Қайда болса – қайшылық
Шерханға хат
Қадірменді Шерхан! Сен жақында елімізде болған бір жаңалық — жақсылық хабарға жұрт назарын өте дұрыс аудардың. Қазақтардың саны биыл елу бір пайызға жетіп, бар халықтың жартысынан асты. Сөйтіп, ез елінде халықтың басым көпшілігіне айналды. Бұл — шынында қуанарлық та мақтанарлық жайт. Күні кеше, елуінші жылдардың аяғында қазақтар Қазақстанда бар халықтың 28 пайызы тана болып, үштен біріне де жете алмаған. Сонда нендей саяси саудагерлер болғанын сені мен біз өз көбімізбен кердік қой. «Қазақтар бар халықтың үштен бірі ғана, демек, жауапты кадрлардың да үштен бірі тана қазақтар болуы керек». Мәдениетте де, бар салада да сол үштің бірі деген өлшем шектеу болды ғой. Тіпті, 1963 жылы жаңадан Кинематография және Баспасөз комитеттері құрылғанда солардың бірінші басшылары болып орыс ұлтының өкілдері тағайындалған. Нағыз ұлттық рухани дүниелердің бастауында қазақша білмейтін адамдар отырды. Кейін Димекең қайтып оралған соң бәрі де орнына келтірілген. Міне, сол өткенмен салыстырып, соған қарап бүгінгі күнді дұрыс бағалай аламыз. Ал енді, Шерхан, осы қуаныштың баянды болуын ойласақ, көңілге бір қобалжу кіреді. Демографтардың соңғы дерегіне қарағанда, 1958-1959 жылдары 16-49 жас арасындағы қазақ әйелдері жылына (мың адамға шаққанда) 220 нәресте туған болса, 1995 жылы осынша әйел-анадан 90 сәби ғана дүниеге келіпті, яғни 2,5 есе кеміп кеткен. Осы қалпымен бара берсе (қатыгез өмірдің сыңайы солай) онда М.Тәтімов айтқандай, XXI ғасырда қазақ халқы табиғи өсімін таза тоқтатады.
Оның алдын алғанда сүйенетін бір шара — шет жүрген торт миллион қазақты көшіріп әкеліп ата қонысына орналастыру. Жақында И. Кәрімовпен кездескенде Н. Назарбаев сондағы қазақтарды көшіріп әкелу мәселесін сөз етіп, екіжақты келісім жасалған. Оны орындауға қолбайлау — қаражат боп тұр.
Иә, аса қасиетті-қадірлі екі мәселе бар ғой, Шерхан, ол — ел мен жер. Қазақстан кең-байтақ, оның жері мол дейміз. Сол жерлердің басын қосу, біріктіру жөнінде сонау 20-жылдары Қазақ автономиясы құрылып, біртұтас ел болғанда, шекарасы ажыратылып, айқындалғанда, біздің сол кездегі қайраткерлеріміз қандай еңбек сіңірген, қайсарлық көрсеткен. 1920 жылы Совнарком төрағасы Ленинде Ресей мен Қазақстанның шекарасын тұжырымдау мәселесі қаралғанда Әлихан Бөкейханов пен Әлімхан Ермеков қатынасқан. Сонда олар — 1904 жылы Қазақстаннан алып Ресейге берілген Ертіс өзенінің сол жағалауындағы 10 шақырымдық алқап туралы дәлелді деректер келтіріп, Сібір ревкомы басшыларының қарсылығына тойтарыс жасап, өзеннің, нулы да сулы сол жағалық өңірі қазақтарға қалдырылған.
Сол жолы Каспийдің солтүстік жағалауы жөнінде де мәселе қозғалған. Әр түрлі дәлелдерді сараптай келіп, мәжіліс төрағасы бұл жерде орыстар мен қазақтардың қайсысы көбірек тұрады деп сұрақ қойғанда Қазақстан өкілдері қазақтардың көп екеніне нақты сандар келтіріп, Астрахан басшыларын мойындатады. Кейін мол мұнай мен Қарашығанақ газының қоры ашылған өңір сөйтіп Қазақстанға қараған.
Мен жақында, Шерхан, Алматыда екі бір елеулі оқиғаның куәсі болдым. «Атакентте» байланыс құралдарының халықаралық көрмесі болды. Сонда біртүтас байланыс жүйесінің ғаламаттары қойылған. «Интернет» деген бүкіләлемдік ақпарат жүйесі бар. Оған жүзден аса ел кірген. Соның бірі — Қазақстан. Әркім өзінің үстеліндегі компьютерден модемдік байланыс жүйесі арқылы әлгі интернетке шығады да, қалаған жерден қалаған мағлұмат-ақпаратын тауып алады. Оны көріп, оқып қана қоймайды, өз компьютеріне көшіріп те алады. Бұл бір ғажап. Арнайы шатын бейнекамера орнатса, сөйлескен екі жақ бірін-бірі көріп отырады, көп адамды қатыстырып, үйден шықпай-ақ кеңес-мәслихат өткізуге де болады. Біздің барлық облыстардан да, Алматының фирмалары мен мекемелерінен де бірден интернет жүйесіне қосылуға болады. Бағасы онша қымбат емес. Ал оның электрондық пошта деген түрімен дүние жүзінің қай бұрышындағы адаммен болсын, оның шифрі мен кодын білсең, «хат жазысып, бірден хабарласуыңа болады».
Сол көрмедегі таты бір жаңалық — «Интелсат» деп аталатын халықаралық спутниктің бір бұрышын Қазақстан жақында сатып алған. Алматыдағы, облыс орталықтарындағы хабарды беретін санды қондырғылар арқылы сол «өзіміздің» спутникке шыға аламыз, өз телехабарымызды сол арқылы басқа елдерге таратамыз. Ал өзіміз сол спутниктен әзірге 4 телебағдарлама қабылдаймыз, одан әрі саны көбейе береді. Тек қаржы болсын!
Енді бір ғажап құрал — оптикалық талшықты байланыс кабелі. Оның ішіндегісі — шыныдан ширатып жасаған талшықтар. Сол арқылы толқын-жарықтың жәрдемімен мағлұмат-хабар беріледі және ондай арнамен бірден он мыңға дейін хабар жүріп жатады.
Қазір сонау Шанхайдан Орта Азияға, одан әрі Кавказға тартылған жүйе-желі Қазақстан арқылы өтті. Осынша ғаламат дүниелерді біздің езіміздің жастар игеріп-меңгеріп әкетсе ғой. Әзірше шетелдіктер үйретіп жатыр. Ертең қалай болады? Бір қауіп бар. Соңғы бес жылда БҰҰ дерегі бойынша Қазақстанда оқу, білім алу көлемі 2,5 есе азайған...
Осының бәрін көріп таң боласың, қайран қаласың. Ал енді сонша техника құдіреттеріне ие болып отырған Қазақстанда алыс аудан, ауылдармен байланыс әлі нашар. Қымбатшылық салдарынан бар телефондардың өздерін қиып тастаған. Бір үлкен бөлмеде бір-ақ телефон қалған.
Сен соңғы хатында, құрметті Шерхан, Жезқазған мен Балқаш мысына ие болған шетелдіктер жылына қанша тонна мыс өндіреді ? Оның қаншасы жаңа қожайындікі, қаншасы біздікі деп сұрау қойдың. Жезқазған мен Балқаш биыл 400 мың тонна катод мысын қорытып шығармақ. Оның тоннасы — 2,5 мың доллардай. Иә, соңғы кезде жаңа иелері социализм кезінде салынып қалған кеніштерге ие болып, жанталасып өнімді көбейтіп жатыр. Олар жер астында бір түйір қалдырмаймыз деп, төбені тіреп тұрған мыс бағаналарды да алып жатыр. Ештеңеге қарайтын емес. Сол сатылатын мыстан бір жылда бір миллиард доллардай алуға болады. Ал мысты қайда, кімге сатуды тек шетелдік иелері өздері біледі. Олардың ісіне ешкім араласа алмайды. Бәріне өздері қожа. Бір миллиард доллар бар кеткен шытынды қайтаруға да, жер астында істейтін жұмысшыларға мол айлық төлеуге де (ол иелердің жомарттығы емес), мемлекетке тиесілі салығын (басқалардан аз) төлеуге де жетеді. Оның сыртында миллиондаған доллар жаңа қожайындардың қолында қалады.
Шерхан, сен хатында бұрынғы қасиетті қайраткерлерімізге тіл тигізіп, сөз келтіретін адамдар бар депсің. Ана сақалды журналистің атын айтпапсың, бірақ қойылып отырған мәселең өте дұрыс. Байқайсың ба, не жазуға да еріктіміз деген жалау-желеумен кейбір жазғыштар өз аудан-ауылының батырлары мен хандарын мадақтап, ешқандай нақты дәлелдерге сүйенбей, тарихи, ресми деректер келтірмей, батырлық пен даналықты сапырып көсіліп жатады. Ал беріректегі қайраткерлерді біріне-бірін қарсы қойып, бірінен-бірін артық көрсетіп жататын әдет байқалады.
Ахмет Байтұрсынов елдің бірлігін, халықтың қамын ойлаған дарабоз емес пе еді? Қанша жыл қаралап, айыптап келдік, енді ағын, адалын айтайық та. Оның адалдығына күдік-күмән келтіру адамдықты аттағандық. Сондай-ақ Тұрар Рысқұловтың ұжымдастыру жөніндегі саясат, көзқарас қатынасы айқын. Ол нақты, деректі құжаттарға түсірілген. Мен де оларды көріп, оқып шықтым. Осы жағынан екінші бір асыл перзент Смағүл Сәдуақасовтың пікір-көзқарасы да соған саяды. Олар Голощекиннің саясатына қасқайып қарсы тұрған ғой.
Өткендегі оқиғаларды, адамдарды жазғанда, бүгінгі күн биігінен бағаламай, сол өз заманының жағдайын еске алып, сонымен салыстырып отырған жон. Бір кезде болған оқыс оқиғаларды, кездейсоқ айтылған сөздерді іліп алып, сол биік адамдардың шын келбетін бұрмалайтын, қасиетін төмендететін, шындық жағдайды ұшықтыратын эсселер мен естеліктер шығып жүр. Осы да ойландырады.
Осы біз қай қоғамда өмір сүріп, қайдан шықтық, қалай қарай бара жатырмыз? Шыққан жеріміз — социализм, ал барар жерімізді ешкім тап басып айта алмайды. Бар жерде мемлекеттік меншіктің жойылып, оның орнын жеке меншік басып жатқанына, бар жерде ақша құдай, ақша құдірет болғанын, байлықты дәріптей бастағанымызға қарағанда, біз капитализмге бара жатқан секілдіміз.
Қазір дүниенің бәрі ақшамен өлшеніп, ақшамен бағаланатын болды. Адамдар ақша жолында аямайтын да, аянбайтын да болды. Естідің ғой, Украинаның бұрынғы президенті Л.Кравчук Израильге барып, аэропортта тексергенде дипломатынан 30 миллион доллар шыққан. Ресейде тура үкімет үйінен 530 миллион долларды алып шытып бара жатқан жерден екі жауапты қызметкер ұсталған. Кейін ол ақшаны іздейтін иесі болмаған деп іс қозғауды да тоқтатқан. Жамбыл фосфор зауытында бір күнде 6 млн. доллар жоғалған.
Осындай хикаяттар болып жатады. Бұл — көрініп, ашылып қалған ұрлықтар ғой. Ал ана жекешелендіру, мемлекет мүлкін арзанға, бағасын төмендетіп сатқанда шетелдік кредиттерді үкімет кепілдігімен (кейін оларды бюджет есебіне қайтарған) бөлгенде, шетелдерге мұнай, металл мен руда сатуға лицензия-рұқсат бергенде де сол іс басында отырған ашқарақ адамдар қалтасына қанша салды! Солардың обырлығына қайран қаламын деді ғой бірде Президент. Кеше шетел бизнесмен-инвесторларының «Анкара» мейманханасында өткен кездесу жиынында Н.Назарбаев мемлекет шенеуніктерінің құлқының бітеу үшін Сингапурда екі шара қолданатынын айтты. Бірі — олардың заңды айлығын ешқайда алаңдамайтындай етіп барынша көбейту, екіншісі — аса қомағай обырларды соттап, жұрт алдында жазалау деді.
Бізде, Шерхан досым, аңғарасың ба, қызық бір құбылыс байқалады. Орташа айлық 125 доллар, яғни сегіз-тоғыз мың теңге деп санаймыз. Ал халықтың 70 пайызы кедейлік кешіп отыр. Шетелге шыққанда он мың доллар алып кетуге рұқсат беріледі. Көбісі шетелдіктер, өзіміздің адамдар да бар ғой. Сонда өзімен бірге он мың доллар, яғни 750 мың теңге (ширексіз миллион) алып жүретін адамның айлығы қанша болуға тиіс? Жүргізіп отырған кәсіпорны жоқ, қыруар ақшаны қайдан алады?
Осыны білу үшін Ресейде лауазымды адамдар өздерінің табысын баяндайтын декларация көрсететін болды. Бізде де соны неге қолданбасқа?
Қайда барсаң да кереғар қайшылықтар, байлық пен бейшаралық катар тұрады. «Хабар» бағдарламасынан бір кеште Каспий жағалауынан Қаратеңізге қарай қуатты мұнай құбырын тарту жөнінде келісімге қол қойылғаны туралы айтты. Соның ішінде «Нұрлы» ауылындағы ауыр халді, қара шай мен қара наннан басқа керегі жоқ 8-9 баласы бар отбасыларын корсетті. Ауылды ашық көрсетіп, ашына жазып, айтып жатыр. Ай сайын бір миллион қой шығындалатын болса, енді қолда қалған қой бірер жылда құрып бітеді деген сөз ғой. Қазақтың сусыз даласында егін кез келген жерде өсе бермейді. Сонда олар не жейді? Тұрғын үй-коммуналдық шығындарға төлемақы бірден екі есе өскенде халықтың қалай қарсы тұрғанын бәрі көрді. Біз өркениетті елдерде бар шығынды өздері төлейді дейміз. Ол үшін казіргі айлықты төрт есе өсіріп барып төлемді де көбейтуге болады. Үкімет ақша бермей, ақша алғысы келеді.
Халықты қоңдандырып алмай, бар шығынды мойнына артып қою қиянат. Енді зейнетақыны да адамдар өмір бойы өзі жинақтап алуға тиіс болып отыр...
Біз сонымен, Шерхан, өтпелі қиын кезеңде тұрмыз. Өткенді санамен еске алып, ертеңді қиялмен елестетеміз. Біз қазір қыр басында тұрмыз. XXI ғасырдың асуында ғана емес, еліміздің болашақ тағдырын айқындайтын асуда тұрмыз. Еліміз экономикалық дағдарыстан шығып кете алмай отыр. Алғаш қозғалыс биыл байқалады. Елде шаруа-халді түзетіп әкетуге жететін мүмкіндік болмаса, жері кедей, халқы жалқау болса екен-ау! Онда өкініші жоқ, тағдырға көндік деп отырар едік. Бізде бәрі бар ғой. Жер астында жатқан қазба байлықтардың құны он триллион долларға жетеді. Басқасын айтпай-ақ, алтын мен уранды алайықшы. Олардың мол да сапалы қорлары бар, әлемдегі уран рудасының төрттен бірі, яғни миллион тоннасы бізде. Жоғары деңгейде байытылған уранның бір килосы 1600, яғни бір тоннасы бір жарым миллион доллар. Жылына 100 тонна таза алтын алуға болады. Ол 1 млрд. доллар берер еді. Тіпті Атырау — Жайықтың қара уылдырығының өзі жатқан ақша. Қаншама мүмкіндіктер бар екенін ойлағанда, есептегенде, неге біз алға шапшаң жылжып кетпейміз, адамдарға сол қазынаның игілігін тезірек неге көрсетпейміз деп ойланамыз, қапаланамыз. Осыны реттеуге, сәйкестіруге болмай ма? Бар халықтың күтетіні, талап ететіні де, Шерхан, осы ғой.
Сәлеммен, Камал СМАЙЫЛОВ
Шерхан МҰРТАЗА 26-маусым, 1997 ж.