Сенімді серік
Сәлем, достар! Бұл мен ғой, Қалтафон! Қалайсыңдар? Өмірде жақсы адамдар көп қой, кезекті әңгіме де сондай бір ізгі жан жайында.
Дарын биыл мектепалды дайындық сыныбына барған. Күнде әжесі әкеліп, кешке өзі алып кетіп жүр. Неге керек болғанын кім білген, бір күні әкесі мені (Қалтафонды) алып, ұлының (Дарын) сөмкесінің кішкене қалтасына салып қойды. Содан бері екеуміз күнде біргеміз.
Міне, кеш батты. Дарын басқа балалармен бірге сөмкесін арқалап сыртқа беттеді. Қаппаға келіп, әжесінің келуін күтті. Әжесі біразға дейін келмеді.
Ары-бері тосқан Дарынның бір кезде өз бетімен кеткісі келді. Неден қорқады, үйлері жақын. Күндегі жолдарымен жүрсе болды емес пе, бір демде жетіп барады.
Ол қақпадан шығып, жаяулар жолымен аяңдап тартып отырды. Аса асыққан жоқ, жан-жағына қарап, төңеректі тамашалай жүрді. Күнде әжесі асықтырып, ештеңені көрсетпейді екен ғой, жол бойы қандай қызық! Ролик тепкен балалар, ит жетектеген әйелдер айналады өріп жүреді екен. Әжесі қасында болса, осының бәрін көрсетпес еді, енді қандай рақат! Алаңдамай бұрылып, армансыз қарады.
Міне, қызықтың көкесі енді басталғандай. Әлдекімдер дабырлаған соң, елең етіп бұрылып еді, қызылды-жасылды шар көтерген бір кісі өзіне қарай таяп келеді екен. Түрлі түсті шарлардың бәрін үрлеп, буылған жерінен байлап, жіңішке жіппен көгендеп алыпты. Әуеде желмен ұшып, иықтасып кетіп барады. Сыртына салынған сүйкімді бала бейнесі күлімдей қарап, өзіне шақыратындай.
Дарын шыдай алмады, еріксіз қозғалып, ере жөнелді. Артынан қалмай ілесіп отырды. Жүре-жүре бір қазандай қайнаған шулы ортаға тап болды. Сонда барып басын көтеріп, жан-жағына қарады. Бұрын көрмеген жері. Қайнаған қан базарға кіріп кеткенін ол сәлден кейін, қатар-қатар тізілген әйнек дүкендерге көзі түскенде білді.
Бұл кезде келген дабыл бойынша мен де шырылдап қоя берген едім. Алғашында қалың дудың ортасында тұрған Дарын естімеді. Аздан соң бір шетке шығып, тыныстағанда ғана құлағы шалды.
Білегін созып алайын деп еді, қолы арқасына жетпеді. Амалсыз жотасындағы сөмкені алдына алды. Сонан соң барып мен оның алақанына түстім.
Құлағына тосқанда аржағынан әжесінің таныс даусы естілді. Дарын абдыраған жоқ. «Әже» деді қуанып.
— Қайдасың, құлыным? Мектептің алдында жоқсың ғой? — деді әжесі дауысынан сәл алаңдағаны білініп.
— Әже, мен мектептен кетіп қалдым. Өзім үйге барайын десем... басқа жаққа кетіп қаппын.... — деді Дарын күмілжіп.
— Қазір қайда тұрсың? — деді әжесі сонда ғана шын сасқалақтап. — Әтең, Құдай-ай, қара басып отырып қалғанымды қарашы! Енді қайттым... енді! Қайда тұрсың енді?..
— Білмейім. Бір адам көп жерде тұрмын... елдер көп жүр...
— Онда алаңдама, құлыным! Әуелі қасыңнан өткен кісіні шақырып, телефоныңды соған бер... қайда тұрғаныңды өзім сұраймын.
Дарын жан-жағына қарады. Таяу жерден бір аға мен әпке кетіп барады екен, қарсы жүрді.
— Аға, менің әжеммен сөйлесіңізші! — деді жақындай бере қолындағы телефонды, яғни, мені ұсынып.
Бейтаныс аға алғашында түсінбей қалып, екі ойлы күйде мені алып құлағына тосты. «Ало-о... » деді артынша тартына тіл қатып.
— Әй, балам, қасың да тұрған менің немерем. Мені күтпей, үйге өзім кетем деп адасып кетіпті. Қайда тұрғанын айтып бересің бе...
Сонда барып мән-жайды түсінген жігіт:
— А, біз «Арал» базарында тұрмыз. Өзіңіз қайда тұрсыз... шығып бара жатыр едік, жолай немереңізді апарып тастасам дегенім ғой... — деді жадырай күліп. — Жақсы... жақсы! Әзір жетеміз... — деді артынан.
Дарынға бұрылып, мені қолына ұстатқан аға:
— Әй, тентек, не бүлдіріп жүрсің? — деді жымиып. — Жүр, кеттік! Әжеңе апарып саламын! — деді артынан. Дарынның қолынан ұстап сыртқа қарай беттеді.
Содан аз өткенде Дарын әжісінің қасында тұрды жайраңдап.
Міне, балалар, мақтанды демеңдер, кейде менің адамдарға осындай да пайдам тиеді. Мен балалардың жақсы досымын!