боларын жақсы біледі. Екеуміз де есікке барамыз!
Сенектің есігі аңырайып жатыр екен. Ар жағы көрдей. Ар жағында тағы есік бар. Ол есікте құлып бар. Кемпір бекітіп кеттім деген. Ендігі қиыны сол. Капитан тасадан тұра берген.
— Не лезь!..
Майор иығынан тартып қалды. Майор бұйырып айтқан жоқ, ұрсып айтты. Баладай жасқап, баладай қақпайлап отырғызып қойды.
— Егер мен есіктен кіре алмасам терезеден фугас лақтыр! Түтін мен қапырыққа түншықтырып ұста! Тірідей ұста!..
«Кіре алмасам» дегенді капитан әуелде түсінген жоқ еді.
Артынан барып ұқты. Бірақ, кеш ұқты... Майор сенекке кіріп те кеткен еді. Қас-қағым сәттің үнсіздігі капитанды қажытып жіберді. Қас-қағым сәт жылдай көрінді. Үңірейген есіктің ар жағы түпсіз сияқты көрінген... Ішкі есіктің ілмегі салдыр ете қалды да іш жақтан автомат ырылдап қоя берді. Капитан атылып сенекке кіргенде майор жүрегін басып қабырғаға сүйеніп отыр екен.
— Тезірек кет бұл жерден! Бұйрықты орында!..
Майордың ең соңғы айтқаны осы. Осыны айтты да сұп-сұлық құлап түсті...
...Капитан бұйрықты орындады. Бірақ...