Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Жүз жылдық жара

Кесепаттан аман болса, адамдар көп жасар еді. Бірақ күнді түн аңдып тұрғаны сияқты адамды да анадан туар-тумастан қырсық аңдиды да тұрады. Бұл ретте адам теңіз тасбақасымен тағдырлас. Теңіз тасбақасы суда өмір сүрсе де, жұмыртқасын құмға салады. Обалы не керек, теңіз тасбақасы көп жұмыртқалайды. Бірі болмаса бірі аман қалар деген үміт пе, әйтеуір, бір маусымда отыз-қырық тұқым табатыны рас. Ал сол отыз-қырықтың бәрі балаласа, теңіз тұрмақ, жер бетіне тасбақа сыймай кетер еді. Қайдан болсын...

Тасбақа жұмыртқасының жөргегі ып-ыстық құм ғой. Обалы нешік, құм-жөргек жетім жұмыртқаларға ана орнына ана болады-ақ. Жетім дейтініміз — теңіз тасбақасы жұмыртқаларын құмға салып болысымен-ақ көз жасын қол қылып, суға қарай сүйретіледі. Оған сусыз өмір сүру жұмыртқалап болғанша ғана берілген. Жұмыртқалап болдың екен, тезірек теңізге жет, әйтпесе өлесің.

Қатал заң солай. Ендігі жерде ол тұқымдарына пана бола алмас. Жетімдері құм-жөргекке аманат.

Кұм-жөргек тасбақаның жұмыртқаларын қымтап-қымтап бауырына басар-ау, ай-күні жеткенде бармақтай-бармақтай балақайлар құм-жөргекті тесіп шығып, ата-бабадан хатсыз қалып келе жатқан ақыл бойынша, яғни өмір заңы бойынша тырбаңдап, тіке теңізге қарай асығар. Әне, бәленің басы осы құм мен теңіз арасында. Әлі сауыты қатпаған балғын тасбақаның етіне жерік жалмауыздар жан-жақтан андыздап берер. Қарақұс қаптап, жыландар сумаңдайды. Құм-жөргектен жаңа шыққан қызылшақа тасбақаларды қырып береді. Теңізге талықсып жетіп, суға сүңгитіндері бірен-саран. Ал енді сол суға аман-есен жеткендері жыртқыш балықтардан cay қалса, теңіз тасбақасы екі жүз, үш жүз жыл жайбарақат жасай береді.

Адам да көп жасар еді. Кедергі көп. Кеше ғана Асаннан қара қағаз келді. Қағазға қап-қара қайғы орап жіберіпті. Ал сол Асан оқ тимесе, ең кемі жүз жасайтын қара нардың өзі еді. Жарасы тырнақтай-ақ болса да, оқтан өткір ажал жоқ.

Ағаш та адам тақылеттес. Тамырына балта, өзегіне өрт тимесе, жұлынын құрт кемірмесе, жасын түсіп жайрамаса — ағаш кеп жасайды. Алатаудың Ташкентке жетер-жетпес құйрығында жатқан жаннаты Бостандық жерінде бір шынар тұр. Өзбектер тақта қағып, жазу жазып қойыпты. Сөйтсе сол шынарды Ақсақ Темір көрген екен. Ақсақ Темірден бері қай заман! Ақсақтың сүйегі баяғыда-ақ қурап қалды. Ал шынар әлі тұр. Кесір-кесепаттан аман болса әлі талай жасамақ.

Әлдеқалай жолың түсіп Молдавия бара қалсаң, Кишинев деген астанасының дәл ортасындағы бауда Пушкин көрді деген бір ағаш тұр. Оның да паспорты бар...

* * *

Дәл сондай Байшынар біздің Мыңбұлақтың Шоқыбас сайының өңірінде де бар. Мыңбұлақ Бостандық емес, әрине. Табиғаты да қаталдау. Шынар жарықтық сонда да өскен.

Ал бұл ағаштың паспорты өзгеше. Қаңылтыр тақта қағылмаған, жазу жазылмаған. Бұл шынардың ен-таңбасын адамдар тарих қамын ойлап салған жоқ. Тарих қамын ойлау қайда...

Ақпан айының «ақ мылтығы» фашистердің оғындай қаңғыбас, қағынды болатын. "Ақ мылтық» әсіресе қырық үшінші жылдың қысында құтырып кетті. Батыстағы қара мылтықтан қалыспаймын дегендей, апталап алты күн қатарында соғатын сойқанды шығарды. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен». Мыңбұлақтың бөрісі боран болды.

Мыңбұлақ отқа жағары таусылды. Ақ боран азынап тұрса, отын таусылып, пештің қуысы уілдеп ұлып тұрса, адам байғұс өз сирағын шауып жаққысы келеді екен. Ал бірақ өз сирағын өзі шаба алмайды. Енді не істейді?

Сұрапылдан бетер азынаған азын-аулақ малға адамдар тоқал тамдарынан бұғатындағы ескі қамыс пен сабанды суырып бере бастады. Бұғат ағаштың өзін отқа жақты. Ал бұғат ағаш пен бұғат қамыс таусылғанда не істейді жұрт?

Соғысқа дейін бұл ауылда түтін басы сайын бір-бір киіз үй бар еді. Бәрі бірдей алты қанат ақ боз үй болмаса да, әркімнің басына шошайтары бар болатын. Сәуір туа сол үйлер Аспантау алқымындағы қызғалдақ жамылған жайлауға көшетін. Көшпенді өмірдің соңы сол болған шығар, өйткені қырық үштің қысында жұрт киіз үйлерінің сүйегін — керегесін, уығын отқа жаға бастады. Бұл жақсылық емес екенін біле тұра, бүгіннің өлмес қамын ойлады. Ертеңнен де үміткер: ертең соғыс бітер, ақ жарылқап күн туар, сонда киіз үй де табылар деген. Бірақ соғыстан кейін ешкім қайтып киіз үй тікпеді.

Бұл елде бір кезде киіз үйлер болғанының еміс-еміс елесі ретінде әлі күнге дейін кейбіреулердің мал қорасының төбесінде көне шаңырақ ілулі тұрады. Соғыс пен боран қанша қасарысса да мыңбұлақтықтар киіз үйдің шаңырағын отқа жағуға дәті шыдамаған. Шаңырақ жағылғанша, сирақтың шабылғаны артық.

Отқа шаңырақты қимаған жұрт Мыңбұлақтың қарқарадай қасиеттісі, бөркіндегі үкідей аяулысы — Бахтияр-баба бағына ауыз салып, балта шаба бастады. Әуелі бір-біріне: «Әй, аруақ-құдайдан қорықсаңдаршы», деп еді, артынан бұл сөз отын болмайтынына көздері жеткен соң тілдерін тістеп, Бахтияр бағына жаппай тиіскен. Әуелі майда шілік қиылды. Содан сүмбіл тал, мәжнүн тал, сөгеті тал сөгілді. (Енді киіз үйге уық-кереге қайдан болсын!). Артынан ақ терек, көк терек қырқылды. Ал айналасы тып-типыл жалаңаштанып, жалғыз өзі аспандап қалған Байшынарға балта шабуға ешкімнің батылы бармады.

Сүмбіл талды балтамен отаған түні әлдекімдер боран арасынан ыңырсып, кейде шыңғырып жылағандай болды деседі. Тал да жан жоқ болушы ма еді, бар ғой. Бірақ оны біліп-түсіну үшін адам сезімі әлі жетіліп болмаса керек. Адам баласы әлі балаң шақта шығар. Әлі ақыл-есі толыспаған болар. Ал тал-дарақ дүниеге адамдардан әлдеқайда ерте келген. Өзінен көп кейін туған адамға сая болғаннан басқа, қару-жарағы, тіпті туасы қара бесігі болғаннан басқа жазығы жоқ. Жасыл жапырақ жайып, ауаны жұпарымен байытып, адам тынысын ашқаннан басқа, бауыры иіп, тамырынан бұлақ ағызғаннан басқа не кінәсі бар? Ағаш баласы өзінен-өзі адамға барып тиісіпті, басын жарып, көзін шығарыпты дегенді ешкім естіген емес.

Бахтияр бағында жазда бүлдірген елжіреп пісіп, пісігі өтіп кеткенде езіліп, қызғылтым жылға болып ағар еді. Тал-талдың арасында баланың бөркіндей қозықұйрық тұнып тұратын. Қозықұйрықтың қадірін орыстар мен немістер біледі екен, Боранды бекеттен келіп, қап-қабымен алып кететін.

Бахтияр бағының шипалы шөптерінің шапағатын Мыңбұлақ халқы Кенжегүл кемпірден көрер еді. Кенжегүл кемпір орманнан шәйшөп, дермене, күшала, шашыратқы, адыраспан, киікоты, теке сақал, қылша, көкемарал теріп, ылғи да:

Әккәй, гәккөй-ай,

Кәгда солдат, дамой-ай, —

деп ыңылдап жүргенде, ешкім елемейді де, бала-шағасына тұмау, көкжөтел тиіп, дімкәстанса-ақ болды, Кенжегүл естеріне түсіп, тәуіп кемпірдің жартыкеш үйіне қарай жүгіретін.

Бау іші тола түйежапырақ өсер еді. Түйежапырақ — Мыңбұлақтың соғыс кезінде жанып кеткен киіз үйлерінің туырлықтарындай қалың бозғылт болып келеді. Сансыз құстардың саңғырысынан түйежапырақ ақтаңдақтанып жатар еді. Жапырақ саңғырықпен қоса шіріп, топыраққа сіңіп, жерді тыңайта беретін. Кейін-кейін колхоз сол жерді жыртып, картоп еккенде, бұрын-соңды еш елде, еш жерде болмаған өнім алып, звено бастығы, Герой атанды ғой.

Қайран Бахтияр бауы... Қысы-жазы құс базар сонда. Әсіресе жаз баласы құстың салған ұясы көп пе, әлде ағаштардың жапырағы көп пе – айырып болмас, ну еді. Ертеректе қаршыға, ителгі, тұрымтай ұялайды екен. Әсіресе үкі көп болады екен. Ал үкі жүрген жер киелі деседі. Үкіні қыз-келіншек, сал-серілер тек сәндікке ғана тақпас. Сәндік үшін үкіден гөрі қырғауылдың яки көкқарғаның қауырсыны әлдеқайда әдемі емес пе. Бірақ қырғауыл тағып жүрген кім бар? Үкі бойтұмар сияқты ертеден қалған бір наным ғой. Біз білмейтін қасиеті бар шығар. Ол киелі деседі.

Сол соғыс Мыңбұлақ бөркінің төбесіндегі бір шоқ үкіні де үйітіп жіберді. Жалғыз шынар — әскері түгел тып-типыл қырылған генералдай состиып, есеңгіреп тұрған. Ойрандалған орманның орны ойқы-шойқы, аш қасқыр жеп кеткен есектің қабырғасындай ырсиып-ырсиып жайрап жатты.

Бауырларынан айырылған Байшынар енді боранды, желді күндері күңіренеді. Бұрын жан-жағында жағалай жамағайыны барда Байшынардың шуылы көпшілікпен араласып, жеке-дара білінбейтін. Енді оның үні керең құлаққа да шалынатын болыпты. Бүкіл орман шуласа — тұтас ғасырлар әуеніндей, бір қимас қисса жырланып жатқандай құлаққа жағымды естілетін.

Байшынардың ендігі үні — нағыз жоқтау: ежелгі ересен жоқтауды ұмытқан соғыстың жесір әйелдерінің кемістігін осы Байшынар толтырмақ болғандай ыңырана теңселіп тұрып боздайды, жарықтық.

Бахтияр бауы — Мыңбұлақтың омырауындағы зүмірет алқатанасы. Орман ортасында қой қораның аумағындай көлшік бар болатын. Жазда көкқасқа бақалар қойдай шулап, тіпті көк ала үйрек те ғайыптан келіп қонған. Шынашақтай-шынашақтай шабақ балықтары да бар еді. Көлшік жағалай үкілі қамыс, мәжнүн тал тұнық суға төніп, өз суретіне өзі сұқтанып, өмір бойы мұңайып тұратын. Мәжнүн талдың суға тиер-тимес солқылдақ шыбығына зымыран құс пен зарғалдақ ұя салар еді. Сөйтсе ол жерге жылан жете алмайды екен ғой.

Жылан жете алмайтын жерге желөкпе, сылқым инелік барып қонады. Судағы суретіне сұқтану — оның да осал жері. Жұдырықтай ғана ұясында жұмыртқа басып жатқан зымыран құс дәл тұмсығының астында отырған инелікті көріп шыдай алмай, жылтың етіп ұясынан зымырап шығып, әлгі аңқау, сәнқой инелікті қақшып алады. Біреудің аңғырттығынан біреу пайда табу қиянат-ақ. «Біреу өлмей, біреу күн көрмес» деген сөзде көп сұмдық бар. Жыланнан қорқып, ұясын мәжнүн талдың суға төнген солқылдақ шыбығының ұшына салып, шыбын жанын шүберекке түйіп жүрген бас бармақтай зымыранның өзі маса-шіркей қақшып тамақ асырайды. Ал сойталдай инелік ұстау зымыранға соғым сойғанмен бірдей ғой.

Ылдида сиыр мөңіресе, таудағы арқардың мүйізі сырқырайды. Дәл сол қыста фашистер Смоленскіні тастап қашқанда, айнала ну орман танкілердің таптауынан, зеңбіректердің снарядынан, аспаннан жауған бомбалардан жапа шекті.

Бахтияр бауына бомба түскен жоқ, снаряд жарылған жоқ, танк таптаған жоқ. Бірақ бұл тып-типыл болды да, жар басындағы жалғыз таутекедей қасқайып Байшынар ғана қалды. Бәлкім, Бостандықтағы Ақсақ Темір көрген шынардың құрдасы шығар. Алыстан адамдар келіп, Байшынардың түбіне түнеп, бұтақтарына қызыл-жасыл шүберек байлап кететіні содан шығар. Қызыл-жасыл, сары-көк, ала-құла түрлі-түсті шүберектер жер шарындағы сан алуан мемлекеттердің жалауларындай құлпыра желбіреп тұрар еді.

* * *

Жуанқұл бадырақ көз, қалқан құлақ, еңсегей бойлы дәу қара кісі-тін. Ауылда ер-азаматсыз қалған көдедей көп әйел колхоз бастыққа әлдеқалай ызалы кезде:

— Германмен соғысқа неге осыны неге жібермейді? Дәу десе дәу, күшті. Жауды, жеңуге де күшті адам керек емес пе? — дер еді.

Орталарындағы кекселеу келген қуақы Баян бүлк етіп бір күліп алып:

— Кәмәсия көзі үлкендеп алмапты ғой, — дейді.

— Е, көзі үлкен болса — мерген болмай ма екен? — деп Сәрсенкүл деген адуын қатын екілене түседі.

— Байғұс-ау, көзі үлкен адам қорқақ болатын көрінеді ғой.

— Қорқақ болса, бізге неге қоқаңдайды, қараң қалғыр! — Сәрсенкүл кішігірім самауырындай қызылшаны арбаға ашулана лақтырып тастап, шапши түседі.

— Ойбай-ау, аудандағы военком осы дәудің тамыры, әлгі тері жиғыш Дадабайдың баласы көрінеді.

— Е, бәсе, әйтпесе мұның жаны біздің азаматтарымыздан артық па, сондай бір бәлесі бар ғой...

Соғыс жылдарында колхоз бастық болған еркектер бақытсыздау. Әрине, ажалдың аузында, оқтың өтінде жүрмегені рас. Сөйтсе де олар әлденеден секемшіл, он екі мүшесі түгел бола тұра әлдеқалай мүгедектеу...

Бастықта іштей бір азап бар, жегідей жеген тозақы азап. Содан да болар, кейде Жуанқұл ауданға барғанда, Дадабай досының үйінен араққа сылқия тойып алып, боз айғырды қансорпа қылып, ауылға ақиланып қайтатын. Ондайда оның жолында ербиіп тұрмаған артық. Адам емес, албасты көргендей боз айғырға омыраулата таптап кетеді.

Бір күні Жуанқұл Дадабай досы екеуі ауданнан қос ат жеккен шанамен келді. Қастарында Қабасақал бар. Боз айғыр арбаның артына байлаулы, Шана әдеттегідей бастықтың үйіне тоқтамай, Шоқыбас сайының өрінде Мыңбұлақтың кемтар ауылының сақшысындай болып тұрған Байшынарға қарай беттеді.

Бұл жүрісті жұрттан бұрын көріп қойған Кенжегүл кемпір жар басындағы жартыкеш үйінің үстіне ыршып шығып:

— Аттан, Бахтияр, аттан! Бахтияр, Бахтияр! — деп айқай салды.

Оның бұл алас-қалас ұранын Бахтияр-баба естіді ме, естімеді ме, ол тірі жанға белгісіз, ал тірілерден әлгі Кенжегүл кемпірдің әзірейіл даусын темір дүкендегі ақсақ Ахмет анық есітті.

Әзірге Мыңбұлақтан майданға кеткен алпыс азаматтан елге қайтқан екі-үш ақсақ-тоқсақтың бірі — осы Ахмет. Балдағына сүйеніп үш аяқтап, есіктің көзіне шығып еді, қызыл шұнақ аяз жалап тұр екен, қызуы бетін қарып-қарып алды. Алаулаған көмір шоқтан қып-қызыл темірді кеспектегі суық суға салғандай қарыды.

Ащы айқайына бүкіл ауылдан ербиіп ұста Ахмет шыққанын көріп Кенжегүл:

— Аттан, Ахмет, аттан! Германмен соғысып, аяғыңды аямағанда, енді саудагер Дадабай мен имансыз Жуанқұлдан қорқасың ба! Аттан! — деп жанталасты. — Ахмет! Бір аяғың немісте, бір аяғың кебісте. Аттан!

«Аттан!» дегенде міне салып шабатын аты жоқ. Жаяу талай жер. Әрі десе күртік қар. Балдақпен үш аяқтап жету қайда...

«Аттан!» дегенге ата жөнелмей, Ахмет «әліптің» артын бақты. Бақсы кемпірдің байбаламы рас екен: Жуанқұл, Дадабай, жандарында Қабасақал, ебіл-дебіл дереу іске кірісіп те кетті. Кісі бойы келетін өткір ара қыстың қызусыз күніне жарқ етіп бір шағылысты да, Байшынардың бауыздау алқымына барып тірелді.

Айбалта мен өткір ара жалаңдатқан үшеуді қосақтай буғанда, үшеуінің жуандығы Байшынардың жуандығына жетпес еді. Үшеуі де масаңдау, әйтпесе жай арамен мұндай Байшынарды құлату оңай шаруа емес екенін білер еді ғой.

Мас болса да Қабасақал естілеу екен:

— О, алып қой мынау! Мұны қайтіп құлатамыз? — деп күмәнданды. — Құлатқанның өзінде қалай кеспектейсіз? Бір колхоз жиналмаса, біз тындыратын шаруа емес. Біз кім? Пілдің жанындағы тышқан сияқтымыз.

— Ай, Қабасақал, сол пілдің тышқаннан қорқатынын білмейсің. Әйда! — деп Дадабай араның бір басын өзі ұстады.

Байшынар көп заманды көрген. Көпті көрген көсем болады. Ал көсемдік кайғы-қасіретсіз, тағдыры тауқыметсіз болмас. Сондықтан да піл сауырлы қабығы қатпар-қатпар әжімге толы еді. Тауқымет тартқан, тіршілікте көп хикмет көрген адамның маңдайындағы әжімнен де Байшынар қабығының әжімі қалың болатын. Сол қатпар қабықтың өзіне алмастай ара әрең-пәрең із салды.

Мына үшеудің аузынан мүңкіген арақтың иісінен басқа бір түйір қоспасы жоқ саф ауа алғаш тартылғанда дір ете қалды. Ташкенттің базарындағы саудагер сарт матаны кездемеге салып-салып, дар-р-р еткізіп жыртып кеп жібергендей бір дыбыс тынық ауаны тіліп түсті.

Байшынардың тұла бойы дір-дір етті. Жауыр жарасына шыбын қонған аттың арқасы осылай дірілдер еді.

Жалаңдаған ара қасірет әжімді қалың қабықтан өтіп, жалаңаш етке тигенде, ара үнімен қосылып сыңсыған бір дыбыс бүкіл Мыңбұлақтың аспанында сусыды.

Әне сонда барып, ақсақ Ахмет темір дүкеннің алдындағы қисық арбаға шығып:

— Әй! — деп саңқ етті. Аязды ауада шымшықтың шиқ еткені тана мен сонаға естіледі. Ал ақсақ Ахметте біраз дауыс бар болатын, әрі десе жай айқай емес, іштен дүмпіп, атқи шыққан ашулы дауыс еді.

Байшынарды бауыздап жатқан үшеу темір ұста жаққа жалт қарады. Ақсақ Ахмет бір балдағын жоғары көтеріп, сілкіледі:

— Тоқтат, найсаптар!

Жуанқұл жолдастарына ыржия қарап:

— Ә-ә, — деді де қолын бір сілтеді. — Түк те жоқ, алаң болмаңдар.

Жар басындағы жартыкеш үйдің төбесінде Кенжегүл кемпір:

— Аттан! — деп даусы қырылдап барып үзіліп кетті.

Үні шықпай қалған шығар. Жартыкеш үйі өртеніп бара жатқандай, сатымен түсуге де дегбірі жетпей, күресін күртік қарға кемпір басымен секіріп түсті. Қолтығына дейін батып кеткен қардан әрең малтығып шығып:

— Алас! Алас! — деп қырылдап алға ұмтылды.

Жуанқұл, Қабасақал, Дадабай үшеуі кезектесіп, болат араны Бәйтеректің тәніне батыра түсті. Бірақ бірнеше жүз жыл жасаған шынар ағаш тым қатты екен: темірмен темірді кескендей бір сұмдық шиқыл шықты. Мына араның бұл сұрапыл ағашқа әл-дәрмені жетпейтіні белгілі болды.

— Мен Сібірде талай қарағайды құлатып едім, мынандай нәлетті көрген емеспін, — деді Қабасақал.

Сөйтіп ол басын көтеріп, маңдайының терін күректей алақанымен сүрте бергенде, жарқ етіп Аспантау көзіне шалынды. Талай жылдан бері осы таудың бауырында өмір сүріп келе жатса да, оны Қабасақал тұңғыш рет байқағандай ішегін тарта таң қалды:

— О, құдайым-ай, міне, нағыз ара! Мына нәлет ағашты қырқуға әне анандай ара керек, — деп достарына Аспантауды нұсқады. Көбінесе бұлт бүркеп, мұнар тұтып тұратын Аспантау бүгін аппақ күмістей жарқырап, ап-анық асқақтап кетіпті. Шоқылы шыңдары араның қатар-қатар өткір тісіндей тізіліп тұр екен.

— Амал жоқ, ондай ара табылмапты, — деді Қабасақал Аспантаудың сұсынан сескенгендей, көзі тез тайқып, шалымы кетпендей дәу балтаны қолына алды. — Араның әлі келмейді. Балталаймыз.

— Кәне, кәне, шап. Сені текке жалдадық па, — деп Дадабай ұмсына түсті.

Араның ауа сусылдатқан ызыңы тыйылып, енді шаңқ-шаңқ еткен тажал дауыс шықты. Өткір балта ағаш тәніне кейде бірер сантиметр батып, кейде шаңқ етіп тайып кетеді. Тасқа тигендей тайып кеткен балта бірде Қабасақалдың тобығына қадала жаздады. Тағы да болса қалың пима жанын сақтап қалды. Енді Қабасақал аяғын алыс алшайтып тұрып, сақтана соғатын болды.

Балта тиген сайын, шынардың тоғыз тармақ бұтақтары мен одан өрбіген сансыз бұтақшалар болар-болмас сілкініп, дір-дір етеді. Бұтақшаларға байланған қызыл-жасыл, көк-сары шүберектер пейіштегі тотықұстың қауырсындарындай кемпірқосақ атып, желбірей түседі.

«Ұра берсе құдай да өледі» демекші, бір жерге қайырымсыз қара күш төпей берген соң, Байшынардың бүйірінен кәдімгідей үңгір пайда болды. Қабасақал ақыры әл-дәрмені бітіп, балтаны лақтыра тастап, тапталған жентек қарға отыра кетті. Отыра кетті де қара майдан жылтыраған фуфайкасының қалтасынан махорка алып, газет қиындысынан жуан орап, шишақпақ шағып, шылымын тұтатты. Ащы көк түтін аузынан будақ-будақ шыға беріп, қалың қаба сақалдың арасына біразы сіңіп кетіп, қалғаны ауада қалқып жүріп, ғайып болып жатты.

Қабасақал басына бір керемет ой келгендей емпеңдей түрегелді де:

— Мен қазір... — деді.

Пимасы қарға малтығып, шанаға барды. Бағанадан бері мүлгіп тұрған аттар пысқырынып, құлақтарын қайшылады. Шанадағы шөптің астында жатқан дорбадан бір шиша жермай алып шықты. Жуанқұл мен Дадабай арақ екен деп қалып еді, Қабасақал ай-шайға қарамастан жермайды балта шапқан қуысқа түгел төкті де, отты қойып жіберіп, өзі тұра қашты.

Қуыстан қып-қызыл арыстан шапшып шыққандай отты шарлар лап ете қалды, артынша қара түтін бұрқ етті. Алғашқы қарқыннан соң от әлгі қуысты кеулеп, біразға дейін маздады.

— Ойбай, сорлы-ау, бүкіл ағаш өртеніп кетсе қайтесің? — деп Жуанқұл сасып қалды.

— Қайдан, — деп Қабасақал шылымды қарға түкіріп тастады.

Бұлар оттың әлегімен байқамаған екен, ойылған қардың сықыры жер сілкіндіргендей болғанға жалт қарасып еді, айнала толы адамдар анталап келіп қалған екен. Алдында екі балдағы қарға бойлай кіріп кетіп, арасынан жалғыз аяғы серең-серең етіп, Ахмет ұста келеді. Селеу шашты жайып жіберіп, екі қолын үкінің қанатындай қақырата сермеп, Кенжегүл кемпір зікірін салып, аттандап, азынап, омбы қарды теңіз кешкендей еседі.

Көбінесе түсініксіз зікірдің арасынан ара-тұра зәрлі қарғыс естіледі.

— Аяғыңа аш ішегің шырмалып, тобығыңа тоқ ішегің оралсын! Жұлыныңды қарабас аққұрт кемірсін!

Бастарын орамалмен шандып алған қатындар айыр, күрек, көсеуге дейін қаруланып, қаһарланып алыпты.

Жуанқұл, Қабасақал, Дадабай танкілер таптап кетердей жаман қорыққаны сонша, ара мен балтаны алуға да шамалары келмей, шанаға таласа-тармаса мініп, жайбарақат жалығып тұрған аттарды аямай сабалап, көздерін ақилатып, зытып берді... Тек былай шыға бере Жуанқұл:

— Сендерді ме, сендерді трудармияға айдатам! — деп жұдырығын сілтеді.

* * *

Содан бері де қырық жылдан асып кетті. Енді бұл дүниеде Ахмет те, Кенжегүл кемпір де жоқ. Жатқан жерлері жаннат болсын!

Ал Жуанқұл әлі тірі. Баяғы Байшынар тірі, қасқайып тұр. Бірақ екеуі де жарадар. Байшынардың бір бүйірі әлі үңірейіп, қап-қара шор болып тұрады. Тоғыз тарау төбесі түгел жапырақ жайғанда, көлеңкесіне бір колхоздың адамы түгел сыйып кетердей әлі жайқалады, жарықтық. Тек қыста Шақпақтаудың атақты «ақ мылтық» дауылы соққандай, Байшынардың сансыз бұтақтары баяғыдай маңырап, шулап жатады. Сол қалың шудың арасынан құлаққа ыңырсыған сарын естіледі. Баяғы балта шапқан жара сықырлайды.

Сол кезде төсегінде Жуанқұл да бебеулеп жатады. Сонау қырық үшінші жылдың қысында ауданнан боз айғырды сабылтып, кештетіп келе жатып, Байшынардың тұсынан өте бергенде, шынардың бүйіріндегі үңгірден бір үкі қалбаң етіп ұшып шыққанда, боз айғыр кісінеп жіберіп шалқалай жалт бұрылғанда, Жуанқұл аттан тұңғыш рет қалпақтай түсіп, белі мертіккен. Омыртқасы опырылып, жұлынын қысып қалған деседі. Содан бері төсектен тұрмайды. Бірақ құдайдан күндіз-түні өлім тілесе де, құдай құлақ аспайды. Оны мүлде ұмытып кеткен сияқты. Әлім келмейді. Әсіресе дауылды түндері Жуанқұл сарнап шығатын көрінеді. Байшынардың ыңырсыған үніне үн қосып сарнайтын көрінеді. Жуанқұл айтқан көрінеді:

— Бәрі де өзімнен болды. Ешкімге налам жоқ. Тек тілегім — менің төсегімді Байшынар көрінетін тереземнің тұсына салып беріңдер, — деп тілейді.

Сол терезеден далаға көз салып Байшынарды көреді, одан әрі көк аспан көрінеді. Жуанқұл күні-түні Байшынарға:

— Кеш, кеше гөр, — деп жалбарынады.

— Жайрағыр, жай түсіп, жайрасаңшы! Сен жайрасаң, менің де демім таусылып, жаным жай табар еді, — деп зарлайды дейді.

Бірақ екеуі де ұзақ жасап келеді. Алдарында әлі қанша жарық сәуле бар, ешкім болжай алмайды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама