- 09 жел. 2023 00:00
- 279
Жалбыр батыр (ІІІ нұсқа)
Ол бір жаугершілік заман еді. Қатар отырған ел сәл нәрсеге таласып бірін-бірі барымталап, бірін-бірі шауып алып отыратын. Соғысқа шыныққан елден батыр көп шыға ма? Қалай? Сонда да Бөрібай батырдан өрбіген жан бәрі батыр болды. Тоқым тыққан Қыстаубай батыр, Қоянбай батыр, оның баласы Мәмбет батыр — бәрі Бөрібайдан өрбіген жандар. Жалбыр Бөрібайдың кенже баласы. Бұл кісі алып денелі, ақкөкірек, аңқау, кем- кетікке мейірімді, бала мінезді, кішіпейіл адам еді. Даусы өте зор, айқайлағанда күнше күңіренетін.
Ақмешіт қаласының маңындағы жаппас елі мен қыпшақ елі қонысқа таласып бір-бірімен соғыса беріпті. Біздің бала кезіміз. Қыпшақтың басты адамдары Қоқан қаласындағы Құдияр ханға кісі жіберіп, Құдияр хан ауыр қолды әскермен келіп, жерімізді алып, халықты билеп-төстеп, қыпшақтың басты адамдарын «датқа» деген мансап беріп, дар құрып, адам өлтіруге ерікті етіп, жаппастарды қысымға алыпты. Салықтың санын көбейтіп, «зекет, үшір, пітір т.с.с.» ең аяғы «ойма тазға он теңге, қырма тазға қырық теңге, сол құйрығыңды керсеңге сыйса да бер бес теңге, сыйласа да бес теңге» деп семіз бен тазға да салып, жаппасты қындай қырып, көнбегендерін дарға асып өлтіріп, ауыр күйге ұшыратты.
Сол кездегі Сырдағы егіншілердің мәтелі: «зекетшінің астында жорғасы бар, алты еннен тіккен дорбасы бар. Алғулам деп бір алады, ат жемім деп бір алады, сонда бізге не қалады?» дейді екен.
Бұл азарға шыдамаған жаппас елі көктемде көшіп бара жатқанда «Қалмақ қырылған» өзенінің бойында елді иіріп көшірмей зекеттеп жатқанда, Жалбыр бастаған жаппастың бір топ жігіттері жүз кісісімен Қоқан ханының зекетшісін қырып салып, көшпелі жаппастар тегіс көшіп қашып, Қостанай қолтығындағы жайлауларына келіп, Қостанай қаласындағы орыс әскерімен тілдесіп, келісіп, сол жылдың күзінде Ақсүйір жаппас Сәтбайды бажақ етіп, губернатор Перовскийді он мың әскерін әкеліп, қоқанның үстінен түсіреді. Сонымен жаппастар тегісімен орыс әскерінің көмегін көріп, Қоқан хандығына қарсы соғысқа белсене қатысып, көп ұзатпай хан дәуірін жойып, орыс үкіметін орнатады.
Бұдан былай жаппастарға дәс тиіп, соғыста көзге көріне күш көрсеткен батырларға атақ беріп, шен-шекпен кигізеді. Жалбырдың атағы, шен-шекпені бар еді. губернатор Перовский Жалбыр, Мәмбетті артықша бағалайды, өйткені Жалбыр Мәмбеттің ағасы, тоқым тыққан Қыстаубай батыр Кенесары, Наурызбайдың үш жүз кісісін өлтіріп, Кенесарыны қуып, жаппас елін ханның қысымынан құтқарғаны. Жалбыр, Мәмбеттің Қоқанның жүз кісісін қырып, орыс елімен достасып, Қоқан хандығын жойғанын еске алды.
Оқуға кеңес береміз:
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр