Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Бір-бірін көрмей...үйленген

— Баяғыда (қырық жылдың арысы мен берісі болуы керек) Қаскелең ауданындағы аудандық сотта қызмет атқарып жүрдім, — деді Үдербай ақсақал. — Бір күні кезекті сот мәжілісін өткізіп отырғанбыз. Кенет кіре берістегі алдыңғы бөлме у-шу болды да қалды. Құлаққа жеткен сондағы қызметкердің: «Іште сот боп жатыр. Тоқтай тұрыңыз!» деген тоқтау сөзі. Бірақ оған бағынбай, баса-көктеп үстіме бір адам кіріп келді. Қарасам, өзімнің досым Смағұл екен. Елтай атындағы колхоздың басқармасы болып тұрған кезі. Үлкен көздері шатынаңқырап, сұрша өңі сұстанып, ашуланып алған. Кіре сала: «Тұр орныңнан, Үдербай! Жүр менімен бірге!» деп ай-шайға қаратпастан, бұйыра сөйледі.

Айтқанынан қайтпайтын, қайсар досымның мінезі маған бұрыннан белгілі еді. Жүріп жатқан кезекті сот мәжілісін амалсыз тоқтатуға тура келді.

— Ойбай, соттың өзін айдап әкетіп бара жатыр, — десті біреулер.

Далаға шыққан бойда Смағұл мені ала көзбен атып, үн-түнсіз мені үйіме қарай алып жүрді. Менің қойған сұрақтарыма тіс жарып, жауап қатар деген не.

Қобалжулы көңілім «Апыр-ай, не болып қалды екен?» деп. Одан арман ұйқы-тұйқы. Есіктен кірген бетте байқағаным — бір бұрышта менің туған анам көзінің жасын сүртіп жылап отыр. Үйде әйелім мен емшектен жаңа шыққан ұлым жоқ. Отты жанарлары ашумен шоқтай жайнап, маған қарай жалт бұрылған Смағұл:

— Үдербай, сен маған турасын айтшы, анаңмен қаласың ба, жоқ, әлде әйеліңмен боласың ба? — деді тікесінен. Еш жаққа бұлтаруға мұрша бермейтін қатқыл сұрақ. Мен:

— Не болды, Смеке? Түсіндіріп, айтсаңшы былай, — деп, жаймеңдеп келе жатыр едім, Смағұл құлақ асқан жоқ. Жаңағы сауалын ары қарай жалғастырып:

— Сен маған алдымен жаңағы сұрағыма жауап бер, — деп қадалып тұрып алды.

— Ойбай-ау, ол не дегенің, Смағұл? Қалай анамды далаға тастамақпын? Бірақ өйтіп таусылатындай ештеңе жоқ шығар, — дедім шираңқырай сөйлеп.

— Сол таусылатын жағдай болып тұр ғой. Әйелің неге анаңды жылата береді? Олай болса мына анаңды жылатпай бақ. Баға алмасаң, өзім қазір алып кетіп бағамын, — деді өктем дауыспен. — Ал әйелің енді бұл үйдің табалдырығын анаң отырғанда аттап баспайды. Ұқтың ба? Оны мен жаңа ғана төркіндеріне қарай өз қолыммен аттандырып жібердім...

Анам мен келіншегімнің арасында әр түрлі кикілжің болып қалатынын бұрын да сезетінмін. Көңілді күпті қылған уайымның бірі — «Апыр-ай, бұл кісілер енді қайтіп тіл табысар екен?» болатын. Мен жоқ уақытта екеуінің арасы тіпті ушығып кеткен сияқты.

Бала кезден бірге өсіп, бауырдай болып кеткен адам емес пе Смағұл. Біздің үйді өз баласындай билеп-төстейтін ол жай бір шаруамен кіріп келіп, анамның көз жасының үстінен шыққан. Шапшаң мінезді шешімтал досым мен құсап, міңгірлеп тұрмайды. Менің бар-жоғыма қарамастан, әйелімді үйімнен айдап шыққаны да сондықтан. Осының алдында «Қарт енесін сыйлай алмаған келіннен не үміт, не қайыр?» дегенін де естіп қалғамын.

Ал мен болсам, жай адам емеспін, қызметім — аудандық соттың судьясы, талай адамның тағдырын шешетін сот билігінің өкілімін. Бірақ өз тағдырымды шешуге келгенде қауқарсыз болып шыққанымды қарасаңшы.

Содан бірер ай үйде анамыз екеуміз ғана тұрып жаттық. Бір күні «Ауылға жүріп, демалып қайт» деген соң, Елтай атындағы колхозға қарай тартып кеттім. Біз шай шіп бола бергенде, есік алдына үш ат жегілген жеңіл арба келіп тоқтай қалды.

— Жүр, екеуіміз бір жерге барып келейік, — деді Смағұл. Мен үшін оның айтқаны қай уақытта да заң, дереу жолға қамдандық. Бет алысымыз — осы жерден онша қашық емес Жармұхамбет деген ауыл. Смағұлдың көздеп келе жатқаны — осындағы бір ағайындарының үйі екен. Біз ат басын тіреген шаңырақ иелері жасы үлкен адамдар екен, мал сойып, дастарқан жайып, бізді жылы шыраймен қарсы алып жатыр.

Сол үйде таң атқанша қонақ болып, демалдық. Қайтар кезде үй иелеріне қарап отырып Смағұл:

— Аға-жеңге, менің сіздерде бір бұйымтайым бар, — деп бір салмақты сөздің шетін шығарды. — Мына отырған — менің досым Үдербай. Кешеден бері танысып-білісіп жатырсыздар. Жаман жігіт емес екенін де байқаған шығарсыздар. Айтайын дегенім — осы үйдегі менің қарындасым мен осы Үдербайды табыстырсақ. Келіссеңіздер, некесін қиып, қоссақ деп едім. Қарындасымның бақытты боларына, жыламасына мен кепілдік беремін, — деді салған жерден тікесінен. Қазақшылық жолымен алыстан орағыта мәймөңкелеп жатпастан, турасынан бір-ақ тартты.

Бәріміз де селк ете түскендей болдық. Үй иелерін былай қойғанда, менің өзім Смағұлдың бұл ойынан мүлде бейхабармын. Айтып отырған әңгімесі жөнінде осы уақытқа шейін әм-мим деп тіс жарса, неғыл дерсіз. Қай заманнан бері сырлас ескі дос болғаннан кейін, арнайы осы үйге келе жатқаннан кейін, ашып айтпаса да, ең құрығанда түпкі ойын ептеп ишаралап қоюына болады ғой. Жоқ, тіпті көз қиығымен де сездіруді қажет деп таппаған сыңайлы.

Айналадағы адамдардың икемге келгендерін үйіріп әкете беретін ежелден сыралғы Смағұл емес пе? Бірақ енді мені өмірімдегі шешуші сәтке байланысты дәл осылай билеп-төстеп алып кетеді де үш ұйықтасам, түсіме кірсеші.

Жүрегім дүрсілдей соғып, көзімді жыпылықтата берсем керек. Мына тосын ұсыныс меңдетіп жібергендей дастарқан иелері де ләм деп ауыз аша алмастан, бір сәтке сілейіп қалған. Сенер-сенбестерін білмей, айран-асыр. Екеуінің де өңдерінде — «Мына Смағұл шынын айтып отыр ма?» деген сұрақтың нышаны.

«Ойпыр-ай, ең құрығанда жол бойы қыз жайында тіс жарып, бірдеме десейші, — деймін мен іштей. — Ананы-мынаны сөз етіп келе жаттық. Бірақ, ондай әңгіме тіпті ойымызға да келмеп еді ғой. Енді аяқ астынан Смағұлдың мынасы несі?»

Тіпті осы үйдің қызы бар екенін де білмеймін, білмегендіктен, көрген де емеспін. Ендеше Смағұл алдымен менің келісімімді алуы керек қой. Үй иелерін былай қойып, менің өзім тіл-ауыздан айрылып, меңірейген күйі отырып қалсам керек. Әлден уақыт өткеннен кейін барып, ен алдымен қыздың анасы ес жинағандай болды:

— Жоқ, бермеймін, — деді ол кісі бірден-ақ қарсы екендігін танытып. — Қызым әлі жас... Оның үстіне... оның үстіне... Қалай бұл аяқ астынан?.. Бере алмаймын... — деп бұл әңгіменің өзіне ұнамайтындығын сездірді. «Оның үстіне...» деп, айта алмай отырған ойының түбі белгілі — «Қатын тастаған ересек еркекке қалай барады?» деп отыр.

Сол екі арада есін жиып алды ғой деймін, әңгімеге отағасы да араласып кетті. Алдымен ол әйеліне тиісті:

— Жә, болды күңкілдей бермей. Смағұл інім айтты ғой... Смағұл қашан бекер сөйлеуші еді? Менің қызым — өзінің қарындасы. Ал қарындасын нашар жігітке қоса қоймас. Рас, балаларды қосу деген — қашанда ойланатын шаруа. Бірақ бұл арада сескенетін ештеңені байқап отырғамын жоқ. Мен батамды бердім. Енді қырсықпай, сен де рұқсат бер, — деді сосын әйеліне түйіліңкірей қарап.

Қыздың шешесі болса басын тұқшита төмен қарап алған. Тағы да бірдеме деп міңгірлей сөйлеп, иліге қоймаған сыңай танытады. Қызын маған қимай отырғаны анық. Қанша айтқанмен, ана ғой, бірдемелерді қиыстыра алмай, ығын түсіне алмай отырғаны белгілі. Ең басты түйткіл — жаңағы мәселе.

Манағыдай емес, есін жинап, дауысын қатайтыңқырап алған отағасы өзінің билігіне енді мінген сыңайлы. Бір жағынан Смағұл да ойын одан әрман тиянақтап, қыз шешесін көндіру қамында. Сөзін дәлелдеп, тұздықтай сөйлей отырып, отағасы екеуі ақыры бәйбішенің бетін бері қаратқандай болды.

Сонымен не керек, үй іші аяқ астынан абыр-сабыр болды да қалды. Қызды дереу киіндіріп, басына орамал жауып, жеңгелері далаға алып шыққалы жатыр. «Ойпыр-ай, түрі қандай екен?» деп жүрегім лүпілдеп барады.

Арбамен қайтадан ауылға қарай бет алдық. Қыз басындағы ормалын көтерер емес, бір қырындаған күйін жүзін теріс беріп, мен жаққа мүлде бұырылмай қойды. Тап бір маған өкпелеп қалып, сонысын жаза алмай отырған адамдай.

Үйінің алдына ат басын тірегеннен кейін, Смағұл арбадан секіріп түсті де:

— Неғып отырсың мыжырайып? Қанеки, бері жүр! — деді баяғы өзінің өктем дауысымен.

Онсыз да бүкіл ырқымды билеп алған жолдасыма қайдан қарсы келмекпін, айтқанын орындап, лыпылдай жүгіремін. Қораның ішіне кіріп, екеуіміз алдымен бір ауыр флягті арбаның үстіне орнаттық. Азық-түлік салынған қапшықтарды да сүйрелеп жүрміз. Ең ақырында бір семіз ісекті іркілдетіп қорадан шығарды. Сонымен тиелген жүк шағын арбаның жәрендігінен асып, толып кетті. Смағұл дертедегі аттың басын өзі жетектеп әкеліп, бетімізді жолға қарай салып жіберді де, игі тілегін айтып қала берді. Байқаймын, тиегеніміздің бәрі де — тойға қажетті жабдықтар.

Маған осының бәрі түс сияқты. Ойда жоқта аяқ астынан «Мынау келіншегің» деп, бір қызды қасыма отырығызып қойса, ол аз болғандай өз ауылына келіп, арбама қаншама заттарды тиеп берсе, қалай есіңнен танбассың. Өзіме өзімнің келе бастаған сәтім — қызбен оңаша қалғаннан кейін барып қана.

Жан-жағыма айналақтап қарап қоямын, шынында да маңайымызда екеуімізден басқа жан баласы жоқ.

Содан теміржолдан өтіп, селекцияның (ғылыми тәжірибелер жасалатын алқап) қалың ағаштарының арасына да кірдік. Осы араға келгенде ғана есімді жинаңқырап, сабама түстім-ау деймін. «Неде болса» деп, көлікті тоқтаттым. Өйткені қасымда Смағұл жоқ, өзіме өзі би, өзім қожа емеспін бе.

Арбама салып берген мына бойжеткеннің әлі күнге жүзін көрместен, үйге қарай әкеле жатқаным қалай? Және жай әкеле жатқаным жоқ, өмірлік жар етпекпін. Ендеше тым құрығанда қандай адамға үйленгелі жатқанымды білуім керек емес пе. Өзім өңін көрмей тұрып, қалайша үйге келін етіп кіргізбекпін?

Жүзін көрмегеннен кейін адам неше түрлі ойға келеді ғой. Менің шақшадай басымды шарлап шарадай қылып жүрген ойдың жалпы нобайы мынандай еді: «Өңі қандай екен, мінезі, қылығы көңіліме қона ма? Өзі жөн білмейтін болса әрі оның үстіне өзі көріксіз болып шықса ше? Қаншалықты құлай сенсем де, Смағұл досым көңіл күйінің ырқында жүріп, маған әшейін басы бос балпыаяқ қыздардың бірін қоса салса, қайттім? Онда құдайдың төбеден ұрғаны да. Достың көңіліне қараған дұрыс қой, бірақ қаншай айтқанмен, өзім тұратын әйел алдымен өзіме ұнауы керек емес пе?

Қойшы, әйтеуір, не керек, үйге апармай тұрып, осы айдалада мәселенің неге ашып алмаймын, неге өзім көз жеткізбеймін? Құдай бетін ары қылсын, егер де бар ғой, ұнамай жатса, мүмкін, осы арадан-ақ аттың басын арбасымен қосып, кері бұрмаймын ба? Қой, басын ашып алайын таза масқара болмай тұрғанда». Мына қызықты қараңыз, өзім қалыңдық ретінде үйіме алып келе жатқан қызға осы арада мен өмірімде бірінші рет тіл қатқалы тұрмын. Осы ойға бек бекіндім де, бойыма бар батылдығымды жинап алып, қызға былай дедім:

— Қарындас, — дедім тамағымды жөткіріне кенеп алып, қызға таман тақай түсіп.— Бетіңді аш, екеуміз танысайық. «Құдай қосса, енді екеуміз ерлі-зайыпты боламыз.

Көмейіме келіп, іркіліп қалған «Үлкен ата-анаң ұлықсатын берді ғой» деген сөз. Оны айтып жіберуге жібермей тұрған — манадан ішімде арпалысып келе жатқан жаңағыдай күдікті ой. Түрінен ат үркетіндей болса, ондай қыздың маған керегі не?

Содан қыз басындағы орамалын ақырын сыпырып түсірді де, маған жасқана қарады. Өңіне көз қиығымның түсуі сол екен, бүлк ете түскен жүрегім сабырға бой берместен, аттай тулап әлдеқайда ала жөнелгені. Мынау болмыс, мына бітім мені іштен кеміріп келе жатқан шүбәлі ойларымды бір демде-ақ дүр сілкіндіріп, ұшырып жібергендей болды. Бір сәт көз алдым қарауытып кеткен сияқтанды. Ауа жетпей қалғандай екі қолымды ебедейсіз ербең еткіздім-ау деймін. Басым айналып, құлап қалмағаныма шүкір.

Сонымен не болды дейсіз ғой. Менің алдымда... сопақшалау аққұба жүзді, қарақаттай үлкен отты көзді, қыр мұрыны сәл кішірек біткен, қып-қызыл қалыңдау ерінді сүйкімді бойжеткен тұр. Сүйкімдің не, мен ойлағаннан да арман мөлдіреген жас сұлу. Мынадай қызды жар еткен жігітте, сірә, арман бар ма екен? Әдетте сұлу қыздар кердең, паң, пышақтың жүзіндей өткір болып келеді ғой. Ал менің қалыңдығым, енді ешкімнен қысылып-қымтырылмастан, менің қалыңдығым деп айтайыншы, өзі сондай ажарлы жан болғанына қарамастан, адамға жасқана қарайтын бір түрлі ұяңдау.

Екеуміз арбадан түстік те, бақты аралап біраз жүрдік. Бір-бірімізбен жете танысып, әңгімелестік. Әңгімелесіп, біліскен сайын төбем көкке екі-ақ елі жетпей барады. Енді кідіріп тұрудың қажет не, үйдегі анамды қуанту үшін дереу жүріп кеттік.

Смағұл маған қосқан сол үріп ауызға салғандай сүйкімді қыз қазір қайда дейсіңдер ғой. Ол жағын ойлап, бастарыңды тым қатыра бермеңдер. Сол сұлу қыз — мына алдарыңда отырған жеңгелерің Бүбіш. Құдайға тәуба, ұлды-қыз аралас 5-6 балам бар, тату-тәтті өмір сүріп келеміз, — деп, Үдербай ақсақал әңгімесін аяқтады да, мардымсынған пішінмен қонақтарына жағалай қарады.

Осындай аяулы жар тауып беріп, бүкіл бір әулетке ғұмырға жетер қуаныш сыйлап кеткен Смағұл ағай бұл күнде өмірде жоқ. Мынандай тосын оқиғаға қатты әсерленіп кеткен қонақтардың бірі:

— Алла жарықтық-ай, аруағы риза болсын! — деп бет сипап еді, ересектеу кісілердің бірі Қасиетті Құранның бірі аятын қырылдақтау үнімен әндете созып, оқи жөнелді. Қаншалықты нәшіне келтіріп, мақамдай оқып жатқанын кім білсін, бірақ арабша әуезді сөздерді бүкіл қонақ сілтідей тынып тыңдап қалыпты. Тіпті ортада отырған ферма партия ұйымының хатшысы да ләм деп қарсылық көрсете алмай, қарсылық көрсеткенді былай қойып, жан дүниесін тебірентіп, тұла бойды шымырлатып әкететін тылсым әуенге ұйып, мүлгіп бара жатқандай.

Осы сәтте бәрінің басына келген ортақ ой: «Не деген керемет кісі!.. Неткен қызықты тағдыр еді!»


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама