Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 8 сағат бұрын)
Көк өгіз

Ертеде үш ағайынды жігіт болыпты. Мал дегенде үшеу ара жалғыз өгізі болыпты. Күндерде бір күн үшеуі енші алыспақ болады. Үлкені көк
өгіздің басын алады, ортаншысы - ортасын, кішісі - артын алады. Үлкені өгіздің басын, ортаншысы ортасын, кішісі артын бағып жүреді. 

Бір-екі жыл өткенде көк өгіз өседі, үлкейеді: үш ағайынды жігіт бірін-бірі көре алмайтын болады. 

Жылдардан жыл өткенде, екі ағасының амандығын біліп қайтуға інісі жол жүреді. Арада екі қонып, ортаншы ағасына келеді. Онда бір күн қонақ болады. Ертеңінде ортаншы ағасын ертіп алып, араға екі қонып, үлкен ағасына келеді. Бірін-бірі сағынып қалған екен: көрісіп, амандасып, қуанысады. Онда бір күн жатады.

Келер күні күн қатты жаңбыр болады. Бұлар жаңбырдан бұйығып ұйқтап жатқанда, аспаннан бір қара бүркіт келіп көк өгізді көтеріп алып кетеді. Бұлар көк өгізді кім алғанын білмей аң-таң болады. 

Әлгі бүркіт көк өгізді алып бара жатса, далада жайылып жатқан көп қойға кез болады: ішінде бір ақ серкесі бар екен, бүркіт сол серкенің мүйізіне қонып отырып, өгізді жейді. Қой бағып жүрген қара шаруа жауыннан ықтап, серкенің омырауына тығылып отырады. Бір уақытта күн ашылды ма екен деп, әлгі адам жоғары қарағанда, жанағы бүркіт жеп жатқан өгіздің жауырыны көзіне түсіп кетеді. Қара шаруа көзіме шөп түсіп кетті ме деп уқалайды да, елең қылмай жүре береді. 

Қара шаруа кешке қойын айдап үйіне келеді, үйіне келіп: «Қатың, көзіме шөп түсіп кетті білем, қарашы!» - дейді. Қатыны қарап, байының көзінен көк өгіздің жауырынын суырып алады.

Ауыл көшіп, бір көлдің жағасына келіп қонады. Сол күнде манағы шаруаның қатыны екіқабат екен. Қатынның әдеті: күнде барып көлдің ар жағынан қырық қап тезек теріп әкеледі екен.

Қатыны бір күні тезектен келіп қараса - ішіндегі баласы жоқ. Байым ұрсады ғой деп, тезек терген жерінен іздегелі жүгіріп келе жатса, баласы манағы судан өткен жерде түсіп қалған екен, баласын етегіне орап, үйіне алып кетеді. 

Қара шаруа қойының отын қандырып, кешке ауылына айдап келеді. Келсе, қатыны ұл тауыпты! Шаруа қатты қуанып, жоғарғы елге жорға бие, төменгі елге төбел бие сойып, шақырып той қылады.

Қара шаруа со жылы қыстауына барып қыстайды. Малы қыстан күйлі шығады.

Жаз шыққан соң, қара шаруа баяғы жайлауына көшеді. Баласы енді екі жасқа шығады.

Былтыр қара шаруа көшіп кеткеннен кейін, оның ескі жұртына бір жау келіп түнеген екен. Жаудың көптігі үш жүздей кісі екен. Жер сыз болған соң, әлгі жау қару-жарағымен, ер-тоқымымен баяғы қара шаруаңың көзінен алып тастаған жауырынның үстіне жатқан екен.

Ұйқтап жатса, түнде бір түлкі келіп, жауырынның бір басын кеміреді. Жауырынның кемігіне қызыққан соң, түлкі әлгі жауырынды үстіндегі үш жүздей жауымен қабат сүйрей жөнеледі.

Сонда көп жаудың ішіндегі бір жігіт: «Бір елді барып шапқанда осындай-ақ, олжа табармын» деп, түлкіні атқа мініп қуа жөнеледі. Қуып жетіп, түлкіні соғып алады. Түлкінің бір жақ терісін сойып алады. Енді бір жағын союға түлкіні ауната алмайды.

Баяғы қара шаруа қой жайып жүріп, манағы түлкіге кез болады. Түлкіні таяғымен аударып қараса, бір
жақ терісі союсыз жатыр екен. Түлкінің жарты терісін сойып, үйіне әкеледі.

Қатыны әлгі теріні илеп, екі жасар баласына тымақ пішеді. Пішсе - тымақтың екі құлағы мен маңдайына жетіп, артқы құлағына әлгі тері жетпей қалады.

Енді мұны, оқушылар, ойларыңа жүгірт: көк өгізді көтеріп ұшқан бүркіт күшті ме? Немесе көк өгіздің жауырыны көзіне түскенде, шөп құрлы көрмеген қара шаруа күшті ме? Жоқ, үш жүз кісіні ер тоқымымен, қару-жарағымен сүйреп жүрген түлкі мықты ма? Әйтпесе сол түлкінің жарты терісі тымақ шықпаған бала мықты ма? Болмаса қырық қап тезекті жаяу арқалап, көлден өтіп келе жатқанда, баласының түсіп қалғанын сезбеген қатын мықты ма? Ең мықтысы қайсы?

Осының бәрінен де көк өгіз бен бүркітті бірдей көтерген серке мықты. Екінші, көзіне көк өгіздің жауырынын шөп құрлы көрмеген қара шаруа мықты. Түлкі, қатын, бала - үшеуінің мықтылығы бірдей.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама