Шағалалар қайда ұйықтайды
Қайдан келетіні белгісіз, таңертең теңіз үстіне шағалалар пайда болады. Мүмкін, олар толқындардың ақ көбігінен аршылып шығатын шығар.
Ал толқындар сылқ-сылқ күледі. Толқындардың өзі суда жүзген жануарлар сияқты. Бір батып, бір көтеріліп, мың қаралы боп жатыр.
«Толқындар біз келгенше де осылай ойнап жатқан. Біз кеткенде де осылай ойнап жатады. Басқа біреулер келеді. Анау шағалаларды солар көреді» деп ойлады Әрлен.
Олар үшеу боп келді. Үлкен корпусқа сестра-хозяйка апарып салып, бөлмелерін көрсетті. Ұзын бойлы, қапсағай жауырынды, отыз бес шамасындағы Әрлен қос чемодан көтеріп кірді. Оның бір чемоданы үстіндегі көйлегі түстес шатыраш екен. Әйел үш-төрт жасар ер баланы қолынан жетектеп жүр.
Үшеуі де чемодандарды бөлмелеріне қояр-қоймастан теңізге асығып еді. Әйел пляжға келіп, сары ала атлас халатын сілкіп тастап, суға жүзер лыпасымен ғана қалғанда, жағадағылардың бәрі жалт қарады. Күн шалмаған тәні негрлерше қарайған халықтың ортасында оқшау тартты.
Жігіттің көк сәтен лыпасында желкенді қайық суреті бар екен. Ал оң жақ қақпақ жауырынынан гитара тартқан қыздың ұсқыны көрінді. Қыздың бас жағында бір, аяқ жағында бір періште тұр. Жігіттің қақпақ жауырынында гитара тартып отырған қызды періштелер неден қорғамақ екені белгісіз.
Келіншек теңіз жағасында неке төсегіне жатуға алғаш оқталған қалыңдықтай қысылып көп тұрды. Жасыл көк судың түбінде алтын түстес айқыш-ұйқыш сәулелер ойнады.
Женттей құмның ара-арасынан ұлудың түймедей қабыршақтары ағараңдайды.
Пляжға дейін сұғына өскен жабайы жоңышқа мен теңге жапырақтын иісіне мас болып, көбелектер қалбалақтап ұшады. Күні ертең суық түсіп, теңге жапырақ солатыны ойында жоқ.
«Осынікі жөн», — деді Әрлен.
Сөйтті де суға сүңгіп кетіп, қалқып шығып құлаштап жүзе жөнелді. Төсіне дейін теңізге бойлап, толқын ырғағымен секіріп ойнаған келіншектің жанына жетіп:
— Ұнай ма саған, Жауқаз? — деді.
Жауқаз жымиып күлді.
Жағадағылар да, суда жүргендер де бұл екеуінің қатар жүзгеніне қызыға қарап қалды. Тіпті біреу суға батып барады десе де селт етпей ертеден қара кешке дейін бастырма астында қарта ойнайтын егделерде:
— Па, шіркін! — десіп еді.
Бірақ бұл жүзіс көпке ұзамады. Жағада құмнан үй салып ойнап отырған бұйра шаш, шүңірек көз бала кенет: Мама, мама! —деп шар-шар етті.
Жауқаз жалт қарады.
— Жылама, айналайын. Қуан, жылама!
Ол әлгі бір әсем жүзудің орнына суды шалп-шалп еткізіп, жағаға аптыға жүгірді. Бала толқынға түсіп кете ме деп қатты сескенді.
Келіншек кеткеннен кейінде, Әрлен толқындарға төсін тосып біраз жүрді.
«Толқындардікі рақат. Еркіндік осыларда. Дөңбекшіп ойнауын қарашы. Бір толқын бір толқынды қуалап ойнап бара жатқанын қарашы. Бұларға ешкім қой демейді. Ал Жауқаз екеуміз ғой еркін жүзе алмадық. Қуан...»
Осыны ойлап, о да жағаға шықты. Ыстық құмға құлай кетті. Теңіздің жылы суы табанын жалап жатты. Табанын толқын қытықтай берген соң, тізесін құшақтап отырды.
«Теңіз тасбақа сияқты екен ғой», — деді ол.
Оның қаладағы көршісі Николай Петрович бір командировкадан оралғанда, баласы Сашаға тасбақа әкеп берген еді. Саша оны Жаңа жылда желінген үлкен торттың қорабына қоныстандырып, балконға шығарып қойды. Алдына нан, печенье тастады. Жансыз зат сияқты қыбыр етпей жатқан әлгі тасбақа әлден уақыттан соң, сауыттан жылан басын шығарып жан-жағына ұзақ қарады. Құм мен сексеуілдің орнына зәулім үйлер көрді. Даланы қатты сағынып, құмға қайта қайтпақшы болды. Құмға көміп кеткен жұмыртқалары бар еді, соларды аңсады. Үлкен торттың қорабынан өрмелеп шықпақшы. Барбиған аяқтарын асып қойып тырмысады. Жиегіне жете бере қайта құлайды. Қайта асылады, тағы құлайды. Балконды бойлай екпе шырмауық өсіп тұр еді, тым құрыса соған жетпек болды. Бірақ мың рет тырмысып, мың рет құлады... Тасбақаның да махаббаты бар болар. Тас сауыттың ішінде сағыныш сезімінің өмір сүруі қандай ғажап. Тасбақа азат болса, сол ажарсыз түрімен-ақ даланың қызыл гүлін суық төсіне басып жатар еді. Жусанның ащы иісін жұтып жүз жыл жасар еді.
Қазір Әрленнің көз алдына сол Сашаның тасбақасы келе қалды. Теңіз толқындары тасбақаның қабыршықты сауыты сияқты. Құм жағаға асылып құлап, асылып құлап жатқан көбікті су тасбақаның барбиған аяқтарына ұқсайды.
«Е, толқындарда да еркіншілік жоқ екен ғой», — деді Әрлен.
* * *
— Жауқаз, кел, қайыққа мінейік, — деді жігіт. Ол қарауылдан табаны жалпақ көк қайық сұрап алды. Орталарына Қуанды отырғызды. Пляж біртіндеп алыстай берді. Тереңдіктің шекарасы боп тұрған кеспек-бұйлар да артта қалды. Теңіз дөңестеніп қара көк түрге енді, түбі көрінбеді.
Жігіттің ескек тартқан қолдарында бұлшық ет шиыршық атты. Танауы тершіп, көзі лапылдай түсті. Қарсы алдындағы Жауқазға қадалды. Келіншек басына сары ала шатыр ұстап, түпсіз тұңғиыққа үңіліп қалған. Әу дегенде үнсіз қара көк толқын суларын сәби де қызықтады. Қайықтан асылып қолын салып көрді. Сонда анасы сескеніп, етегіне жармасты. Баланы етегінен ұстай отырып, сыңсыма үнмен жайлап қана ән салды.
Жылжы, қайық, осы көлде
Жыр толтыршы жаныма.
Махаббаттың бесігінде
Тербелейік тағы да.
Бір топ шағала бұларға ілесіп келеді. Қара моншақ көздері жылтылдап, толқын төсіне төстерін тигізіп-тигізіп келеді. Әрлен оларға қызыға қарады. Адам да аңсағанын осылай аймаласа ғой.
Махаббатың бесігінде
Тербелейік тағы да...
Талай жиын-тойларда сан рет айтылған ән. Ал, шынында, бұл мына дөңес теңіз төсінде ғана айтылуға тиіс сияқты боп көрінді. Екі адам біріне-бірі қол созым жерде қарама-қарсы отырса да, біріне-бірі айшылық алыс жердегідей арманда. Бұл әнді Қуан түсінбеді ме, әлде шексіз теңіз үрей туғызды ма, әйтеуір:
— Мама, мама! Қайтамыз, анда қайтамыз! — деп алыста мұнартып қалған пляжды көрсетіп қыңқыл салды.
* * *
Демалушыларды оқтын-оқтын саяхатқа алып шығу үшін осында пристаньға теплоходтар келіп тоқтайды. Пристань — теңізге сұғына кіріп тұр. Қалың тақтайларды тіреген жуан діңгектердің суреті су бетіне түседі.
Күн қиядан аунап, батып бара жатты. Теңіз беті қызғылтым тартты. Алыстан арғы беттегі тау да көрінді. Ол алтын арқалы айдаһар сияқты еді. Сол тауға, батқан күнге, қызғылтым теңізге пристаньнан қарап тұрған үшеудің суретін майда толқын тербеді. Әлдеқайда көз ұшында күннің батқан жеріне асыққандай жалғыз қайық кетіп барады. Жайшылықта назар түспейтін әлгі қайық қазір мүлде аянышты. Теңіз шетіне шыға ма, шықпай ма, жағаға жете ме, жетпей ме, — деп мүсіркеу сезім тудырады.
«Жолың болсын, жалғыз қайық», — деді ішінен Әрлен. Қайық теңіз бен аспан қиюласып жатқан қара сызықтан ары аунап түсіп жоқ болатындай көрінсе де, әлі үзілмеген үміттей көз ұшында бұлдырады да тұрды.
Жағада жан азая берді. Кешкі тамақтың кезі де келіп еді. Бірақ осы бір кештің суретіне тоймаған үшеу ғана пристаньда оқшау қалған. Олар әлгі қайықты көзбен әлі шығарып салып тұрғандай. Түн жамыла бастаған теңізде кеспек-бұйлар ғана жалғызсырап, қылтың-қылтың қараңдайды.
«Ей, адамдар, күндіз сендерге жол көрсетіп, жақсылық жасап едік, енді бізді тастап кетпеңдер», — деп қол бұлғап жалынғандай болады. Олардың тілін шағалалар ғана түсінсе керек, айналшақтап-төңіректей ұшып, төсімен жанай өтіп жүргені.
— Мама, мама! Бұл құстар қайда ұйықтайды, а? — Жауқаз селк ете қалды. Әрленнің қолынан қолын жұлып алды. Қуан сұрағы оны әлдеқайда алыс беймәлім дүниеден лезде қайырып, пристаньға қайта түсірді.
— Шағалалар ма? Қайда ұйықтайды дейсің бе? Қайда ұйықтаушы еді? Әрлен, сен білесің бе?
Әрлен де қысылған сияқты. Әйтсе де:
— Суда ұйықтайды, — деп салды.
— Иә, олар қорқады, — деді Қуан. — Су жаман. Олар қорқады. Жүр, мама, үйге, үйге! — деп Қуан кенет өксіп-өксіп жылап-ақ жіберді.
* * *
Олар келгенде, асханаға адам толып қалған екен. Бәрі асқа бас қойған. Қасық пен тарелкалардың сықыр-сықырына сөз беріліпті. Даяшылар да аяғының ұшынан басады. Үшеуі келіп өз орындарына орналасты. Лезде тамақ келді. Баланың асқа тәбеті аса шаппады. Күн өтті ме, әлде қалжырап ұйқысы келді ме, шүңірек көзі кіртие берді. Ал екі ересек тамақ ішкізудің амалын таба алмай жатыр.
Ақыры болмағансын Әрлен:
— Мына котлетті жеп қойсаң, міне, мен сияқты күшті боласың, — деп қолының бұлшық етін ұстап көрсетті.
Бала оның бұлшық етін менсіне қоймады.
Әрлен тағы көрсетті.
— Иә, менің папам сенен де күшті. Менің папам сені жығып қояды, — деді бала ашулана айқайлап.
Қасықтар мен тарелкалар сықыр-сықыры тына қалғандай болды. Бір ауық ауыр тыныштықтан соң ғана сыбыр-сыбыр сөздер, тұншыққан күлкілер, жөткірінген жөтеліс көбейді. — Папама айтам! — деді бала.
* * *
Таңертеңгі тамақта олар өз орындарынан көрінбеді. Кеше кешкі жағдайдан соң ол отырған орындарынан тұра алмай жерге сіңіп кеткендей еді. Бала да байқалмады. Бірақ періште де ғайып болады ғой.