Кенесары — Наурызбай соғысы туралы
Абылайдан отыз бала туған. Соның ішінде ерлігімен асып туған, дұшпанының көңілін басып туған Қасым, Қасымнан Кенесары, Есенгелді, Саржан, Наурызбай атты батыр ұлдар туды. Кенесары ақылға, қайратқа бірдей асқан кемеңгер адам болып ержетті. Бабасы Абылайдың жолын қуып, қазақ елін түгел билеп, баурына тарта бастады. Қазақ елінің қамын ойлаған, алып батырлары Кенекеңнің қол астына жинала бастады.
Арғыннан шұбыртпалы Ағыбай батыр, дулаттан Шәкір, Жәуке, Төлебай батыр, шапырашты Бұғыбай батыр, төртуылдан — Жанайдар, майлыдан — Көбек, қаракерей Тоғанас батыр, сармантай Алшағыр сияқты көптеген қару-жарақты батырлардың әрқайсысы жүз-жүзден қол құраған басшы болған. Николай патша қазақтың кең байтақ даласындағы шұрайлы жерлерін, жер қайыса қаптай өрген малын алам, қыршын жас сәби балаларын алып өздерінің мойнына крес саламын деді. Николайдың бұл сөзінен күллі қазақ болып қатты шошыды. Қыпшақ Ыбырайды дуанбасы сайлап оған жеті дуанды қаратқан. Керейден советник Тұрлыбек, Ертістен бәсентин Мөшеке, сүйіндіктен Шорманның Мұсасы, найманда Ерден, Дүзен, қаракесектен Қаздауысты Қазыбектің тұқымынан Шалғынбай, Қарқаралыдан төре Жамантай, тобықтыдан Құнанбайлар шығып Николайдан сыйлық, шен ала бастады. Николай бұларды Омбыға шақырды.
Жаңа низам шақырмақ болды. Қазақты орыс дініне кіргізбек болады. Жоғарғы аталған адамдар Омбыға барды. Бұларға арнап он екі қанат үй тігілді, ағашын сырлап, кигізін оюлап, уығының бауы жібек, керегесінің бас-аяғы алтын мен күміс, жеті дуанбасының қонақ асын, күтушілерін даярлап осы үйге кіргізді.
Бәрі жиылып кеңескен,
Кеңескенде не дескен?
Баршамыз ынтымақ қосамыз,
Бір дінде боламыз,
Инжілдің тілін аламыз.
Халқыңа хабар саласың,
Өздерің крес аласың.
Балаларыңа да, өздеріңнің
Мойныңа крес саласың, —
дейді. Болыс, кандидат, би, старшын, елубасы сайлансын, жаңа низам, жаңа закон болады деген. Бәрі бұған уәде байласып, күллісі Омбыдан тарады.
Олар елге келді. Елдегі адамдар, әйелдер, бала-шағалар әңгімелерін сұрайды. Жаңа низам, жаңа закон болғанын айтты. «Баламызды қалай береміз? Қалай кәпір боламыз? Қалай крес саламыз?» — деп күллі жұрт шулады.
Керей советник Тұрлыбек еліне бара сап-ақ болыс, кандидат, би, елубасы, старшын сайлаған. Тұрлыбек елді алдады: «Наград аласың, бұл үлкен дәреже», — деген. Өзгелері көнген, керей Жүкен көнбеген: «Болыс та, орыс та болмаймын!» — деді. Оны атамыз деп әмір қылған, көнбеді деп губернатор шақыртып атпақ болады. «Атсаң ат, көнбеймін!» — деді. Қарала ағаш басына алып шыққан. «Мұны қалай аттырамыз тал түсте», — деп керейдің бес жүздей кісісі Николайдың салдатына қарсы шабады. Жүкен оларды көріп: «Тоқтаңдар, бәрің өлме, бәрің үшін мен өлейін, атса атсын!» — дейді.
Патша салдаттары Жүкенді құр дәрілеп атқан. Сонда да көнбеді, қайсарып алды. «Оны атпай абақтыға салыңдар, сонда сол бір көнер өзі, сонда шірісін», — деді. Уезнай Жүкенді абақтыға салды. Артында жұрт шулап қалды. Сол кездегі керейдің Момынбай деген бір ақыны Жүкенді былай мақтап өлең айтыпты:
— Мінгені ер Жүкеңнің қарала аяқ,
Кәпір жау алып кетті аямай-ақ.
Знакты бас кессең де салмаймын деп,
Соғысты кәпір жаумен аянбай-ақ.
Жүкең ер сөйлеуші еді тамақ кернеп,
Тұрма батыр ерді кәпір шенеп.
Елубасы губернай екі ат қойды,
Қойыпты «салаң кер» деп бұтқа теңеп.
Жүкеңнің айналайын ақылынан,
Қорықпай жауап беретін батылынан.
Мініп тұр тәуекелдің кемесіне,
Сабырдың біз сұраймыз ақырынан...
Халықтың жылағанын көріп Кенесары шықты:
— Уа, халық! Атамның маған айтқан сөзі бар: «кәпір ел болмайды, күншығыстан шүршіт қаптайды, күнбатыстан кәпір таптайды, арасында сынадай болып қазақ қысылып қалады, малынан, жанынан, баласынан айырылады» деген екен атам Абылай! Сол айтқаны атамның дәл келді.
Оқуға кеңес береміз:
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр