Жалының барда жарқылда
«Жас Алаштың» құрдастары сексенге келді. 1921 жылы 22-наурызда туғандар ел ішінде, әрине, бар. Олар едәуір қартайып қалды ғой. Қанша дегенмен сексен деген оңай жас емес.
Ал «Жас Алаш» әлі жас.
Сексен жылдың ішінде бұл газеттің басынан не өтпеді. Кімдер келіп, кімдер кетпеді. Алдыңғы толқын ағалар кетті, кейінгі толқын інілер келді.
Дерек бойынша, мұның басында түңғыш рет Ғани Мұратбаев болған екен. Жалынды жігіт, жігерлі жас екен. Қыршын кетті. Сірә, жанып кеткен сияқты. Мәскеуде «Ваганьков» дейтін зират бар. Сонда қалды. Комсомолдың кезінде оны анда-санда еске алып, артынан іздеп барып, басына гүл шоқтарын қойып кететіндер болушы еді. Енді кім біледі... Баяғыда Құлыншақ ақын:
Адамзат келер-келер, жүзге келер.
Кісіні үйде өлген түзде көмер.
Құдая, иманымды салауат қыл,
Кім бар дейсің дұға оқып, іздеп келер, —
деген екен.
Енді Ғани Мұратбаевты іздеп жатқан кім бар дейсің. Қазіргі жас ұлан оны біле бермейді. Заман озады. Саясат аумалы-төкпелі. Таяуда ғана өтіп кеткен XX ғасырдың алпысыншы жылдарында Өзбекәлі Жәнібеков есімді азамат Шымкенттің қақ ортасында Ғани Мұратбаевқа ескерткіш орнаттырып еді. Сол тұрған шығар. Алматыдағысын барған сайын көремін.
Ол нағыз лениншіл еді. Сенім, наным солай болды. Ол үшін Ғани кінәлі емес. Лениннің ескерткіштерін алып тастап жатыр. Ғаниға тиісе қоймас. Ол да «Жас Алаш» тарихының бір бөлігі, бастамасы.
«Жас Алаш» тарихының тағы бір елеулі тұлғасы мен үшін, мысалы, Саттар Ерубаев.
Осы бір қыршынның тағдырын ойлағанда кей-кейде менің тамағыма өксік тығылады. «Жас Алашта» («Лениншіл жас») қызмет атқарып жүрген кезінде әріптестерімен бірге түскен Саттар суретінің түпнұсқасы менің архивімде сақтаулы. Анда-санда қарап отырамын. Жап-жас. Жүзі жарқын. Өмірі өлмейтін адамның дидары. Бірақ ол енді екі-үш жылдан кейін өмірден өте шығатынын білмейді. А, бәлкім, білмесе де сезген шығар. Кеудесіне сыймаған талантын тез-тез жазып қалуға талпынған сыңайлы. Қарағандыға жедел аттанып, күндіз-түні кеншілердің арасында жүріп, шахтаға түсіп, кемірдің тозаңын жұтып, жұлқына жұмыс істеп, роман жазды.
«Менің құрдастарым» романын мен жас күнімде жастанып жатып көп оқыдым. Кейін өзім де «Лениншіл жастың» тілшісі болып Қарағандыда үш жылға жуық тұрып қалдым. Сонда, бәлкім, мені жылы орыннан Қарағандыға қарай еріксіз жетелеген сол Саттардың әсері болар. Құдіретті кітаптар таптырмас тәрбиеші ғой.
Сол жоғарыда аталған ұжым суретінің қақ ортасында қасқайып Рахмалы Байжарасов отыр. Біршама уақыт «Лениншіл жасты» басқарса керек. Ол да Қарағандыға барып, қаланың партия комитетін басқарып тұрған жерінен, 1937 жылдың құрығына ілініп, он сегіз жыл Сібірдің дәм — тұзын татқан адам.
Мен ойлаймын, отыз жетінің құрығына Саттар да ілінер ме еді, оны мезгілінен ерте келген ажал құтқарып қалды.
Саттар киелі Түркістанда туып еді. Өзі жазғандай, оның жәпірейген үйі қаланың шет жағында, теміржолға жақын екен. Көршісі жұмыстан кешке қайтқанда бір бөлке нан алып келсе, оның әйелі баласына: «Е, балам, бағың бар екен, әкең нан әкелді», — дейді екен. Саттар: «БАҚЫТ деген НАН екен деп ойлаушы едім», — дейді.
«Лениншіл жастың» отызыншы жылдардағы тігіндісі сақталса, әр нөмірінен дерлік Саттар Ерубаевтың қайнар публицистикасы табылады.
Әлі есімде, Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков бізге қыршын кеткен Саттар Ерубаевтың моласын іздеп табуға тапсырма берді. Қарт комсомолдардың айтуынша, Саттар казіргі Райымбек көшесінің (Алматы) бойындағы зиратта жерленген екен. Бірінші хатшының тапсырма беру себебі: осы зират таяуда тегістеліп, орнына автостанса салынбақ екен. Саттардың моласы табылса, сүйегін алып, басқа зиратқа жерлеп, басына белгі қою.
Бірақ моласы табылмады. Белгі жоқ. Көзі тірі қарт комсомолдар да көмектесе алмады. Сөйтіп, Саттар автостанса астында қалды.
Құдайсыз ЦК-ның бірінші хатшысы Ө.Жәнібеков құдайға сенген, аруақты кұрметтеген азамат еді. Сонысымен де ол үлкен ЦК-ға жақпады. Иманды адамның ақыры жаман болмас. Сол Жәнібековтің басына Арыстанбабта өзіндей таза, өзіндей көркем күмбез орнатылды. Бұл да болса ЦК-сыз, Тәуелсіз заманның арқасы.
1957 жылы мен «Лениншіл жастың» табалдырығын алғаш жәй әдеби қызметкер ретінде аттағанда бас редакторымыз Абай Бейсембаев екен. Мені танып, білмесе де кызметке бірден қабылдады. Өйткені маған кепілдік берген осы газеттің сол кездегі ығай мен сығайлары: Әбдісаттар Бөлдекбаев, Хайдолла Тілемісов, Баянжан Мәдиев, Тельман Жанұзаков, Сейдахмет Бердіқұловтар еді. Мені бұлармен жақындастырған менің аталас ағам Бауыржан Момышұлының үйі еді. Қазіргі Қабанбай көшесі мен Фурманов көшесінің бұрышындағы үйдің екінші қабатындағы екі бөлмелі пәтерде жаңағы аталған жігіттермен жиі-жиі бас қосып тұрушы едім. Жеңгем Жамал «Лениншіл жаста» машинистка болып істейтін. Жаны жайсаң, жұпынылау болса да дастарқаны кең, өзі керемет аспазия жеңешемнің қолынан татқан дәм бәрімізді бауырластырып жіберген.
Сондағы «Лениншіл жас» нені жазды? Әрине, ол партияның қол баласы еді. Хрущевтің «жылымығы» болса да, «ұзын арқан, кең тұсау» ғана. Әлі еркін кете алмайсың. Көкейдегіні көсіліп айта алмайсың. Оның үстіне Хрущевтің құлаш-құлаш баяндама, сөздерінен газет беті босамайды. Көлемі де аз. Аға газет «Социалистік Қазақстан» басқан Хрущев «шедеврлерін» біз де басамыз. «СҚ»-дан «шпек» аламыз. Линотиптің жаңа шыққан кезі. Баспахана іші балқыған қорғасынның буынан у сасып тұрады. Сол уды жұтып, иіскеп түнімен жүреміз.
Ара-арасында жастарды «коммунистік рухта» тәрбиелейтін нұсқаулы материалдар жарық көреді. Қарағандыдағы меншікті тілші Камал Смайыловтың «Қыз намысы» туралы, тағы басқа проблемалы публицистикасы үзбей жарияланады. Камал көзге тез ілікті. «Пионер» журналы жабылып, орнына «Білім және еңбек» деген жаңа журнал ашылды. Бас редакторы болып Камал тағайындалды.
Камалдың Қарағандыдағы орнына мен кеттім. Қарағандыда Саттар Ерубаевтың іздерін іздедім. Шахталарға көбірек баратын болдым. Шахтерлермен бірге қуықтай қуыста жантайып жатып, насыбай атуды да үйрендім. Забойда, лавада, жалпы жер астында шылым шегуге болмайды. Газ көп. От тұтанса, өрт шығады. Сондықтан шахтерлер, орысы да, қазағы да, немісі де насыбай атады. Теміртаудағы Қазақстан Магниткасының жаңадан салына бастаған кезі. Жан-жақтан жастар лек-легімен келіп жатқан шақ. Бірақ мен ол кезде солардың арасында Қазақстанның болашақ тұңғыш Президенті жүргенін білген жоқпын. Очерктерім, мақалаларым газет бетіне үзбей шығып тұрды.
Алайда мен Саттар Ерубаев бола алмадым. Ол кезде роман жаза алмадым. Әйтседе көрген-білгенімнің бәрі болашақ романға арқау болды.
Ол кезде Қазақстан Магниткасы газеттің басты тақырыптарының бірі еді. Оны комсомол бастамасымен бүкіл жас әулет тұрғызған. Бұл жолда қан төгіс те болмай қалған жоқ. Жергілікті басшылықтың ноқайлығына наразы болған жүмысшылар көтеріліске де шықты. Ол буырқаныс қатыгездікпен басылды.
Осындай тарихы бар Қазақстан Магниткасы бұл күнде аты өзгеріп, түсініксіздеу «Испат-Қармет» атанып, шетелдіктер қолында тұр.
Мен осындай оқиғалар ортасында жүргенде, Алматыдағы редакцияда өзгерістер болып жатыпты. Абай Бейсембаев өз орынбасары Сапар Байжановпен бірге «Мәдениет және тұрмыс» журналын бас қаруға ауысыпты.
«Лениншіл жастың» бас редакторы болып Әбдісаттар Бөлдекбаев келіпті.
Көп ұзамай мен де кейбір келеңсіз себептермен «Социалистік Қазақстан» газетіне ауыстым.
Арада бір-екі жыл өткеннен кейін Әбдісаттар Бөлдекбаев Қарағандыдағы «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы болып тағайындалды да, «Лениншіл жастағы» оның орнына мен бардым. Бұл комсомол Орталық Комитетінің хатшылары Өзбекәлі Жәнібеков пен Камал Смайыловтың таңдауы еді.
«Лениншіл жастың» бас редакторына лайықты бірінші кандидатура Тельман Жанұзақов деген бозым жігіт еді. Екі тілде бірдей жүйрік жаза алатын талантты ірі жан еді. Журналистік қабілеті алғыр, принципі мықты, ақпейіл, адал азамат болатын. Бірақ денсаулығы дімкәс. Құдай оған таудай талант беріп, денсаулық бұйыртпапты. «Правда» газетінің тілшісі болып, сол заманның қатал бұрқағынан қорықпай, «Медео» емес, «Медеу» деп әділет туын көтеріп еді.
1937, 1950-жылдардың репрессиясынан жүректері шайлығып қалған қартаң буын, аға буын ұлт мәселесі, оның ішінде тіл мәселесі дегенді сыбырлап, күбірлеп, ашық айта алмай жүргенде, әлі сары ауыз балапан, жап-жас журналист Болат Бодаубаев «Лениншіл жаста» «Бөтен сөзбен былғанса сөз сарасы» деген мақаласын жарияласын да жіберсін!
Үлкен ЦК-ға бомба түскендей болған. Үлкен үй үш академик-жазушыға тапсырма айтады: мына көргенсіз мақалаға тойтарыс беріңдер деп. ЦК-ның тапсырмасын бұйрық деп түсіну керек. Мұхтар Әуезов қолым тимей жатыр деп құтылады. Ғабит
Мүсірепов жазбаймын деп тікесінен кетеді. Сәбит Мұқанов келіседі. Немересіндей журналисті дүрелеп береді. ЦК-ның айызы қансын деген шығар, бір жағынан Болат Бодаубаевқа араша түскендей сыңай танытады.
Ал Сәбеңнің айтқанын айғақ етіп, үлкен ЦК-ның идеология жөніндегі хатшысы Н.Жанділдин КОКП Орталық Комитетінің бас журналы «Коммунист» журналына ұлтшылдық туралы мақала жазып, оның түпқазығы етіп, «Лениншіл жас» жариялаған Болат Бодаубаевтың «ұлтшылдығын» бүкіл әлемге жаяды. Авторға танба басқаны — газетке таңба салғаны.
Тағы бір таяқ жеген жеріміз: Мәскеу журналы жариялаған Ляхов деген автордың Тұрар Рысқұлов туралы ақиқатқа жуықтау мақаласын қазақшалап көшіріп басқанымыз. Бұрын «Казахстанская правда», «Социалистік Қазақстан» газеттері Тұрар Рысқұловқа тек қара бояу жаға берсе, Мәскеудегі орыс оны негізінен ақтап жазған. Бірақ оның «ұлтшылдығын», «пан түрікшілдігін» ұмытпаған.
Бұл кезеңде газет қысымға қарамай, ұлттық мәдениет, ұлттық сана, ата дәстүр, Ана тіл мәселесін көп көтерді. Кеңестік дәуір қалжыратқан ұлттық нышандарды сәл де болса тірілту керек болды.
Дәл қазір, мына XXI ғасырда да осы өзекті мәселелер өртеніп, тіл туралы дау көкпарға түсіп жатқанда, сол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы қатал цензура, тұмсыққа тұмылдырық киіп сөйлейтін заманды көзіңізге елестете беріңіз. «Лениншіл жас» сол қыспақтың құрсауында жүріп те ұлт мәселесін айрықша көтерді. Бұл газеттің ерлігі еді.
Елуінші жылдардың орта тұсы мен алпысыншы жылдардың бас кезіне дейін бұл газеттің ауыр жүгін арқалаған алдыңғы буын басқа редакцияларға ауысты. Кәкімжан Қазыбаев «Жетісу» газетіне, Хайдолла Тілемісов радиоға... Әбілфайыз ЬІдырысов журналистер дайындайтын ұстаз болды. Кәкімжан Қазыбаев Бауыржан Момышұлының айтуымен сол кезге дейін беймәлімдеу болып келген Рахымжан Қошқарбаевты елге танытты. «Лениншіл жасқа» әуелі очерктер жариялап, кейін рейхстагқа тігілген тудың иесі туралы кітап та жазды. Сол Кәкімжан кейін үлкен ЦК-ның хатшылығына дейін көтерілді.
Газет өткен сұрапыл соғыс батырларын өкімет бұйыртпаған тақа мінгізді. Бауыржан Момышұлының, Қасым Қайсеновтің, басқа да жауынгер ақын-жазушылардың шығармаларын үзбей жариялады. Бұл бастама сол кездегі жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беру бағытында елеулі еңбек сіңірді деп ойлаймын.
Газетке шығыстағы Алтайдан Оралхан Бөкей келді. Батыстағы Атыраудан Фариза Оңғарсынова келді. Арқаның Ақселеуі қызметке алынды. Оңтүстіктен Қалдарбек Найманбаев, Мұхтар Шаханов...
Кілең тепсе темір үзетін жас дәурен. Кәрібай Ахметбеков, Оразбек Сәрсенбаев, Қадірбек Сегізбаев, Серік Әбдірайымов, Жүсіп Қыдыров... Сағат Әшімбаев... Қуанышбай Құрманғалиев... Жарасқан Әбдірашев...
Бұлар тек журналист қана емес, тұтас бір әдеби қауым.
Осылардың ұйтқысы болып, әдебиет-өнер бөлімін басқарып маңғыстаулық Әбіш Кекілбаев отырды.
Сол кездің өзінде-ақ «Лениншіл жастағы» осы бұла күшттің арқасында қатырма қалып — «социалистік реализм» атты тар шеңбердің іргесі сөгіліп, әдебиет жаңаша сөйлей бастады. Қоғамдағы тосын жаналық тосқауылсыз болған емес. Оразбек Сәрсенбаевтың жаңа поэмасы, Жүсіп Қыдыровтың өлеңдері «социалистік реализмшіл» сыншылар тоқпағының астында қалды. «Лениншіл жаста» жарияланған жаңаша туындыларға формализм, абстракционизм деген таңбалар басылды. Қадыр Мырза Әлидің стандартқа сай келмейтін өлендерін жариялағанымыз үшін сөгіс алдық.
Бірақ оқырман қауым газеттегі бұл тың лепті қуанып, құптап қарсы алды. Таралым тез көтеріліп, ЦК- ның газет-журнал баспасына кеп табыс түсірді. Сонда да газет шығарушы жас журналист-жазушылардың бүйірі томпаймай-ақ қойды. Айлық аз, үй-жай жоқ. Көбісі пәтер жалдап тұрады. «Түйенің арқалағаны алтын, жегені тікен» деген осы.
Жалпы, журналист еңбегі — ең киын, денсаулыққа зиянды жұмыстар қатарына жатады. Сөйтсе де қазан құлағын ұстап отырған шөмішшілер бұл еңбекті дұрыс бағалаған емес. Әрдайым шөміштен қысады.
Бюрократия мен журналистика — қарама-қарсы екі полюс. Журналист қоғамдағы мерездің санитары, емшісі. Қоғамды қоқыстан тазартушы. Ал қоқысты көбейтетін бюрократия. Шын журналистің, шын жазушының ары таза, айтары — ақиқат, туысқансыз тура би. Ондайды бюрократия қайдан жақсы көре қойсын.
Сөз бостандығы келген мына қазіргі заманда Үкіметті, министрлерді, әкімдерді, шенеуніктерді сынау оңай. Бірақ оған құлақ асу аз. Әйтеуір қоғамдық пікір туғызу. Бұрын газет бетінде сыналған шенеунік талқыға түсіп, сын шын болса, жазасын алар еді. Қазір ол жоқ.
Алпысыншы жылдардың бірінде «Лениншіл жас» «Қазақ-концерт, хал қалай?» атты көлемді мақала жариялады. «Қазақ-концертті» ол кезде билеп-төстеп тұрған ерлі-зайыпты Чернышевтар еді. Осылардың әсіреңкі, қисынсыз қылықтары, озбырлығы қатты сыналды. Бұл мақала жарық көрген заматта-ақ үлкен ЦК ордаға ойран түскендей шәт-шәлекей болды да қалды. «Не қарап отырсыңдар?» — деп, кіші ЦК-ға зіркілдеді. Өзбекәлі Жәнібеков сабырлы, әділ азамат еді. Елпеңдей қойған жоқ. «Лениншіл жас» шындықты айтып отыр», — деп бізге араша түсті.
Сөйтсе, Чернышева деген апамыз Брежневтің ежелден жақын адамы екен. Брежнев командир болған «Малая земля» жерінде концерт қойып, жауынгерлер майданында жүреді екен. Брежнев Қазақстанға бастық болып келгенде өзімен бірге ала келіп, «Қазақконцертке» орналастырған екен.
Енді мына газет: «осылай да осылай» деп масқарасын айдай әлемге әшкерелеп жатқанда, біздің басшыларда зәре қала ма?
Не керек, ақыры Чернышевтер Қазақстаннан кетіп тынды. Бірақ газет басшыларының шашын едәуір ағартып кетті.
Мына қазір басымыздан өтіп жатқан кезеңде сөз бостандығы, әрине, демократияның жемісі. Бірақ демократия бетімен кету емес қой. Демократияға жымысқы, зиянкес әрекет жат. Адамдардың санасын улайтын уағыз тарататын « сөз бостандығы» демократия емес, идеологиялық интервенция. Жекеше телеарналар, жекеше газеттер көбейді. Көбейсін. Бірақ әділет жолымен жүрсін, иманды ұмытпасын. Бостандық деген осы екен деп, қоғамға жат әрекет қатерлі жауыздық жасап жатса, е бұл да демократия деп бас шұлғып отыра берген жарамас. Бұқаралық ақпарат құралдары соғыс құралдарынан да күшті.
Мәселе, сол БАК кімнің қолында тұр. Әділеттің бе, әлде әзәзілдің бе? Кейбір телеарналар, газеттер адамдарды жақсылық жағалауына қарай емес, лас құрдымға қарай итермелейді.
Өтіп кеткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Лениншіл жаста» біздің буын жұмыс істеп жүрген кезде идеологияны басқарған хатшы кісі қазақы ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, ата-баба жоралғысын халықтың санасынан өшірмекші болды. Киіз үйді, домбыраны жек көрді.
Бұл енді имансыздықтың екінші жағы еді. Ескінің де жақсысы бар, жаманы бар. Жаңаның да оңдысы бар, оңбағаны бар. «Лениншіл жас» осы екеуінің жақсысын таңдауға тырысты. Сол кездің өзінде-ақ компартия «зар заман» деп ұнатпайтын Бұқар жыраудың, Дулаттың, Шортанбайдың өлеңдерін жариялап жүрді. «Аталар сөзі» деген айдар ашты.
Кеңес өкіметі тыйым салып тастаған Наурыз мейрамын «мен қайтадан дүниеге әкелдім» деп біреулер жүр осы күнде. Наурыз мейрамын әрдайым еске салып отыратын осы «Лениншіл жас» болатын. Сенбеген кісі газеттің алпысыншы жылдардағы тігіндісін қарасын.
Қазақ кино өнерінің ақ маралы, айдындағы аққуы сияқты аса абыройлы туындысы «Қыз Жібек» фильмінің киносценарийі түгелімен осы «Лениншіл жаста» жарияланды. Классик Ғабит Мүсірепов таралымы кеп, беделі зор «Лениншіл жасты» таңдады.
Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың нәзік махаббат жырына толы «Жәмиласын» түңғыш рет «Лениншіл жас» басып шығарды.
Кейін атақты болған көптеген ақын-жазушылардың тұсауын «Лениншіл жас» кесті. Дулат Исабековтің, Қарауылбек Қазиевтің, Фариза Оңғарсынованың, Оралхан Бекейдің, қайсы бірін айта бересің — көбінің тырнақ алды туындылары осы газеттің ақ батасын алғандар.
Сонымен, «Жас Алаштың» туған күні 22-ші наурыз. Жылдың басы. Алланың ақ нұры жауған күн. Газеттің атын «Жас Алаш» деп қойған сол өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының бас кезіндегі Алаштың алып азаматтары: Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Санжар Асфандияровтар. Газет тізгінін жалынды жас Ғани Мұратбаевтың қолына тапсырған да солар.
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себебі болатын нәрсенің ең қуаттысы — тіл, — деп жазды 1913 жылы шыққан «Қазақ» газеті. — Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Мұны жазған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар.
Дәл қазір де осы сөздерді қайта-қайта айтпасқа амал жоқ. Айтып жүргендердің қақ ортасында — «Жас Алаш».
Ұлттың жоғалып кетуіне жаны ауырмайтын кещелер бар. Олармен күрес — қиын күрес. Сол күрестен шаршамайтындардың, қайсарлардың қатарында жүрген де «Жас Алаш». Ұлттың ұйытқысы болуға жарай бер, «Жас Алаш».