Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 14 сағат бұрын)
Жыр — жүрек дүрсілі

Өмірді, жұмыр жерді мекендеп жүрген төрт миллиард көкіректің әрқайсысының әрқалай түсінетіні бар. Ал ақын болып өмір сүру сол өмір жайлы түсінігін жалпыға ұғымды етіп айтып беру екі есе ауыр. Жиырма төрт сағат тәуліктен күнделікті сегіз сағаттық жұмысқа, күтпеген жерден киліге беретін қисынды-қисынсыз шаруаларға, тұрмыс-тіршілік қамына кететін уақытты қысқартқан кезде өлеңге тиер енші тойда таратылар жыртыстың бір пұшпағындай көлемсіз көрінер еді. Сонда да болса сөз өнерін мәңгілік серік ету - ерлік. Ерлік дейтін себебіміз өлең, ақ қағаздың бетіне тасқа басылып пәленбай тиражбен тарап кететін өлең, ақынның өз жүрегінің ғана емес, өзге жүректердің де дүрсілі болуы керек. Сондықтан да Фариза:

Өзге мұң, өз жырымның ортасында
өмірім өртенумен өтер менің, — десе, сенеміз.

Осы екі жолда көп мағына жатыр. Астарына терең үңіле қарасаңыз, азаматтық белсенділік арқауының түйіндісін осыдан тауып алар едіңіз. Себебі, Фариза өлеңге өзек болар субъектіні шыңырау мұхиттың түбінен, не болмаса биік бұлттың арғы жағынан іздемейді, өзі өмір сүріп отырған қоғамнан, сол қоғам мүшелерінің көкірегінен табуға тырысады. Ал, қоғамның адамгершілік тұрғыда қандай дәрежеде, қай бағытта дамып келе жатқанын айналамыздағы адамдар санасы арқылы ажырататынымыз және рас. Демек, адамға ауа мен су қандай қажет болса, «артында өлмейтұғын сөз қалдырғысы» келетін ақынның өз жырына өзгенің мұңы сондай қажет.

Фаризаның осы пікіріне ұқсас тағы бір ойлары бар:

Жаураймын нәрін жұтпасам
қимасым болған қайғының.

Бұл не, торығу ма, түңілу ме? Олай емес. Ізгілік үшін күрес әлі жүріп жатыр. Сарайдай үй салып, жұмсақ көлікке мінгеніне мәз болып жүргендер, әрине, ойсыз өмір кешеді. Олар, қажет десеңіз, өз ошағының артықшылығын басқа ошақтың есебінен құрап отырғанын да түсіне бермейді. Осындайда Абайдың «ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген сөзі еске түседі. Фаризаның айтып отырған қайғысының түп негізі сол «ой» болуы керек. Ақын өлеңінің өміршеңдігі әлеуметтік ойлы да орынды пікір айта білуіне байланысты. Ақын қашан да, қандай жағдайда да адам санасын жаңғыртушы, ақ пен қараны таразыға тең тарта білер, күрескер болуы керек. Өмірде кездесетін күмәнді сұрақтарға бас ауыртпай «менсіз де айтыла жатар» деп бұлтаруға немесе «осыны жазсам, осылай жазсам, әлдекімдерге ұнамай қалармын» деп жалтақтауға ешбір ақынның хақысы жоқ. Тіпті әріге барсақ, бұл - әрбір адал азаматтың міндеті. Азаматтық лириканы солақай түсіну поэзия дамуына қаншама зиянын тигізгенін көкей-көзі ашық оқырман қауым жақсы біледі.

Біздің кейде мәселенің байыбына бармай сырттай тон пішетін әдетіміз де жоқ емес. Дегенмен өмір - өзгеріс, өзінің жаңа терминдерінің мазмұнын қалай ашу керектігін үздіксіз үйретіп келеді. Соңғы жиырма шақты жылдың жүзінде ғылыми-техникалық революция деген атауға әбден тіл жаттықтырып алдық. Ал, Фариза өз "революциясында" бұл терминге мүлде басқа тұстан келген. Бұл - адамның жан дүниесіндегі, рухани қалыптасуындағы революция. Және мұны ақын оқушымен ашық сырласа отырып баяндайды. Тың революциялар әкелген XX ғасырдың планетамызға сыйлаған жаңалығы мол. Соның бірі — адамдардың психологиялық өріс-өлшемінің қайтадан кесіліп-пішілуі. Қауырт өркендеген өркениет қазақ халқының тіршілік жайлы таным, түсінігін түбегейлі өзгертті. Қой құрттап, ірімшік ұйытуға ғана жаралған самарқаулық әлдеқашан жойылды. Сондықтан Фаризаның:

Жаңғыруы үшін жанымда
миым ба, ой ма, қаным ба -
тоғытып топанды ағынға
от берер жанға, жанарға

революция керек маған да! - деуі әбден орынды. Себебі, революция ақын үшін жердегі жеке сарынды қалыпқа салған тірлікпен «бітісе алмау» екен. Жалпы ақын творчествосында қоғам өркендеуін бақылайтын қырағылық бәсеңсімеуі керектігі көптеген шумақтарда ақ алмастай жарқ-жұрқ етіп көрініп жатады.

Бастауларды бітейтін жолын бөгеп,
көлбегендер өмірдің төрінде ерек
данышпансып, күнгейдің талмап нұрын,
ұғуы үшін қаңбақтай салмақ құнын
революция дауылы соғу керек.

Иә, өмір таразысындағы өз салмағын, өз құнын білмейтіндер басқаның қадір-қасиетін бағалай алмас та. Сол себептен де әр адам «мен кіммін» деген сұрақтың төңірегінде толғануға мүдделі.

Егер:

Қажетсіз сезсең өзіңді
өмір сүрудің мәні жоқ.

Ақын қаламына қуат берген туған елдің тұтас бейнесі де көркем. Елін емірене сүйген ақын ғана осылай жырлай алмақ.

Елім менің шуақтай бесіндегі.

Ұлы Отанның қысқаша дәйектемесін ақын осындай ұғымға жеңіл бір жолмен айтып берген. Осы арада айта кету қажет, Фаризаның жырларында ұйқасты бұзып - жарып жаңалық ашу, немесе, біреу біліп, біреу естімеген сөздердің жиынтығын құрап эксперимент жасау сияқты әрсіз әдістің қолтаңбасы байқалмайды. Оның тақырыптық та, мазмұндық та, әріге кетсек, түр ізденістері де бүгінгі поэзия талабына сай қарапайым, шебер тігінші пішкен көйлектей қонымды.

Шолпан жақтан базарлық күтетіндей
көгершіндер жол тосып жүр аспанда.

Бұл - Байқоңырдан бейбіт мақсат корабльдерін ұшырып жатқан елдің бейкүнә аспаны.

Енгендейсің ғажайып ән еліне,
жоқ, саясат, топтардың әлегі де.
Мұндағы елдер ешқашан қол сұқпайды
бір-бірінің ішкі істер әлеміне.

Бұлар - қамсыз-мұңсыз күлкіге батып, шат-шадыман өмір сүріп жатқан бір атаның - бір Отанның балалары.

«Тыныштық күйге түссе, қайраңдағы балықтай тұншығатын» ақынның жаңа жыр жинағы - бүгінгі қазақ поэзиясының биікте тұрған дүниелерінің бірі. Тақырып ауқымы да кең: Отан, революция, болашақ, ұрпақ қамы, бүгінгі өмір салты. Осыған қарап, оның:

...Мылтық, бомба қажетсіз! Бірақ, бүгін

тек қарусыз қалмасын асыл жырлар! - деген ақындық кредосына қосыламыз. Фариза Оңғарсынованың «Сұхбат» - жинағы қазақ поэзиясының өмірбаянындағы ұрпақтар көңілін елең еткізетін дүние.

Ақтөбе. 1984 ж


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама