Өксікті өмір
хикая
Қасымда еріп жүрген кісілер завгардың кабинетінде бөгеліп қалды да, жұмысшы жұртпен оңашалана бердім. Мені қаумалай қоршап үлгірген қауым — осындағы механизаторлардан өзге кім болсын. Бір-екі қалжыңмен айналадағы жұрттың езуіне күлкі жүгіртіп, серпілтіп алғаннан кейін, әңгімеміз лезде жарасып бара жатты. Ойым — кеңшар жұмыскерлерінің жағдайымен жете таныса түсу. Анда-санда өстіп елге шыға қалғанда, ауылдың қарапайым адамдарымен мейірімің қана бір әңгімелескің келетіні бар ғой. Ондайда ептеп сөзшең де болып кететініңді байқайсың. Дәл қазір мені иектеген де осы сезім.
Осы көптің арасында менің жүзіме тапжылмай қадалған бір көзқарастың барын әлден уақыттан кейін барып аңғардым. Сыр алдырмастан, желдірте сөйлеген қалпы әлгі жаққа елеусіз ғана көз қиығымды тастадым. Өңі үстіндегі қоңырқай комбинезоны түстес, ілмиген қара жігіт. Шығыңқы бетінің ұшына бармақ басындай май дағы жұққан. Әкетіп бара жатқан өзгешелігі шамалы, осындағы көп жұмыскердің бірі. Тек қысықтау көздерінде адамның сезімін шабақтайтын бір жағымсыз ұшқын бар секілді.
Жігіттің көз аудармай, тесіліп тұрғанын елемеуге тырысып, желдірте сөйлеп жатырмын. Басыма үзік-үзік болып келген: «Қараса, қарай берсін. Онда тұрған не бар екен? Дүйім жұрттың ортасында біреу әңгіме айтып кетсе, өзіміз де еріксіз ауыз ашып қалмаймыз ба? Оның үстіне әңгімеші — бөтен адам, жай адам емес, облыстан келген өкіл. Ендеше, қадалмай, қарамай қайтушы еді?» деген ойлар ғана.
Жұртпен дуылдасып біраз сөйлескеннен кейін, таза ауамен тыныстайын деп гараждың сыртына шықтым. Кабинеттегі кісілерді осы жерде тоспақпын. Жай басып тақай берген аяқ дыбысына жалт қарасам, әлгі жігіт. Қолының майын шүберекке сүрткен бойы батылсыздау басып, жақындай түсті.
— Мойныңызды сәл бұра кетпес пе екенсіз? — деді ол өтініштен гөрі жалынышы басым қарлығыңкы жуас үнмен. «Бастықтардың үстінен арыз айтқалы жүрген біреу болар» дегенге тірелді алғашқы ойым.
— Сіз... — деп бастай берді де, ерні кеберсігендей тамсанып, сөз аяғын жұтып қойды.
— Иә, сөйле, жігітім, — дедім бұдан арғы үнсіздікке төзе алмай. Осындай қоңырқай кейіптегі адаммен жақынырақ тілдесу маған кенет қызық сияқты көрініп кетті. Осы сөз демеу болды ма, жаңағыдан гөрі батылырақ, жинақы үнмен:
— Сіздің есіміңіз Қабыл емес пе? — дегені төтесінен. Ықылық тигендей селк ете түсіп, жігіттің өңіне бажырая қарап қалыппын. Шалғайдағы ауылда да менің есімімді білетін адам болғаны ма? «Еһе, мына қызықты қара», — деп іштей таңырқап та үлгердім.
Сонда да сыр беріңкіремей:
— Иә, қателескен жоқсыз, — дедім. Жігіт қадала түсіп, ернін жыбырлата, әлденені күбірледі де, маған қос қолын бірдей ұсына берді.
Сүргіленбеген тақтайдай қатқыл алақандар қолымның сыртына жайсыздау тиді.
— Бәсе, біліп едім-ау... Танып едім ғой, — деді өзімен-өзі сөйлескендей естілер-естілмес қана күбірлеп. — Амансың ба, Қабыл?
Менің әлі де шырамыта алмай, бөгеліп қалғанымды жігіт те қапысыз аңғарып үлгерсе керек:
— Оқасы жоқ. Кім танып жатыр енді мені? Қайта: «Өй, Мәзімбісің», — деп бас салсаң, өзім қайран қалар едім. Техникум бітіргелі де талай заман өтті ғой.
Мәссаған керек болса! Жігіттің жүзіне көзімді қадап, үңіле түстім. Қалыңдап басқан шимай әжім ғана емес, ұстара деген құдайын біраздан бері ұмытып үлгерген өсіңкі сақал-мұрт та бет-ауыздың түпкі нұсқасын көлегейлеп тұрғандай. Енді соны ойша тазалап, өзімше реттеп көріп едім, бар пішіні елес арасынан шыққандай буалдырланып, тұманданып келіп біртіндеп айқындала бастады. Санамның түбінде шынымен көмескі тартып, ұмтылуға айналған бейне.
Езуімдегі шылымды жұлып алып, сыртқа қарай шертіп жібердім. Енді асыға қол созған мен:
— Мәзіммін дейді? Өй, әкем-ау, мынау шынымен сенсің ғой. Мына қызықты қара, — деп, алақанын қысып, жіберер емеспін. Әдетім бойынша иықтан бір-екі қағып жіберуді де ұмытқаным жоқ. Сұрақты жаудырып, аманшылығын сұрап, тақымдап жатырмын.
Алғашқы арынмен сұрамаса да өзімнің жай-жапсарымнан хабардар етіп жатырмын. Облыстың ауыл шаруашылық басқармасында істейтінімді, жағдайымның жақсы, отбасымның күйлі екенін, осы ауданға көктемгі егістің аяқталуына байланысты әдейі келгенімді асығыс тізбелеп өттім. Біраз есіп-есіп сөйлегеннен кейін барып қана екпінімді басып, ес жинауға шамам жетті.
Манадан бері мені сарнатып қойып, меңірейе қарап тұрған танысым, енді абайласам, айдалада мүлгіген шоқ ағаштай мүлде тым-тырыс. Әдеттегі әңгімеші әріптестері секілді қарсы сұрақ беріп, менің жағдайымды анығырақ білгісі келген ниеті де байқалар емес.
Өзін танымағаным үшін маған ренжіп тұруы да мүмкін. Көрген кісімді оңайлықпен ұмыта қоймайтын тәп-тәуір қабілетім бар сияқты еді, аяқ астынан қара басып, мән бермей қалғанымды көрдің бе? Шынтуайттап келсек, бір жағынан менің кінәлі болатын да жөнім жоқ. Өзің жақсы білетін адамың осынша өзгеріп кете қояр деп кім ойлаған.
— Сен де өзгеріпсің, — деді ол менің ойымды оқып қойғандай әлгі біркелкі үнін бұзбаған қалпы. — Тіфә, тіл тимесін, әжептәуір толыпсың. Таңауыңнан күн көрінетін жұқалаң сары емес пе едің осы. Бұғағыңа қарап, алғашында бастықтардың бірі ме деп қалдым.
— Онда қайтып таныдың? — дедім бойымдағы өзгерісті Мәзімнің дәл тапқанына рахаттана күліп.
— Көзіңнен, — деді ол байсалды қалпы. — Көзің қашан да қуланған адамдікіндей ойнақшып тұрушы еді. Қабағың еттеніп, айналасына әжім жиналса да, кісіге қарағаның сол қалпы.
Таптым, таптым... Қай жерінің өзгергенін...
Иә, адамның бет-жүзіндегі көп өзгермейтін мүше осы көз екен-ау! Ал Мәзімнің көзқарасы.... мүлде басқаша. Баяғы мен білетін Мәзімдікі емес. Танымағаным да содан.
Онымен облыс орталығындағы ауыл шаруашылық техникумында бірге оқығанмын. Кіндігі жабысқан жан жолдас болып кетпесек те, сыпайы ғана араласып жүретін курстас жігітім еді. Бір мәселенің басы ашық. Сол замандағы бозбала Мәзімнен осынау иір қара жігіттің бойында жұқанасы да қалмаған. Сыртқы нұсқасына қарап, техникум бітірген білікті маманға ұқсата алсамшы. Мінез-құлығы да мен білетін Мәзімнен бөлек. Жон терісін сыпырып біреу сабап-сабап алғандай жасқаншақ, жасына жетпей шөгіп кеткен.
Жандүниесі таза, қандай жақсы адамның өзі де жаңылысуды білмейтін періште емес. Қателік кімнің басында жоқ дейсің. Тіршілік сапарындағы кейбір болмашы оқиғаның өзі кейде адамды ауыр жағдайға душар етуі мүмкін. Мәзімнің әлгі мүсәпір күйі бір ауыр оқиғаны басынан кешіргенін меңзеп тұрғандай. Тіпті, әлденеге кінәлі болып сотталып келуі де мүмкін ғой. Иә, таптым. Осы бір сұрықсыз ой: «Ол сөйткен, ол сөйткен» деп миымда ызыңдады да тұрды.
Бір кездегі курстасымның өткені жайлы ауыл адамының кез-келгенінен сұрап алуыма болатын еді. Бірақ бар жайды тек өзінен біліп, өз аузынан естуге көңілім ауды да тұрды. Ертең әдейілеп гараждан тауып алып, сыр тартып байқамақпын. Егіс басынан кешкі асымды ішіп, қонақ үйге келісімен, жуынып жата қалғаным сол еді, көзім ілініп кетіпті.
Әлдекімнің есік қаққанынан ояндым. Келіп тұрған — қонақ үйдің кезекшісі екен. Қасында — Мәзім. Манағыдай емес, жуынып-шайынып, иығына бір қабат тәуір киімдерін іліпті. Сонда да осы қалыбынан бір жетімсіздіктің төбесі қылтиып тұрғандай. Қоңырқай жібек жейде де, балағын шаң қауып үлгерген шетелдік қара шалбар да үтік табанын көптен бері иіскемеген тәрізді.
Аз сөзбен жағдайға икемделіп үлгердік. Мәзімнің ұйғарымы бойынша, бүгінгі кешті оның үйінде өткізуім тиісті екен. Азамат басымен арнайы келген курстасымның тілегін несіне қайтарайын.
Қос пәтерлі қазыналық үйдің бір жақ жартысы. Екі бөлмелі жұпыны ғана. Сырттан кіріп келген адамның танауы алдымен ескірген дымқыл иісті шалар еді. Көптен алақан көрмей, тозып бара жатқан күйсіз мекеннің жайы байқалады. Екі бөлмені қанша тінте қарасам да, көзіме түсетіні — Мәзімнің өзіне ғана тиесілі заттар. «Мынау әйелінікі, мынау баласынікі» дейтіндей басы артық кетік қасық көзге көрінбейді. Қолайсыз сезімнің уысынан құтыла алмай, портфелімді бұрышқа таман елеусіз ысыра салдым. Егер «Мәзім сотталған» деген күдігім расқа шықса, онда оның осы отбасының жағдайына қатысты болуы да ықтимал.
— Міне, осында тұрамын... Көп жыл болды тұрғаныма, — деді Мәзім білегін сыбанып, әлденеге қамданып жатып.
Қимылына қарағанда, ас үйдегі жұмыстарға әбден жаттыққан. Баппен қозғала жүріп, дастарқанның шырайын лезде келтірді.
Кішігірім орындықтың сирағындай төртбұрышты көрінген саусақтарымен қырлы стақанды қыса ұстады да:
— Ал, алып қояйық, — деді жасықтау үнмен. Маған осы саусақтар мен арақ құйылған стақанның арасында бір туыстық бар сияқты көрініп кетті. «Иә, ішеді екен. Көрдің бе, мәселені тура мынаның өзінен бастағанын. Е, байқұс ішімдікке әбден беріліп кеткен екен ғой»...
Арамыздағы ауаны ашырқана үрледік те, дастарқанға қолымызды жарыса создық. Мені таң қалдырып, Мәзім алақанымен аузын басып алыпты. Бет-аузын тыржитып, көздері де жасаурап кеткен.
— Жеп-ішіп отыр, енді, — деді Мәзім ас иесінің сыпайгершілігін жасап. — Бұрынырақ та біраз ішіп едім, үйрене алмай-ақ қойдым осыған.
— Мен білетін кезде осы шайтан судан бес шақырым ауаша жүретін сияқты едің. Енді...
Түсінген адамға көңіліне тиетіндей қыршаңқылау сөз екенін айтып салып, бір-ақ аңғарғаным. «Қартайғанша өстіп ақылың кірмей-ақ өтер ме екен, Қабыл. Дар-дар етіп, сөзінде пәтуа жоқ», — деп іштей өзімді жазғырап та жатырмын. Қанша айтқанмен, сөзіміз енді жараса бастағандай көрінді. Мәзімнің қорғаншақ тілі ескірген күйтабақтай үздік-үздік тұтығып келіп, әлгі ішуден кейін жорғасын тапқан аттай тайпалып барады.
Түбі көрінбес ортақ әңгіменің өзегі, әрине, студенттік шақ. Бірге өткізген балауса кезеңнің қиындығы мен қызығы бүге-шігесіне дейін жадында екен. Менің есімде жайдақталып, ұмытылып бара жатқан көп нәрсені айнытпай жаңғыртып отыр. Ауызы қызған сайын әңгіменің дәмі де жаныма жағып барады. Жастық шағымның думанға толы шырынды үзігі ғой, неғып толқымаймын.
Өзіме жараспайтын жалған сыпайылықтан да ептеп қол үзе бастағанмын. Мәзімнің де қатып, қыртыстанған бет-терісі ептеп жіпсиін дегендей. Көңіл-күйі де өз әлінше көтеріңкі. Күліп сөйлеген болып отыр. Бір қалыпты мақаммен дәмді әңгімені баптаудан жалықпайтын баяға курстастыма сонда да қайдан жетсін. Басқасы басқа дейін, сөзге сонша шорқақ болып қалар деп кім ойлаған.
Кірпікке кедей қысықтау көздердің түпкіріндегі бір ауыр нәрсе көкек айындағы көкше мұздай жылжымай жатып алған сияқты. Бүкіл денені өз ырқына ала бастаған арақ жарықтықтың тек сол бір көздердегі кінәратты ыдыратуға ғана билігі жетпегендей. Тіл ұшына келіп қалған жаңағы сауалды қақпайлай бергенім несі? Сірә, батылым жетпегендіктен болар.
Иә, ұмыта қойған жоқпын.
Қоңырқай ғана тіршілік кешетін момын жандарға ұқсамайтын. Қашан көрсең де, жұмсақ жымиып қойып, топ студенттің ортасында жүргені.
Соңғы үшінші курста бір бөлмеде жаттық. Мінез-құлқы әр қилы төрт жігіт ымыралас, тату тұрушы едік. Бір-бірімізден жасырып-жабар ештеңеміз жоқ. Жеке басқа қатысты мәселелердің ішіндегі ең нәзігі махаббат болса, ол да ортақ талқыдан шет қалып көрмеген. Маған жұмбақ көрінген бір жай — осы Мәзімнің сол жылдардағы бір түсініксіз қылығы ғана.
Сабақтан қалжырап, ұшып-жығылып жүретін студент халқының қашан да асыға тосатын күні — жексенбі. Арқа-басы кеңіп, мойындары босаған жұртты бұл күні сан алуан қызық, қарбалас шаруалар тосып тұрады. Әр демалысты жұп жазбай бірге өткізу бөлмелес жігіттердің тіршілігіне сіңісті дағдысы. Міне, осындай кездерде Мәзімнің үйірге қосылмай, шеттей беретін бір нашар әдеті болды. Дәл демалыс күні жұрттан ерек қандай жұмысы бола қалатынын түсінбейтінбіз. Қайда, не үшін баратынын тіс жарып айтқан емес. Бір бөлмеде тұратын жолдасыңның жұмбақ қылығы қайталана берген соң көңіліңе еріксіз күмән ұялай бастайды екен. Бір байқағанымыз — Мәзім сол белгісіз сапарынан кейде реңі қашыңқырап, тұнжырып оралатын. Техникумды түгесіп, кетер-кеткенше сол кішкентай құпияның шешуін таба алмағанымыз есімде.
Алғаш бәріміз үзбей хабарласып тұрдық. Уақыт өткен сайын арамызда хат-хабар да суала бастаған сиырдың сүтіндей сұйылып, қожырай берді. Сарғайған хаттың жазуындай санамызда ескіріп бара жатқан курстастарды еске алғызып, бір желпінтіп тастайтын нәрсе осындай кездейсоқ жолығыстар ғана.
Сөздің көрігі қайтадан шоқтанып, қызуға айналған кезде Мәзімнің сол жасырын жүрістері ойыма түсе кетті.
— Ә, өзімді ұмытсаң да, сол жағдай әлі есінде екен ғой, — деді курстасым езуіндегі күлкі табын дереу өшіре қойып.
— Оны неге ұмытпағанымды өзің де сезетін шығарсың. Бір рет сырыңды айта қоймадың деп... — дей бердім де, «Бекер айттым-ау! — деп тағы опынып қалдым. — Әй, қашан ақылың кірер екен, Қабыл?»
— Жағамнан алғансың... Қайтесің, жастық қой.
— Иә, сонда екеуіміз төбелесіп қала жаздап едік қой. Жігіттер әрең айырған. — Ұяттау болған екен... Не деп тиістім сонда мен?
— «Бізден жасырған бір пәлең бар... Пысықсың. Бізге айтпай ақша тауып жүрсің» — деп тиістің сен.
— Апырай, ә?
— Иә, айтпақшы, шынында да. Жұрттың ішін кептіріп, жасырып жүргенің немене еді сондағы? Енді айтуға болатын шығар, тіпті...
Мәзім стақанын столға қойды да, менің сөзімді естімегендей үн-түнсіз қалды. Бөлмеде шыбын ызыңы ғана алаңдатқан қолайсыз тыныштық орнықты.
— Иә-ә... — деп әлден уақытта Мәзім сөзін сыбырлай созып, кеудесін жара ауыр күрсінді...
* * *
Иә, айналасынан жасырып жүрген сол бір көңілсіз жағдайдың құнттап құпиялайтындай енді қадірі қалған жоқ. Егер басқа біреу болса, сол кездің өзінде-ақ осы тіршілігін жасырып-жауып, қарадай қуыстанып әлекке түсе қоюы неғайбыл еді. Бірақ кішкентайынан қалыптасқан Мәзімнің табиғаты сондай. «Ұят» деп ұққан нәрсесін өліп бара жатса да, тісінен шығармайды. Оның үстіне тағдырдың сол бір ащы сыбағасын тіпті де қабыл алып, мойындағысы келмеген. «Тағдырдан жапа шегетіндей зәредей кінәм жоқ еді ғой. Менің де уайым-қайғысыз көптің бірі болып өмір сүруге толық хақым бар. Төрт құбыласы түгел жарқын заманда тек дос-жараның ішінен менің ғана қасірет арқалап жүруім жараса ма? Жоқ, мен бақытты болуға тиістімін», — деп ойлағанда, жүрегі сыздап, іштей шиыршық ататын.
Кісінің бойындағы бір кемшілікті сезсе-ақ болды, айдындарын сыртқа сала шікірейіп шыға келетін жұрт аз ба? «Байғұс бала» деген мүсіркеу сөзден құлағы сасып, аяушылық тастай қараған көзқарастан қашып құтыла алмайтынын елестетсе, жаны түршігеді. Аяқ аттаған сайын бақытына ақау түскен сорлы жан екеніңді еске салып, құлағыңды тырнайтын жұрттың пыш-пышын естудің өзі қандай қорлық. Ауылда жүріп-ақ әбден запы болып бітті емес пе? Енді білім қуалап қалаға келгенде де сол тағы қайталанбақ па? Тым құрыса студенттік шағы жайма-шуақ жағдайда өтсе екен. Барлығын да естен шығарып, асыр сала шаттыққа бөленсе екен.
Қатарынан қалыспай тіршілікке араласқанын дәтке қуат қылып, думанды топтың ортасында жүріп жатты. Сенбінің таңымен қабаттаса тұрып, әлдеқайда тайып тұратыны анда-санда ғана. Бөлмелес жігіттердің көзіне түспеуге тырысып, тым асығыс жиналатын. Есікті қашан сыртынан жауып шыққанша ұрлық қылғандай қыпылықтап та бітеді. Одан арғы харакеті белгілі. Билетті қалай сатып алатыны, автобустың қай кезде жүретіні, жеткенше қандай ойлардың төңіректейтіні — бәрі көңілінде жаттаулы.
Сонан күні бойы жүріп отырып, әйтеуір діттеген жеріне де жетеді. Мінгесіп-ұшқасқан шоқылар шоғырының түбіндегі ежелгі ауыл. Бірін-бірі қуалай ұзын көше болып орналасқан үйлер бөктерді қапталдай созылып жатыр. Быжынаған тынымсыз қозғалыстан, дуылдақ шудан қашып, табиғаттың бауырына тығыла орналасқан бір бейбіт мекен.
Ол аз десеңіз, поселкенің тау жақ қапталында айналасы атшаптырым тақтай қоршау бар. Жұртпен сөйлеспейтін тұйық адамдай сыртқы өмірмен алыс-берісі аз, меңірейген оқшау. Тылсым қоршауды тиянақ еткен жандарды негізінен екі дайға бөлуге болады. Қимыл-қозғалыстары сөлекет ұсқынсыз тақыр бастар бір топ та, ақ желеңді қызметші қауым бір топ. Мәзімнің іздеп келетіні — ақ сары өңді, қан-сөлден кеуіп, қыртыстанып кеткен жер орта жастағы әйел кісі.
Мәзімді көрісімен, арық жүзіндегі әжімін молайта күліп, бір сәт қадалып қалатын дағдысы. Кейде сол екпінімен маржандай тістерін ақтара, арындай сөйлеп кетсе, кейде әлгі күлкіні жөнсіз ашудың құйыны ұйпалақтап өшіре салады. Долданса, мінезі қатты. Жігітті ата-бабасынан түгел бір сыбап алып, айналадағы жұрттың жер-жебірі, жекен суына жетіп жығылмай тоқтаған емес. Жоқтан өзгені ілік етіп, ешқандай себепсіз соқтыға береді. Ашуы толастауға айналған бір әредікте:
— Апа, халің қалай? Тамағың тоқ па? Тәттіні жақсы көрушің едің ғой, апа. Міне, тісіңе жұмсақ тәттілер әкелдім, — дейді Мәзім жылауық баласын жұбатқан мейірбан шешенің үніне салып. Тәтті сөз бен тәтті дәмге алданса, құрыс-тұрысы да оңай жазылмақ.
Біраздан кейін екеуінің бір әңгімеге ортақтасып, шүңкілдесіп отырғанын көресің. Қоршау ішінде ұзақты күн сарғайып жатқан адамның көңілін аулау үшін Мәзім алыстағы ауыл-аймақты, ондағы ел-жұртты еске алуға мәжбүр. Жоқтан-барды, өтірік-шынды қиыстырып, желпіне сөйлесе, жаңағы долылықтан із де қалмайды.
Шалқыған мол дарияның ортасына ойдым-ойдым қалған жеке-жеке аралдар болады емес пе? Сондай аралдар адамзат қоғамында кездеседі екен. Үлкен өмірден қағыс қалған ол жерлерде адамдардың белгілі бір тобы ғана тіршілік етпек. Мысалы, түрме, аурухана деген сияқты. Бұлардың ішінде жалпы емдеу орны болып саналғанымен, жындыхананың жөні бір бөлек.
Әлі күнге дейін есінде. Кішкентай күнінде есуас адамнан қатты қорқатын. Бет-аузын қисалаңдатып, аяқ-қолы серендеп талып жығылатын ауруларды көргенде, есі шығып, зәрі-құты қалмаушы еді. Есейе келе жүйке ауруы туралы түсінігі кеңейді, жүрек тоқтатып, жынды адамнан бұрынғыдай сескенбейтін болды. Сөйтсе де, тайызға қайырылған салындыдай үлкен тіршіліктен аласталған осы бір ғаріп жандарға сабырмен қарай алмай-ақ қойды. Мұнан гөрі қанды қол қылмыскермен тіл табысу жеңілдеу шығар.
Жынды кісінің тіпті де қорқынышты емес екенін ақылмен жақсы түсінеді. Бірақ қараса болды, үрей де, жиіркеніш те емес, өзі анық түсіне алмайтын бір ауыр сезім жүрегін жаныштап, арқасы тоңазып қоя беретін. Жындының бойында ақылға сыймайтын бір тылсым күштің булығып, шиыршық атып жатқандай көрінетіні бар. Жүйке ауруы табиғаттың адамдарға жасаған бір үлкен қияңқылығы, адамның ақыл-ойын мазақтағаны тәрізді. Солай түсінгендіктен болар, Мәзім сескене тұрып, ақылы кеміс жандарды мүсіркей білуге дағдыланған.
Қатігез тағдыр сол әлсіздігін сезіп, келемеж қылғысы келгендей, есейген шағында өзін апарып жындыхананың есігінен еріксіз сығалатып қойды. Дүниедегі ең жақын адамы — туған анасының осында жатқанына біраз болған...
* * *
Иә, қалай басталып еді өзі сол бір ауыр оқиға?
...Шетсіз-шексіз кең жазираны ирелеңдей қуалаған тас жолдың түбі жуыр маңда көрінер емес. Таң қараңғысынан ерте шыққан жолаушылар бастары бұлғақтап, қалжырай бастапты. Көпшілігі бір-біріне сүйеніп, мызғып отыр. Көздеріне ұйқы тығыла бергенімен, Мәзімнің жұрт құсап тынығатын жағдайы жоқ. Бар ықыласы ірге жағына ала отырған шешесінде. Есінен ауысып көтеріліп, ауырған адамға сенім бар ма? Кез-келген сәтте жолаушылардың берекесін алатын оқыс қылықты одағайлап шығара қоюы әбден мүмкін. Ең бірінші міндет — соған сақ болуы керек.
Автобус ала жөнелген азандағы алғашқы сәтте бәлендей тосын мінез таныта қоймаған. Бет алды лағып, екілене сөйлеп кеткен бірер сағаттан соң. Әлдекімдерге тіл тигізе айғайлап, өзінен-өзі көтеріліп отырған адам бір көліктің үстіндегі жұрттың назарын қалай аудармай тұрсын. Мұндайда Мәзімнің қолында беріп тыныштандыра қоятын дәрі де жоқ. Әйтеуір әке-көкелеп жүріп әрең басқан болады.
Бір рет еліріп есікке қарай ұмтылғанда, баланың жаны қатты қысылды. Бір жағы сынаған көзбен тапжылмастан самсай қарап отырған жұрттан қысылып, өліп барады. Анасының ақылға сыймас ерсі қылығы... естіген құлақ еріксіз қызаратын ұятты сөздері... Қара жердің тесігі болса кіріп-ақ кететін жағдай.
Қырсық деген мұндайда қоса қабаттасып аяққа оратылып жүрмей ме. Таңертең анасын жетектеп автостанцияға келе жатқанда, «А, құдай, алдымнан таныс ешкімді жолықтыра көрмеші» деп іштей жалбарынған. Өзі онша сене қоймайтын Алла тағаланың атын аузына алып, жаратушы жарықтықтан қатты өтінген. Әсіресе, Арыскүл кездесіп қалмаса екен деп тілеген. Ол жолықса таза өлім ғой. Әйтеуір сәтін салғанда тілегінің қабыл болғаны.
Тек автобусқа мінгеннен кейін ғана байқады. Арыскүл болмаса да, сол Арыскүлдің үйіне келіп-кетіп жүретін бір апайды аңғарып қалғаны. Өзі танығанымен, апайдың бұны тани қоймауы ықтимал. Сондай үмітпен анасын терезе жаққа ала белгіленген орынға келіп жайғасқан. Анасы әлтінде бұрқ-сарқ ашу шақырып, айналасының берекесін алып кеткен кезде сасқанынан көз астымен сол апай жаққа да бір қараған. Әрине, басқалар сияқты ол кісінің де бар назары осылар отырған тұста еді.
Шешей сабасына түсіңкіреп, мағынасыз айқай саябырлағаннан кейін арттағы біреулердің күбірлей сөйлесіп отырғанын аңғарды. Еміс-еміс естігендері өзіне қатысты екені күмәнсіз. Екпіндей сөйлеген сөзшең әйел:
— Өткен жылы қайтыс болған Нұрхан ақсақал бар емес пе? Ұмытып қалдың ба? Ауылдың шетінде тұратын қара шал... Өзі ұзақ ауырған жоқ... — дейді даусын онша бәсеңсіте қоймай.
— Иә, иә, ол шал немене? — деген жуастау үн егделеу еркек адамдікі.
— Қалай ұқпайсың, сол шалдың кемпірі деймін. Сол шалы қайтпай-ақ көтеріліп ауырып жүрген.
Әңгіме, әрине, өздері жайлы. Беті ду ете түскен Мәзім мойнын ішіне тығып алып, бүкшиген күйі сіресті де қалды. Анасының қолын сыртынан сипалай беруді ғана біледі. Мына сөздерді естісімен, тағы жұлқынып, айқайлап шыға келмесе екен деген оймен өзінше далбасалап, тыныштандырған түрі.
— Әй, ол кісінің кемпірі ана жылы көргенімде сау сияқты еді ғой. Не болды екен, ә?
— Қайдам? Семей жақтағы төркіндеріне барып келгеннен кейін осындай болыпты.
— Төркіні Семей жақтан ба еді бұл кісінің?
— Иә, сол жақтан екен...
— Ә, онда белгілі болды. Баяғы бомба сынағының әсер еткені ғой. Сол, сол, сөйткен...
— Ана бір жылы төркініне кетіп қалып, келмей қалғанда, Нұрхан іздеп барып жүретін. Өзі ауырмай тұрғанда да, есі кіресілі-шығасылы адам еді, ақыры мынадай болыпты ғой бейшара.
— Апырай, ә? Бұл кісі шал өліп қалған соң, тағы да Семей жаққа бара жатқан шығар. Қарасатын ешкімі бар ма еді өзінің. Мына түрімен бұл да өліп қалады ғой бір жерде.
— Қайдам? Қасында мына бір бала отыр. Нұрханнан басқа тұяқ жоқ, бір бала қалды деп еді. Со бала осы шығар, сұрашы өзінен...
Мәзім желке тұсына әлдекімнің жылы демі жанасқанын анық сезінді. Мойнын ішіне қанша тыққанмен, әрі қарай жасырынып, қай қуысқа кірмек.
— Бала, әй, балам, — деді құлақ түбіндегі әйел даусы. Естімеген жандай болып сіресіп қайтып отырарсың.
— Ау...
— Сен кімнің баласысың осы?
— Нұрханның.
— Е, бәсе өзім де біліп едім. Мына кісі — шешең ғой.
Манадан бері жұрттың берекесін алып отырған жынды әйелді «Иә, шешем» деп айтып салуға аузы бармағандай. Арланып-ақ отыр. Шіркін, Мәзімнің анасы да көптеген шешелер секілді жай ғана әйел болса ғой. Мейлі, тіпті, олпы-солпы киінген салақ адам болса да. Ажарсыз нашар адам болса да.
Амал не, осынау қаршадай жалғыз балаға жай ғана қарапайым шешені тағдыр бұйыртпапты.
Мәзімнің қатты қысылғандықтан, үндей алмай қалғанын арттағы әйел сезбеді ме, немене, әңгімелесін ары қарай сабақтай түсті. Бір сөзін ұқса, бір сөзін ұқпайды. Құлағында ызындап тұрған аса қолайсыз тағы бір жағдайы — бүгін сапардың мына апай арқылы Арыскүлдің құлағына барып тиетіндігі. Ал Арыскүл дегеніңіз — жанары нұрланып тұратын сұрша бойжеткен. Мүсіні тіп-тік, аяқ басысы дік-дік. Әсем қыздың мінезі біртүрлі ұялшақтау. Өзі тіпті аз сөйлейді. Міне, осы қалпында-ақ Мәзімнің жас жүрегіне қатты әсер етеді. Қатты әсер ететіні соншалық — оның сүйкімді келбетін анасының ауыр уайымы да ұмыттыра алмайтын еді. «Шіркін, апам жайлы мүлде естімей-ақ қойса» деп қаншама рет қиялдады.
Амал не, ақыры құлағына жететін болды. Сыпсың сөзге қалай тоқтау саларын тағы білмейді.
Күн де талыға еңкейіп, жол соққан жолаушылар қалжырай бастаған бір уақытта Мәзім автобусты тоқтатты. Сонан алақ-жұлақ еткен шешесін жетектеп, есікке қарай беттеді. Жан-жақтан самсай қалған көздер мен ызғары салқын сыпсың сөздерді де бүкіл тұла бойымен сезініп-ақ келеді. Дәл қазіргі мақсаты — тезірек сытылып шығып, жерге түсу. Жұрттың дабыры енді айқын естіліп жатыр:
— Әй, мына бала ана жынды әйелді қайда апарады?
— Жынды кемпір шешесі екен ғой. Мына Қанайға апаратын шығар.
— Ойпыр-ай, айдаладан ол Қанайға қалай жетеді? Әй, байғұс бала-ай!
— Ауру адамды балаға жетектетіп жібергені несі? Машинамен апару керек қой. Туысқандарында да ес жоқ.
...Мезгіл мамыр айының аяқ шені. Көк майсаға бөленген дала қызылды-жасылды болып құлпырып тұр. Еркелей ескен нәзік самал көктемнің көкірек ашар жұпар иісін танауға желпиді. Көкпеңбек аспанның әр жерінде шырылдаған бозторғай үні мынау мөлдіреген әсем табиғаттың әрін келтіріп, айналаны одан жаман құлпыртып жібергендей.
Бұлардың түсіп қалған жері — жатағандау қырқалардың арасы, қалаға апарар күре жолдың бойындағы жол айрығы. Сонау алыстан көрінген шошақ тау бір қарасаң, қол созымдай-ақ жер. Әу баста көздеп шыққан мекен — сол таудың бауырында. Әйтеуір бір көлік кездесер деген далбаса үміт те баяғы.
Жан-дүниесі дертті болса да, шешейге мынау көктемгі саф табиғат, жас төлдің көзіндей мөлдір тіршілік бір сәт болса да әсер еткен сыңайлы. Айналаға үлкендеу көздерін сығырайта қарап тұрды да, анадай жерге барып жалп етіп отыра кетті. Өзі кембағал адамда қай бір дұрыс киім болсын. Бірақ Мәзім екі күн бойы бір киер киімін жуып, үтіктеп, өзінше жолға дайындаған. Сондықтан да олпы-солпы ескілеу болғанымен, шешейдің үстіндегі киімдері таза еді.
Жалп етіп отыра қалған кейуана шөптерді сипалай жұлып, өзінше беталды сөйлеп қояды. Сәлден кейін басындағы жаулығын алып, жұлған шөптерін соған теріп сала бастады.
Құлпырған көктемгі қыр жасөспірім ұлдың жүрегін дүрсілдетіп, көңілін жүр-жүрлеп әлдеқайда шақырғандай. Шіркін-ай, гүлге бөккен анау жасыл майсаны кешіп, ана қырқалармен жүгіре жөнелсе ғой. Жалғыз емес, Арыскүл екеуі қол ұстаса жүгірсе... Жүгіре-жүгіре келіп, көк майсаның үстіне алысып ойнаса... Бір-біріне күлімдей қараса... Ол қызға ең бір тәтті сөздерін айтса... Сонан екеуі қол ұстасып, бәлкім, құшақтасып тұрып бір керемет ән шырқаса... Ынтызар жас жүректер табиғат ортасында осылайша бір нәзік іңкәрлікпен, құштарлықпен табысса...
Бір кезде қараса, қиял жетегімен өзі де жол бойынан алыстап кетіпті. Көлік тосып отырғандары еске түсіп, кейін бұрылды. Шөптерді жұлып алып, өзінен өзі күбірлеп сөйлеп жүрген шешесі. Жаңағы тәтті қиялын су сепкендей еткен кереғар көрініс. Жұқа еріндерін тістене жымқырып алғанымен, ар жағынан лықсып жеткен ауыр сезімге бұдан ары тосқауыл қоя алған жоқ. Екі көзін сел басып кетті. Әлгі көгілдір әсем дүние лезде ауыр селдің астында калып бара жатты. Тістеніп алып қанша дыбыс шығарғысы келмесе де, көкіректен қыстығып сыртқа ұмтылған өксік бүкіл тұла-бойын селкілдетіп алып бара жатыр. Ауыр сезімнің әсері ырық бермей, ала жөнелген. Сонан иен даладағы жол айырығында тұрып, үн шығармастан, шерін тарқата ұзақ... жылаған.
Жалғыз баласының қызығын көре алмай, өмірден өтіп кеткен әкесі. Ол кісінің көзі тірісінде-ақ ауруға шалдығып, өзіне аманат болып қалған бейшара шешесі. Әлі мектеп бітірмей жатып, уайым арқалап қалған өзі. Сол уайыммен бірге бір үлкен аяушылық сезімі де жанын қинайтын сияқты. Әкесін, шешесін, сосын өзін аяп, жас жүрегі уылжи елжірейді. Іші әбден тазарғанша таусыла өксіді.
Сонан көліктен көлікке отырып, Қанай ауылына да жетті-ау. Бұл уақытта қызара еңкейген күн тау тасасына ілігіп қалған. Оның сәулелері теңіз жағасындағы маяктай шошақ шыңдардың сыртынан жолақ-жолақ болып жан-жаққа шашырайды. Тау баурайына созаландай орналасқан ауылдың бір шетіндегі аялдамаға келіп, автобус та тоқтады.
Ауыл үйлері анадай жерде шашылып жатыр, Мәзім шешесін жетектеп солай қарай жылжи беріп еді, алдынан үш-төрт адамның шыға келгені. Әлі мектеп жасындағы өзі қатарлас жасөспірімдер.
— Ал, қанекей, үрлеші бетіме, — деді біреуі аяқ астынан көлденеңдей төніп келіп. Сасып қалған Мәзім кері бұрылып, балаларды орағыта жүргісі келді. Жоқ, жіберер емес. Бұлардың қасақана ұрынып, шатақ іздеп тұрғаны беп-белгілі.
— Ақшаң бар ма? — деді екінші біреуі. Мәзім үндемей тұрып қалып еді, екіншісі бүйірінен нығырта нұқып жіберді. Енді шындықты айтып, құтылуға тырысқаннан басқа амал жоқ. Мәзім өздерінің алыс ауылдан шыққандарын, шешей ауру екенін, осындағы емдеу орнына келгендерін баяндай бастап еді, алғашқысы сөзді шорт үзді:
— Сен маған ертегі айтпа! — деді ол орысшалай дікілдеп. — Әкел ақшаны.
— Шешем ауру еді...
— Қорықпа. Ауру кісіні өлтіре салу тіпті жеңіл. Бірақ артынан. Алдымен сенімен айналысуға тура келеді.
Жан-жағына жалтақтай қараған Мәзімнің көзіне анадай жерде кетіп бара жатқан бір-екі әйелден басқа ешкім түсе қоймады. Айғайлап шақырса... Қой, ұят-ау! Бұзық балалардың жүздері тіпті ызғарлы-ақ. Мәзім қалтасына қол салғаннан басқа амал таба алмады. Өздеріне бұйырғаны — шешесінің ішкі қалтасына салынған аз ғана ақша.
— Біреуге бірдеме деп оттайтын болсаң, қайтарда ұстап ап, соямыз, — деді төртеудің ішіндегі гүжілдеп тұрғаны. Әрине, жас тонаушылардың атаманы осы.
Сонан не керек, бас амандығын қалтасындағы азғана ақшасына сатып алған бала анасын жетектеп, ауруханаға бет алды. Адамның іші ашитыны — діттеген жерлеріне келіп тұрып тоналып қалғаны болды. «Ауру анамның тұрғанына да қарамады-ау», — деді бала іштей күйзеліп.
Шағын ауылдың атын жұртқа әйгілеп тұрған облыстық деңгейдегі жүйке аурулары ауруханасын тауып алу, әрине, қиынға түсе қойған жоқ. «Бүгін кешігіп қалдындар» деп шешейді кезекшілер қабылдамады. «Сонау ит өлген жерден жалғыз өзің әкелдің бе?» дейді әртүрлі сенбеген кейіппен. Сонан баланың жайын түсінген аурухана кезекшісі шешесі екеуін өз үйіне ертіп кетті...
Сол күні әлгі мейірбан жанның үйіне қонып шықты. Бір ғажабы — өзінің көздеген мекеніне келгенін білгендіктен бе екен, шешей бөтен үйдегі түнді тыныш өткізді. Әйтеуір әкелген қағаздары дұрыс екен, ертеңгісін ауру кісіні емдеу орнының тез-ақ қабылдай қойғаны. Оның үстіне үйіне түнеткен медбике әйел де қол ұшын беріп жіберді. «Осылай да осылай, жалғыз бала әкеп отыр екен. Қарайласар ешкімі жоқ көрінеді... Мектепті келесі жылы бітіреді екен. Әкесі қайтыс болған... Сабағынан да қалып қойғалы тұр...» деп басшыларға баяндаған...
Міне, содан бергі анасының мекені осы. Анда-санда емделіп шығады да, қайта түседі. Мәзім техникумда оқығалы бері осында. Шыққанмен күтер адамы да жоқ қой. Ал Арыскүл болса көрген түстей ғана, қолын ұстамақ тұрғай, қасына да жуи алған емес. Екеуінің арасы сөйтіп алыстай берді. Бірақ Мәзім техникумды бітірер жылы басқа бір бойжеткенмен тіл табысып үлгерген болатын.
Студенттік дәуренде жиі өткізілетін жатақханадағы шағын отырыстардың бірінде танысты. Аралас-құраласы бар жолдас жігіт Қабылдың туған күніне бейтаныс бойжеткендер де шақырылыпты. Әдепкіде бәлендей назар аудара қоймаған. Дастархан басындағылар бірер әнді айтып тастағаннан кейін барып, мойыны еріксіз бұрыла бастағанын сезді. Көрікті қыздар қай ортада да жетерлік қой. Бірақ солардың бәрі жас жүректі қозғай бере ме? Мәзімнің көңілін еріксіз елітіп әкеткен бұл жолы қыздың өзі емес, қоңырлау келген сезімтал үні еді. Қай әнді бастаса да, тебіренісін тежей алмай, беріле шырқайды екен. Мұндайда жұрттың үңіле қалатыны әсем үннің иесі болмай ма? Мәзім өйткен жоқ. Әуелі ұрланып қана көз тастады. Дөңгелек балғын жүзді аққұба қыз. Үлкен қоңырқай жанарлары сәл келтелеу мұрнына толық үйлесе де қоймайтын секілді. Бірақ бір көрген жанның көңілінде ұнасымды әсер қалдырары анық. Сезімтал қоңыр дауыс сәлден кейін өзінен-өзі дараланып, жеке орындаушылық міндетін атқарып кетті:
Жүрегім жыр толғайды,
Көңілім ортаймайды,
Анасы бар адамдар,
Ешқашан қартаймайды,
— деп шырқағанда Мәзімнің тұла бойы шымыр ете түскендей болды. Жиырма жасар ғұмырында жүрегінің ең бір әлсіз тұсын бейтаныс бойжеткен әсем үнімен тағы тырнап өтті. Ауырта тырнады.
Ес білгелі шешесі бетіне шіркеу болып келе жатқан бозөкпе бозбала бәріне де өзі кінәлі жандай айналасына тіктеп қарай алмайтын. Жасық екенін жақсы түсінгенімен, өзін-өзі жеңуге шамасы жететін кезі оқта-текте. Сөйтіп көңііл талғамына тақаған талай қызбен жақындап таныса алмай, өкініп қалған кездері қаншама. Бұл жолы тақала сөйлесіп, үйлесе кетудің реті келді. Басқа жігіттерден үйренгенін істеп, сөз арасына әзіл жүгіртіп әлек. Көбінесе онысы сәтті де шыға қоймайтын секілді. Бірақ, әйтеуір әнші қыз Қалипаш бәзбіреулердей басын ала қашып, кеудеге итерген жоқ.
Кеш тарағаннан кейін Қабыл екеуі Қалипаштарды таксиге мінгізіп жіберген. Сол түні жатақхананың серіппесі сетінеген төсегін сықырлата аунақшып талайға дейін ұйықтай алсашы. Қыздың шаралы жылы жанары, дөңгелек жүзі көз алдында шырқ айналып тұрып алған. Сезімге толы қоңыр үні де құлақ түбінде тұнып қалған секілді. Осылармен қабаттасып қоршаудың ішінде ғұмырын сарп қылып, сарғайып жатқан анасы көз алдына кезек елестейді.
Жүрегім жыр толғайды,
Көңілім ортаймайды,
Анасы бар адамдар,
Ешқашан қартаймайды.
Басқа қыздардың ішінен Қалипаш жүрегіне неге соншалықты жақын болып қалды?.. Неге?.. «Таң тез атса екен. Ертең кездесуіміз керек... Қалайда кездесемін онымен...» деді әбден талыққан жігіт ұйқы ұйығына шым батып бара жатып.
* * *
— Сонан кейін, — деді қыз жігітке тығыла түсіп. — Екеуміз де жұмысқа орналасамыз. Мен сырттай оқуға түсіп аламын. Сессияны тапсыруға екеуміз бірге келіп тұрамыз.
— Егер мен жұмыстан босап, шыға алсам, — деп қойды жігіт күлімсіреген қалпы.
— Неге шыға алмайсың? Басшыларға айтып, өзім сұрап аламын, тіпті. Әйтпесе, сені сағынып өле жаздаймын ғой. Каникул кезінің өзінде қашан кездескенше жүдеп боламын. Ал үйленіп алғаннан кейін... тіпті қиын тиетін шығар. Онда бір-бірімізге, тіпті, бауыр басып кетеміз ғой.
— Сөз бар ма? Адам үйленгеннен кейін махаббаттың тағы бір сырлары ашылады дейді ғой. Демек, сенің мені шындап сүйетін кезің алда.
— Шын айтасың ба? Қойшы, онда не болғанымыз тіпті? Бір-бірімізге өліп-өшіп жабыса берсек, ұят қой апаңнан да. Үлкен адамдар өздерінше ойлайды. Солай емес пе, ә? Неғып үндемей қалдың?
— Иә, солай, үлкен кісілердің алдында әдептілік керек, — деді жігіт енді бір түрлі пәсі төмендеген үнмен.
— Әсіресе, жаңа түскен келін үшін үйдегі мәселенің бірі ене көрінеді ғой. «Енесі мен келіні сыйыспапты» дегенді жиі естимін. Сен көңіліңе ауыр алып жүрме. Апаңнын ондай кісі емес екенін сезіп тұрмын.
...Аздан соң әңгіменің тақырыбы сырғып барып басқа жайға ауысып кетсе де, жігіттің еңсесі онша көтеріле қойған жоқ. Көңіл үшін ғана бас шұлғып, сөзден шеттей берген сықылды. Сыпайы еркелікпен наздана сөйлеп отырған қыз жігіттің ендігі халін қапысыз аңғарды. Бойын дереу жинап ала қойған. Енді сөзі де, өңі де байсалды.
— Мәзім. Адам сияқты күліп, әңгімелесіп отырып, аяқ астынан нілдей бұзылатының не осы? Бір емес, екі емес, әлденеше рет байқадым. Неге сөйтетініңді түсінбеймін мен.
— Жәй, әншейін. Күні бойы сабақ оқимын деп… шаршап...
— Өйтіп бұлтарма. Кеудеңді жара күрсінгеніңді естімеді дейсің бе? Бітеу жара қылмай, ашығын айт. Әлде... Жібі түзу сылтау айта алмай, тағы да тығырықка тірелген сәті. — Әлде... мені алдап жүрген шығарсың.
«Дәл үстінен түстің, — деген ой жылт етті жігіттің басында. — Алдап жүрмін. Ашығын айтқанда, жүрегімді жаншыған қасіретті сырымды саған сездіруге дәтім бармайды. Ендеше осы жасықтығымның өзі сені алдаумен пара-пар». Мәзімнің кібіртіктей кідіріп қалғаны сол екен, қыз да жұлып алғандай:
— Олай болса, мәселенің басын ашық қоямын — деп қалды. Сосын жігіттің қолын серпіңкіреп тастап, жылуы кемдеу құшақтан сытыла берді. — Бүгінгі күннен бастап басына еркіндік.
Әдемі жанары лезде дымқылданып шыға келген Қалипаштың пішіні кәдімгідей қатуланып алыпты. Аузын ашса, еңіреп жіберердей көмекейіне кептелген жасқа тұншығып тұр. Жағдайдың мүшкілге айналып бара жатқанын жігіт енді ғана абайлаған сыңайлы.
— Менің жазығым не? — деді жасығандау күңгірт үнмен. — Бар жазығым саған шынымды айтқаным ба?
— Жоқ, керісінше… айтпағаның. Осынша уақыт ішінде бүгіп жүруге қайтіп арың барды?
Жігіттің басы айналып кеткендей болды. Сонадай ызыңдаған жалғыз сұрақ миының түбін үңгіп, жеп барады. «Қайдан біледі! Япыр-ау, кім жеткізді екен?»
— Қане, енді ашық сөйлесейікші. Қайда ол қазір? Осы қалада ма, басқа жерде ме?
Табаны темір қарып алғандай селк ете түсіп, қыбыр етпестен қатып қалғанын біледі. Жігіттің үн-түнсіз бедірейген қалпын бетсіздік деп ұққан қыз бұдан арыға төзімі жетпей, долдана айқайлап жіберді:
— Қайда?.. Қайда деймін ол қыз?
Қуанғаннан секіріп кете жаздаған Мәзім сақылдап келіп қалған күлкіні ернін жымыра түсіп, әрең тежеді. Екеуінің мүлде екі басқа нәрсе туралы ойлап отырып, тектен-текке жанжалдаса жаздағанына таң қалған. Қызды: «Басқа ешкіммен жүрмеймін», — деп нандыру да оңай болған жоқ. Дереу есін жиып алған жігіт нақақ күйіп кетпеу үшін тілінің бар өнерін салды. Қыздың қаншалықты дәрежеде иланғанын кім білсін. Әйтеуір жанары жасқа шыланып үлгерген оның жүзіне ажырап кеткен манағы күлкі әрең дегенде қайта үйіріліп еді.
Ендігі әңгіменің сарыны да басқа — қыздың үй іші, туған-туысқандары жайлы. Айтуынша, солардың бәрі де қыз алдында жатып жастық, иіліп төсек. Мәселен, аға-жеңгесі осы каникулға барғанда алтын сағат алып берген. Келу құрметіне нағашысінікі арнайы той жасаған. Апасы болса қашанда асты-үстіне түсіп жік-жаппар. Әсіресе:
— ...Мен дегенде апамның шығарға жаны бөлек. Туыстардың арасында тулап жатып алатын ерке болсам да, сол кісінің алдында ішім елжіреп, үзіле қалам, тіпті. Ананың айтып ауыз жетпес кемеңгерлігі жайлы ұғымға амалсыз бас иемін сосын... — Болмашы діріл араласқан даусы кілт бәсеңдеп, мойнын сыртына қарай қисайта береді: — Алыстап кетсең, түсіңнен шықпайды. Қиналсаң да, қуансаң да ойыңда! Бір сәт ұмыта алсамшы, тіпті. Қайран анашым...
Өз сөзіне өзі елжіреп, босаңси бастаған қыздың қылығынан жігіт ептеп секем алып қалып еді. Көңіліне ұялаған шамалы күдігін қолма-қол жайып тастады:
— Қойшы, Қалипаш. Сонша осал болғаның не? Әлде ауру ма еді анаң?
— Қайдағы сұмдықты айтпашы, Мәзім. Аузың қайтіп барады осыған? Ештеңесі жоқ, сап-сау кісі. Тек кейде өстіп сағынған кезде шыдамай кетемін...
Умаждалған гүлдей торғын бет орамалмен көз маңайын сүрткіштеп аз отырды. Бет-аузын қалпына келтіріп болдым-ау деген кезде кірпіктерін қайқайта көтеріп, жігіттің жүзіне тіке қараған:
— Сені түсінбеймін, Мәзім. Апаңды неғып сағынбайсың осы, ә? Шынын айтқанда, ана деген жарықтық құшағында отырған мына менен де артық, менен де ыстық емес пе? Мұнша тасжүрек болармысың, тіпті. Әлде жігіт дегеннің бәрі осындай ма?
«Ауыр шындықты жарқыратып айтып салсам, қайтеді» деп әлденеше рет оқталды. Ашыла сырласқан сәтте көмейіне келіп, іркілетін жалғыз ауыз сөз болушы еді. Көңіл зынданындағы ең ауыр құпияны ең жақын адамына сездіре алмай, амалы таусылды. Өзін-өзі қанша қыстаса да, дәті барар емес. Айналадағы жұрттың құлағына тигізбеуге тырысып, жасырып-жауып жүрген жалғыз құпиясы. Өмірде бар шешені өліден ары жасырып, мезгілінен бұрын аруақтардың қатарына қосқаннан қиын не нәрсе бар десеңші? Шеше жайлы әңгімеге шешеден тумаған адамдай бір ауыз лебіз қоса алмастан, іштей тынып отырғанның несі жақсы дейсің.
— Мейлі, қандай болса да ана жарықтықты керемет қадірлеймін, — дейді Қалипаш бір сәт жігіттің емес, ойдың құшағына жығыла беріліп. — Бар адам баласы оның алдында мәңгі қарыздар.
Дәмі тәтті кітаби сөзге үйірлеу болса да, Мәзім жар көңіліндегі тазалыққа қуанады. «Мінезі тіктеу, әрі еркелігі де бар. Дегенмен, басты қасиеті — адамды сыйлай білетіндігі. Ендеше, мені түсінер. Әзірше айтпай тұра тұрған дұрыс. Жоқ, жоқ... қазір керегі жоқ».
Қалипаш әлгі сезімнің жетегімен сызылтып тағы да ән бастап кеткен: «О, аналар, осындайсың бәрің де...»
«Бөрі арығын білдірмес, сыртына жүнін қампайтар» деген мақалдың мәйегін жете түсінетін бір адам болса, сол өзіммін деп ойлайды Мәзім. Өмірдегі жалғыз жанашыры, аяулы анасының ауру, ауру болғанда да есінен алжасқан сырқат екенін жария ете алмай бір қорланса, қолы қысқа кедей екенін тағы жасырып әлек. Айналасындағы жұрттан жасырғаны бір жөн, жастық шақтың сәнді жайлауында ғайыптан жолыққан сүйген қызына сездіруге де батылы бармай, бетінен басты ғой. Қатар-құрбы жігіттер оңды-солды ақша шашып, жалғанды жалпағынан басып жүрсе, Мәзім бәлендей ұзап шыға алмай, жатақханасын айналсоқтай беруге мәжбүр. Бар тапқан-таянғанын Қалипаштың жолына жұмсап әлек. Онысы тек өзіне ғана мәлім. Тіпті, үстіне бір дұрыс киім алса да, сүйгеніне тәуір көрінудің қамы.
Қаладағы жолдас-жора тойдың ырымын жасап, екеуін өз қолдарынан қосты да, ауылға аттандырды. Қыздың көл-көсір туысқаны бұл кәдеге түгел келген жоқ. «Нағыз үлкен той алда. Мәзімнің аулында ғой. Бәрін соған бір-ақ шақырайын. Оған дейін даярлана берсін», — деп шешті қыз.
Екі ауылдың арасын дүрілдеткен аламан-асыр зор думанның боларына құйттай да шүбә келтірмеген адамның түрі. Үлкен қуаныш үйлену төңірегіндегі басқа жағдайларды байыппен ойлауға мұрша да берген жоқ. Осындай әдемі қуаныштың соңын тосып, тымырайып жатқан жаманат хабар қыздың жан дүниесін дүр сілкінтуі тиіс еді. Жүрегі тарсылдай соққан Мәзім: «Қалипаш енді қайтер екен, қасынан безіп кетер ме екен», — деп шошына кеткен.
Жоқ, бекер күдіктеніпті. Естіген сәтте өңінің құбылыңқырап, астыңғы ернінің дір ете түскені рас. Мәзімге жалт қарап, қозғалмастан қатты да қалды. Аласы ұлғая түскен үлкен қоңыр көздерінде — тек қана таңырқау нышаны. Әйтсе де, ойлағанындай шындап, үркіп жығыла қайғырған жоқ. Жеңілдеу етіп бір күрсінді де, әлгінде ғана жоғалтып алған әдемі күлкісін езуіне қайта ұялатып еді. Көңілді бір демейтін анық жақсылықтың белгісі. «Әлдеқандай заман болар» деп тынышын кетіріп жүрген бір жанды жері ғой. Енді, міне, Қалипаштың алдында жүзін жылытып, мүлде тазарды. Сол түні ғаріп болған ғазиз ана жайлы бастан аяқ жыр қылып айтып берді. «Жүрегің қандай үлкен, Мәзім, — деді оның әңгімесін құшағында жатып қыбыр етпей тыңдаған Қалипаш. — Қаңдай күйде болса да, ананды жек көре алмайсың. Соншалықты науқас болғандығына, кемдігіне қарамай, керемет сүйеді екенсің оны. Мен соны түсіндім. Сауығып шықса, алып кел. Қолдан келгенше қызмет етіп көрейін. Енді мен келгеннен кейін үй бұрынғыдай құлазып тұрмайды ғой. Келінін көріп, қатты қуанса, жазылып та кетер. Тіпті, тойды кейін де жасай жатамыз ғой».
«Тойды кейін жасаймыз» деген жай ғана сөздің өзі Мәзім үшін түйінді болып тұрған талай мәселені шешіп-ақ тастады.
…Ұзамай-ақ Мәзім көптен есігін ашпай кеткен қоршаудағы мекенге асыға жол тартты. Бұл кезде әжептеуір айығып қалған шешей де: «Қашан алып кетер» — деп, ұлының жолына қарап жүрген көрінеді.
Мәзімнің көрші ауылда тұратын немере ағасы Нәзір үй-ішімен келіп, біраз жатып кетті. Келін балаға құтты болсын айтып, көптен бері жүзін көрмеген шешейге амандаса келіпті. Аз ғана жақын туыстың бірі — осы. Мәзімнен жеті-сегіз жастай үлкендігі бар, екі баланың әкесі. Шарға бойлы, толықша жігіт. Сауда жағында қызмет істейтін. Тойды кейінге ысырғанды ол да теріс көрген жоқ:
— Бізге жарылып ештеңе айтпайсың келін әкелем деп. Аяқ астынан қалай енді. Біраз дайындық жасап көрейік, — деген. Үндемес мінезден шыққан бар лебіз сол. Шеше жайлы тиянақты сөз де айтып жарытпады.
Қалипашқа бұл кісі тек істің адамы сияқты әсер еткен. Кеңшар басшыларына құлаққағыс қылып, екеуінің қызмет жайын бірыңғайлы етіп кеткен сол. Мәзім — кеңшардағы техника қауіпсіздігінің инженері. Қалипаш та бухгталтерлік мамандығына орай бір есеп-шотты иеленді. Қол ұстасып қаз басқан жұбайлық өмірдің алғашқы шағы неткен ыстық десеңші. Кейін қартайған кезде жадыда қалған архивін ақтарып жіберіп, сол бір күндерді сағыныштан есеңгірей отырып, үздіге еске аларсың-ау. Көңілінде ерекше құрметпен сақталатын қызық пен ләззатқа толы ғажайып заман ғой ол.
Шеше тарапынан бәлендей қауіптің ұшқыны байқалмай, үйреніп кеткендіктен болар, жас жұбайлар өздерін анық бақытты деп сезіне бастаған кез. Екі-үш жыл иесіз тұрған жұпыны үй іші адам қолын көрмегендіктен тозып барады екен. Екеуі қол ұстасып жүріп, кеткен-кеткен жерлерін жөндеп, ақтап, сырлап дегендей даңғырлатып қояды. Күнде кешке дырду-думан, көңілді отырыстар. «Құтты болсын» айтқан жұрттың аяғы үзілер емес.
Бір күні Мәзім жұмыстан кешіректеу қайтқан. Үйге таяй бере байқаса, есік алдында өзін тосып анасы тұр. Беті өлі еттеніп, сұрланып кеткен ол екі бүйірін таянып алыпты. Алқа-салқа орамалының астынан қысқа шаштары селтиіп, ақ шелі қанталаған қой көздері тасырая қарайды. Ұрысқа бел шешіп кіріскен адамдай аузына жүгенсіз ерік беріпті:
— Ей, осы балаға айттым-ей. «Қайдағы жоқ қашақты ала берме» — дедім. Тыңдады ма, жарымес неме, «оқу-оқу» деп қаңғып жүріп, қаланың қайдағы бір шөп желкесін алып келіпті... Мен осыған қатын ал дегендей-ақ. Мынада, ес жоқ-ей, ес жоқ...
Келгелі бері тыныш сияқты. Амандаса бас сұққан ауылдастары баяғы сөзуар шешейді танитын. Әңгіме десе жаны кіріп, жайылып салып отыратын. Сөз саптауына қарап: «Жындыханадан шыққан кісі», — деп те ойламайсың. Алды-артынды орап, өзінді жаңылдырады. Сыр мінез емес былайғы жұрт айтқандарына қалтқысыз нанып қалуы мүмкін.
— Не болды, апа? Неғып осынша таусылып тұрсың? — деді шешесінің көңіл күйін жылдам аңғарған Мәзім.
— Ей, кет! Бар ары көсемсімей. Кешке дейін үй көрмей қаңғисың, сен нені білуші едің?
Шаңқылдаған ащы дауыс кешкі тымық ауамен айналаға көсіле тарап жатыр. Көрші аулалардан бейуақтағы айқайды қалқиып тыңдай қалысқан естігіш құлақтар байқалады. «Қызық көріп жапырласуын. Тап бір ауру екенін білмейтіндей-ақ». Төңірегіне ызалана көз жүгірткен Мәзім шешесінің одан ары шаптыға түскеніне қарамай, қолынан жетелеп үйге кіргізіп жіберді.
...Ауыз бөлмедегі диванның шетінде үрке қонақтап Қалипаш отыр. Әлгінде ғана таяққа жығылған адамдай рең жоқ, сұп-сұр. Бірін-бірі сүйрете кіргендерді назарына алып, есік жаққа көз қиығын да тастамады. Үйдің ішінде әлгінде ғана бір долы борасын бұрқап өткен тәрізді. Босағада ой тарқатып тұрмастан, Мәзім дереу келіншегіне тіл қатты.
— Не боп қалды, Қалипаш? Айтшы, неге үндемейсің?
Қолайсыз жағдайға кінәлі жан тап өзі секілді есі шыққан сасқалақ халде. Келіншегін иығынан басып сипалай беруді ғана білді. Сәл-пәл ес жиып, өзіне-өзі келгеннен кейін Қалипаштың айтқаны мынау болды:
— Қайта-қайта көшеге шыға бергеннен кейін: «Апа, отырып демалсаңызшы. Жұрттың үйіне барып қайтесіз»,- деп едім, соған-ақ болып қалғаны. Қараптан қарап тұрып, ұрсып ала жөнелді. Сөзімді ұғар емес, тіпті.
...Шешесін алып келгелі сызданып жатқан күңгірттеу бір қауіптің барын ептеп шамалайтын. Енді анық сезіп отыр, тоғанның ернеуін біртіндеп жырып әкететін су тасқынындай сол қауіптің бой көрсеткені осы. Келіншегін көңіл үшін әлсіздеу жұбатқанымен, іші әлем тапырақ. Тез арада әлденеге катты жүдеп, торығып кеткен. Өмірі мұндай жәбірді көрмеген Қалипаш үшін бүгінгі жай ашық күнгі найзағайдай есеңгіретіп тастаған төтенше жат құбылыс. Зиялы таза ортада өскен нәзік жанның ертең-ақ еліктің лағындай шошынып, үркіп шыға келмесіне кім кепіл. Жүрегіне жебеше қадалатын әлгі корлық сөздердің жандүниесін астаң-кестең күйретіп өткеніне дау жоқ.
Маңдайының соры бес елі өзіндей бақытсыз жігітке шыққаны үшін келіншегін бірінші рет қатты аяған. «Бұл екеуміздің жұбайлық өміріміздегі алғашқы шырғалаң. Алда бұндай жанжалдың сан атасы болуы мүмкін. Осыдан былай соған көндіге беруден басқа амал жоқ іштей егіл, сыртыңа шығарып, ақтарыла жыла. Бәрібір, ақыры, сен де мен құсап жынды шешенің илеуіне көнерсің, қайта бүгінгі оқиғаны көргенің де жақсы болды. Түбі басыңнан кешетін нәрсе. Шешей қашан жер қойнына кеткенше шыдайсың осыған. Шыдайсың».
Көзінің жасын жұтып, құшағында сұлқ отырған келіншегімен Мәзім осылай үнсіз тілдесті. Тек сыпайылап қана екеуін бітістірмек ниетпен іріктеп алған сөздерін айтқан.
Көңіл сыздатқан бұл оқиғаның қолайсыз әсері бірер күннен кейін ғана аз-маз ыдырағандай болды. Неге екені белгісіз, шешей де аузын тыйыңқырап, тыныш жүр. Тіпті келінімен арада ештеңе болмағандай, жайбарақат:
— Шайыңды қызылдау құйшы, — деп кесесін ұсынып жатқанын көресің. Кейде екеуі түннің бір уағына дейін отырып калса:
— І-й-й, айналайындар, ұйықтасаңдаршы, — деп кәдімгі естияр үлкендердей қамқорсып жатады.
Осындайда шешейдің бойынан күл арасындағы күмістің сынығы тәрізді әлі өше қоймаған аналық мейірбандылық сезілгендей болады.
Екі жастың көңіл-күйі бабына келіңкіреп, күлкілері де түзеле бастады. Қалипаш кейде тұрмысындағы кілтипанды мүлде естен шығарғандай, дағдылы мінезімен рақаттана күліп, күйеуіне балаша еркелейтін. Мойнына асылып, қытықтап ойнағанымен қоймай, бір ауық күйтабақты косып жіберіп, «Билейміз» деп қыстайтыны тағы бар. Өтініш жасап, сызылып тұру табиғатында жоқ, жұмыстан шаршап келген күйеуін еркелеп жүріп-ақ еріксіз үйіріп әкетуге бейім.
Соңғы кезде тараған эстрадалық әуендердің ырғағымен сымбатты денесінің барлық буынын былқылдатып билеген кезде, аузыңды ашып қара да тұр. Шалқыған әсем музыка, сол музыканың асау ырғағымен жарысқан тентек би қимылы Қалипашты табан астында өзгертіп жібергендей болады. Ақ құба өңі алаулап, қарақат көздерінде ерке де, тентек ұшкын ойнап шыға келген кезде, тек қуаныш, шаттық үшін жаратылған балауса сұлуды көресің. Бар дүниені ұмытып, би рахатына біржола құлай берілген Қалипаштың ең бақытты сәті де осы.
Мәзім жар жүрегіндегі әрбір дірілді, жылт еткен қуаныш пен болмашы мұң көлеңкесін жер сілкінісін тіркейтін нәзік аспаптай қатесіз сезіп, дәл ұғып отыратын. Үнемі жайдары жүретін Қалипаштың жабырқау сезімнен құтыла алмай, құлазыған көңілсіздікке еріксіз пенде болатын кездері де бар. Ол — үй іші ырду-дырдудан арылып, екеуінің бір ауық оңаша қалған сәттері. Бір-бірімен емірене табысып, күйеуімен жете сырласып кетсе де, әлденеге алаңдап, елегізиді де тұрады. Көңілінің бір түпкірі көшкен жұрттың орнындай құлазыңқы екенін де сезеді. Мұндайда әңгіме өзегінің қайта-қайта айналып соға беретіні екеуінің тіршіліктері.
¬ — Әлі түсінбей жүрмін, — деді ол бірде.
— Нені, жаным?
— Нәзір аға да туыстарың ғой?
— Иә, ол жағын есіңе салып едім ғой. Шешеміз бір, екі әкеденбіз.
— Сонда аға да осы кісінің баласы емес пе?
— Оған дауласып тұрған ешкім жоқ қой.
— Ендеше шешейді сол кісі неғып бағып-қақпайды?
Мәзімнің кідіріп қалғанын көріп, көмейіне тірелген ойды ірікпей айтып тастамақшы.
— Үйлі-баранды адам, жағдайы бар. Жаңа үйленген біздің қолымызға қаратқанша...
Турашыл жас тағы да ағайын арасындағы жағдайдың осал жеріне абайламай ұрынып отыр. Бұл да — жүректе кыжыл болып жүрген бір ұнамсыз құбылыс. Нәзірді аға деп санап, әжептәуір араласып жүрсе де, Мәзімнің оған деген ыкыласы шынайы туыстық сезімнің деңгейіне маңайлай алмай-ақ қойды. Іш тартып жақындаса түскісі келгенімен, ара қатынасы сол салқын, нәубез қалпы. Бір құрсақты жарып шыққан бір ананың төлі екенін ақылмен түсінсе де, ар жағы сұлық, тартпайды. Неге олай екенін өзі де анық түсіне алмайды.
Ағасының өрескел жаман мінезі немесе бүлдіріп тастаған ештеңесі жоқ. Рас, жеңгесінің көңіліне ептеп жакпайтын жақтары бар. Тым кірпияз, өзінше аксүйектігі басым.
Шешесін тыржыңдап ұнатпайтынын анық біледі. Бұрынырақ бір кездегі Нәзірге ұрысқан сөзі әлі есінде: — «Әкет, әкет... Жынды шешеңді мәпелеп отырар жағдай жоқ. Екі баланың үрейі ұшып өлетін болды әбден. Өкімет арнайы ашқан орын бар ғой. Апарып таста соған», — деп тұлданғанын қайтып ұмытсын. Шешесін ығына алып, пана болар ағасының түрі анау. Онсыз да қысқа мойнын ішіне тыға түсіп, әйелінің алдында әлсіз ғана ақталған болады. Мүмкін, Мәзімнің көңілі олардан сол кезден бастап-ақ суый бастаған шығар. Әйтеуір, іштей түйген байламы жалғыз-ақ, қандай күн туса да мүсәпір шешені Нәзір мен жеңгесінің босағасында тентіретпеу. Осы мәселенің түп-төркінін Қалипашқа жұқалап қана сездірген.
Демалыс күні еді. Шаруадан сәттік колы босаған Мәзім теледидар көріп, жайғасып отыр. Манадан ауыз үйде тырс етпей жатқан анасы әлден уақытта көлеңкедей жылжып келіп, бөлменің ортасында тұра қалды. Екі бүйірін таянып, өзіне ажырая карағанынан-ақ ұққан: тиісуге қара таппай, ізденіп тұрған адамның кейпі. Шынында да шешесі көп сарылтқан жоқ.
— Қашанғы өстіп езіліп отыра бересің, ей? Жұмыс деп күні бойы үй бетін көрмейсің. Үйге келіп алып шалжиып отырысың мынау. Шағып тастайын ба мына немеңді осы?
— Апа, не істе дейсің енді маған?
— Ей, бар әрі ақылдымсымай. Өзіңдей ана елдің баласына қарашы,- деп тағы да айыптай сөйлеп, ұшығын таптырмайтын ұзақ сөзге кірісті.
Ас-су қамымен жүрген Қалипаштың да құлағы осы жақта. Ана жолғыдан кейін жүрегі шайлығып қалған ол: «Апа, оныңыз не?» — деп басу айтуға кайдан жарасын. Тіпті, енесі жаққа көз киығын салуға да жүрегі дауаламас.
Осы екі арада сыртқы есік далия ашылып, кемпір кісінің тұлғасы көрінді. Ауыл үйге еркінси кіретін үлкендердің дағдысымен салдырлап сөйлеп келеді.
— Мына тұрған әлгі біздің Кәмила замандас па? Көзі құрғыр кайбір көргіш дейсің, танымай жатқаны. Амансың ба, ей, бәйбіше? Балаларың келіп, бірің екеу болып, көзайым боп жатырсың ба? Ей, жарықтық-ай, бір кезде келіскендей тәп-тәуір катын едің. Бүйтіп қойған кұдайдың ісіне не шара? Басқа салған соң, амал жоқ. Құр қалқиған басымыз, біз де кайбір жетісіп жүр дейсің, е-е-е, — деп келіп, Қалипаш ұсынған орындыққа жайғасты. Енді шешейдің дімкәс адам екенін де ұмытып үлгергендей, ескі көз замандастардың әдетімен қағыта сөйлеп жатыр:
— Әй, бәйбіше, өзің неғып ортаға тұрып алғансың? Жолға бөгет болмай отырсаңшы, тәңір жарылқағыр. Ие-е, келін бала, біздің ауылға үйреніп жатырсың ба? — деп, сосын әңгіменің ыңғайын үйдегі жастарға карай бұра берген. Кемпірдің тыным тауып аузын жинағаны сол-ақ екен, сөзді жерге түсірмей шешесі іліп ала жөнелді. Замандасын көргеннен кейін, тіпті жанып кетсе керек. Ішіндегі бар «құсасын» ақтарып, шағынып калмақшы. Кемпір сәл аңырап барып, кимешегінің бір жағын құлағынан асыра ысырды да, алдыға қарай итіне түсіп отырды.
Аяғы жеңілдеу бұл кісінің қысыр сөзге де үйір екенін Мәзім білетін. Шешейдің тілінен шыққанды ынтасымен ұғып алып, өтірік-шынын екшеместен, үйді-үйге жаятыны даусыз. Сонан кейін кімнің аузына қақпақ боларсың? Жақсылықтан гөрі, жамандыққа тезірек сену қай-қайсысымыздың да сіңісті дағдымыз емес пе? Дәл қазір шешеге де «қой» деп айта алмайсың, тыйым салғанын естісе, одан ары екіленіп өрши түспек.
Әбден тиянақтап ұғып алайын деген кісідей кемпір естігенін тақуалап, қайыра сұрады,
— Ей, кетші сен де. Неғып ұқпайтын кемпірсің өзің. Адам құсап айтып отырса, қақсап сұрай бересің келіп. Кереңсің бе, неменесің өзі? — деп шешей әуелі замандасының өзін біраз жерге апарып тастады.
— Не баста жөнді үй жоқ. Не ішетін тамақ жоқ, қаңғып отыр емеспіз бе, мінеки?
Мәзім болжағандай кемпір бұл сөздерге жығыла сеніп, құптай қойған жоқ. Келін мен баланың қысылған жайын түсінді де, естиярлық білдіріп, басу айтты.
— Қой, Кәмила. Ел аман, жұрт тынышта қайдағы жоқты көңірсітпе. Құдайға шүкір, балаң ер жетіп, оқуын бітірді. Келе салып, басын құрап жатыр. Қарағайдай белсендінің бірі болып, жұмысына орналасып алды. Қалың қыздың ішінен шертіп жүріп, аршыған жұмыртқадай біреуін қолына қондырып отыр. Тәуба де енді, — деген уақытта шешей көлденеңнен ышқына килігіп, сөзін бөліп кетті:
— Бұл өлез неме қайбір жетістіріп қатын алды дейсің. Қаланың шүлдірлеген бір шүйке басын жетектеп келіпті ғой. Қарық қылар мені.
Жайылып салып дабдырлап отырған кемпірдің санасына бірдеменің ұшқыны енді жеткендей еді. Әлгі әңгімесінің де, басалқы сөзінің де нейбетке рәсуа болғанын шапшаң аңғарды. Осылай өз бетінше ләйліп отырған адамға қателігін бетіне айтамын деу әурешілік. «Жөн, е-е, жөн ғой» — деген сияқты көңіл жықпас сөздерді майдалай айтып, шығып кеткенше асыққан.
Теріс қарап, тіршілігін істеп жүрген Қалипаш өзі туралы айтылған ауыр сөздердің бәрін естіді. Кісі аяғы басылып, оңаша қалған соң, ал кеп жыла. Зәбір көрген жетім баладай бір уыс болып, бүріскен қалпы ұзақ өксіді. Жағдайды жаймалай ұқтырып, жұбатқысы келген Мәзімді екі құлағын басып алып жолатар емес. Ең құрығанда, бір ауыз тіл қатсашы.
Сол күні екеуі алғаш рет арадағы салқындықты, үйлесімсіздікті сезді. Бұрын жүрегінің түбін кемірген үлкен уайым шешесінің жағдайы болса, оған келіп тағы біреуі косылмақ. Неғып басында бәрін ойлай алмай қалды екен? Шешесі мен келіні ептеп табысып кетер деген енжар сеніммен үйленді емес пе?
Қалипашқа деген сезімі айналасына тұман түсіргендей бәрін ұмыттырып жіберді ғой мүлдем. Алып-ұшқан ынтызарлық өз жағдайын бір сәт сабырмен ойлауға мұршасын келтірді ме? Біреудің мәпелеген баласын осындай ауыр халге душар еткені үшін өз басы ғана айыпты. Сырттай байсалды қалпын сактағанымен, іштей мүжіліп, дағдарып жүрген жайы бар. Күні бойы қызмет бабымен өзін-өзі қинап, үйдегі кикілжіңнен ойын шеттетуге жанын салады. Отбасының жағдайына қанық кызметтестері де Мәзімнің өңінен бәлендей қиналыстың ұшығын байқаған емес, ішкі сезім құбылысына ие болып, сыртына шығармай үйрене білудің нәтижесі.
Тек Мәзімнің жұмыстан екі күн босануға мұрсат алғанын естігенде біраз құлақ елеңдесіп калды. Шешесін қайтадан ауруханаға әкететін көрінеді. Шақшадай басы шарадай болып, қиналғанда тапқан бар амалы осы. Бірақ ертеңіне шешесін жетектеп, Мәзім қайта оралған. Тиісті тексеруден өткізгеннен кейін, дәрігерлер қабылдамай койыпты,
Үйге қайта келгесін де шешей құлақ түбіне ызыңдап, мазалаудан тыйылған жок. Енді күні бойы үй бетін көрмей, көше кезіп кететін өнер шығарды. Тіпті кейде кешкілік келмей де қалады. Ондайда Мәзімнің «барады-ау» деген кісілер-дің есігін қағып, іздеу салып жүргені. Үйге қамап ұстайын десе, аяқ-қолы сау адамды қуықтай бөлмеге қашанғы тығып отырмақ.
Ел аман, жұрт тыныш заманда қан жұтып жүрген осындай ауыр күндердің бірінде Қалипаштың төркінінен сап етіп екі адам келе қалды. Қыздың жағдайын білу үшін әдейі аттанған апа-жездесі екен. Мұндағы жағдайдан бейхабар олар: «Оу, күйеу бала, мұның қалай? Қызымызды алып кетіп, үн-түнсіз жатып алғаның не? Тіпті, аман-саулығын білуден қалдық қой», — деп мін арта қалжыңдай келіскен. Бір жағы өздерінің шақырусыз келіп қалғандарын жуып-шайғандағысы. Өзінен-өзі жүдеп, мүшкіл халде жүрген Мәзім не десін аяқ астынан. Есі шығып, мұндай жағдайда не істеу керектігін білмей, қайын жұртының алдында абыржып қалған. Әйтеуір, көрші-қолаңды шақырып, бір малды жығып, жұрттың басын құрады. Құдаларға Мәзімнің жағдайын түсіндірген қазақтың салт-санасын жақсы білетін қартаңдау кісілер: «Той да болады, басқа да болады. Жастар кішкене бастығып, жағдайларын түзесін. Ана жақтағы құда-құдағилар ептеп шыдай тұрсын», — деп істің ушығын түйіп берген де солар. Дегенмен, Қалипаштың туыстары іштері терең, сырға берік жандар болып шықты. Шешейдің жағдайын естіп, түршігіп калысса да: «Е, қайтер дейсіз. Жастар жарасып кетсе, бір бұйырғаны болар», — деген ыңғайда сөздің соңын жұтып, іштей тынды.
Қанша айтқанмен, бір құрсақтан шыққан бауыры емес пе, оңаша калған бір сәтте әпкесі Қалипаштан бір жағдайды қадалып тұрып сұрады. Сіңлісінен: «Бәрі жақсы ғой. Тек шешей болмаса...» — деп күмілжігеніне құлақ асқан жоқ.
— Қане, айт бәрін, ешқандай жалтарма. Азып-тозып кеткеніңді мен көрмей отыр деймісің. Не болды? Не күйге ұшырадың, сен бейбақ? Мұндай жынды адамның жағдайы белгілі, — деп тақуалап сұрап отырып, түгелдей айтқызған.
Әпкесінің иә аяғаны, иә ұрысқаны белгісіз, әйтеуір күйзеліп, таусыла сөйлегеніне бедірейіп тыңдап отыруға дәті бармады. Бір-екі аузы сөзден кейін-ақ еңіреп жылап жіберген. Сонан соң ашылар сыры ашылды ғой, енді неден қысылайын деді ме, өксіп отырып, шері тарқағанша ішіндегісін тегіс жайып салды-ай дейсің. Келгелі секемденіп, көңілі алағызып отырған әпкесі үнін жұтып, тымырайып отырып қалды. Сонан соң кенет шұғыл шешімге келгендей, сіңлісіне жалт қарады да:
— Сөзді қой да, жинал. Алып кетем сені, — деп бір-ақ кесті. Жасы сорғыса да, қызарып, шытынап тұрған Қалипаштың жанарында таңырқау ұшқыны пайда бола кетті. Балаға тән «осы шын айтып тұр, а», — деген сыңайдағы аңғал таңырқау. Жаңа ғана осы үйден азапты, бақытсыз ештеңе жоқтай таусыла, үмітін кесіп сөйлеп еді. Енді әлгі сөзді естігеннен кейін: «Жоқ, апай, өйтіп әурелеме! Мен кетпеймін бұл үйден. Ол мүмкін емес. Айтпашы ондайды, айтпа. Керегі жоқ», — деп аяқ астынан басқаша сөйлеп шыға келді. Бұнысына ептеп таңданса да, әпкесі әлгі айтқанын шегелеп, қадай отырып тағы қайталады. Ешқандай солқылдақтыққа, бостыққа көнбейтінін сездіріп, ойын әбден тереңдетіп, дәлелдеп әкеліп, сіңлісін бұлтартқызбауға айналған. Сөзінің ең түйінді де өтімді жерлері: «Он екіде бір гүлі ашылмаған жас баласың. Мына тозақты көріп тұрып, өзіңді-өзің қалай қидың? Мұны естісе, сорлы шешең не күйге түсер екен? Ең құрығанда, соны ойладың ба?» — дегенге саятын.
Қалипаштың қалқан ғып алдына ұстаған жауабы да жалғыз:
— Шешесі жаман деп қалай кетем? Мәзімді қайтып қиып тастаймын? Тұрмыстың ауыртпашылығына шыдай алмай тұра қашсам, кім болғаным? Сіз айтқан тозаққа жалғыз өзін қалай қалдырып кетем? Оның үстіне... — дегенде, өксігі жиілей түсіп, кірпіктерін төмен жықты. — Оның үстіне әке-шешемнің бетін калай көремін? Баяғы пәк, бала Қалипаш жоқ қой енді.
Сіңілімнің осылайша бетін басып, төменшіктеп қалғанын әпкесі елей қойған жоқ. Кішкене баланың еркелеп жылағанын қызық көретін кейбір үлкендердің ләмімен жымия түсіп, жүзін жылытты:
— Ой, құдай-ай, соны да сөз деп... Ұят ештеңесі жоқ оның. Қазір екінің бірі күйеуден кайтып келіп жатыр емес пе? Күйеуден шығу деген, тіпті мода болып кетті ғой. Сенің Мәзіміңнің әкесіндей жігіттерді таптап кете беретін қыздарды да көрдік, тіпті. Қор болып жатқан ешқайсысы жоқ олардың.
Екі жақты да жүйкелете қалжыраткан ұзақ тартыс, ақыры Қалипаштың сөзі үстем болумен аяқталды. Әпке-жездесі оның ойына келіспеген күйлері аттанды. «Түбі мына тірліктерің ұзаққа бармайды. Есің барда елің тап деген. Ойлан әлі де. Ең құрығанда, шешеңнің денсаулығын, өзің өскен отбасыңның абыройын ойла»,- деді әпкесі қыңыр қызды үгітпен көндіре алмасына көзі жетіп тұрса да.
— Неге кетіп қалмадың? Кеткің келсе, мен сені ұстап тұра алмас едім ғой, — деді Мәзім тағы бір оңаша қалған сәтте.
— Білемін... — деді Қалипаш тамағы ауырған адамдай сөзін үзіп-үзіп сөйлеп. — Әпкеме «кетпеймін» дегенді ...әдейі баса айттым. Әйтпесе мені мына тозақтан құтылып, еркіндікке шыққанша асықпады дейсің бе? Апамды сағынғанымды айтсаңшы... Ештеңеге алаңдамай кетіп қалуыма әбден болатын еді. Әпкем үгіттей бастаған кезде, өзімді-өзім әрең ұстадым ғой. Енді біраз айналдырғанда... шыдап тұра алар ма едім, кім білсін.
«Мен үшін, тек мені қимағандықтан ғана». Көкірегін мақтаныш сезімі кернеген Мәзім іштей айғайлап жібергендей болды:
— Қайтып жаксы көрмессің енді мұндай адамды! Өмірде мені түсінетін ең жанашыр жақыным!..
Көмейіне лықсып келген сөздерді жігіт елжіреп, күбірлей кайталады. Жанарына үйірілген жасты көрсетпеуге тырысып, келіншегін қапсыра құшақтай алған.
...Жас жұбайлардың тіршілігі мұнан кейін де сабасына түсіп, қалыпқа келе қойған жоқ. Тұрмыстың қай пұшпағы болсын айналып үйіріліп келіп бәрібір аурушаң шешенің жағдайына тіреліп жатты. Мойнына ілінген азаптың есесін екі көзінен алып, қарадай жасып жүретін Қалипаш бірте-бірте қатаюға айналды. Енесінің алдында үн шығаруға сескеніп, тартынып тұратын ол келе-келе, дауыс көтеріп ұрсып тастайтын жағдайға да жетті. Өзіне сұстана қараған адамнан енесі» кәдімгідей қаймығатын көрінеді. Қиындық дегеннің көлеңкесін де көрмей, ерке өскен жас көпе-көрінеу бошалаң тартып, тез-ақ жүнжіп кеткен. Тұрмыс қиыншылығы қас-қабағыңа, мінез-құлығына салқынын тигізуге айналып еді. Әсіресе, өзіне деген ықыласының солғындап, бір түрлі жат мінез таныта бастағанын Мәзім анық байқады. Бұрынғыдай алып ұшкан көзсіз ынтызарлық, шын сүйіспеншіліктің ізі суыған ба, бір селқос көзқарас, жүдеу салқындық сезіледі. Мәзім қанша айналып-үйріліп, бар пейілін үйіп-төксе де, илігуі ауыр, жетім ботадай бір түрлі тартыншақ.
— Ауырып қалған жоқсың ба? — деп бір-екі рет үзіле сұрап еді, жауабын шолақ қайырып, сырттай берді. Бұрынғыдай ашылып сөйлесуге де құлықсыз. Келіншегінің қасынан төңіректеп кете алмай жүргенін шешесі де байқап қойыпты.
— Жау алушы ма еді сенің ол қатыныңды? Жүр ғой, әне, кердең қағып. Басы-көзін бояп алып, қыдырғаннан басқа не бітіруші еді соның? — деді келініне ұрынудың ыңғайын таппай тұрған ол. Ұлының отырғанын арқаланып, тіпті екіленіп барады.
— Құдай-ай, әйтеуір көргеніңіз мен болдым ғой, — деді жанары жасқа тұншығып шыға келген Қалипаш басын көтере алмаса да, даусын қатайтыңқырап.
Үйдегі келіннің жөні бір бөлек емес пе? Осынша жерлеп, тілдейтіндей не жазығы барын Мәзім түсінбейді. Әйтеуір, көңілінің бұрауы келіспесе, Қалипашты нысанасына алып, шүйіледі де отырады. Бір рет тіпті көйлегінің өңіріне жармасып, қол жұмсауға дейін барыпты. Қалипаш кемпірдің саусағын жазып, итеріп жіберген екен, сонымен-ақ арылмас пәле, бітпес дауға қалды. Ендігі айтатыны: «Бәрін қойып, келінім мені таяқтап тастауға шықты».
Балаларының көздерінше үй ішінде айтқаны бір жөн, жүрген жерінде танитын-танымайтын ауыл адамының бәріне жайып болды. Бұл сөзге біреу сенсе де, біреу сенбеді. Бәрінен бұрын Қалипаштың жанына батқанын айтсаңшы. Ары таза, адал жас үшін бұдан өткен қандай қорлық болсын. Көшеге шықса, жұрт бір-бірін түртіп сыртынан күліп тұратындай. Бірде ту сыртынан: «Жап-жас болып енесін сабайтынын қарай гөр. Бәле осындай жыртақайлардан шығады», — деп қалды қыршаңқы тілді бір әйел.
Әйтеуір, кеудеде шыбын жаны шықпаған соң, амал не, намыс пен қорлықтан өртеніп, күл болып құрып кете жаздап жүргені мынау. Ененің көрсеткен қорлығы аздай, азап шегіп, қиналып көрмеген жан дүниесін өсектің өткір тырнағы осып-осып өтті. Аяушылықты, мүсіркеуді білмейтін тас көзді дүлей сөз.
Мәзім дүдәмал көңілмен қауіптене тосқан қызыл көз қырсық ес жиғызбастан, шұғыл келді. Әлгіндей жүдеу күндердің бірінде Қалипаш ернін жымыра, төмен қарап тұрып:
— Мен кетемін, — деді ақырын ғана.
«Болмаса екен, бетін ары қылса екен», — деп, бойы үркіп, шошына күтіп жүрген жаманшылық, ақыры, босағадан осылай сығалап та үлгерді. Жүрегі дір ете түсіп, үн-түнсіз сілейіп қалған. Өзін-өзі жеңуге ұмтылып: «Бұның әшейін әзіл ғой. Әзіл деп айтшы», — дегенді көзімен ұқтыруға жанталасты.
— «Шықпа жаным шықпамен» жеткен жерім осы болды. Бұдан ары халім жоқ. Маңдайыма жазғаны осы шығар, қайтейін. Қайтейін енді...
Осы бір ауыз сөзді Қалипаш қара терге түсіп, қиналып әзер айтты. Іштей әлденеше рет қайталап, өзін-өзі осыған күні бұрын дайындап келсе де, ойындағысын түгел жеткізе алған жоқ. Тек қана: «Қайтейін енді»,- деген сөздің астарынан-ақ Мәзім көп нәрсені аңғарып үлгерді.
Неге екенін кім білсін, көптеген тосып жүргені осы жалғыз шешім секілді, ешқандай таңырқамады да. Тіпті, келіншегіне жата жабысып, райынан қайтаруды да ойына алған жоқ. Араға уақыт салғаннан кейін барып, жасқана тіл қатып, сабырға шақырып көріп еді, Қалипаш іштей әбден бекініп алған екен. Әр сөзін нық басқан аршынды қадамдай қадап, тебіреністен тазарған қатқыл үнмен тоқтаусыз сөйлеп кетті:
— Мен сені жақсы көрем, Мәзім. Қимаймын шынын айтқанда. Бірақ сәл ойланып көрші өзің. Мені сүйетінің рас болса, мына сұмдыққа қайтіп қиясың? Әлі он екіде бір гүлі ашылмаған бала емеспін бе?
Көңілге түйген бар ойын ақтарам деп отырып, әпкесінің өзіне айтқан сөзін қайталап кеткенін аңғарған жоқ.
«Адам басында некен-саяқ кездесетін осындай қиыншылықтың өзіне төзіп жүрмін. Тіршіліктің басқа қиындығы бұның жолында не тәйірі», — деп Мәзім өзін әжептәуір өмір көрген көшелі кісідей сезінетін. Сондағы некен-саяқ кездесетін «ерекше қиыншылық» деп тұрғаны шешенің жайы. Махаббат сәтсіздігінің жөн-жобасы мүлде бөлек болатынын мына соққыдан кейін анық ұқты. «Еркекке бітпес қайсарлық ақын жанды нәзік жүрекпен қайтіп сыйысты екен? - болды ойының түйіні. - Тістеніп алып іштей азаптанса да, Қалипаш райынан қайтуды, тіпті де ойына алмады-ау!»
Мұнан кейін шешесі екеуінің ұшы-қиыры жоқ мән-мағынасыз күйкі тірлігі басталып еді. Күнделікті тұрмыста кездесетін түрлі оқиғалардың әсері зымыран уақытқа ілесе алмай, көңілде ескіре түсіп, өшіп те жатты. Мұзға қатқан қан дағындай жүрек түбінде жібімей қалып қойған — махаббат қайғысы ғана.
Қалипаш кетісімен, үйге бас сұғатын кісі қарасы да күрт азайған. Келінге «құтты болсын» айтып бітпеген үлкендер де, «құрбымыздың қолынан шай ішейікші», — деп өзімсіне есік ашатын ауыл жастары да іздерін суыта бастады. Енді көшеде жолыға қалса, мұның алдында кінәлі өздері секілді көздерін ала қашып, қибыжықтасып тұрғаны. Кісінің жағдайымен онша санаса қоймайтын парықсыздау біреулері: «Е, бәсе әлдекім құсап тұнжырамай, өстіп еркін жүргенің дұрыс. Бала белде, қатын жолда деген, қайтесің соны. Белінен басып тұрып тағы бірін аларсың» — деп мәселені сөз арасында-ақ шешіп тастауға бейім.
Жұбату айтып, Нәзір мен келіншегі кара көрсетіп қайтқан. Жат бауыр болса да бір құрсақтан шыққан ағасы ғой, ішіндегі күйікті Нәзірге айтпағанда, кімге айтады. Соңғы кездегі бастан өткен окиғамен қоса өзінің өмірден беті кайтып, жасына жетпей титықтай бастағанын да жасырған жоқ. Әйтеуір, аз да болса, шері тарқап, бойы жеңілдеп қалғаны анық. Көзін сырғыта тыңдайтын әдетімен Нәзір басын изей түсіп, інісінің жағдайын қалтқысыз түсінген қалып байқатты. Адам құсап сезім еркімен шешіле сөйлесу дағдысына жат қой. «Туған анаң болғасын қайтесің енді. Шыдайсың да. Бір реті келер кейін», — дегеннен аса алған жоқ. «Шешейді өздерімен ерте кетер ме», — деп үміттеніп еді, жеңгейдің қабағынан-ақ онысының есек дәме екенін түсінген.
Келінінен құтылып, жері кеңігенімен, шешейдің бабы бәрібір табыла қойған жоқ. Ендігі көзіне көрінген жалғыз қара — Мәзім, айналып-үйіріліп, соқтыға беретіні сол. Енді келіп — «қатынынан айырылған жетесіз, өлез», — дегенге шықты. «Мені жалғыз тентіретіп үйге тастап кетесің. Не ішетін тамақ, не киетін киім жоқ. Ұл болып көрсетіп отырғаның сол ма! Апарып таста мені жылы орныма», — деп тағы бір жыр бастаған.
Бір күн бензовоздың шофері кабинасына отырғызып, шешесін кеңсеге алып келді. Көрінген машинаға кол көтеріп, ауылдың шетінде тұр дейді. Алдап-сулап машинасына әрең отырғызыпты. Ауылға қайта бұрылғанын көргеннен кейін ал келіп әлекті салсын: «Төркініме бара жатыр едім, мұның не, кояншық неме? Түсір, ойбай, түсір», - деп тәп-тәуір айқайлапты. Сол беті каңғып кетсе, сайда саны, құмда ізі табылар ма?
Бірде жұмыстан кештеу оралса, есік аңырайып ашық жатыр да, үйде жан жоқ. «Іздеуді қай тұстан бастасам», — деп ойланып тұрғанда, сүрініп-жығылып ұшып келе жатқан баланы көрді. Өз деміне өз-өзі тұншығып, қылғына айқайлайды:
— Аға... ана жақта апаңызды ит қауып алды.
Бөтен үйдің қақпасына елпеңдеп кіре берген адамды шынжырлаулы төбет арс етіп бас салыпты. Тіс жеңнің бір жағын жалбыратып алып түскен. Білегі едәуір жара болып, қарақотырланып әрең жазылды.
Аяғының желі бар қыдырмашы кісіге бұл да өзінше сауап. Ауыл-үйді адақтап, жұрттың асын ішуге әуестік ежелден дағдысы. Сау кезіндегі мінезбен күніне ауылды бір аралап шықпаса, ішкені бойына тарамайтын сияқты.
Иттің тісінен кағынып ұшынған жара ескі сыркатты да ушықтырып жіберді. Тағы да қоршаудағы ескі мекеннің есігін сығалауға тура келді. Жарымжан байғұсты аз уақытқа болса да тиесілі жеріне өткізіп, бір жеңілденді-ау.
Шешесін қолға алғаннан бері ес біліп, етек жауып, өз-өзіне келгені осы шығар. Бейне бір шет-шегі жоқ шөл даламен жүгіре-жүгіре, өкпесі өшіп жығылып, әбден титықтаған соң, аяқ суытып, ес жинаған адамдай дел-сал. Сол кісінің көңілін тауып, жағдайын жасаймын деп діңкелеумен-ақ өмірдің мағыналы сүрлеуінен қалай шығандап кеткенін енді аңғарып отыр.
Жастықтың бар күш-жігерін, қайталанбас қабілетін үлкен-үлкен мақсаттардың жолына сарқа жұмсаса, арман не. Күйкі тіршіліктің шырмауынан босана алмай, тиесілі ғұмырын беталды бос өткізіп жатқанын енді анық мойындады. Өмір ағынына ілескен өз қатарластары әлдеқашан ойлаған мақсаттарын жүзеге асыруда. Тірліктерінде ілгерілеу мол. Бала кезінен-ақ көкірегіне тамшылап жиналып, беки түскен қаншама арман бар еді. Соның бәрі оп-оңай орындалып, іске аса қоятындай есейгенше асыққанын айтсайшы. «Ауру шеше асу бермес таудай кедергіге айналар»,- деп сол кезде парықтай алды деймісің. Бұдан былайғы бүкіл тіршілігінің сол кісіге мықтап байланғанын да ойлауға шарқы жетпепті ғой.
«Көз жазбай хабарласып тұрармын» деген оймен алысқа бармастан, жақын жердегі оқуға да сол кісіге бола түсті емес пе? Әйтпесе «конструктор болсам» деген арманын қуалап, алыстағы бір оқу орнына тартып кетсе, кім қой дер еді. Тіпті, техникумда жүрген кезде де өз арманынан бәлендей үмітін үзе қойған жоқ.
Енді, міне, үйде оңаша қалысымен-ақ сол бір ұмытуға айналған сергектік, шығармашылық ой-сезім қайтадан бас көтеріп, төңіректей бастады. Күні бойғы жұмыстан кәдімгідей қалжырап оралатын ол үйге келісімен, ұйқыдан жаңа тұрған адамдай сергіп сала береді. Сонан соң қағаз-құралдарын жайып салып, көк түтінге көміліп отырғаны. Студент кезінен басынан мықтап орныққан бір идеяны іске асырудың сәті енді келгендей еді. Қой тоғытатын механизмнің жобасын әбден ойланып, дайындағаннан кейін совхоз басшыларына ұсыныс жасап көрмекші. Ғылыми теорияларға жүгіне отырып, асықпай еңбектенуді қалайтын қағаз тауқыметі. Әбден даяр болғанша бұл ісін де жұрт көзінен таса, құпия ұстай тұруды жөн көрген. Кім біледі, жұрт құлағына тисе, қылжақбас құрдастары қағытып, мазақ қылып жүрулері де мүмкін ғой. Сондықтан жасап жатқан еңбегін былай қойып, ниетін де ешкімге сездіргісі келмеп еді. Бірақ оның сәті түсе қоймады.
Алдына кағаздарын жайып салып, түтінге көміліп отырған кештердің бірінде касында екі жолдасы бар Қизат деген жігіттің кіріп келмесі бар ма? Совхоздың үшінші фермасында бригадир.
Мәзім алғашында не істерін білмей, кәдімгідей сасқалақтап қалды.
— Төрлетіңдер, жоғары шығыңдар, — дей берді кағаздарын жұмарлап, асығыс жинастырып жатқан күйі. Жігіттер көңілді екен, мұның абыржығанын онша елеместен, даурыға сөйлеп, жағдай сұрасады. Сөз арасында ауру шешейді де аузына алысып кояды.
— Мынау сызғылап жатқаның не өзі? Техникумнан ала келген шаруаң ба? — деді ақ көңіл Қизат Мәзім жаңа ысыра салған қағаздарға назар тоқтата қарап. «Көрмей-ақ қой» дегенше болмай, қолына ілінген біреуін ашып үңіліп те жатыр: — Мә, мынауың өзі кәдімгідей чертеж ғой.
Кұпиясы осылай ашылып калса да, Мәзім айтқысы келмей, жалтара сөйлеген. Оның әлденеден ыңғайсызданып тұрғанын аңғарған Қизат сұңғылалық жасап, көп шұқшиған жоқ. Қалжыңдай сөйлеген күйі әңгіменің тақырыбын басқаға аударып әкетті. Жігіттердің бірі шахмат тақтасын қолтықтай келген екен, дереу тастарын құрып жіберіп, үй иесін ойынға шақырды.
Ортан қолдай бір азаматтың тағдырдан тауқымет тартып жүргенін көзі көрген Қизат бүгін әдейілеп осында келуді ұйғарып еді. Өзі бригадирмен қоса фермадағы комсомол ұйымының жетекшісі де. Қатардағы комсомол мүшесіне қол ұшын осындай қиналғанда бермесе, қашан бермек? Қасына бензовоздың жүргізушісі Серік пен веттехник Бағланды ертіп алғаны да сондықтан. «Көңілі жарым жігітпен біраз отырып, сергітіп қайтайық», — деген ұсынысты ол екеуі де дереу қолдады.
...Ана жолы көрген чертеж жайын Мәзімнен сыр тарта отырып, анықтап білген Қизат бұл жобаны дереу іске асыру қажеттігін айтты. Мәзімнің тартыншақтағанына да қарамай, шаруа басында жүрген кісілерге мәлім етіп те қойыпты. Ақыры, осы жобаның негізінде совхоздағы екі тоғыту пунктінің бірін жаңаша салу ұйғарылып еді.
Өз қабілетінің жетер жерін танып, творчество ләззәтын анық сезінген бақытты кезі. Қолға алған жұмысына тереңдей кіріп, ойы орныға түскен сайын, шешесін де сирек еске ала бастаған. Оның есесіне, неге екені беймәлім, басы сәл жеңілдей қалса болғаны, Қалипаш туралы ойлар қарақшыдай торуылдайтынды шығарды. Қалипашқа қатысы бар осы үйдегі әрбір зат мұның көзіне түскіш. Еріксіз ой тарқатуға солардың да себеп болуы ықтимал.
Есіне оралған сайын оған деген таусылмас сағынышы да ұлғая түсетіндей. Сондай аяулы жанды маңдайына сыйғызбаған шеше жарықтыққа қайтіп іші жылымақшы. Баласының жасар тіршілігі мен көрер қызығына, бүкіл өмірлік мүддесіне өзге емес, туған анасының кедергі болуы неткен әділетсіздік? Есі жарым байғұстың жеткен шама-шарқы, сол, қайтсін. Түптеп келгенде, ауру шешеге емес, осылай әділетсіз құрылған тағдырға өкпелеу лазым емес пе? «Иә, иә, менің анамды кеміс еткен, соның салдарынан менің өміріме де залалын тигізіп, қарадай қатігездік жасаған тағдыр ғана жазықты».
Шығармашылық тірліктің шын рахатын тарту еткен сол бір қысқа кезең Мәзімді кәдімгідей сергітіп тастаған еді. Өзіндей жұрттың көшіне ілесіп, еңсесі көтерілген. Қызметі де жанданып, басшылардың оң көзіне іліге бастады. «Келе шегі бар, өсетін бала екен. Айырылып қалмаңдар», — деп кеңшардағыларға жоғарыдан табыстап жүргендері де болды. Бірақ жігіттің алдын ала секемденгеніндей, бұл күй ұзаққа созылған жоқ. Аурухана күтімін тоғыз ай көріп, асықпай емделген шешесі келесі жазға қарай үйге қайтып оралды...
Ел қатарлы жібі түзу шаңырақ құрудан шындап күдерін үзуге айналғандай. Сезімін лапылдатып әкететін, шын өмірлік жар болуға татитын әйел баласы кездесе ме, жоқ па? Ендігі әрекеті «Әйтеуір үйленсем», деген құрғақ ниеттің садағасы ғана. Оның өзін Қалипаш кеткесін, бірер жылдан кейін ғана ойға алып жүр. Рас, сырт пішіні көңіл толтырар бойжеткен қай жерде де ұшырасады. Солардың ішінен жүрегін оятып, сезімін козғаған біреуі болсашы. Қалипаштан кейін беріш болып, кірленген көңіл жасына жетпей шау тарта бастағандай.
Баяғы мектептегі Арыскүл де, Қалипаш та бұл күндері тек көрген түстей, ұстатпас сағымға айналған.
Сөйтіп, күйкі тірліктің көлеңкесінен шыға алмай, құрғақ қиялмен күн өткізіп жүрген шағында жүдеу көңілін жылытып, жұтаң ойларына қозғау салған бір бейне жолыға кетті. Кездейсоқ жол үстінде танысқан. «Аудан орталығындағы наубайханада технологпын», — деді. Аса сезімтал болмаса да, бір қабат тәуір мінезі бар сияқты. Көз қиығын бетіңе сақтықпен жүгіртіп қойып, аузыңдағы әңгімені мұқият тыңдауға шыдамды. Қалыңдау жұмсақ еріндерінде ылғи да биязы жымиыстың табы тұрады. Мінез-құлығының осындай ұнамды жактары біртоға инабатты жан деген байламға әкелетін. Екеуінің жан-дүниесі тез-ақ табысып, бір сыпайы үйлесіммен оңай ұғысты. Шын ынтызарлықпен өліп-өшіп табыспаса да, жүрек түбінен сызылып келіп, шымырлай жайылған жылы сезім, жақсы ілтипат байқалады. Қыз-жігіт ретінде жақындасып, сырласып кетісімен, екеуінің ендігі келешегі анықталып та қалғандай болды. Ішкі дүниесінен шым-шымдап сыр тартудың арқасында қыздың өзіне өмірлік шапағатын тигізуден бас тартпайтын адам екеніне көз жетті. Ішкі есебі, қалтарысы көп кейбір қыздардай түлкі бұлаңға салып, өтірік бәлсінген жоқ. Оңай ұғылды. Сондықтан, тәжірибелі жігіт артық әуреге түсіп, айтар ойын сағызша соза беруді қажет деп таппаған. Екеуінің бұдан арғы өмір жолын бір ізге салуды қалайтынын тайсалмай, төтесінен білдірді. Әр нәрсені түртінектеп сұрай беретін Қалипаштың әуесқойлығы бұл бойжеткеннің бойында атымен жоқ болып шықты. Сондықтан, Мәзім сұратпай-ақ өзі жайлы көбірек әңгімелесуге тырысатын.
«Аузы күйген үрлеп ішеді» — былайша, көнелеу көрінгенімен, мағынасы өміршең мақал. Қалипаштан алған ащы сабағы қайқайта соққан қамшының ізіндей арқасына әлі де батады. Болары болып, бояуы сіңгенше шеше жағдайын бітеу жарадай сыздатқаннан көрген пайдасы белгілі. Өзара пәтуаласқан соң, көп ұзамай-ақ, Мәзім әріден шиырлап келіп, өзі туралы асықпай баян еткен. Өмір, махаббат, отбасы жайлы жылдар бойы жинақталып қалған ойларын түйіндеп, дәмдеп, жеткізе сөйлеп еді. Қыздың ішкі әлемін баппен дайындап, өз тұжырымдарын мақұлдап әкеліп, ең негізгісі — шеше жайын соңында бір-ақ айтқан. Бәрі-бір болатын іс, ащы шындықтан шыңғырсаң да, қашып құтыла алармысың.
Қыздың жымиыспен шырайланып тұрған бидай өңі кенет тогы азайған шамдай солғындап кетті де, езуін дереу жинай қойды. Аяғының астын сипалап тұрған момақан жанарларын лып көтеріп алып, жігіттің жүзіне бағыттаған. Өзінше сабыр сақтап, іштен тынған түрі. Сезімтал жігіт қыз көңілінде ұйтқыған тентек құйынның лебін анық байқады. Өз жүрегінің лүпілінен өзі үркіп, бет моншағы үзіліп тұратын бұрынғы тәжірибесіз бозбала емес.
— Ойыңды айт енді. Не демексің бұған? — деп қыздың түпкі ниетін суыртпақтай түспек. Аяқ астынан не десін ол. Көңілі дәйектейтін тиянақты жауап ести алмаған Мәзім дүмбілездеу оймен қоштасқан.
Мәселенің анығына қаныққаны кейінірек. Жігіттің әйел тастаған адам екенін естіп қыңырайып жүрген қыздың туыстарына мына хабар, тіпті оңдырмай тиген дәл соққы. Жан-жақты талдай келіп, кыздың осы жігітпен тұрмыс құрмақ ниетін бұзыпты. Онсыз да Мәзімнің мәліметінен соң сезіміне солқылдақтық жасап, екі ойлы болып жүрген қыз жақындарының бұдан арғы үгіт-насихатына төтеп бере алмады. Не десін Мәзім. Тіпті, қызды көндіргенімен, түбі әйел болып жарыта қоюы екі талай. Шешесі тірі тұрғанда есі бүтін қай қыз есігінен сығалауға тәуекел етпек?
Кеудесінен еріксіз жалын аттырып, жасытып кеткен кезекті сәтсіздік. Жастық шақтың әбден кемеліне келген кезінде көңіл күйдің күрт құлдырауы. Бақытсыздық ұғымы өз басына ғана жазылып қойғандай қатты налыған.
Уақыт әр адамның, әр ошақтың басына өз бедерін қалдырып, оралмас жағына қарай сырғып жатты.
«Қайтсем де бір жерден шығамын», — деп қанша жұлқынғанымен. Мәзім тағдыр күні бұрын сызып қойған шеңберден аса алған жоқ. Мойнынан шалма ілінген асаудай тулап-тулап, саналы әрекетінен ақыры ештеңе өнбейтінін сезді де, тұрмыстың ыңғайына ырықсыз жығылды.
Жұрт қатарлы бас кұрап, үй болуды былай қойып, күйкі тірліктің қарапайым қызығы бұйырып тұрса, қане? Қыл-аяғы тыныш отырып, ыстығын ұрттап, бел шешіп тыныш ұйықтай да алмайды. Өстіп, жай тіршіліктің өзіне қолы жетпей, қақтығып жүрген адамда қайдағы ұлы арман, қайдағы биік мақсат? Жыл өткен сайын шешей байғұс та қайбір оңала койды дейсің. Жындахана мен екі араны тоздырып, берекені алғаннан басқа берері жоқ. Дәрігерге сүйреп әуреленбейін десе, кесел күшейіп, көтерілген кезде бір әлек. Дерттің салқыны тарап, есі кірісімен, аурухана да ұзақ ұстамайды. Табиғатынан акылы кемдеу кісінің кейбір ерсі қылықтары сау күнінде де бар-тын. Ауруының кейбір сипаты өзге жындылардікіне онша ұқсамайтыны да сондықтан болар. Жасы ұлғая түскенімен, баяғы зар жақ қалыбынан танып көрген емес.
Алыста жүрсе де, медеу қылатын жалғыз ағасы Нәзірдің төбе көрсетуі анда-санда ғана.
Еркіндікке үйренген, әлденеге разы болмай, үнемі мазасызданып, жүретін шешей оның үйінде ұзақ шыдап жата алмайды. «Ана келін кімді сыйғызушы еді? Беті көгеріп, жолатар емес», — деп бір күні қайтып келіп отырғанын көресің. Тырысқақ жеңгесінің қолына қаратып, ауру шешенің обалына қалар жайы жоқ. Былайша, сіз бен біздің бабын келтіріп, сызылып тұрған сыпайы жан. Енесі десе болғаны — әзірейілдің түгін көргендей тыжырынып шыға келеді. «Үйге әкеле берме дегенім қайда? Түрін көріп, балалар әбден шошымалы болатын болды», — деп Нәзірге кыстыға ұрсып жатқанын Мәзім бірнеше рет естіген. Аз күн қолына алғанда, бағып-қағуы да өзінше бір жосын. Шешейдің төсек-орнын, ыдыс-аяғын бөлектеп, тамағын да жұрттан жеке береді екен. Адам деп елейтін емес. Естіген құлақта жазық жоқ. Бір рет Мәзім морт кетті. Үндемей жылдам киініп алды да, шешесінің де сырт киімдерін жинастыра бастады. Аға-жеңгесінің алдында ұятты жиып қойып, бейуақытта жолға шығуға қамданған:
— Е, батыр, мұның не? — деді ағасы сәл қабағын шытыңқырап. Бұл қай сасқаның?
— «Есің барда, еліңді тап» деп жүр ғой жеңгеміз. Сол кісінің айтқаны болсын.
Қыстыққаннан ашумен тым зілденіп айтты. Істің насырға шауып бара жатканын түсінген Нәзір: «Әй, қой..., мұның...» — деген тәрізді әлсіздеу басалқы сөздермен екі жақты мәмілеге келтіруге тырысты. «Әй, қатын, сен оңбайсың», — деп бір жағы келіншегіне де сөйлеп жүр. Төмен қарап тұқырып қалған келіншегі бірдеме деп күңкілдеген болады. Көңілі әбден қатайып алған Мәзім ештеңеге бөгелген жоқ. Шешесін дедектетіп жетелеген күйі алды-артына қарамастан, жолға шықты.
Ашу үстінде істеуін істеп алса да, артынан ернін тістелеп, іштей кина-луына тура келген. Намыс пен қорлыққа шыдамай, бір ағаттық жібергені анық. «Өздері де қайбір жетісіп жүр еді, — деп ойлады сабыры шымырлап арнасына түскен кезде. - Жеңгейдің де ренжитініндей бар-ау. Балалы-шағалы адамға өзімен-өзі алысқан кісіні күту де оңай болып па? Бір емес, екі емес, қашанғы төзе берсін? Қайта жеңгейдің менің көңіліме қарап, көндігіп жүргенін айтпайсың ба? Оны қойып «сүйдім-күйдім» деген Қалипашың не қылды, әне? Сонан артық па еді ол. Бекер-ақ араздастым».
Бір жақын тартатыны нағашылары еді. Жынды туыстан жеріп болғандай, олар да соңғы кезде тышқан ізін салмауға айналды. Осылардың бәріне ерегіскеннен шешенің бар азабын нағылса да енді өзі ғана көрмек. Әбден суыған көңілдің туысқан атаулыға деген жылуы кеміп біткендей.
Сырттай қарағанда уайым-қайғыға әлі беріспей келе жатқан сияқты көрінетін баяғы ақ жарқын жігітті тағдыр әбден илектеп-ақ бақты. Бұрын маңынан жүрмейтін нәрсесінің бірі арақ болса, жасы жиырма бестен аса онымен де жақындасуды шығарды. Өзгелер тәрізді ар жағы тілеп, құныққандықтан емес. Ішін жалаған ащы күйік кең дүниеге сыйғызбай, шиыршық атқызған шақта ептеп көңілін демеп, қасіретін жұмсартатын дәру есебінде дәндеді. Күнәһар, бұзақы пенденің де кейде құрдымға кетіп бара жатқан адамға жасайтын сатулы жақсылығы болады. Ағаштың діңіне түскен құрттай адамды ой кеуектеп, көңілі жетімсіреген шақта арақтың да бір септігі тиетін сияқты.
Бөтелкелес серік іздеп, дүкеннің түбінде тиын санап тұратын бейшара дағдыдан аулақ. Ішуді ойға алысымен, бір шиша ақты портфеліне салып әкеліп, өз үйінде жеке жайғайтын. Арақтың уыты санасын дендей бастаған кезде өзімен-өзі күңіреніп сөйлеп кететін әдеті. Қатты күйінген кезде:
«Сен қақбас, не өлмей, не қоймай, түбіме жеттің-ау, ақыры. Жұртқа осынша таба қылып, бақытымнан қағатындай не істеп едім саған? Жазығым не? Бүйтіп азабыңды тартқызатын болсаң, неғып өмірге әкелдің? Тағы көрсететін нең бар маған? Айтшы, қане!» — деп, шешесіне тепсініп жетіп барушы еді. Бір ғажабы, елірмесі ұстап жатқан күннің өзінде де шешей мас адамды көрсе, жуасып сала беретін.
Зады қорқақ кісі, сескенер адамын оңай таниды. Зіркілдеген ұрыстың соңы әлдебір зарлы, күйінішті үнге ұласып кететіні де бар. Ондайда шеше жайына қалып, өзімен-өзі әуре болып жүргені.
Кейде бөлме ішінде сенделектеп, еңіреп тұрып жылағанды жайшылықта өз басына ұят санар еді. Кеудені долы күйініш тырналап, тарпаң сезімдердің талауына түскенде, өзіңді, тіпті де ұстай алмайды екенсің. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» дегенді өмір көрген жұртшылық бекер айтпапты. Екеуі екі басқа жан болғанымен, шешесінің өзімен өзі сөйлесетін әдетін Мәзім байқаусыз қабылдап алған сияқты. Мүмкін, титығына тиген жүдеу тұрмыс осыған еріксіз үйреткен шығар. Әйтеуір, іштегі шерін төрт қабырғаға түгелдей ақтарғанда барып бір жеңілдейтіні анық.
Адам баласының басына түскен төтенше ауыртпалық әр түрлі жұрттың өзіне деген көзқарасын да екшеп, анықтап береді екен. Қалипаштың кетуіне түрткі болған себептердің бірі ауыл-үйдің өсегі өрт жалынындай шалқып алдынан тағы шыға берді. Мұндайда ешкімнің аузына қақпақ бола алмасына көзі әбден жеткен.Тек тістеніп алып, үнсіз шыдағаннан басқа лаж қайсы? «Басқа түссе, баспақшыл» дегендей, амал жоқ төзеді бәріне. Қандай сорақы сөз естісе де, ашу-ызасыз салқынқандылықпен қабылдамақ. Бірақ «шыдамның да шегі бар» деген рас екен. Жарқышақ сөздердің жанға батқан жарасы да тіпті ауыр көрінеді.
Бір күні гараждағы механизаторлардың бірімен шартпа-шұрт келіп қалды. Ептеп жұтып алып, токарьларды жағалап жүр еді, әлгінің;
— Бері келіп, маған көмектесіп жіберші, — дегені. Двигательдің бір болтын орнына түсіре алмай, әбігерленіп жатыр екен. Асықпай қасына келіп, болттың екінші жағын ұстап тіреп тұрған. Екеуінің беті жанасып, демдері де шарпысып қалды. Сол-ақ екен, тракторшы жігіт мұрнын тыржитып:
— Жарайды, таста қолыңдағыны. Әбден тойып алған екенсің. Бет қаратпай, мүңкіп тұр ғой аузыңнан, — деді жоқ жерден кісімсіне қалып, Мәзім оның бетіне бір қарады да, кілтті ұстап тұра берді.
— Бұра, бұрасаңшы өзің, — деп қояды тағы түк естімеген кісі құсап. Анау енді өршиін деді:
— Әкел бері! — деп кілтті қолынан жұлып кеп алмасын ба. — Бар, қайқай енді!
Қанша көнбіс, шыдамды дегенмен, намысы нардай ер-азамат емес пе? Оның үстіне ептеп ұрттап алғаны тағы бар, Мәзім де шықты сызданып. Екеуі әжептәуір сөзге келіп калды. Жұрттың өздеріне назар аударып, елеңдей бастағанын аңғарған тракторшы жігіт жеңілмеудің қамын қарастырып, карсыласының бетін мүлде тойтарып тастауға бел буған:
— Немене, жұмысқа ішіп келгеніңмен қоймай, мені сабағың келді ме? Ана жынды кемпір ғой деп пе едің мені таяғыңа көне беретін.
Мәзім бір сәт сөзден қаймыққандай:
— А-а, не дейсің? — деп бөгеліп қалды.
— Мүләйімсуін енді келіп. «Ішіп алып шешесін күнде сабайды» деуші еді. Рас екен ғой. Бәсе...
Атылып барып жақтан қойып жібергені ғана есінде. Қайта неге қолындағы ауыр кілтті сілтемегеніне таң. Содан екеуі ұмар-жұмар алыса кеткен сықылды. Қабырғасын күтірлете тағы бір-екі пергілеп өткен де болуы керек...
Ақыры, сол жолы дәм-тұз тартып, он бес тәулікке жатып шықты. Істеген қылығына қарап, одан да ұзаққа кетуі мүмкін еді. Жанашыр жұрттың арқасында сонымен-ақ құтылып, бір «уһ» деген. Әсіресе совхоз дирекциясы мен Серік, Бағлан сияқты жан-дүниесін жақсы түсінетін жолдас жігіттер көп көмек көрсетті. Бұл кезде Қизат қызмет бабымен көрші ауданға ауысып кеткен болатын. Совхоз жұмысшылар комитетінің төрағасы болып тағайындалған Бағлан Мәзімді әрдайым қанатына алып, қамқорлық көрсетуге тырысып жүретін. Жақын-жақыбай, ағайын-туған десек те, адам үшін жұмыс істейтін орта мен жолдас-жоралардың орны бөлек екен.
Обалы не керек, Мәзімді тек мүсіркеп кана қоймай, оның жалғыздығын сездіртпей уайым-қайғысына ортақтасып жүргендер де болды. Қайта, қасына ешкімді жуытқысы келмей қашқақтайтын — Мәзімнің өзі. Жан-дүниесі топты ортадан гөрі, оқшаулықты, жалғыздықты көбірек қалайтыны несі екен? Жұртпен үнемі араласып жүріп байқағаны — көпшілік кісінің ортасында өзін еркін ұстай алмайды екен.
Мәзім бір үйдің жалғыз баласы болатын. Кішкене кезінде еркелігі де бар еді. Шалы қайтқан соң, көп ұзамай кемпір шалықтайтынды шығарды. Мәзім Орта мектептің соңғы класында оқитын. Шешесінің оңаша өзімен өзі сөйлесіп, бет алды лағып жүре беретініне үйренген.
Мәзім сабаққа кеткен кезде жалғыз кемпір тағат тауып отыра алмай, үйден шығып қаңғып кетуді дағдыға айналдырыпты. Сондай жат мінез-құлықтың ақыры дәл мынадай болар деп кім ойлаған. Тіпті оғаш қылық көрсетіп жүрген адамды дәрігерге көрсетіп алу керектігін де ешкімнің қаперіне келген жок. Шешейдің жынданып кеткеніне анық көз жеткенде барып, амалсыз қозғала бастап еді. «Бәрі де анау жарылыстың зардабы ғой, — десетін үлкендер.
— Кәмила шешейдің төркіні сол жақта емес пе? Баласына ауыспаса де қайта.
Құрсағын жарып шыққан баланы ақ сүтімен ауыздандыру — қай әйелдің де қарапайым аналық борышы. Сол үшін міндетсуге шешесінің де толық қақысы бар. Өсіп-өну үшін жаралған тірі табиғаттың өз заңдылығы ол. Тек инстинктің жемісі болып саналатын осы әрекет өмірге жаңа келген ұрпақтың мойнына мәңгілік қарыз жүктемек. Мәзім анасының қылығынан түршіге тұрып, бәрібір ана мен бала арасындағы өзгеше жақындық қатынасты үзіп кетудің мүмкін еместігін мойындады. Мойындап қана қоймай, соған әбден көндікті де.
Үздіксіз рухани қажыс бара-бара адамның жұмысқа деген ықыласын да қайтарып тастайды екен. Қызмет бабымен өскені сол, техника қауіпсіздігі инженерінен құлдырай келіп, тиянақтағаны — қатардағы механиктің жұмысы. Мүмкіндігін пайдаланып, бір мансапқа ие болуды ойына да алған жоқ. Бір кезде қызмет істеумен әжептәуір қабілетті көрінген жігіт бірте-бірте көп жұрттың арасында елеусізденіп, ұмытылып та кетті. Жыл өткен сайын жұртпен араласуды сирете түсіп, қоңырқай, жұмсақ өмір кешіп еді. «Үйленіп бас құрасам» деген ниетінің жайына қалғаны екінші сәтсіздіктен кейін. Отызды аралаған кезінде: «Жалғыз басты біреуді кіргізіп алсам», — деген жаман ойдың басы көтеріліп барып, қайта сөнгені рас. Қасаң тартқан жүдеу көңіл жұмысқа қандай зауықсыз болса, тіршіліктің басқа жыртық-тесігін бітеуге де пәстеп қалған еді. Тек өз жүрегіне лайық махаббат гүлі Қалипашынан айырылған соң, тұрмыс құрудың қызығы да кеткендей. Енді ішкі әлемін жарқыратып, көңіл күйін өзіне ғана аударып әкетер дәл сондай жанның алдынан кездеспесі аян. Кездесер еді, қол ұстасқан жастық пен махаббаттың ауылы уақыт өткен сайын өстіп алыстай түспесе. Тіпті, жас болғанның өзінде де махаббат дәніндей шырын сезімін түгелдей Қалипашқа арнап, тауысып болғандай.
Үйден аттап шықпай, ұсақ тірлікпен көбірек айналасуы да шешесінің қамы. Жасы асып, дерті дендеген сайын ол кісінің жүріс-тұрысы, бағып-қағуы, екеуара тіршілік те қиындай түскен. Отырса да, тұрса да соңынан бір кісі ілесіп жүру керек. Анда-санда кіріп, қол ұшын беріп кететін — көрші кемпірлер. Ескі замандастарын қимайтын болар. Әрі қолдарында өскен азаматтың басын аяп, білдірген пейілдері. Тірі шешенің аналық ықыласын мейірі қанып сезіне алмаған, бала болып мойнына асылуды білмеген Мәзім үшін осы кісілердің жүздері ала бөтен ыстық. Көйлектері шұбатылған ақ кимешекті шешелер көзіне ғана емес, жүрегіне де оттай басылды. Қолы жетпей кеткен көп қымбаттысының бірі ғой олар. Кейде кәрі апаның жер тартқан еңкіш денесін құшақтап тұрып, көмейіне запырандай тірелген бар өксігін, бар арманын ақтарғысы келіп, көңілі бұзылатыны бар. Бұл кісілердің мейірім-шапағатын анасы анық төсек ауру болуға айналғанда шындап сезді. Кезектесіп болса да, күн құрғатпайды.
Бұл кезде аға-жеңгесі де шаң беруді жиілеткен. Олардың марқайып, бойларына шыр бітіп, дүмдене бастаған кезі. Жеке меншік машинасы, дүние-мүлкі бар кәдімгі ауқатты отбасы. Қанша жат болып кетсе де, баланың аты бала ғой. Шешейдің нашарлай бастағанын сезісімен, Нәзір екі күннің бірінде салып ұрып, жетіп келетін болып жүр. Әзірше жұмыстан бос әйелін де үйге әкеліп тастап кетті. Көбіне ас-суды қамдап, үй-ішін жинастырып қызмет еткені болмаса, шешейдің маңына онша жолай қоймады. Орамалының ұшымен танауын басып, әріректен ғана айналып өтеді. Аурудың күтушісі — негізінен Мәзім мен кемпірлер.
Өмірі мағынасыз әлекпен, жөнсіз қиналыспен өткен шеше байғұс өлерінде де қатты азап шекті. Жанына батқан дертке шыдамай, еліріп айғайлаған кезде адам баласының жайбарақат тыңдап тұруы қиын.
Әдеттегі өлім үстінде болатын жылап-сықтау, жоқтау, көрісу сияқты тиісті салт-ғұрыптың ешқайсысы жасалған жоқ. Көздерінен жас парлап, егіліп, сыңсып жатқан әйелдер де көрінбейді. Бар көздің өзіне ғана ауғанын сезген Нәзірдің әйелі ғана орамалын бүркей түсіп, төмен қарап, үнсіз егілген болды.
* * *
...Мәзім әңгімесін аяқтады да, екі қолымен басын сүйеп үндемей отырып қалды. Тылсым тыныштық кеудемді жаншып бара жатқандай тынысым тарыла түскен. Әңгімеден алған ауыр әсерім сезімімнің осал жерін дәл тауып, жігерімді жасытып тастапты. Әсте ортаймайтын лепіріңкі көңіл құмға сіңген судай жым-жылас. Оның есесіне көмейіне қорғасындай кептелген, бір ауыр сезім ғана қалыпты. Дәл қазір әлдекім менімен қоса Мәзімді мүсірекегендей болса, өзімді ұстай алмай, еңкілдеп жылап жіберетін сияқтымын.
Өзімді-өзім оқыста жоғалтып алғандай қозғалуға да қымсынып, аңырая қарап қанша отырғаным белгісіз.
— Осы, — деді ол кенет басын көтеріп. Сосын қолын бөтелкеге қарай созды. — Әңгімемен отырып ұмытып кетіппіз ғой. Қане, аздап сергиік.
— Сен үшін. Сенің бақытты болуың үшін, — дедім ауыр сезімнің шеңгелінен әлі де босана алмай. Айтайын дегенім әлдеқайда жалынды, ақылды сөздер еді. Қысылшаңда аузыма ілінгені мағынасы әсерсіз осы бір жалаң тілек қана болды.
— Бақыт? — деді Мәзім ашырқануын басып, өзіне-өзі келгеннен кейін. — Айтуға оңай қандай тәтті сөз.
Өмірімде тілімді тістеп, сөзге қонақ бергенім осы шығар. Маған жолыққалы Мәзімнің шешенси сөйлегені де осы сәтте.
— «Бақыт дегеніміз — күресе білу» депті ғой бір данышпан. Ал мен де өмір күресінен құр қалғам жоқ. Апам үшін тағдырмен, тіпті өзіммен де күресіп келдім емес пе?
Көңілі жарым адаммен дауласып қай мұратыма жетпекпін. Мәзімнің бақыт туралы ойы менің түсінігімнен сәл қиыстау шығып жатқанын айту қажет пе? «Бақыт деген шынтуайттап келгенде — адамның жақсы тұрмысы ғой. Мен саған бақыт тілегенде, ойымда тұрғаны да осы болатын» — дегім келіп, өзімді өзім әрең ұстадым. Миымның қатпарларында шашылған бар ақыл-ойымды жинап алуға тырысып, тіл-қуатым жеткенше жұбата сөйлеген болдым. Баса айтқаным — қызықты да қуанышты өмірдің оның әлі болашағына тиесілі екендігі. Мәзімнің келешек тіршілігін елестетісімен, ойым да көсіліп сала берді. Курстасымның ендігі тірлігі өзімді қатты толғандыратынын сездіру үстінде өткен күйінішті өмірін ұмытып, әбден сергу үшін басқа жаққа кету жөнінде де ұсыныс та жасадым. Тіпті, аузым қыза келе: «Облыс орталығына ауыс. Бір саған орын табармыз осы. Сырттай оқуға түсуге де көмектесеміз», — деп те жібердім. Тағдырдан тепкі көрген осы жігітке бір үлкен жақсылық жасамай, көңілім тыншымайтын сияқты.
...Ертеңіне Мәзім күрегін иығына салып алып, анасының басына қарай бара жатты. Серейген бойына сәл томпая шыққан құныс жауырыны онша үйлеспей, арық тайлақтай аяғын қалт-қалт басады.
— Біткен жігіт қой бейшара, несі қалды енді? — деді сыртынан қарап тұрған қасымдағы ауыл адамы маған естірте күрсініп.
— Жоқ, бейшара емес, — деп қалай дауыстап жібергенімді байқамадым. — Нағыз перзент ол! Сен де, мен де ондай бола алмаймыз...
1979