- 13 ақп. 2020 00:00
- 222
Жиырма бес тиынның мәні
Қожа жас кезінде саудамен айналыспақ болады. Өзінен жастау бір досын ертіп, бір құмыра сүт сатып алады да, қалаға сатуға апарады. Сүтті сатқан соң, олар бір құмыра шырын сатып алып, ауылға апарып сатпақ болады. Солай етеді де, олар құмыраны шырынға толтырған соң, бұлардың қалтасында тағы да жиырма бес тиын қалады. Қожаның жасы үлкен болғасын, ақша өзінде қалады. Бұлар шырынды алып, жолға шығады.
Біраз жол жүрген соң, Қожа:
— Тіфу-тіфу! Тек көз тимесін. Сүттің де, шырынның да саудасы сәтті болды! — дейді.
— Саудамыз осылай сәтті бола берсе, — дейді Қожаның досы. — Онда біз екі айда біраз ақша жинап аламыз, сөйтіп жоқшылықтан құтыламыз.
Біраз жүрген соң, Қожанасыр:
— Қымбатты достым, біз бүгін біраз ақша таптық. Соның құрметіне бір кесе шырын ішкім келіп тұр, — дейді.
— Достықтың жөні бір бөлек, — дейді досы, — ал ақшаны теңдей бөлісейік. Шырынды екеуміз бірге алдық, ішкің келсе, ақша төле.
Қожа қалтасындағы жиырма бес тиынды досына береді де, бір кесе шырын ішеді. Досы болса, жиырма бес тиынды қайтып беріп, ол да шырын ішеді. Біраз жүрген соң, Қожа досына жиыр ма бес тиынды беріп, тағы да ішеді. Сосын Қожаның досы да ішеді. Қысқасы, олар ауылға жеткенше, құмыра да босап қалады. Бірақ олардың қалтасында, әйтеуір, жиырма бес тиын қалды ғой.