Нахал торғайлар
Көктем шыға бұл өлкеге жылы жақтан ең алдымен наурызкөк пен қарлығаштар ұшып жетеді. Сағынып, асығып келетіні соншалық, кейбір жылдары алдамшы ауа-райының қаһарынада ұрынып қалып жатады.
Көктем жап-жақсы, жайдарман болып тұрып, кейде лезде суық соғып, үсік шалады. Ерте гүлдеген өрік, алша деген мәуе ағаштар үсікке ұрынып жеміссіз қалады.
Наурызкөк пен қарлығаштар да сондай.
Жыл құстары... Шіркін, солардың туған жерге, атамекенге деген ынтызарлығын жаратқан құдірет адамдарға да бұйыртса ғой. «Ит тойған жеріне, ер-азамат туған жеріне» тартып тұратын қасиет қайда?..
Сонымен, көктем сайын жыл құстары туған жеріне қайтып оралады. Құстардың бәрі ұя салып, жұмыртқалай бастаған кезде...
* * *
Көшенің орта шеніндегі мая жон ақ үйден еңгезердей қабасақал қартаң кісі далаға шыға беріп:
— Астапыралла! — деп қалды.
Дүниенің бәрі: үйдің төбесі, есік алдындағы сарайдың төбесі, өрік пен алма ағаштың бұтағы, көшедегі электр сымы — бәрі-бәрі самсаған сары тұмсық, ақтөс, қараторғайдан көрінбейді.
— О, Құдай, көрсетпегенің осы ма еді? Әй, Тайшық, қайдасың, жүгермек, мылтықты әкел бері!
Дударбас Тайшы құйқасын аша алмай, керіліп-созылып:
— Не, көке? Мылтықтың оғы жоқ.
— Дәрілеп әкел, ойбай!
— Дәрі таусылған.
— О, атаңа нәлет, бәрін құртып болғам десеңші.
— Не болды сонша? Жау шапты ма?
— Шапты жау? Жау шапты! Көрмей тұрсың ба? Көзіңді шел басып қалды ма? Қара!
Тайшық көзін уқалап, жан-жағына қарады. Толып кеткен бейтаныс торғай! «Қап, бытыралы мылтық болар ма еді?» деп өкінді. Жерден тас алып, өріктің бұтағында жыпырлап отырған шақырылмаған бейтаныс қонақтарға лақтырып еді, шақ-шақ етіп, екі-үш торғай ұшқансыды. Басқалары тырп еткен жоқ.
— Бізге тас лақтыратын мынау кім? — дегендей шетінен шақылдап, шуылдап қоя берді.
Үйшігінде бүктетіліп, тұмсығын аяқтарының арасына тығып жатқан кәрі төбет бөтен дыбыстарға құлақ түріп, керіле түрегеліп, үйшігінен шықты.
Итті көрген бейтаныс торғайлар шетінен шақылдап, шуылдап ала жөнелді. Тіпті иттің үйшігіне шығып алып, тепсініп-тепсініп, саңғып кеткендері де болды.
Мұны өз көзімен көрген үй иесі жерден тас алып лақтырып, алақандарын шапаттап, «кіш-кіш» деп айқайлап көрді. Оған айылын жиған торғайлар көрінбеді. Көк түйнек болған өрік пен алманы жабыла шоқи бастады.
Райым ақсақал тағы да тас лақтырды. Бөгде торғайлар шақ-шақ етіп тағы да шулай жөнелді.
Күнде электр сымына қонақтап отыратын қарлығаштар лезде көрінбей кетті.
— Атаңа нәлет, мынау бір жауыз торғайлар, — деп Райым ақсақал жерден тағы тас ала бергенде бір топ торғай зу етіп, қарттың дәл мұрнының астынан ұшып өтті.
Райым маса қуғандай екі қолын ербеңдетіп:
— Кет, жоғал, жын-пері! — деп айқай салды.
Тайшық одан-бұдан тас жинап жүр еді, енді бір топ «жын-пері» оның басынан ары-бері ұшып өтіп, басына саңғып-саңғып кетті. Тайшық былғанған басын сипап еді, алақанына былжырақ бірдеңе жабысты да қалды. Оны жерден түйежапырақ жұлып алып, сүртіп еді, алақанына сия жұққандай кетпей қойды. Мүңкіген иістен Тайшықтың басы айнала бастады, шыдай алмай құсып-құсып жіберді.
Үйден Қабылан атты қара мысық шығып, керіліп, созылып еді, жауыз торғайлар әзірейіл көргендей жабыла у-шу болды да қалды. Қара мысық бір-бір басып, қой қораның үстіне қарғып шығып еді, торғайлар улап-шулап, таяуда тұрған зипа терекке барып қонды. Бейтаныс сұмырайлардың шақылдаған у-шуына қарамай, қой қораның бұғатындағы шымшықтың ұясына жақындап еді, келімсек торғайлар дүр-р етіп көтеріліп барып, кенеттен қара Қабыланға оқтай атылып шүйліккенде, батыр мысық қос құлағын жымыйтып, аш күзендей бүгіліп, тістерін ақситып, ырылдап тұрып, «пысс» деп пысқырып жіберіп, торғайларға атылғанда, жауыздар лезде көтеріліп қара мысықтың төбесіне аспаннан жауған жаңғақ-бұршақтай тасырлап тиіп, біздей өткір тұмсықтарымен төбесін тесіп жібере жаздап, шоқыды-ай келіп...
Көптің аты көп, жабылып кетсе жаман екен, қара Қабылан есі шығып, кірерге жер таппай, қораның төбесінен жерге секіріп түсіп, үйге кіріп, төсектің астына кіріп кетіп, қараңғы жерде бүк түсіп жатып қалды.
Жауыз торғайлардың басқыншылығынан кейін ауылда қарлығаш, шымшық, наурызкөк атаулы көрінбей кетті.
Әркім-әркім мылтық атып байқап еді, оған жауыз торғайлар түк те қыңған жоқ, қайта өршелене түсті.
Жеміс-жидек көктей солды. Ел-жұрт далаға ет, құрт жаюдан қалды. Даладағы қазан-ошақтың басында қарауыл тұрмаса, тамақ пісіру қиындады.
Бұрын: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», деуші еді, сөйтсе мына жауыз торғайдың қасында ит байғұс имантаразы екен.
Жауыз торғай, қазан қақпақсыз болса бір жөн, қақпағы болса да саңғып кетеді. Әрі десе саңғырығы удай, жусан да кетпейтін жабысқақ. Тамаққа араласса, адамды улайды.
Мұндай сұмдықты бұрын-соңды естіп-білмеген ел күйзеліп кетті. Тіпті үйлерін тастап көшпекші де болды. Бірақ көшкенде қайда барады? Олар жеткен жерге жауыз торғай да жетпей ме екен?
Қашып-пысып, қуғын көрген құс баласы құла далада бас қосып, бұл зауалға не амал?—деп ақылдасты. Ұясынан айырылған Үкі бәйбіше ақылман ғой, сол айтты:
— Қырғи келмей, бұл жауыздардан құтылмаймыз, — деді.
— Ойбай-ау, Қырғи келгенше қай заман! Қырғи қыркүйектің соңын ала тары піскенде келеді, оған дейін сорымыз сорпа болып қайнамай ма, — деп шырылдады Қарлығаш.
— Қырғи қазір Аспантаудың аржағында. Оған хабаршы жібермесек болмас, — деді данышпан Үкі.
— Кімді жібереміз сонда, — деп қоқиланды қызыл айдарлы Қораз. — Мен-ақ барар едім, ұша алмаймын.
— Көк Кептер, қайдасың? — деді Үкі күндіз көзі көрмейтін болған соң жан-жағына сығырая қарап.
— Мен мұндамын, — деп Көк Кептер суырылып алға шықты.
— Ал, Көк Кептер, — деді сонда ақылман Үкі, — жағдайды өзің көріп-біліп тұрсың. Бұл жаққа Қырғи тез жетпесе, бәріміз де қырыламыз. Мына жауыз торғайлар тұқымымызды тұздай қылатын болды. Балапан да баса алмай қалдық. Жұмыртқадан жұрдай болдық. Жауыз торғайлар туғанымызды туғандай жеп қояды. Жалмауыз айдаһардан да жаман болды. Момын халық үшін бұл бір жұт заман болды. Осыны, Көк Кептер, сен тез Аспантаудан асып барып, Қырғиға жеткізбесең, бәріміз қырыламыз. Дүниені түгел жауыз торғайлар билейді. Сонда олар Қырғиға да дес бермей кетуі мүмкін. Көк Кептер, саған аманат. Тез жет!
— Көк Кептер! Көк Кептер! — деп құс атаулы шулағанда аспан асты күңіреніп кетті.
Сонда Көк Кептер:
— Ақ жол тілеңдер маған! — деп Аспантауды бетке алып ұша жөнелді.
* * *
Райым отағасы лезде қартайып сақал-шашы аппақ қудай болды. Көзінің алды көлкілдеп, кіреукеленіп, тіпті іріңдеп, әудем жердегіні көруден де қалып бара жатты.
Бірақ құдайдың құдіреті, келімсек, басқыншы торғайлардың тілін демде үйреніп алды. «Шақ-шақ» етіп, солармен сөйлесетінді шығарды.
Қатардағы үйдегі қарт құрдасы Сәрсен бірде Райымның келімсек басқыншылармен құстарша сөйлесіп отырғанының үстінен түсті.
Жазған-ау, мына жауыздардың тілін үйреніп алғансың ба? — деді көршісіне үрке қарап, оқшиып тұрып.
Райым оған:
Шақ-шақ, шыр-р-р, — деп үн қатып еді, Сәрсен көрші шошып кетіп:
— Астапыралла! — деп бір адым кейін шегініп кетті.
Сол кезде Зифа терек басында, телеграф сымының үстінде тізіліп отырған басқыншы торғайлар пыр-р етіп көтеріліп, сәл биіктеп барып, Сәрсен көршінің төбесіне шүйіле құлап, шоқып-шоқып өткенде, Сәрсен көрші кірерге тесік таппай Райым құрдасының құшағына құлай берді. Райым Сәрсенді жерге құлатпай құшақтап тұрып:
— Шақ! Шақ! Шыр-р-р! деді.
Сонда есеңгіреп қалған Сәрсен көрші де:
— Шақ! Шақ! Шыр-р-р! — деп лезде қайталады.
Сол — сол екен, басқыншы торғайлар бір-бірінен сүйінші сұрағандай өздерінше шүйіркелесіп, телеграф сымына, алма ағаштың бұтақтарына, Зифа теректердің басына қайта барып қонақтады.
* * *
Құдайдың құдіреті, сиырлар бұрынғыша мөңірейді.
Қойлар бұрынғыша маңырайды.
Есектер бұрынғыша ақырады.
Қораздар баяғыдай шақырады.
Иттер бұрынғыша үреді.
Жылқы кісінейді.
Темірұста Иванның шошқасы қорсылдайды.
Тек қарлығаштар көрінбей кетті.
Наурызкөк көрінбей кетті.
Кәдімгі шымшық жоғалды.
Қараторғай сайрағанын қойды.
Көкек те көзден таса болды.
Есесіне айнала түгел — жауыз торғайлар. Бір-бірімен:
— Шақ! Шақ! — деп сөйлеседі.
Құдайдың құдіреті шығар, сиырлар баяғысынша мөңіреп, қойлар маңырап, есектер ақырып, тауықтар шақырып жатқанда, адам байғұстың тілі лезде өзгеріп шыға келді. Өзгермеске лаж болмай қалды.
Мысалы, маубас Тайшық қазақшалап:
— Әке, әке, — деп еді, табан астында бір топ жауыз торғай төбеден садақша атылып келіп, Тайшық есінен танып құлап түскенше шоқи берді, шоқи берді. Байғұс бала қолдарын ербеңдетіп, қорғанып-ақ көріп еді, пішту, қайта жауыз торғайлар бұрынғыдан да көбейіп кетіп, бір көзін шоқып, ағызып түсірді.
Содан Тайшық бала қашан:
— Шақ! Шақ! Шыр-р-р! — деп тіл қатқанша соққы үстіне соққы шүйіле берді.
Содан жауыз торғайлар Тайшықты ортаға алып, төбесіне де, иығына да қонып алып, ал кеп шұрқырасты, ал кеп шырылдасты.
Сонда Тайшықтың бір көзінен қан ағып тұрып ұққаны, жауыз торғайлар былай дейді:
— Осы ауылда әлі біздің тілімізде сөйлемейтіндер бар. Сен соларды көндір — біздің тілімізде сөйлесін. Әйтпесе, бәрінің көзін шұқып ағызып жібереміз. Сен енді полицай боласың. Көнбеген адамды ұрып-соғып, көндіресің. Абақтыға қамайсың. Ал, біз сенің әрбір сөзіңді, әрбір қимылыңды қалт жібермей қадағалап отырамыз. Түсіндің бе? Шақ! Шақ! Шырр-р-р?
Сол заман Тайшықта бір көзінен қан тамшылап тұрып:
— Шақ! Шақ! Шырр-ы-ы-ыр? — деді.
* * *
Содан Тайшық жауыз торғайлардың полицайы-жендеті болып шыға келді. Ауылдағыларды жауыз торғайлардың тіліне үйрете бастады. Адамдардың көпшілігі жауыз торғайша шақылдай жөнелді.
Тек Кенжегүл кемпір ғана Тайшықты жерден алып жерге салды:
— Жуадай солғыр жүгермек! Енді мені төрімнен көрім жақын шағымда тілімді бұрап шүлдірлетейін дедің бе, қара жер тартқыр!
Тайшық не істерін білмей, сасқанынан:
— Шақ! Шақ! Шақ! Шақ! —дей берді.
Бәрін бақылап тұрған жауыз торғайлар қаптаған қалың ара құсап, Кенжегүл кемпірге лап қойды.
Мұндай сұмдықты күтпеген тәуіп кемпір:
— Айқой, Алас! Айқой, Қалас! — деп екі қолын ербеңдетіп, зікір салып, ойнақтап, би билеп көріп еді, торғайлар сәл тосылып, таңқалғандай болып, бірақ лезде қайта лап қойып, кәрі кемпірді есінен тандырып тастады.
Есінен танып құлаған кемпірдің жаназасын шығаруға қамданғандай, нахал торғайлар қара құрымдай қаптап, тал-дарақ бұтақтарында, телеграф бағаналарында тұтасып отыр еді, кенет Кенжегүл көзін ашып алып, жан-жағына алақ-жұлақ қарап:
Сұбыхан Алла, Сұбыхан Алла
Ләйләһа илилла, Ләйләһа илилла! — деп орнынан атып тұрып, алқаракөк аспанға қос қолын жайып жіберіп, алыстағы Аллаға жалбарына бастады.
Бірақ Алла неге алыста? Алла әркімнің жүрегінде. Шын тілесең — өзіңнің кеудеңде ғой.
Нахал торғайлар әуелі Кенжегүл кемпірдің бұл зікіріне түсіне алмай аң-таң болып, аңтарылып қалды. Өзара шұрқылдасып, құрқылдасып, мына кесірлі кемпірге не амал табамыз деп кеңесіп отырғанда, кенет Тәңіртау жақтан лезде дауыл соғып, биік бәйтеректер басы жерге жеткенше иіліп, жапырақтар жамырап, найзағай Алланың қамшысындай ирелең қағып, жарқылдады.
Агаш басында, телеграф сымында сығылысып отырған нахал торғайлар ұйпа-тұйпа болып естері шықты.
Күркіреген күн жаңғырығымен аралас Көк кептер даусы шықты:
— Қырғилар!
— Қырғилар!
Найзағай оты боп жарқылдаған алыстан жеткен Қырғилар екен.
«Қырғилар нахал торғайлармен соғысқа аттаныпты» дегенді естіп, Қаршығалар да қарап жата алмады.
«Біздің қарап жатқанымыз ұят болар» деп Тұрымтайлар мен Жағалтайлар да дүрмекке қосылғанда нахал торғайлар кірерге жер таппай, «есің барда еліңді тап» деп, бұрынғы келген жақтарына тырқырай қашқан екен дейді.