Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жастар – болашақ кепілі
Жастар – болашақ кепілі
Қай кезде де «жастар – болашақтың қожасы» деп оларға үлкен сенім артылып, үміт күтіледі. Бірақ биылғы 2019 жылды Елбасымыз Жастар жылы деп ерекше атауы тегіннен тегін емес. Жастарда бұрқыраған қуат бар. Олар - қоғамдағы ең күшті адамдар, ата - баба тәлімімен рухтанған жастардың бойында үрейден гөрі үміт басым. Осы орайда Тәуелсіз Қазақстанның абызы атанған Әбіш Кекілбаевтың: «Мен іскер адамды да, қарапайым адамды да емес, рухани күшті адамды көрсетуді жақтаймын», - деген сөзі ойға оралады. Шындығында қазіргі жастардан, өз замандастарым мен аға буынға тетелес жас азаматтардың бойынан бір жаңа алға ұмтылушылық лепті байқаймын. Жастардың санасында әлеуметтік эксперимент жүріп жатқан сияқты. Әрине «бес саусақтың бірдей болмайтыны» секілді жастар әр түрлі. Үлкендер кейбір жастардың болашағына зор үмітпен қарайтын болса, енді бірде сол жастарды кінәлауға дайын тұрады. Осыдан келіп, ішімдік ішетін де, нашақорлықпен әуестенетін де, ұрлықпен айналысатын да жастар деген кереғар пікір қалыптасады. Рас, бұл аталған дерттің бәрі де қоғамымызда бар. Бірақ, «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» деген ұлы Ахмет Байтұрсыновтың сөзін қуаттаған Елбасымыз жастарға басымдық берді. Сондықтан Мағжан ақын ізімен жастарға сенім артты деп ойлаймын.
Елбасы үкілеп сенген, болашақ кепілі болатын жастар еліміздің көркейгенін, дамыған елдер қатарына қосылғанын қалайтыны анық. АҚШ пен Австралия ғалымдарының пайымынша, жаңа технологиялардың дамуына байланысты қазіргі заманғы жастар өте көп ақпараттарға ие және ол ақпараттар күннен күнге өсіп келеді. Осындай шексіз ақпараттардың ағымынан дұрыс, маңыздысын таңдай білуді жастар дағдыға айналдыруда. Сол себепті Елбасымыздың тікелей бастамашылдығымен «Болашақ» бағдарламасы арқылы үздік студенттерді шетелде оқыту мәселесі жолға қойылды. Ұлтымыздың алтын қазығы – ауылды жандандыратын да жастар екені ескеріліп, «Серпін», «Дипломмен - ауылға», «Бизнестің жол картасы» секілді бағдарламалар жасалып, жемісін беруде. Білім айдынында еркін жүзіп, ғылым нәрімен сусындаған жастар күні ел ертеңі, ел азаматы атанады. Елді өрге бастайтын солар. Жүректері «Отан» - деп, соққан жастардың бүгінгі басты қалауы ел игілігі үшін жұмыс істеу. Олардың мақсаты айқын, тек ер мінезі мен бекем бірлігі басым болса болғаны. Сыр сүлейі Тұрмағанбет те:
Әрқашан алам, - десең, - төрден орын», -
Түзеп ал, татаусыз қып мінезіңді!- деп, ең бірінші «ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сиясың» деп, жастарды көркем мінезді болуға шақырады.
Қорыта айтқанда, Шоқандай шуақты, Мағжандай мақтаулы, Султанмахмұттай сенімді жастар өз биіктерін бағындырып, жастық жігер - жалынын, ерлігін еліне арнайды. Бұл жолда бірлігі беріктер шың бағындырады. Атақты шайыр Тұрмағанбет Ізтілеуовтің:
Деген бар: «төртеу түгіл - төрге шығар!»
Төрің сол - бақыт құстың айналғаны.
Алтау боп аузың ала бола қалса,
Дұшпанға құл боп анық байланбағы, - деуі де осы жолға шақырып тұрғандай...
М. Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінің
3 - курс студенті Мұстафаева Арайлым
Жетекші: Маханбетова Ляйла Мұратбекқызы

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама