Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
«Мен неге қазақтықтан сақтанамын?» Міржақып Дулатұлы туралы ой

ХХ ғасырдың басы қазақ елі үшін әлеуметтік-саяси мінбері түсіп, бодандықтың дәмін татар нағыз нәубетті шақ болатын. Жылдар жылжыған сайын тарих беттері де қатпарлана беретіні айдан анық. Алайда сондай зобалаң шақ ел аузында мәңгі сақталып, ұрпақ жаңарған сайын жадымызда жаңғыра түсуде. Жүрек сыздап, көңіл құлазиды. ХІХ ғасырдың аяқ кезеңіндегі атышулы Столыпин заңынан кейін, орыс шаруалары жаппай қазақ даласына көшіріліп, патшаның әмірімен қазақтың ең шұрайлы жерлері соларға тартылып әперілген еді. Осындай алмағайып кезеңде Ресей империясының қол астында тұрған халық үшін, әсіресе ұлттың қамын ғана ойлауды мұрат тұтқан зиялылар үшін империядағы саяси толқындар, отарлау озбырлықтары бейтарап құбылыс боп қалмағаны белгілі.

Қазақ ұлтының ел мүддесін өзінің қарақан басынан биік қойған алаш қайраткерлері – Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы секілді азаматтардың қадірі ғасырдан-ғасырға арта бермек. Бұлардың еліне сіңірген қызметі – сол кездегі басылым «Қазақ» газетінде айқын көрінген.

Ал, қазіргі сөз еткіміз келіп отырған алаш зиялысы Міржақып Дулатұлы болмақ. Осы бір тарихи кезеңнің суретін көз алдыңа елестете отырып, сондағы небір көкейкесті мәселелер Міржақып Дулатұлының қайраткерлік әрі қаламгерлік жолына бағыт салып бергендей. Оның шығармашылығын оқып, өмірімен таныса отырып, сол бір кезеңнің жан тәсілім тұстарын байқай аламыз. Оның көтерген мәселелеріне «теңізден терең, бұлттардан биік» деген сипаттама берсек қателеспегеніміз болар еді. Ресей секілді алпауыт империяның мәселерін былай қойғанда, қазақ даласының қиыр шығысынан, күн батар тұсына дейінгі, солтүстік пен оңтүстікті жалғайтын өңірлердің өзекті мәселеріне араласып, олардың шешілу жолында жан аямай күрескен батыр есебінде алсақ болады. Ел-жұрттың тіршілік тақсіреттерін өз шығармаларына арқау етіп, тебіренте қалам тартқан қайраткер.

Міржақыптың журналистік дарынына, қайраткерлілігіне жол ашқан, саяси көзқарасын қалыптастырған «Қазақ» газеті болатын. Тарихымыздың небір талқы-тақсіретін бастан кешірген М.Дулатұлы газет ғұмыр кешкен алты жылға жуық уақыт бойы өзін толғандырған дүниелерін басылым беті арқылы көпшілік талқысына ұсынып отырған. Ол жазған мақалаларды бүгінгі таңда біз - кейінгі ұрпақтар үшін де өткен тарихымызға терең үңілуімізге мүмкіндік тудырған құнды дүние деп бағалаймыз.

Патша өкіметінің боданында болған уақыттарды қазақ елі үшін тар қапас іспетті тұғыдан алсақ, сол қапастан шығу жолын алаш зиялылары тауып бергендей. Міржақып Дулатұлының халыққа үндеуі болған мына өлең бұған дәлел бола алмақ.

«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты»,-деген өлең жолдары арқылы қазақ халқының көкейінде жатқан отарлық езгіге, қараңғылыққа,надандыққа қарсы намыс отына шоқ тастап, халықты күреске үндеді. Ескіліктен арылып, жаңалыққа ұмтылуға шақырды.

Ел-жұртының жарқын болашағы үшін қанын да, жанын да аямаған алаш азаматтарын насихаттап, тарих төрінен тиісті орын беру – бүгінгі егеменді еліміздің ұлт саясатын жүргізудегі ұстанған басты мақсаты.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама