Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Берік

Жолдың осы бір бөлігі Берік үшін аса алмас асу, тым қиын. Аяңдап келіп, осы тұсқа жеткенде өзімен өзі арпалысып, табанына тас батқандай кібіртіктейді де қалады. Жай әрі-сәрі болса жақсы ғой, тұсалып қалғандай алға қарай аттап баса алмай, қарадай қиналады. Жүрмейін десе тағы пәле, басқа жол жоқ. Амалсыз адымдап, ілгері жылжиды.

Міне, бүгін де сол мүшкіл хал. Сүйретіле басып, сырғып келеді. Бір жақ жанына қарамауға тырысты. Бар пәле сол жақта тұр ғой, өйткені. Өзін әпжыландай арбап, ақылынан аударып бара жатқан сиқыр сол тарапта. Қол созымда ғана. Сәл босай қалса болды, өзіне қарай жұлқа тартып, жұтып әкетпек. Онда саудасының біткені. Болған бұрын ондай жай... Кібіртіктей басып жылжып келе жатқаны сол еді, не болғанын аңдамай қалды, аздан соң есін жиғанда, жын тигендей еліріп, шиқылдаған ойын автоматының алдында отырғанын бірақ білді. Білген сәтте шошыды. Өйткені, берген уәдесі бар ғой әкесіне. Енді не болмақ?

Бірақ, кешірім болды. Тек бір ғана шартпен. Орындалмайтын құрғақ уағдаларға ендігары сенбес болған әкесі қадалып отырып қолхат жаздырып алды. «Осылай да осылай, енді қайталасам, аяушылық болмасын деп». Енді шынымен-ақ аяу болмайды. Не жаза қолданылатынын білмейді, бірақ, кеңшілік болмайтыны анық... Тек осыдан қорыққаннан ғана есін жоғалтпай жылжып келеді. Әйпесе...

Кейде осы үлкендерді түсінбейді. Кейбір қылықтарын ойлағанда, тіпті, жек көріп кетеді. «Не тұр екен кішкене ойнағанда» дейді ішінен кіжініп. Дегенмен, артынан әкесінің «сабақ қайда... сабақ? Үлгерімі төмендеп кетті деп апайың күнде телефон соғады.. не болды саған?» деген сөзі есіне түскенде барып не дерін білмей тосылып жалады. Себебі, не болып жатқанын өзі жақсы біледі ғой. Қыңқ ете алмайды.

Ештеңені ескермеген болып көзін жерге салып алды. Бірақ, іштей таяу жердегі жалмауыздың өзін әлдене сиқырымен арбап, тартып бара жатқанын сезіп келеді. Мойнын бұрмауға, шыдауға тырысты. Дегенмен, аржағында толық сенім жоқ. Іштей қалт-қалт етеді.

Болмай бара жатқан соң, бұрыла жөнелейін деп бір тоқтады да, қайта бөгелді. «Соңғы рет бір барып алып, сонан соң мүлде қойсам ба екен?» деген бір ой келген-ді басына. Бірақ өйте алмады. Өйткені, ол әр күні айтылатын сөз ғой. Қазір сөйтіп ойлағанымен, ертесі бәрі бір тағы «соңғы рет» ойнағысы келіп қалады. Неге олай болатынын өзі де анық түсінбейді. Әйтеуір, қашанда солай болып шығатын, бәріне артынан өзі өкінетін. Кешкешейін ұрыс естігеннің несі жақсы, мұндай қылықты қайталамауға қанша бекінгенмен, ертесі жеңіліп қалатын. Міне, бүгін де белгісіз бір пәле мұрнынан жетектеп, сүйреп барады. Тіпті, еркіне қоятын емес...

«Жоқ! — деді бұл іштей бұлқынып. — Бармаймын! Барсам, әкем ұрады... » деді артынша ашуланып. Көз алдына әкесінің сұсты бейнесі елестеді. Соңғы рет әкесі шынымен-ақ аяушылық дегенді білмейтін, қатулы адамға өзгерген еді. Мұндайын бұрын көрмеген бұл әрі таң қалып, әрі сұмдық шошыған-ды. Босап бара жатқан бір сәтте сол үрей келіп, жүрегіне діріл жүгіртті. Дәл сол кешегіндей болып тіксініп, тез ес жиды. Әлдиіне алып бара жатқан «Мені қорқыту үшін әтей қабағын түйген шығар, аз ойнап алып, артынан барсам, ештеңе етпес» деген алдамшы ойы шорт тиылды. Ақылын тапты. Қараса, әлі жолдан шыға қоймапты. Жіті басып, алған қарай адымдай жөнелді. Айдаһарша арбап, торғайдай шырылдатып бара жатқан қарғыс атқан жерден жылдам алыстап кеткісі келді. Артынша ұзап та бара жатты.

Тек бір сәттен кейін ғана өзін еркін сезіне бастады. Белін бекем буып, одан сайын нығая түсті. Соның арасынша болған жоқ, ішінен «Берік! Берік! Сенің атың — Берік» деп келе жатқанын білді. Іле тиыла қойды. Өзін пәледен ненің құтқарғанын сол мезетте анық шамалыды. Бұл кеше айтқан әкесінің соңғы сөзі еді. «Мен сенің атыңды, уәдесіне берік болсын, еш қиындықтан жеңілмесін деп, Берік қойғам! Біліп қой, сенің атың — Берік!» деген.

«Иә, менің атым — Берік! Мен жеңілмеймін!» деді артынша өзіне өзі. Іштей қатты қуанды. Бірақ неге сонша қуанғанын өзі анық білген жоқ.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама