- 25 қар. 2015 00:00
- 206
Әженің әңгімесі
Болашақтың әжесі немере қыздарына әңгіме айтып отыр.
- Осы күні жаяу жүру дегенді қойдыңдар. Бәріңде бір-бір ұшатын табақша. Баяғының қыздары жаяу жүруші еді. Жұмысқа бару үшін үйдің жанындағы аялдамаға дейін жаяу жүріп баратын. Ол соқа басы болса да жақсы ғой, жанында сөмкесі, қолында ұялы телефоны болады. Сол жүкпен сонда жаяу жүріп барады. Әне, сондай қиындықтарды да көріп жүргенбіз.
Ол кезде жаңбыр жауса, қыздар қуанып жататын, махаббат келді, махаббат келді, қолшатыр ұстап шығамыз деп. Ол уақытта жігіттер әдемі жігіт, әдемі емес жігіт деп бөлініп жатады. Қазір бәріңнің де жүзіңнен қан тамып тұр ғой. Сонда әдемі емес жігіт келе жатса, қыз дереу қолшатырын жиып ала қоятын, малмандай су болып тұрады. Сөйтіп, махаббат үшін құрбандыққа да барып жатқан қыздарды көрдік. Ал әдемі жігіт келе жатса, қыз жымиып қана қолшатырының астына кіргізіп ала қояды. Бар уақиғаның бәрі сол қолшатырдың астында өтіп жататын. Әне, сөйтіп жүріп үйленіп кетеді.
Ол заманда жұмыстан келіп, бел шешіп отырып ас ішу деген қайда? Күндіз жұмыстан келдім ғой деп, кішкене қисаяйын десең, бригадир терезені қамшысымен қағып тұрады: "әлеуметтік желіге шық, әлеуметтік желіге шық" деп. Өкіл келеді зіркілдеп: "қанша дос жинадың, есебін бер, жоғары жақ ақпар сұратып жатыр" деп. Сонда телефонмен алысып отырып, киносын, сериалын көріп үлгере береді. Үкімет соны талап етіп отыр. Адам дегеннің өзі бір қиындыққа мойымайтын, итжанды болатынын сонда көргенмін.
Ол уақытта қыздар оқыған қыз, оқымаған қыз деп бөлініп жатады. Бәрі де оқыған қыз болғысы келеді. Оқыған қыз оқымаған қызды дүкенге жұмсағысы келіп тұратын уақыт қой. Кәдімгі әлеуметтік теңсіздіктің бар кезі. Сол оқыған қыздардың өзі бөлініп жатады: бір дипломы бар оқыған қыз, екі дипломы бар оқыған қыз, үш дипломы бар оқыған қыз деп. Ара салмақтары да соған қарай айқындалатын.
Ол кезде бір ұлттың қызы екінші ұлттың баласына тиіп жатса, соны намыс көреді. "Құдай-ай, оны несіне намыс көреді екен, араларында махаббат болса болды емес пе?" деп жатушы еді. Осы күні өзге планетаның жігіттеріне ғашық болып жүрсіңдер. Оның ұят екенімен де, басқа екенімен де шаруаларың жоқ. Жерсүйгіштік қасиеттерің кеміп бара жатыр...
- Әне, бұларға бірдеңе айтса болды, ұшатын табақшаларына мініп алып, дөңгеленіп-дөңгеленіп кетеді де қалады. Үлкен айтып отыр-ау, әже айтып отыр-ау дегенмен шаруалары жоқ. Өйбуй, намазымды оқиын, қай заманда да намазың қалмайды екен ғой. Әуп, пірім, құдай, о, құдай, орнымнан үш ұмтылып әзер тұрдым ғой, баяғыда мені ұршықша үйіріліп "Қызыл өрікке" билеп жүрген қыз деп кім айтады қазір.