- 07 мам. 2023 00:00
- 214
Орысты шаппақ болғанда Бұхар жыраудың өлеңмен тоқтау салуы
Қаржас Қалқаман батырдың баласы Бұқар жырау деген қария болған екен. Заманындағы сыншылар ол кісіні «көмекей әулие» дейді екен. Көмекейі бүлкілдеп сөйлейді де отырады екен. Қара сөз жоқ, аузынан шыққан сөзінің бәрі жырлаумен шығады екен. Сол Бұқарекең Абылай ханға айтқан екен:
— Сенен бұрын жеті ханды жебеледім, кеше eңсегей бойлы ер Есім ханға да жолдас болдым. Сен оның бір түстігіне де жарамайсың, — деген екен.
Абылай хан бір жаққа аттанарда Бұқарекеңді алдырып, aйдың, күннің сәтін сұрайды екен, сәуе көріп бер дейді екен. Сонда Бұқарекең:
— Сары бура келіп, сенің туыңның түбіне тұрып, пәлен жаққа қарай шабынды, — дейді екен.
Сол айтқан жағына бет алып аттанса, шауып, жаншып алып келеді екен. Егер cары бура келіп туының түбіне шөгіп, мойнын салып жатып алды десе, аттанбайды екен.
Ол заманда Сарыарқада орыс деген жұрттан нышан жоқ екен. Абылай ханға сәлемдеме беріп:
— Өзіңе қараған жұртты бізге жай қылма, — деп сыйлап тұрады екен. Олай-бұлай жүрген саудагерлері Абылайға тарту-таралғы беріп, ешкім тимеске хат алып кетеді екен. Абылай заманында болған шайырлар айтқан екен:
Абылайдың атасы — Әбілфейіс,
Хан баласы төсенбес етке киіз.
Аузы түкті орыстан алып-алып,
Абылайға шықты ма екі мүйіз, —
деген екен.
«Алматы, Аягөзге саудагер жіберемін, соған жол берсін!» деп сұратқанда, имамқұстан шығып, Ертіс жағалап, Семейге шейін баратұғын қара жолды Абылайдың «сонымен жүрсін!» деген бұйрығымен қара жол болған екен. Сол үшін Ертістің бергі жағындағы көлденең жолды «Абылай жолы» дейді. Жәрмеңкелік жер сұрағанда, Есілдің бойынан Қызылжарды берген екен. Атығай Дәулеткелді байдың қыстауы екен. Сонан соң Дәулеткелді бай:
— Жерімді орысқа берді, — деп өкпелеп, — Жиделібайсын- ға кетемін, — деп ауып кетті.
Соның тұқымына Ташкентте жолығып сөйлестік, көтенші деген қоңыраттың ішінде өсіп-өніп кеткен екен.
Қызылжарда «Абылайдың ақ үйі» деген сонда салынған үй екен. Аузы түкті кәуірді айтқанына көнгізіп, айдауына жүргізіп тұрған күнінде үш жүздің баласын кемеңгер билер- ді жинап ақыл сұрады:
— Сары жаудың бәрі жау деп еді, қуықтай басы бүріскен, ешкідей көті шүрішкен, көрер көзге оп-осал болса да, қулығы көз жеткісіз терең көрінеді. Сарыарқаға қызығып күндердің күні болғанда қызыл қарын, жас балаға күн көрсетпес. Алаш ұранды қазақты жиып алып, «қылқұйрық» деп аттанып, қырып тастасақ қайтеді? — деп.
Сонда билердің бірде-бірі ханға бір ауыз жауап қайтара алмағанда, тоқсан үш жастағаы Бұқарекең ханға толғап сөз айтыпты.