Орындалған тілек
Кішкентай Дәулет базар қайдасың деп ұшып келеді. Мақсаты соңғы сәтке болса да үлгеру. Ал көңілінде кезектескен бір үміт, бір күдік. Үміті — жанқалтасындағы отыз теңге. Ал күдігі — қажетті ақша толық емес, тек жартысынан әрең асады. Күте тұру керек еді, бірақ оған тағаты жетпеді. Өйткені ертең — жарыс. Әрі оған қатысам деп уәде беріп қойған. Одан қалу — жұртта қалу деген сөз. Өліммен бірдей. Соны ойлап, не де болса барып көрейін деп күннің кеш кіргеніне қарамай зытып келеді. Шамалауынша, базар енді-енді жабылуға тиіс. Міне, екі аяғы жерге тимей ұшып келеді. Жүрегінде ептеген қобалжу бар. Бірақ, соған қаратпай, өзі де білмейтін әлдене дедектетіп жетектеп келеді. Тез жетпесе, керекті затын біреу келіп алып кететіндей. Тіпті, алып кеткен болуы да мүмкін, ойда жоқта көріп, «алам» деп бекінгеніне қашан. Апасымын бірге базар аралап жүрген болатын, тосын көзі түсті. Жанары жарқ етті. Жақындап барып қарап еді, астындағы қатты қағазда бағасы жазулы тұр екен. Елу теңге. Сұмдық көп ақша. Екі әлде үш нанның құны. Өзі білетін және қағыстырып-соғыстырып шетінен болмашы тиын-тебен түсіретін белгілі заттың құнымен өлшеді. Бірақ алғашқы қуанышы су сепкендей басыла берді. Мынандай ақша жию үшін аз дегенде бір ай керек. Апасы беретін бір наннан ұзаса бір не екі теңге үнемдеуі мүмкін. Одан көп ешқашан бола қоймайды.
«Апама айтып көрсем бе екен» деп бір оқталды артынша. Бірақ ол ойынан тез айныды. Мұғалім әкелуді тапсыратын екі жүз теңгенің өзін қалталарын ақтарыстырып жүріп әрең тауып беретін адамда қайдағы артық ақша. Соны еске алып, салы суға кеткендей басыла берді. Артынан байқады, қиял соғып тұрғанда апасы әлдеқашан ұзап кетіпті. Артынан тұра жүгірді.
Содан бері ойында елу теңге. Күндіз есінен, түнде түсінен шықпайды. Талай рет көкейтесті арманына қол жеткізді. Бірақ, ояна келгенде, онысы жай көрген түсі болып шығып, жер сипап қалып жүрді.
Сөйтіп жүрген күндердің бірінде елу теңге табудың жолы да табылды-ау, әйтеуір. Ауылға өмірі келмейтін бөтелке жинаушы келді. Озандай айғайлап көше-көшені басына көтерді. Бірақ не айтып жатқаны түсініксіз. Сол ұғынықсыз сөздердің арасынан «бутылка» деген сөзді құлағы шалғанда барып, бәрі сайрап жүре берді. Қуанып кетті. Бірақ беретін ақшасы мардымсыз екен. Оны артынан білді. Ауылдың түкпір-түкпірін тінтіп шығып, әрең тапқан бос құмыраларын әкеп өткізіп еді, бар-жоғы отыз теңге болды. Үш он теңгелік сылдыр етіп алақанына түскенде аса шаттана қойған жоқ. Оның тағы бір себебі бөтелке іздеп тентіреуді ары жалғастыруға уақыт жоқ еді — күн еңкейіп, кеш кіріп барады. Керекті дүниесін бүгін барып алмаса, ертең кеш. Таң атса — жарыс. Кешігуге болмайды. Көп ойланып тұрған жоқ, базар қайдасың деп тартып отырды. Содан келе жатқан беті осы. Көңілінде бір үміт, бір күдік.
Базарға таяп қалғанда күдігі мүлде басым орынға шықты. Көңілі қобалжып, қаймыға берді. Ал мезгеулі жерге тақап барғанда мүлде дәрмені құрып, бойын үрей алды. Бірақ сонда да тоқтамай қыбырлай берді. Жылжи берді. Жоқ, көрген заты орнында екен. Алыстан көз салып, кәдімгідей қуанып қалғанымен, бағасы жазылған қағаздың орнында жоғын көргенде жүрегі бір аунап түсті. «Тіпті де қымбаттап кетті ме» деген қорқыныш еді онысы. Жанын елжіреткен бір мұқтаж сезім биледі бойын. «Бір тілегімді бере көр!» деді ішінен кімнен өтінгенін өзі білмей. Жақындай бере сатушыдан зәру заттың бағасын сұрады. «Отыз теңге» деді сатушы. Дүние нұрланып жүре берді. Сол сәт көзінен екі тамшы жастың ыршып кеткенін артынан білді. Бір тәуірі сатушы оны байқаған жоқ. Біреумен сөйлесіп тұр екен, сол күйі назар аудармады. Қолындағы ақшаны орнына қойды да, керегін қолына алды. Артына қарай бұрылғанда жер бетіндегі жалғыз бақытты адамдай сезінді өзін.