Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Кенесары мен Наурызбайдың қырғыз қолына түсуі

Кененің әскері Алатаудың асуында бөгеліп қалжырайды, аттары да тұралайды. Тынығу үшін қос тігіп аялдайды. Ағыбай мен Наурызбай Кенеге келіп: «Енді соғысты тоқтатып, қайтайық», — деп өтінеді. Кене бұған рұқсат етеді. Ағыбай:

— Түнде көшпейік, егер түнде қырғыздың адамдары келіп қалса, біздің жеңіліп қаша жөнелгенімізді біліп, бізді мүлде қырып салады. Неде болса, тәуекел, ертең күндіз көшейік, — дейді. Хан:

— Бұл дұрыс-ақ, осы сөзді тез әскерге жеткіз! — деді.

Бағана түнде көшеміз деп әскерге жариялап қойған Ағыбай мен Наурызбай әскерлердің бөлек жерде тігілген шатырларына келе жатып, су таба алмай, сілекейлері сірнедей болған екеуі бір шұқанақтан су көреді. Ағыбай мен Наурызбай шұқанақтан шыққан суға мәз болып, алдымен бұл суды Кененің месіне толтырып алайық, сонан соң бәріміз де алармыз деп, местерге су құйып алып жүргенде, айтылмыс уақыттан асып кетіп, Кененің әскері дүркірей көше жөнеледі. Бұлар көше жөнелгенде, қырғыздың аңдып тұрған әскерлері бас салады. Шаршап, су-саумен зорыққан аттары жүруге жарамады, көп қайрымға келе алмады. Құдық қазып жатқан Ағыбай мен Наурызбай жаяу қалып қойды. Артынан бір жігіт жетектеп қос ат әкеледі. Атқа міне сала соғыстың ну ортасына қарай жүреді.

Ағыбай айтады:

— Енді екеуіміз Ағыбай, Наурызбай екенімізді білдірмейік. Сен «Наурызбайлап!» шаппа, онда біліп қойып алдымен сені өлтіреді, — деді. Оған «жарайды» деп уәдесін берген Наурызбай соғысқа таянғанда:

— Мен — Наурызбай, қу қырғыз, шық былай! — деп айқайды басады.

Соғыс аса қиын болады. Талай жалынды жүрек Кененің батырлары садақтың оғының алдында жан тәсілім етіп жатады. Сармантай, Мүсірәлі, Өмірзақ баласы Есенгелді, Тайтақ, Бижен, Жолдыаяқ тағы басқа толып жатқан мыңдаған батырлар қырғызбен қатты соғысты.

Кененің әскерлері Ақсудан салған қырғыздың қорғанын бұзып шығады. Бірақ қырғыздар қоршап босатпайды. Біспек-Тоқпақтарды алып, қырғыз онан да айдап шықты. Қырғыз қамалынан өту қиын болды. «Абылай аспас асудан» өткізбей қойды. Әлі, айласы таусылған Кененің әскері қырыла берді. Соғыста Ағыбай, Танаш, Тоқанас, Жолдыаяқ, Көбек батырлар ерлік көрсетті. Қан селдей ақты. Екі жақтан да қияан-кескі қырылыс болды. Бірақ қырғыз жағы қалың. Кененің адамы аз. Соғыста Ағыбайдың астындағы атына оқ тиіп, жаяу қалды. өлген адам болып, аттың құлағанымен бірге жантайып жата берді. Наурызбай мен Кене қолға түсті.

Қырғыздар жаяу қалған Кененің иығын өз қылышымен шабады. Кененің иығын қырғыздар шапқанда, Кене ыңқ етпеген екен. Наурызбайдың иығына қылыш шапқанда, ешбір шіміркенбеген. Екеуін қырғыздар ұстап алып кетеді. Ағыбай қырғыздар кетісімен түрегеліп, әскеріне қосылады. Тайтақ, өскебай Қызыл-жирен Торғасқа атымен Мұрат Жиенәлінің інісі Жортық батыр, Жолдыаяқ батырлар бастаған көп әскерлер қырғыз даласында, жонда өліп, далада қалады.

Оқуға кеңес береміз:

Жалбыр батыр (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама