Мұңды жанардың сәулесі
Аға!
Осы бір сөзді қағазға асығыс түсірсем де, ары қарай не жазарымды білмей, іштей мүжіліп ұзақ отырдым. Сөзді бастар алдында өзімнің бұл оқыс қылығымды ақтау үшін алыстан орағыта сөйлеп, бірдеңе деп кіріспе жасағаным жөн тәрізді. Бірақ, олай етсем, сездірермін-ақ деген ниетпен көптен бері жинап-теріп жүрген аз ғана ойымды, маңдытып жеткізе алмай, берекесін кетіріп алатын сияқтымын. Сосын, не де болса бәрін төтесінен бастағым, ішіме жиналған азды-көпті сезім-құсаны бір демде түгел ақтарып салғым келді. Қайтадан ойланып, айнып қалмай тұрғанда көңілімде жұптап жүргеннің бәрін асығыс қағазға түсіріп, сіздің назарыңызға ұсынсам деп ниет еттім.
Бастап алып, тағы да тосырқап, қарадай қиналып отырғанымды қарашы. Осы тілекті дәл қазір іске асырудың соншалықты қиын екенін сезгендіктен, қаламым да дірілдеп, жүрісінен жаңылып қала береді. Сонда да сіз кінәламас, менің жан дүниемдегі аласапыран құбылыстарды жартылай болса да түсінер, сөйтіп осы жазғанымды тым жылы болмаса да, әйтеуір қабылдай алар деген несие үмітпен ойымдағының бәрін іріктеп айтып салмақпын. Өйткені тонның ішкі бауырындай болып араласып кетпеген, сезімі жат кісіге жан азабын, жүрек сырын өзімсінген еркін мінезбен тайсалмай ашып салу екі қыздың бірінің қолынан келе бермейтін оңай шаруа емес. Тіпті оның үстіне ересек, еркек кісіге жолы жіңішке әйел затының хат жазуы салтымызда жоқ, сондықтан менің бұл әбестеу қадамым адамды бір түрлі тосырқатып тастайтын өрескел қылық болып көрінуі әбден мүмкін. Тіпті бүгінгі жиырма біорінші ғасырдың өзінде де, «тым төтесінен кетіпті, әдепсіз екен» деп сөкпеңіз, аға! Егер сіздің орныңызда басқа біреу болса, менің мұндай төтенше шаруаға тәуекел ете алар ма едім, кім білсін.
Осы көктемде мен қолтығынан ұстап, көңіл қосып жүрген жігітім Кәбен армия қатарына шақырылған бір жолдасының қоштасу кешіне ертіп апарды. Ойын-той, сауық-сайран десе, жанып кететін жастар емеспіз бе. Жастық желік баратын жеріміздің алыстығына да қаратқан жоқ. Жиналғандардың бәрі — өзіміз қатарлы, оның үстіне аралас-құралас жүретін таныстар. Ішіп-жеуден гөрі биге, ойын-сауыққа бейім жастардың отырысында айғай-шу, қимыл-қозғалыс басымырақ болатын әдеті.
Бір үзіліс жасап, дастарқанға қайта отырған кезімізде, қатарымыздың тағы да толыға түскенін аңғардым. Жаңадан келген екі-үш бозбаламен бірге столдың төр жағына, бүгінгі құрмет иесі Ботанның қасына тағы бір жігіт жайғасыпты. «Дап-дардай болып жастардың арасында бұл кісінің несі бар екен?» деп іштей оның бұл отырысын жақтырмай қалғаным шын. Өйткені жігіттер болмаса да, қыздар жағы емінеркін отыруға осындай үлкендеу кісілерден именеді ғой. Енді алғашқы кездегідей Кәбеннің құшағына кіре орнығуға мүмкіндік жоқ, кәдімгі сызылған сыпайы қалыпқа көшіп қалғанымызды байқадым. Біз ған емес, бағанадан сыңқылдап естіліп отырған қыздардың да күлкісі саябырсып, кейбір сөзшең жігіттер де жайбарақат әңгімеге ауысқан сияқты.
Көш басшысы асаба ендігі сөзді ортамыздағы жаңа қонаққа берді. Сол кезде барып сыпайылық үшін, мен де бір сәт үннен тыйылып, ол кісіге лажсыз назар аудара қарадым. Алғашында сырт пішіні мына ырду-дырду ортаға үйлеспейтін тым байсалды көрінген ересек жігіт орнынан тұрып, сөйлей бастасымен, ақжарқын, әзілқой жанға айналып қоя берді. Кішіректеу қоңырқай көздеріне күлкі үйірілген қалпы жатыққан ашық даусымен әзілге сүйей, әсерлі тілек айтқаны — сол күйі есімде. Сол тұрған тұрысы, сөйлеген сөзі, қараған көзқарасымен көбіне парықсыздық тән мына отырған балғын жастардың арасында ала бөтен ерекше көрінгені күмәнсіз. Бірақ жұрттық оған әузқойлығы мен таңырқауы аралас көзбен көңіл бұра қарап қалғандарын аңғардым.
Жастардың жанарына ілігіп, әсершіл көңілді ажарландыра түскен осы бір сүйкімді қонақ кім дейсіз ғой. Ол... Сіз болатынсыз, аға.
ӨЗгелер сиқты мен де сол сәтте алғаш рет байыптай қарап, жаңағыдан сәл басқашалау әсер алғандай болдым. Сіздің бойыңызда, мен көріп жүрген жандарға ұқсамайтын, олардан табыла бермесбір ерекшелік бар сияқты сезінді. Ол ерекшеліктің нақты нендей нәрсе екенін ажыратып, атын атап, түсін түстеп беру менің қолымнан келе қоймас-ау. Әйтеуір, сіз қараған кезде жүрегім бір аунап түскендей болып, жан дүниемнің дір ете қалғанын білем. Менің тынық көңілімді алай-түлей еткізіп, буырқантып, бұлқынтып өткен кереметтің қандай құдірет екенін сол сәтте танып-білуге, тұщынып, ұғып қалуға қайдан мұршам келсін.
Тек артынан ғана, онда да бірнеше күн өткеннен кейін барып, осының бәрі өзі қалай басталып еді дегенді есіме шым-шымдап түсіре бастаймын ба? Сонда ғана әлі қиыншылық көрмей, кездейсоқ соққыға ұшырауды білмеген жас жүрегімнің әлденені ауырсынып, дағдыдан тыс өзгеше соғатынын да аңғардым. Жөпшеңкі адамдарды қатарыма алғым келмей, паңдана басып жүретінімді де, өзіме пейіл білдірген бозбала көрсем, қасақана діңкесін құртып, жөнді жауап бермей қоятынымды сол мінезіме бола кейбір қыздардың мені жек көретінін де жасырмаймын. Ал менің ұғымымда мұндай қылықтардың теңесі жоқ. Өйткені соңынан қанша көз ілестіріп жүрген өңі-жібі түзу әрбір бойжеткеннің тәкаппарлана кеудесін көтеруге, өз сұлулығын өзгеге құрметтете білуге хақысы бар. Осындай ұнамсыздау мінездің салқыны сол кеште де байқалуы әбден мүмкін еді.
Осында меншікті жігіттің қасында отырған екі-үш қыздың қарасы көрінеді. Бірінің қолтығына бірі жармасып келген, тіпті кейбірі әлі жігітпен жуысудың қызығын тата қоймаған өзге құрбыларына қарағанда олар, әрине, өздерін тәжірибелі әрі бақыттырақ сезінері сөзсіз. Бұлардың арасында менің мерейім тіптен үстем болатын. Менің Кәбеннің осында жүрген жігіттердің бәріне өзгеше екеніне, олардан бір иық, бір бас жоғары тұрарына кім дауласар екен. Бұрынғының батырларындай иықты келген, ұзын бойлы жас жігіттің солқылдаған қыпша белі, сымбатты тұлғасы қандай?
Бір жақ жанына аршыла таралған тығыз бұйра шашы мен аппақ майдайлы, оған жалғас шолақтау қыр мұрыны тұтаса жарасып, өзгеше бір әсем бітім танытады. Оның өстіне менің Кәбенім осы шағын қалаға есімі мәлім болып қалған үміткер спортшы, еркін күрестен бірінші разряды бар. Өзіне өзі қатты қарап, қашанда спорттық бабын сақтауға тырысып жүргені. Үстіне қылшық жуытпас кірпияздығы былай қойғанда, киімді де керемет сән киіне біледі. Ендеше мұндай үлгілі бозбала қай қыздың да қолы жетпес ақ боз арманы емес пе. Сондай жігіттің менің қасымда болып шыққанына талай қыздың іші қызғаныштың қызыл масағы тырналай жөнелген болар-ау.
Осылайша, көркейіп, еш жаңды ширегіне ілігісі келмей, паңданып отырған көңіл Сізді көрісімен, қарадай құлазып, құлдырап төмен түсе бергендей болды. Қыж-қыж қайнаған нағыз думанды ортада отырып-ақ, көңілім пәстен жабырқай бастадым. Енді күлкіден де, қимылдан да тыйылып, Кәбеннің қасында үнсіз отырдым да қойдым. Сіз жақтан көз ала алмай, қадалып қалғанымды едәуір уақыт өткеннен кейін барып қана аңғардым. Бұл қылығымның әбестеу екенін сезген сәтте, ептеп қызарып та кеткен болуым керек.
Аңғарған жоқсыз, бүкіл кеш бойына мен соғыс қимылын бақылаған қолбасшыдай көңіл дүрбімді аудармай, Сізді қадағалаумен болдым. Жаңағы бір оғаш әркетімнен кейін қызға тән нәзік әккілікпен, ешкімге сездірмей, сіздің әрбір қимыл-қозғалысыңызды тура қарамастан да, көз қиығын салып, аңдып отырыппын. Сіз менің көзімнен бірер минутқа тасаланып, сыртқа шыққанда, я көрші бөлімге кіріп кеткенде де дәл қасыңызда тұрғандай не істеп, не қойып жатқаныңызды өзіме беймәлім бір ішкі сәуленің қуатымен сезінетінмін. Ақылдан тыс белгісіз бір күштің ырқынан шыға алмай, көңіл тыңшысын кеш бойы неғып Сіздің соңыңызға салып қойғанымды өзім де ес тоқтатып ұға алғаным жоқ сол жолы.
Әйтсе де Сіздің қай қасиетіңізге немесе қылығыңызға бола осынша пенде болып байланып қалғанымды әлі күнге орнықты, орынды себеп таба алмай, қиналамын.
Мүмкін, Сіздің сырт пішініңізден, өзіңізді ұстауыңыздан бір ерекшелік, өзгеде жоқ оқшау қасиет тапқан шығармын. Бір ойлап қарасам, Сізде алып бара жатқан әдемілік, ер адамға лайық тартымдылық та бәлендей байқала қоймайтын сияқты. Бет-жүзі, сырт пішіні сіздікіне ұқсас адамдар өмірде толып жатыр. Ендеше солардың бәріне бар ықыласымды қотара аудармайтыным несі?
Әлде, Сіздің ашық та, сыпайы мінезіңіз әзілмен әдіптелсе ме, төркіні ойлы екені сезілетін сөздеріңіз қозғаусыз тұнып жатқан сезім дүниесіне ұшқын тастаған болар ма? Жан дүниемді жалап, жалаңдатқан төтенше өрт сол ұшқыннан қашып, лау ете түскен шығар.
Әлде... Жоқ, жоқ, сабылып қанша шарқ ұрсам да, сол белгісіз себептің бастау көзін тап басып, таба алатын түрім жоқ. Сонда да, Сіздің жанарыңызға жолығып қалып, жалт етіп, қашып құтылған сайын жан дүниеңізге қатысты үнемі тың мәлімет алып отырдым. Көзіміз ең бірінші жолыққан кезде Сіз өз жасыңызға қарағанда шау тартып, шаршап қалжыраған адам сияқты көріндіңіз. Жалындай жолыққан жанарларымыздың ұзағырақ ұштасып қалғаны осыдан кейін. Екі бетімнің ұшы лып етіп ысып шыға келді де, кірпіктерімді жалп еткізіп, жанарымды асығыс қымтай қойдым. Өмірімде тұңғыш рет баласынан қаймығып, көзімді алып қашқаным, өзімді қайда қоярымды білмей, сасқалақтағаным осы шығар. Сол көзқарас маған мазасыздық пен белгісіз қорқыныш тастап қана кеткен жоқ. Сіз сол жолы адамның ішіндегісін оқып қоятын, рухани көзі қырағы, ойы терең ақылгөй сипатында есімде қалдыңыз. Онан кейін көздеріңізге әрбір жолыққан сайын Сіздің жан дүниеңіз жайлы мендегі мәліметтер молығып, байи түсті.
Шынында да, тыныштығымды шайқап, көңіліме дауыл соқтырып өткен құбылыс — Сіздің сол бір ерекше көзқарасыңыз болар-ау. Мүмкін, ол көзқарас басқалар үшін тым ерекше, құдіретті болып көрінбейтін де шығар. Сол көздерден басқа ешкімнен байқамаған бір жылылық пен жас жаныма азық болар мол қазына тауып алғандай сезініп, қатты қуанғанымды артынан аңғардым.
Мен жан дүниемізді жарқырай көрсеткен ұялы қоңырқай көздердің бар құнарынан айырылғым келмей, қайта-қайта құнығым қадала бергім келді. Сіз менің осы бір әбестеу әрекетімді, әрине, байқамай қалуыңыз мүмкін емес. Сосын, көзіңізді мен жақтан алып қаша бергеніңізді, оның ішінен мен әлгінде ғана тауып, аяқ астынан кенеліп қалған мол қазынаны қызғыштай қорып, қымтай бергеніңізді дереу байқап үлгердім. Өзім сусап, іздеп отырған сол бір тосын олжадан оп-оңай айрылып қалуға тіпті де көнгім келмеген.
Мұнан соң жанарыңыздан өзіңізге тоқтам салып, сезім күйіңізді уыстан шығармай, бағындырып отырғаныңызды көрдім. Ақыл мен сезім қатар тайталасқан ұялы жанарыңызға өзіңізге жараспайтын басқа жанға лайық жалған көзқарасты алып шықпақ болдыңыз. Бірақ оныңыз сәтсіз әрекет еді. Сіз ішкі әлеміңіздегі құбылыстарды бүркемелеуге, сезіміңізді тізгіндеп тұтқындай білуге мүлде қаюілетсіз екенсіз. Мен тіпті Сіз жаққа бір-екі қарағаннан кейін-ақ, өзіңізді-өзіңіз ұстауға тырысып, іштей қалай алысып отырғаныңызды сездім.
Осындан-ақ өз қастарыңызға, рухани әлеміңізді әр түрлі пендешілік лас дүниелермен былғанбай, таза күйінде сақталып келе жатқанын қапысыз аңғаруға болатын еді. Көзіңізбен бет-пішініңізден, тіпті қимыл-қозғалысыңыздан да ой-сезіміңіз қара көрсетіп, белгі беріп отырады. Осыны аңғарғанда лып еткен қуаныш самалы менің жаныма да себезгілеп, тазалық нұрын құйғандай еді. Жанында өзіне лайық сымбатты да сұлу бозбаласы бар, төрт құбыласы түгел жиырма жасар жас қыздың бір көрген көлденең еркекке көзақы алғандай қадала қарауы бір түрлі екенін былай қойғанда, жақсылыққа апармайтын қылық деп білемін.
Бөтен адамның ішкі әлеміне баса-көктеп барлау жасауға, тасадан тұрып телміре қарауға менің хақым бар ма еді? Осындай ерсілеу әрекетке именбей баруымның мәнісі не?
Әлдекімдер секілді баттиып тұрып, «Сіз маған ұнадыңыз» деп қойып қалуға аузым бармайды. Олай десем, менің жүрегімде тамыр байлап, жас өркендей қылтиып бой көрсетіп келе жатқан нәресте сезімге жасалған үлкен қиянат болар еді. Сіздің маған еткен әсеріңіз ұнату деген ұғымнан гөрі терең әрі маңдайдан ұрғандай тақ еткізіп ашық айтуға келмейтін тым нәзік, тым күрделі құбылыс екенін сеземін.
Жасырып қайтейін, Кәбенге дейін де қол ұстасып, құшақ айқастырған, яғни, ұнатқан жігіттерім болған. Мен «ұнатқан» деп отырмын. Енді Сізді жолықтырып, екеуміздің арамызда бір беймәлім, дерексіздеу қатынас орнағаннан кейін бұл сөздің мағынасының соншалықты қарабайыр, жұпыны әрі жадау екенін байқадым. Менің көкірегімді сәулелендіріп нұрға толтыра бастаған соны сезімді ауызша бейнелеп жеткізу мүмкін емес сияқты. Сондықтан да тұнығы бұзылмаған жас жанымды аяқ астынан әуреге балып, әлекке түсірген бұл құбылыстың тылсым құдіреттің не екенін мен Сізге атын атап түсін түстеп жеткізе алмаймын. Ой мен тілдің кедейлігі осындайда керек те шығар-ай.
...Иә, ішімдегінің бәрін жинақтап, жүйелеп жеткізе алмай, бірде айтып бірге кетіп жатырмын.
Сол түні Кәбеннің құшағынан алғаш рет салқындық сызын түйсіндім. Екеуміздің қарым-қатынасымыз арзан ләззат іздеп, қызық қуалаған желөкпелеу, жеңілтек жастардың жалаң сүйіспеншілігімен шектелетінін, құр сыртқа сұлулықтың сергек санаға болмаса, рухани түсініспеген жағдайда шынайы сезімге септігі жоғын аңғардым. Кәбеннің бойында қазіргі заманның бозбаласына тән қарымды қасиеттердің баршасы бар десем, оны білетіндердің қай-қайсысы да жалған деп айта алмас еді. Сол қасиеттерді сонша мақтаныш көріп, үлкен мәртебе санайтынымды, кей сәтте тым тәкаппар мінез танытуымды да соған байланысты екенін несіне жасырайын. Ол екеуміз үнемі бір-бірімізді іздеп жүреміз, күн сайын бірнеше рет телефондасып тұрамыз, кездесуге шықпай қалатын күніміз де сирек. Қаланың мейрамхана, кафелерін былай қойғанда, түнгі клуб, концерт залдарында да бірге жүріп біттік. Бір-бірімізді жақсы көрумен шектеліп қалмай, өзара әбден бөлісіп болған, түсінісіп біткен сияқты едік.
Енді, міне, сондағы наым-түсініктің, сезім-күйдің бәрі де желге ұшқандай болғаны ма? Ол қызықтармен қоштасқым келмейтінін қайтейін. Бірақ... сана-сезімімді жалғыз Сіздіңбейнеңіз ғана жаулап алып, өмірде өзіммен бірге жүрер өзге де жақын жандарды өктемдікпен ығыстырып барады. Ең бірінші Кәбенмен қош айтыстым. Себебін білгісі келіп қанша қадалғанымен, бұл әрекеттің анығына жете алған ол жоқ. Алдында тас-талқан болып ашуланды, сосын қолына жүрегін ұстап, жата қалып жалынды. Сонан кейін дүниенің үзірінен баз кешкен пәруайсыз жандай торығу торына шырмалып кете барды. Оның да, менің де, бір-бірімізге қаншалықты емешегіміз үзіліп жүргені артынан белгілі болды. Арада бірер апта өтісімен-ақ Кәбеннің ұзын бойлы жіңішке қыздың жараған құнандай болып жортып бара жатқанын көріпті.
Нәрзия — менің ең жақын досым. Сол жанашырыма мен соңғы кезде басымда болған өзгеріс жайымды тіс жарып ештеңе дегенім жоқ. Бұл менің сырға тастай беріктігімнің белгісі ғана емес, бойында бұрыннан бір тәккаппарлық мінез де ондай-ақ жүрек әркеттіне жібере қоймайды. Мүмкін, бұл қылығым дұрыс емес те шығар. «Шығар» деймін-ау, ең жақын достан сыр жасырудың жөнсіз сақтық, өзімшілдіктен өрбитін эгоизм екені анық. Осы беріктігімді естісе, Нәрзияның мені көзімді бақырайтып қойып, «арамсың» деп айтып саларына дауым жоқ. Оның бұл бағасына жеңістік бермей, дауласқаныммен, іштей өзім де ептеп мойындаймын. Әрі-бері ойлап қарасам, ең жақын адамыңнан сыр бүгіп қалу — жұрт жиі айтатын «арамдық» деген жексұрын ұғымның бір парасы екені анық сияқты.
Сөз реті келгенде айта кетейін, аға, Нәрзия Сізді бір түрлі жақтырмай қалды. «Ана бір кісінің кеш бойы жарбиып жастармен бірге отырып алғаны несі? Онысы барып тұрған әдепсіздік қой» дейді ертеңіне кеш туралы әсерді өзара бөлісе қалған кезімізде. «Екі інісін өзінің машинасымен Ботанның әдейі алып келгенін айтты емес пе? Оларды тастап қайдан кетсін. Өздері тағы алыста тұратын көрінеді» дедім мен Сізді себепсіз ақтауға тырысып.
«Жоға, қойшы соны жақтамай, — деп Нәрзия қояр емес. — Ауыз үйде Ерик екеуміз сүйісіп тұрсақ, сырттан кіріп келе жатыр. Бізді көріп, шығып кетумен жұмысы жоқ. Қағып-соғып қасымыздан өте шықты. «Сендердікі де дұрыс емес қой, — дедім мен де бой бермей. — Дәліз деген сөйтіп тұратын жер ме екен?»
«Көзқарасы суық, бір түрлі жағымсыздау екен, — дейді Нәрзия жеңістік бергісі келмей. — Рас, өңі біршама сүйкімді. Бірақ, онда тұрған не бар екен? Қанша үлкейсе де, әдептілік дегенді білмейтін сондай кісілерді суқаным сүймейді». Міне, көрдіңіз бе, араларынан қыл өтпейтін тату әрі өмірге деген көзқарасы әбден үйлескен ет жақын достардың Сіз туралы ойларының екіге жарылғанын да жауап бере алмаймын.
Тек ойлаңызшы өзі. Жақын досым болса да, Сіз туралы теріс пікірде жүрген адамға жан сырымды қайтіп сездірмекпін. Ортан қолдай азаматты тастап, сол кісіге... солай болдым дегенді... қалай жеткізбекпін... не бетіммен айтпақпын?
Жә, әрі-беріден кейін әңгіме тіпті де онда емес.
Сол кештен соң мен Сізді тағы да бірер рет көрдім. Шынымды айтайын, сол болмашы, елеусіз кездесуге алдымен өзім себепші болып едім.
Жолыңызды әдейі аңдып жүріп, аңдаусыз келген адамдай жолықтым. Сіз алғашында бір сәт таңырқап, әлде сәл-пәл абыржып қалғандай көріндіңіз. Сосын, атымды атап менің есімімді айтқан кезде жүрегім жарылардый болып қуанғанымды енді ғана мойындайыншы «сәлеметсіз бе?» дедіңіз ақырын ғана. Сүйекке біткен мінез мұндай жағдайда да өз ырқына жүргізеді екен. Сіздің алдыңызда қысылғаныммен үнім шықпай қалды дегенді аузыма алғым келмейді. Басымды сәл изегенім болмаса, тіл қатуды артық санаппын. Сонан кейін екеуміз шолақ қана жауаптастық. Сіздің менімен жуғысып, әңгімелесе түсуге ықыласыңыздың бар екенін емеурініңізден-ақ таныдым. Бірақ, тағы да тәкаппарлық пен намысты қайдағы намыс десеңізші алдына бөгет қылып қойып, Сіздің жетек сөзіңізге ілеспей, сараң жауаппен ғана шектеліп, бап танып тұрып алдым. Екеуміздің бір оңаша қалған сәтіміз осы еді. Бұдан былай ондай мүмкіндік бола бере ме, жоқ па? Сол мүмкіндікті пайдалана алмай, қолдан шығарып алғанымды көрмейсіз бе? Қысқаша айтқанда, Сіз екеуміздің әңгімеміз қиыспады.
Кейінгі жолығысуда да рухани ұғысар адамдардай мандыртып сөйлесе алғамыз жоқ. Оған себеп менің тәкапарлығым әрі сол тәкаппарлықпен сыйыспас қайдағы жоқ ұялшақтығым болған сияқты. Сонымен бірге біздің бір-бірімізден жан дүниемізге жуыса алмай, бөгде адамдардай салқын айырылысуымызға тіпті, бұдан кейін мүдде ұшыраса алмауымызға тек өзіңіз кінәлісіз. Өйткені, жақындасуға соншалықты ықыласты, ықыласты емес-ау, ынтық болғаныңызға қарамастан, менімен жарытып әңгімелесе алған жоқсыз. Ішкі әлеміңіз менікіне соншалықты жақын болып тұрса да, бөгде адамдай кібіртектеп тартына сөйледіңіз. Сол бір кеште өзіңіз сездірткен әзілқойлық, шешендік, ақ жарқын мінездің қайда кеткенін тіпті де ұға алмадым. Неге сөйттіңіз, білмеймін былай қойғанда, тісқақақан ересек адам емессіз бе. Сол кездескенімізде, маған Сіз өмірден жеткілікті бақыт таба алмай, күйкі тіршіліктің қанжығасында кеткен сезімі кебір, бітеу жандардың бірі болып көріндіңіз. Сол сәттегі мүсәпірлеу кейіпіңізді мүлде ұната алмадым. Сондай бостығыңыз үшін іштей күйіне, қатты жек көрінімді, Сіз турасындағы алдамшы сезімнің құрбаны болғаным үшін ағыл-тегіл еңіреп жылғаым келгенін несіне бүгіп қалайын. Содан кейінгі менің шұғыл шешімім де екеуара керенау өрбіген әңгімені пышақкесті үзген еді. Басымды шалқайта ұстаған күйі еріннің ұшымен ғана қош айтып, асықпай адымдап кете барғаным әлі есіңізде болар. Сонда Сіз менің соңымнан қуып жетіп білегімнен ұстағанды былай қойып, атымды атап, тоқтатуға да жарамадыңыз.
Тағы бір ұсақ-түйек жайларды естіп термелей берсем, Сізді ғана кінәлағым келгендіктен туған орынсыз нәрсе екенін сол түні-ақ түсіндім. Сізге ..... кінә артып, жиып-теріп, мін таққаныма ....... өзіңізді көріп келген күні түні бойы тек Сіз туралы ойлап ұйықтай алмағаным және түсініксіз еді. Осындай да қисынсыздық болады екен. Менің Сізді санамнан сызып, мүлде ұмыттырып кетермін деген дәмемнің жай ғана күпіршілік болып шыққаны несі?
Біздер тым ыңғайсыз әрі беймезгіл уақытта мүлде ойламаған жерден қапыда ұшырасып қалдық қой. Егер дүниенің төрт бұрышына бірдей хұқы жүрер тағдырдың төрелігіне жүгінер болсақ, Сіз екеуміздің осындай күйде кездесуімізге мүлде жол жоқ болатын. Мынау жалпақ ғаламда бір-біріміздің бар екенімізді, әлде бір жерлерде екі бөлек тіршілік кешіп жатқанымызды ешқандай сезіп-білместен-ақ, өз бетімізбен өмір сүре беруімізге әбден болатын еді ғой. Осыдан кейін-ақ тірліктегі бар мүддеңді, сезім-күйіңді қақпақыл ғып ойыншыққа айналдырып жіберетін пәтуасыз тағдырға деген өкпең өзінен өзі қара қазандай болып шыға келмей ме?
Табаны дәйексіз тар соқпақта болса да, жоқ жерден Сізге жолығып қалуым мен үшін шексіз қуаныш секілді көрінген. Сабама сәл түсіңкіреген кезде есімді жиып, қатты қапалы екенімді сездім. Кеудені жалаған бір ащы күйік, удай өкініш тамағымда түйнелген ауыр сезімді өксікке айналдырып, талайға дейін тыйыла алсамшы.
Қуанғам себебім — өзім бой жете келе іштей аңсаған, көрмесем де, сондай болса екен-ау деп үздіге армандаған бір ұнамды идеал тұтқан жанның мен ғұмыр кешіп отырған мынау пәни жалғанда бар болып шығуы. Менен гөрі көйлекті бұрын тоздырсаңыз да, күнделікті тірлігіңіз, барлық жағдайыңызды менікінен гөрі басқашалау болса да, балалық қиялыммен санамды сурет бұрын-ақ салынып қойылған асыл жанның өмірде бар болып шығуы мен үшін үлкен жұбаныш.
Қапаланған себебім... Аға, оны әуре болып түсіндіріп қайтейін. Бәрі, бәрі айтпаса да, белгілі емес пе? Тек, еске салатыным — бұның өзі құр қапалық қана емес, Сіз екеуміздің өмірімізде бәлкім, менікінде ғана шығар орыны ойсырап-ақ тұратын өкініш емес пе? Өйткені ... белгілі бір жайды бажайлап кеттім-ай мен Сізді жан-тәніммен құлай сүйсем де, шіркін, дүние, амал қанша, жақындаса алмаймыз ғой. Жақындасқанды қойып, тым құрыса, жанарыңызға бір сәт тапжылмастан телміре қарап, қолыңыздың сыртынан сипай алармын ба десеңізші.
Жанарыңызды көзімнен жанталаса алып қашқан сәтте де, мен әдейілеп келіп алдыңыздан жолығып қалған кезде де, әрине, Сіз өзіңізді тоқтатып, сабыр сақтауға тырыстыңыз. Бәлен жыл отасқан үйдегі жұбайыңызды ойладыңыз, кішкенелеріңіз есіңізге түсті. Ар алдында ғана емес, жар алдында да барынша адал, таза болғыңыз келді. Семья, мораль, адамгершілік туралы жастайыңыздан санаңызға сінген шегедей берік қағидаларды бұзу Сіз үшін қоғам алдындағы зор қылмыстай көрінгенін жасыра алар ма екенсіз. Өзгесін былай қойғанда, менің он екі де бір гүлі ашылмаған жас қыз екенімді, жарқын келешегімді еске алып та, өзіңізден өзіңіз қымсынып, қаймығып қалғаныңыз айдан анық. Жүзіктің көзінен өткендей жас бозбала Кәбенді, оның маған деген ықыласын да еске алған шығарсыз. Екі жастың махаббатының арасында Қодар болып көлеңке түсіретініңізді сезгенде, жаныңыз түршігіп, шошына үркуіңіз де әбден ықтимал ғой.
Сіз данышпан ақыл мен қоғамдық ереженің қаншалықты дәрменсіз тұтқыны болсаңыз да, мен туралы ойламай, мені ұнатпай тұра алмай... тыныңызға сенімім кәміл. Бұл да маған үлкен..., тым үлкен медеу. Оны мен Сіздің алғашқы көргендей емес, бір түрлі солғын тартып өзгере қалған көзқарасыңыздан, өзіңізбен үныңыздегі беймәлім құбылыстан-ақ ұқтым. Маған тура қараудан қашып, көзіңізді сынаптан сырғыта беруіңіздің өзі-ақ бүркеуге тырысқан біраз құпияңызды айтып тұр емес пе?
Менің достарымның, өзім қатарлы жас бозбалалардың маған арнаған лебіз-ілтипаты, кейбіреулерінің айрықшаықыласы — топ ішінде менің мәртебемді мінбеге көтерген шынайы қошаметтеулер.Жақын достарым әрқашан құрметтеуге тырсса, дәмелі бозбалалардың қай-қайсысы да ретін тауып, маған ең жылы деген бір-екі ауыз сөздерін айтып қалуға құмар. Кәбеннің қызғаншақ мінезін, оның қаһары мен қайратын біле тұрып, осындай қауіпті іске қадам бастындар ше? Онан кейін мен өркөкірек болмай, кім өркөкірек болсын.
Мұның бәрі менің ажарыма, кербездігіме жасалған құрмет пен қошамет екенін өзіңіз-ақ аңғарып отырған шығарсыз. Жан дүниесі тұнып, әсершіл, сезімтал адамның өзіңе ықыласы ауған жас аруды көріп тұрып, бей-жай қалуы мүмкін емес деген нық сенімімді ашық сездіруім де сондықтан.
Бірді айтып, бірге кеткен манадан бергі сезімнің бас-аяғын түгендей келгенде, алдымен, жүрек түбін ағартып тілдеспек те, Сіз екеуміздің арамызда бір өзгеше нәзік те мұңлы сезім күйінің қалыптасып қалғаны даусыз дүние екен. Дәл қазір ол шіркіннің атын атап, түсін түстеп, қадірін кетірмей-ақ қойсақ қайтеді.
Сонан соң... осы уақытқа дейін Сіздің жан әлеміңізді сырлас, дос болмай-ақ дәл мендей терең түсінген, жүрек тілімен дірілдей қабылдаған адамды атай аласыз ба? Атай алмайтын сияқтымыз. Мақтанып тұрып айтайыншы, мен Сіздің өзіңізге де тосын көрінетін, жете мәлім болмауы мүмкін кей қасиеттеріңізді де танып үлгерген, сөйтіп Сіздің жан дүниеңізге әрі рұқсатсыз әрі тереңдей енген бей сауат қонақпын. Бұндай сұғанақтығым үшін қалай ұрыссаңыз да еркіңізде.
Мен Сізге тағы бір сырдың шетін шығарайын — жақыныңа Сіздің әйеліңізді көрдім. Қалай, қай жерден жолықтырғанымды, қайтіп танығанымды тәптіштемей-ақ қояйын. Тек, жасыруға болмайтыны — ол кісі маған ұнаған жоқ.
Сіздің бітіміңізге орай өзімше лайықтап, елестетіп жүрген бейнеден мүлде басқаша жан екен. Көңіліңізге келмесін, әйеліңізді көріп, мен Сізді... қатты аядым.
Мүсіркеді деп ойламассыз. Сіз әйелден жолы болмаған, жалпы жолы болмайтын адамсыз. Бұнымды жас қызға жараспайтын кекселік деп ұқсаңыз, өзіңіз білесіз. Бірақ, Сізге көп нәрсені мен тек өз жүрегімнің емеурінімен айтып отырғанымды тағы да есіңізге салып өтсем қалай болар екен.
Сол жолы кіші қызыңызды да көрдім мен. Әдемі ғана емес, екі ұрты томпиған, қара көзді сүйкімді бала екен. /Тіфә,тіфә дейінші/. Бір көргеннен-ақ жүрегіме жақын қабылдап қалдым. Бір түрлі жоқ жерден табылған туысым, жолықпай жүрген жазықсыз жақыным сияқты көрініп кетті сол сәби. «Неге менікі болмады екен? Деген ой да келді басыма. Мен оны қасымдағы анасынан, Сіздің әйеліңізден жүрек етім жұлына қызғандым... қызғандым
Жер бетінде қанша адам болса, сонша қабылдау, сонша сезім бар. Әу бірі үшін бірі жаратылған егіз сезімді адамдардың осынша кең дүниеден бірін-бірі жаңылыспай дәл таба алуы соншалықты қиын екенін математикалық жолмен-ақ дәлелдеуге болар. Ықтималдық теориясы дәл осыған керек. Шын ғашық болып қосылып, өле-өлгенше сол асыл сезімнің әлдиімен өтетіндер бүгінгі заманда сондықтан да сирек. «Ал күйіп-жанып қосылып жатқандар ше? Ондайлар өмірде аз емес қой» деп дау айтарсыз бұған. Сол ғашықтардың сезімі мәңгілік өмір сүретін шынайы сезім екенін кепілдік бере аласыз ба? Біздің мүлде бейсауат уақытта, қапияда кездесіп қалуымыз да мен айтқан ойдың дәлелі сияқты.
Егер Сіз екеуміздің жасымыз да, отбасы жағдайымыз да өзара сәйкес келіп, бір-бірімізге сайма-сай болып тұрсақ, арамызда осындай құдіретті сезім орныға алар ма еді? Тіпті, екеуміз де өз жаымызда қалып, тек Сіз салт басты, сабау қамшылы болсаңыз, мен сізді дәл қазіргідей сүйе алар ма едім? Сіздің үш балаңыз бен аядай ақырған әйеліңізді тастап, маған үйленуге батылдығыңыз жеткен күннің өзінде де, біздің бақытты болуымыз неғайбыл. Егер ондай әркетке бара қалсаңыз, менің Сізге деген ұланғайыр сезімім сол алғашқы тұнық тымық қалпын сақтай алатынына кім кепілдік берер. Іштей Сізді осылай етсе екен деп жылап тұрып тілесем де, ұсыныс жасауға аузм бармас еді. Салқындаған сәттегі санамның ишараты осы.
Тіпті, әрі-беріден кейін балаларыңыздан айырған адамға деген сезіміңіз, ол қаншалықты сұлу болып, қаншалықты ұнатып тұрсаңыз да, өз қуатын мәңгі сақтай алмайтыны анық қой.
Бұл бір түйіні, шешуі жоқ махаббат. Оған ешкім де кінәлі емес. Ары кетсе қосыла жазғыратынымыз — тағдыр.
Сізге көптен бері айтармын, жеткізермін дегенім осы еді. Енді болған-біткені де сол. Қайтейін? Қолдан келер қайран не? Қайтейін?..»
* * *
Қыз қаламын столға қойды да, үндемеген қалпы орнынан тұрып кетті. Сонан кейін жайлап басып, терезеге қарай беттеген. Жүзін далаға беріп, қимылсыз тұрған әсем мүсінді сыртынан терезе алдына қойылған манекенге ұқсатуға болар еді.
Шаралы жанарларды әп-сәтте толтырып үлгерген ыстық жас қалың кірпік кемерден асып, лықси домалады. Көздің сүрмесін еріте қуалап, апппақ өңді айғыздай тарамдаған күйі иекке қарай құлап барады. Астыңғы ернін қаусыра тістеп үн бермей, тұншыға егілген қыз әлі де жаңағы жансыз мүсін қалпында.
Тек екі қолдың сүйріктей саусақтары ғана дірілдей қозғалып, тыным табар емес. Жанарыңа жас қана емес, мұң да толған кемшіліксіз сұлу пішін сонда да пан әрі өзгеше әдемі еді.
Бір аттап, екі аттап столға қайта келген қыз ақырын қолын созып, ертеден кешке дейін сызғылаған қағаздарын алды. Саусағына жұмарлана ілінген жазулы парақтарды кеудесіне қысып, біраз тұрған ол өзінің күні бойы жазған еңбегін — хатты үгітіп тұрып, асықпай жырта бастады. Ұзақ жыртты. Сосын терезенің алдына келді де, аппақ қардай бір уыс қағазды сыртқа шашып жіберді...
1983