Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
«Жас Алаш» сұрақтарына жауап

1. «Қазір кімсіз?» — дейсіз. Тосын сұрақ. Әрине,'алдымен адам шығармын. Азамат шығармын. «Жазушысыз ба, депутатсыз ба?» Жастар газетіне максимализм жарасатын болар. Салтыков-Щедрин жазушы болған ба? Әлде шенеунік болған ба? Ол қазірге дейін қай қасиетімен белгілі? Рас, мен Салтыков-Щедрин емеспін. Бірақ жазушы боп қалатын шығармын деп үміттенемін.

«Халықтың мүддесін қорғап айтқан пікірім есепке алынбады» деп кесіп айту артық шығар. Тіпті сонау тоқсаныншы жылдардың басында Жер туралы, Жерді сату туралы заң қабылданбақ болған сын сағатта мен бұл заңның қабылдануына қасарыса қарсы болғандардың бірімін. Заң қабылданбады. Бірақ араға жылдар салып, бұл мәселе 2000 жылы қайта көтерілді. 2001 жылы «Жер туралы» заң қабылданды. Үкімет ұсынған жобаның сирағы мен тұяғы ғана қалды! Заң мүлде жаңаша мазмұнда жарияланды. Мұнда менің үлесім бар деп батыл айта аламын.

2. «Мен, мен» деп кеуде соға беру ұнамсыз қылық. Бірақ сұрақ қойылған екен, айту — парыз. Қазір республиканың оңтүстік облыстары газдың зарын тартып отырғаны, өзбектерге тәуелді болып қалғаны баршаға мәлім. Үкімет алдына әлденеше рет мәселе қойып, депутаттық сауал салуымның себебі болған шығар, қазір үкімет Жамбыл облысындағы Талас газ кенішін қолға алуға кірісетін болып отыр.

Бірінші сұрақ пен он алтыншы сұрақ егіз екен. Сондықтан тағы да шамалы толықтыра түскім келеді. «Елдің мұңын айтып, халықтың сөзін сөйлеп жүрсіз. Бірақ мұныңызды түсіне алатын бір шенеунік жоқ», — деп үзілді-кесілді түйін жасайсыздар. Кешіріңіз, мен айдалаға айқайлай беретін бақырауық бақсы емеспін. Шенеуніктердің бәрін бір ұстарамен сыпыра салу да максимализм. Мысалы, біз Камал Смайыл екеуміз сонау 1996 жылдан бастап екі жылға жуық «Егемен Қазақстан» газетінің, бетінде хат жазыстық. «Сағынышты сәлем хат» емес, ел тағдыры, заман келбеті туралы.

Стратегиялық мәні бар ірі-ірі өндіріс орындарын шетелдіктерге сатып жіберуге қарсы болдық. Оның зардабы орасан екенін уақыт көрсетті. Үкімет мұндай жолдың қате екенін қазір мойындап отыр. «Ештен кеш жақсы» деген.

Қазақстан — алтын құрсақ, асыл қазына елі екенін айтқанбыз. Бірақ сол кезде-ақ: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» депте жаздық. Жемқорлармен, ұры-қары, парақорлармен аяусыз күрес керек екенін ескерткенбіз. Қазір Парламентте шетел банктерінде жатқан ұрлықты арам ақшаны Қазақстанға қайтару туралы заңның жобасы жатыр.

Тере берсем, мұндай-мұндай күрделі мәселелер кезінде кәп көтерілді. Кеш болса да, үкімет тарапынан шашылғанды қайта жинау әрекеті байқалады.

3. Парламентте «Жер мен ел» тобындамын. «Ауыл» партиясының мүшесімін. Ауыл — біздің кіндігіміз! Кіндік үзілсе, көзімізге көк шыбын үймелейді. Азаматпын дегендердің көбі ауылдан шыққан. Ендеше, ауылды аман сақтау — парыз.

Шетелдік теле-радио хабарларын тарату теле-радио желілерінен таратылатын хабарлардың жалпы көлемінің 20 пайызынан аспау керек.

4. Жалқауға бәрі бөгет. Мен қаламды мансапқа айырбастаған жоқпын. Мен депутаттыққа түсемін деп ойлаған жоқ едім. «Түс, түс!» деп түрткілеген алдымен «Жас Алаштың» өзі болатын. Әрине, өз газетімнің дем бергеніне ризамын.

5. Тұрар Рысқұлов — әлі таусылмайтын жыр. Халық бағасын берген. Адал ұлым деп таныған. Тек кейбір «жазғыштар» оның есімін атамай өтуге тырысады. Одан Тұрар аласарып қалмайды. Кейбір тірі атандардың пендешілігіне биіктен қасқая қарап тұра береді!

7. Шын жазушылардың бәрін оқимын.

8. Қазір кімге тыйым саласың? Оқырман өзі ойласын.

9. Оқырманның бағасы неге еленбесін? Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма баспасөз бетінде талқыға түседі. Рас, талқы мерзімін ұзарту керек. «Жоғары дәреже» дегеніңіз сараптау комиссиясы болар. Комиссия шыншыл, адал, жөні түзу білгірлерден болғанын мен де қалаймын. 2000 жылғы сыйлықтар адалынан деп ойлаймын.

10. Жекен Қалиұлы, Фариза Оңғарсынова, Шәмша Беркімбаева, Жандар Кәрібаев, Ерғали Сарманов... Басқалары, көбісі қазақшаны жақсы біле тұра: «Бәріне түсінікті болу үшін...» деп шүлдірлеп кетеді. Осы сөйлем мені қатты қорлайды. Өйткені қазақ тілін қорлағанын сол «шешен» өзі де сезбей қалады. Сонда қазақ тілі «бәріне түсініксіз» тіл болғаны ғой. Ілеспе аударма бар. Түсініксіз ешнәрсе жоқ.

Тіл мәселесі — қандауырмен бір сәтте сылып тастайтын жара емес. Мәңгүртке бір табан жақын қалған ауруды емдеу оңай болмас. Тілдің дерті қиын. Ана тілінен ада қалғандар көп. Тұтас бір дәуір қазақтарды Ана тілінен айыруға кызмет етті. Сол Ана тілінен өгей қалғандар «жаңа идея», «жаңа теория» ашып, оны халықтың санасына сіңірмек болып әрекет жасап жатыр. Ана бір Телемтаев деген оқымысты «Сафсана» деген кітапша жазып, «Қазақстан ұлты» деген ұғым тудырмақ. «қазақ ұлты» емес. Қазақстанда қанша ұлттар бар, соның бәрін бір-ақ ұлт жасамақшы. Демек оның тілі де біреу-ақ болмақ. Әрине, қазақ тілі емес. Осы уақытқа дейін біздің тіл мамандарымыз, ғалымдар, жазушылар бұл сандырақтау идеяға қарсы бір ауыз үн қатқан жоқ. Самарқаулықтан, енжарлықтан асқан жау жоқ. Ертеде бір данышпан: «Мен досымнан қорықпаймын. Көп болса сатып кетер. Мен жауымнан қорықпаймын. Көп болса өлтірер. Мен енжарлықтан қорқамын. Енжарлық опасыз достан да, қатыгез жаудан да катерлі», — деген екен.

Үкімет тіл саясатын біршама жөнге келтіру ниетімен «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға өзгерту мен толықтыру енгізбек болып Парламентке жоба ұсынды. Сол — ол екен, жер-жердегі тәуелсіз, «коммерциялық» дейтін телеарналар өрекпіп, өре түрегелді. Бұл жобаға өлердей қарсы. Неге десеңіз, онда шетелдік хабарларды барлық өнімнің жиырма пайызына дейін шектеу туралы айтылған. Ал қазір қалай? Жекеше, тәуелсіз арналар күні-түні хабар көрсетеді. Өз журналистері тер төгіп, жүгіріп жүріп дайындаған бірде-бір материал жоқ. Тек шетелдің алуан түрлі бұзық идеологиялы материалдарын үйіп-төгіп көрсете береді. Қалған уақыты тек жарнама. Мақсат — тегін ақша табу. Тегін ақша үшін Отан мүддесін, Қазақстанның тәуелсіздігін сатып жатқандар. Мұның атын қара ниетті идеология интервенциясы, шабуылы дейді. Бұл шабуыл біздің азаттығымызды, егемендігімізді бір оқ шығармай-ақ құлатады.

Осы жобаны талқылау Парламентте ұзаққа созылып кетті. Өйткені осындай өрескел, зиянды «сөз бостандығына» бүйрегі бұратын депутаттар Парламентте де отыр. «Мұның қалай?» — десең, «демократия», «сөз бостандығы» дейді. Ұлтыңа, Отаныңа, тәуелсіздікке енді қолы жеткен мемлекетіңе қарсы әрекет жасайтын «демократияңа» да, «сөз бостандығыңа» да лағнет.

11. Шын шығарма да — перзент. Толғағы жеткенде туады. Публицистиканың жөні басқа. Көркем әдебиет — ауыр артиллерия болса, публицистика — кавалерия. Оның да еңбегі елеулі. «Жас Алаштың» беті толған публицистика емес пе? Оны халыққа кызмет етпей жатыр деп кім айтады?

12.Ақын болу — арман. Бірақ ақын емеспін. Көк есектей мыртыңдаған көп ақынның бірі болғым келмейді.

13. Бір емес, сан түрлі мәселе бар. Ең алдымен — ауыл. Қажыгелдин бастаған шенеуніктер ауылды сансыратып тастады. Әділетсіздік көп болды. Ноқайларға арамзалар қосылды. Жабыла берсе шие бөрілер де арыстанның терісін сыпырып алады. «Жекешелендіру» саясаты ауылды тыр жалаңаш қалдырды. «Бетіңді ауылға бүр» деп үкіметке қарата талай сөз айтылды. Ауыл — локомотив. Ауыл — демография. Ауыл кетсе — ұлттың ұйтқысы кетеді. ұйтқы кетсе — ұлт іріп-шіриді. Міне — уайым! Ал кейбіреулер ауыл қалаға қаңғырып қаптаса, адамдар шынығады-мыс, заманға бейімделеді-міс деп данышпансиды. Ал, көшті. Ал, қаптады. Не болды? Не болғанын көріп отырмыз.

Әр түрлі деңгейдегі қылмыс өршіді. Түрмелер жетпей жатыр. Қамайтын орын жоқ. Халықтың өсімі құлдырап кеміді. Қазақстанның байтақ жерінің әрбір шаршы километріне 3-4-ақ адам, ал Өзбекстанда 40 адамнан келеді. Ақырын кім біледі? Кім ойлайды? Міне — Уайым! Мені ұлттық отансүйер, патриотизмнің шалажансарлығы өкіндіреді. Әр кеудеде «Мен — Қазақпын!» деген от маздамайынша, мойыны былқ-сылқ дүмбілездер Отанын, тілін, байлығын оңай сата салуға бейім тұрады. Оны көзі бар адам көріп жүр. Жүрегі бар жан сезіп жүр.

18. Астанадағы «Елорда» баспасынан «Ай мен Айша» романының бірінші және екінші кітаптары қосылып, бір том болып шықты. Жаңа жазылған «Ноқтаға басы симаған» пьеса Тараз' театрында спектакль болып қойылып жүр. Әңгіме жазамын. Жақсы жазылған бір әңгіме кейбір романға татиды.

«Жас Алаштың» маған сұрақ қойып, назар аударғанына рақмет. Өйткені журналист, жазушы ретінде шыққан тегім — «Жас Алаш»! Мен «Жас Алашта» заманында талай-талай жақсылармен, жайсаңдармен қызметтес болдым. Олардың көбі қазір ортамызда жоқ. «Жас Алаш» жақында 80 жасқа толады. Сол тойға жете алмай кеткен боздақтарды «Жас Алаш» үлкен той қарсаңында еске алса, сауап болар еді деп ойлаймын. Сексеніне кемелденіп келген «Жас Алаш» жасай берсін!

20-ақпан, 2001 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама