Кірлеген дүрбіні кім тазартады?
Камалға хат
Камал дос! «Қайда болса — қайшылық» деген хатыңды («Егемен Қазақстан», 21-маусым, 1997 ж.) жолаушылап жүргенімде оқыдым.
Әрине, қайшылық! Қайшылық болмаса дүние әлдеқашан жұмаққа айналмас па еді. Қайшылық Құдайдың құдіретіне қарсы әрекет. Оны ежелден бері өршітіп келе жатқан әзәзілдер нәсілі. Әзәзілдер нәсілі тумысынан бері қарай зорлықшыл, бар мақсаты адамды тұқыртып бағындыру, құл ету.
Камал, сен орыстың «покорить» деген бұйрық райдағы глаголының қаншалықты зәрлі екенін сезесіңбе? Міне, әзәзілдердің ураны — покорить, бағындыру. Содан барып «покоритель», «покорители» деген зат есім туындайды.
Осы сүйкімсіз сөз біраздан бері қайтадан жанданып, бас көтерді. Бір қарағанда елеусіз, құлақ үйреніп кеткен залалсыз сөз сияқты. Бұланайдағы (Гималай) Эверест шыңын біздің бір топ қазақстандықтар «бағындырыпты». Бұланай бір түшкірсе, «покорительдердің» сүйегін де таба алмай қалатындарымен ісі жоқ. Тәңірге тәубе айтудың орнына, «бағындырдық, бағындырдық!» деп даурығады.
Хрушевтің көтеру» дәуірінде осы ұран тасыраңдады. Покорим целину! Покорители целины деген астам леп Қазақстанды, қазақтарды бағындыру екенін білсек те білмеген болдық.
«Бағындыру» — «покорить» қаһарлы сөз, қарғыс атқыр, қасам ұрғыр ұғым.
Ал бізді әлі бағындырып жатыр, Камал. Оны с ен білесің бе? Жо-жоқ. Баяғыдай зеңбіректің күшімен емес. Бірақ оқ шығармай-ақ бағындырып жатыр. Шетелдік арақ-шарап дариясын ағызып жіберсе, цирктегі азу тісін қағып тастаған арыстан сияқты ұзын қамшылы әміршінің айтқанына көніп, айдауында жүре бересің.
Бұл күштілердің ежелгі әдісі. Адамды алдыменен ақылынан, жігерінен ажыратсаң — ар жағы керек, түртіп қалсаң құлай береді. Ал мұнай тобыр саз балшыққа иелеуге өте икемді.
Бағындырып жатыр. Арақ беріп,ақша беріп, басқа дінге топ-тобымен қойдай айдап кіргізіп жатыр.
Кемал бауырым! Ең сұмдығы — осының арты не болатынына көз жетпейді. Бұл империя атты алпауыттың алмас қылыштан да өткір қаруы. Ағылшындар Үндістанды отарлап, қанын сорып болып, енді сол Үндістанға бостандық біртұтас елді әлдилеп, қасақана екіге бөліп кетті. Үндістан, Пәкістан деп. Діни сипатына қарай бөлді ғой. Бір кездегі біртұтас ал енді қырғиқабақ болып қырқысады да жатады. Өйткені діндері бөлек-бөлек.
Діни айырымына қарай қантөгіс грузиндер мен абхаздықтар арасында, әзербайжандар мен армяндар арасында арандатылады. Әлі немен тынары белгісіз.
Тізе берсе мұндай мысалдар көп.
Ал енді ойлап көр. Бір қазақтың отбасында әкесі мұсылман, баласы баптист, қызы — кришина, яки бақашыл. Сонда не болмақ?
Ал енді осы үлгіні бүкіл қазаққа сал. Сонда не болмақ?
Біздің биік саясатшылар осыны біле ме екен? Білсе де әдейі көз жұмып отыра бере ме?
Сен қалай ойлайсың Камал?
Камал, сен соңғы хатында қазақ халқының деморграфиясынан нақты сандар келтіріп, көтеріңкі көңілді су сепкендей бастың. Қазақстанда қазақтар елу бір пайызға жетті деп мәз болып жүрсек, 1995 жылы бала табуға қабілетті мың анаға шаққанда тоқсан-ақ сәби дүниеге келген екен.
Бірақ шілдехана тойы неге тым-тым азайып кетті? Бұлай созыла берсе ертеңіміз не болады деп қайырған ешкім жоқ.
Міне, бұл бағындырудың ең зор түрі.
Байқайсың ба, бұрындары «Алтын алқалы», «Күміс алқалы» аналар тізімі газет бетіне сыймай жататын. Қайда сәл қазір?
Үкіметтен оларды қолдау сарқылған.
Ал өзі балаларын тумай жатып жұтып қоятын, туған соң да жеп қоятын ұлтта болашақ жоқ, Камал. Аборттан қырылған балалар, тастанды балалар, экологиялық апаттан, аштықтан ауру-сырқау балалар-осының бәрі біздің ертеңімізді қынадай қырып жатыр.
Сен айтасың: «шет жерде жүрген төрт миллион қазақты көшіріп әкеліп ата қонысына орналастыру»-халықты көбейтудің бір шарасы дейсің? Ниет дұрыс қой.Бұлай айтуға оңай. Ал іс жүзінде не болып жатыр? Шетелде жүрген бауырлардың Қазақстанға, атажұртқа деген құштарлығын маңдайына ат тепкендей тұқыртып тастады ғой біздің үкімет. Басқасы басқа «Көші қон туралы» және заңның жобасында шетелден көшіп келетін біздің қандастарымызға деген қаржы-көмекті негізінен жергілікті бюджетке жүктей салыпты. Ау, жергілікті жерде қазір бюджет бар ма? Жегілікті жер өз күнін өзі көре алмай, мұғалімдерге, дәрігерлерге, тағы басқа пақырларға еңбекақы төлей алмай, кәрі-құтаңға зейнетақы төлей алмай, «битін сығып, қанын жалап» отырған жоқ па? Сонда жергілікіті бюджет көшіп келген ағайынға несін төлейді?
Жаңа Заң жобасында алыстан, жақыннан, Моңғолстаннан, Қытайдан, Ираннан, Өзбекстаннан, Ресейден тағы басқа жерлерден көшіп келген қазақтарға Қазақстан азаматтығы берілсін деген сөз жоқ.
Демек олар әлі өгей деген сөз. Демек олар сайлауға да, дауыс беруге қатыса алмайды деген сөз.
Сонда несіне жетісіп мәз боламыз!?
Қытайда бір миллионнан астам қазақ бар деп көңілге тоқ санап жүрміз. Шетелде жүрсе де әйтеуір көңілге демеу. Ал енді сол қазақтардың алдағы бір жиырма жылдың шамасында селдіреп қалатынынан хабарың бар ма, Камал? Неге дейсің ғой. Неге десең Қытайда бұрын тек қытайларға ғана: отбасына бір ғана бала-деген заң бар болса, енді сол заң сондағы қазақтың басына да туған.
Екі мемлекет басшылары бәуталасып, ондағы ерікті қазақтарды Қазақстанға тезірек көшіріп алмаса, сақал сипап қалмақшымыз.
Сондай-ақ мемлекет басшылары Қазақстанға көшіп келетін қазақтардың азаматтығын бюрократтық бұралаң жолға салмай, біржолата шешпесе, бізге келген ағайын қазіргі жекешелендіру заманында не жер алмайды, не жұмысқа орналаса алмайды, не сайлауға қатыса алмайды.
Бұдан асқан қатыгездік, адам құқығын аяққа таптау бола ма сірә?!
Қазақстан Президенті, обалы не керек, шетелдегі қазақтардың қамын ойлап, неше алуан жарлықтар жариялады. Бірақ сол жарлықтар орындалуға келгенде кібіртіктеп қалады. Мысалы, биыл шетелден 2180 отбасын ғана қабылдау керек. Ауру адамның аузына су тамызғандай.
Көші-қон ісімен бұрын Еңбек министрлігіндегі департамент айналысар еді. Кезінде бұл жеке мемлекеттік болсын деп өңеш жырттық. Тоқал ешкінің Құдайдан мүйіз сұрап жүріп, құлағынан айырылғанының кері енді келді. Азырқанып жүрген депертаменттің өзі кішірейіп кетті. Жаңа Заң жобасы бойынша көші-қон жөнінде «Өкілетті орган» деген құрылмақшы екен. Бірақ заңда ол өкілеттіліктің қаншалықты пәрменді екені айтылмайды. Неде болса бұл іске шын пәруана берілген, қазақ деген қаны бар, намысы, жігері бар адамдар келсе екен деп тілейік.
Ресейлік Алтай өлкесінен, Қосағаштан көшіп келген бір мың бес жүз қазақ Қазақстаннан пана таппай, қайтадан Қосағашқа көшкен ғой. Кейбір деректерге қарағанда, сол міскіндер не арыда, не беріде жоқ, екі ортада сандалма күйге түскен. Бұрынғы үй-жай, жұмыс орны жоқ, алтайлықтар мен қазақтар арасында осыған байланысты аздап шекісулер де бар көрінеді.
Міне, бұл қазақтың көсегесі көгерсін деген адамның ісі емес.
Жаңа заң қабылданар. Бірақ сол Заңның орындалуын айт. Мен оқыған жобада көшіп келген, келетін азаматтардың азаматтығы туралы ләм жоқ. Ал Қазақстан азаматтығы жоқ адам-пұшаймен, кембағал адамның халін кешпек.
Камал сен байқайсыңба, Моңғолстаннан, Қыйтайдан көшіп келген ағайындардың арасында әдебиет пен өнердің небір талантты өкілдері бар. Бұл деген ұлттық мәдениеттің баға жетпес байлығы ғой. Біле білсе, үкімет оларды осынысы үшін де аялап, бағалауы керек қой.
Бірақ өзіміздегі қолда бар мәдениеттің қабырғасы қақырап жатқанда, ауылдық жерлерде клуб, кітапхана, көркемөнерпаздар ұйымы, халық театрлары жаппай жабылып жатқанда; ол-ол ма, мүйіздері қарағайдай-қарағайдай жазушылар мен әртістер, суретшілер мен журналистер-тапқаны тамағына, пәтерақысына жетпей жатқанда кім кімді елегендей заман.
Камал дос. Екеуміз де пайғамбар жасынан асып кеттік. Қырық жылдан астам уақыт, егер соғыс жылдарындағы бала еңбегін қоса есептесек, елу жылдан астам уақыт, ел үшін, қоғам үшін аянбай тер төктік. Ия, Құдай, жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер деп тіледік. Сол тілек үстінде біз бір түйір артық мал жиған жоқпыз. Еңбегіміз еш кетпес, өкімет жерге қаратпас дедік. Сөйтіп жүргенде, пенсияға шыққанда дача сатып алармын, мәшине сатып алармын деп тісімізді-тісімізге қойып, тірнектеп жинап, аманат кітапшасына салған тиын-сиынымыз бір күннің ішінде күйді де кетті. Жалғыз мен емес, жалғыз сен емес,еңбекқор дүйім халық солай болды.
Міне бұл әділетсіздік!
Камал! Әділеттің әкесі өліп, шешесі жесір, өзі жетім қалған деседі. Сол рас-ау сірә Әйтпесе, ғұмырым бойы аянбай тер төккен мен кім қазір, қоғамға бір тиын пайда келтірмей, табан астында шылқыма байып шыға келген нувориш кім?
Көшеден жасыл шамға қарап өте бергенімде, тасыраңдап «Мерседеспен» қағып кете жаздайтын боқмұрын бозбала қоғамға не бердім? Таразы қайда? Әділет таразысы. Түбіріне қарасаң: әлгіні тайраңдатқан байлық-біздің жылдар бойы еткен еңбегіміздің жемісі ғой.
Ал сен болсаң «Интерент», «Интелсат» дейсің. «Оптикалық талшықты байланыс кабелі » дейсің. Оу, жарқыным, сен ауылға шықпағалы көп заман өткен-ау сірә.Ауылдағы мектепте сенің әлгі айтқандардың өні тұрмақ түсіне де кірмес.Компьютер дегеннің не екенін білмейді.ХХI ғасырға біздің ауыл жастары шала сауатты, дүмбілез күйінде барады.Сен айтқан кереметтерді білсе, тек шетелге шығып оқитын шонжарлар балалары, шыр-жыр балақ, шұбартас балалары ғана біледі. Сол мықтылар Қазақстанның болашақ билеушілерін қазірдің өзінде шетелде дайындап жатыр. Өзіміздегі жоғарғы оқу орындарына да қолы жеткен ауқаттылардың балалары түседі. Кедейлер оқи алмайды.
Қазақтың мәйегі ауылда еді. Ауыл барда қазақ халқының нәсілі асыл еді. Сол мәйек қазір іри бастады. Американы алғаш жаулап алушылар байырғы тұрғын-үндістердің қиян-кескі қарсылығына тап болған ғой. Садақпен қаруланған үндістерді зеңбірекпен жеңе алмаған. Сонда бір сұңғыла зымиян айтты дейді: үндістерді жеңу үшін әуелі бизонды қырыңдар деп. Ал Зеңгі бабаның ірі түрі-бизон үндістердің асыраушы азығы еді. Бизон жаппай қырылды-үндістер жеңілді, рухы сынды. Үндістердің қазіргі қалған-құтқан ұрпағы оны айтпай-ақ қояйын, өте аянышты.
Ал сонау бозбала таңды заманнан бері қазақты асыраған мал емес па еді, Камал? Қазақ малдан ажырады ғой. Қолдан ажыратты.
Сонау қаһарлы отыз екінші-отыз үшінші жылдары алдымен мал кеткен, артынша адам кеткен. Бір-екі жылдың көлемінде қырық миллион бастан бес-ақ миллион қалған.
Араға алпыс жыл салып Қазақстан қырық миллион бас малға әрең жетіп еді. Менің ақылым жетпеді, Камал. Осының бәрі не үшін? Қамқоршылар қазақты малдан босатып, енді жер емсін деген шығар. Дұрыс-е-ес.
Көрдім Камал. Талай жерді араладым. Үкіметтің жаны ашылмаған халыққа биыл Көктің жаны ашығандай еді. Жауын мол болды. Ай, айналайын ағайынның тыпырлағаны-ай. Жер жырта алмай шарқ ұрып, жанталасқа түскені-ай. Үкімет несие бермеді. Бердік дейді, өтірік айтады. Берсе де мардымсыз көз бояу.
Енді дәл қазір пішен шабу науқаны мен егін орағы қатар келді. Бұл дегенің жердің астында мыңдаған жыл жата беретін көмір емес, аз күнде жиып алсаң-алдың, алмасаң-төгіледі, қурайды.
Ал шаруаның шамасы жоқ. Байғұс-ай, қиналдың ғой, бір жылға көмектесейін, одан әрі қарай өз күніңді өзің көріп кетерсің деген сөз ауыл шаруашылығының көсемдерінен естілмейді. Олар ауылдың ауыр тіршілігіне кірлеген дүрбімен қарап отыр. Дүрбіні тазартқысы келмейді. Тазартса-азап әлемі көрініп қалады. Әдейі бұлыңғыр, мұнар-мұнар көріністі қалайды. Сөйтіп өзгені де, өздерін де алдайды.
Қамқоршылар қазақты мал азабынан құтқарып, жерден жеміс тер дегендегісі осы. Мұндайда қол ұшын бермеген, қолдан алып, қолтықтан сүймеген қамқоршы кімге, неге керек?
Камал, сен бұған жауап тауып көрші.
Меніңше онсыз да кірлеген дүниеге кір басқан дүрбімен қарауға болмайды.
Президенттің жарлығымен 28-маусым Баспасөз күні деп жарияланды. Мерекең құтты болсын, Камал! Алайда мереке деген құр дауырықпа, мақтансоқ, яки жағымпаз жылтырақ сөз емес. Қайта дәл мереке күні ащы шындықты айта білуге дайындалсақ керек-ті.Өтірік мақтау-асқа у қосып берумен бірдей. Сондықтан да мен жалаң жалбақтауға әдейі бармадым. Жаудың ең жаманы-жарамсақ. Жоқты бардай, тайлақты нардай етіп қампитып, шындықты бүлдіретін сол жағымпаз.
Менің Татарстандағы аса қадірлі досым, атақты драматург Туфан Минуллин өзінің «Достар жиналған жерде» атты пьесасында мынандай сұрапыл сұрақ қойды: Орман.Әзәзіл-перілер. Бүкір.Әзәзіл-перілер: «Сейсенбі»-деп айқайлады, Бүкір күн жұма екенін біле тұра ол да: «Сейсенбі! Сейсенбі!»-деп айқайлайды. Бүкірі жазылып кетеді.
Орман. Әзәзіл-перілер. Екінші бүкір. Әзәзіл-перілер: «Сейсенбі!Сейсенбі!»,-деп періл ерді қостап, бүкірден айығу керек пе? Жоқ, шындықты айтып: «Жұма! Жұма!деп, арқаға екінші бүкір жамап алу керек пе»
Сен не дер едің Камал?
Шерхан Мұртаза
26-маусым 1997