Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Өті адалдың еті арам ба?

Аспан қаһарының барлығын жерге төгіп болған соң, күн жадырап, ауа шайдай ашылды. Шығысқа қарай қой - қосақ құлпырған спектор сәулесі жарты шеңберін тайганың құлпырған жасыл жиегіне тіреп тұра қалғанда, 284,3 нысаналы төбені басып шығып, Әзімханның атының жаңа тезегін көріп, соның ізімен полк тұрған жерге қарай тарттық. Жолда бір терең ойға түсіп келе жатқанымда:

— Лейтенант жолдас, аю, — деді Макаров. Жалт беріп оң жағыма қарасам, дөңкиіп жатқан еменнің үстіне шығып тіміскілеп, анда-санда тұмсығын жоғары көтеріп, ауаны иіскеп, жалғыз қара аюдың жүргені рас екен. Қалың бұтаны паналап, наганымды қолыма ұстап, бүғып, аяғымның ұшымен басып, 20-30 метр жақындай беріп, жуан қарағайға сүйеніп тұрып, аюдың басынан дәлдеп аттым. Аю шалқасынан түсіп, сеспей қатты.

— Ура, молодец, лейтенант жолдас, — деп Макаров аттарды тастай салып, жүгіріп барып, аюдың қанын сорғалатып, иығына салып көтеріп келді. Макаровтың палуан күшіне таң қалып, орнымнан қозғалмай тұрып қалыппын. Аюдың аяғын салбыратып кезек өңгеріп келе жатырмыз.

Қашан полкқа жеткенше жол қысқарсын, түйедей аюды ойыңша көтеріп, көкпардай өңгерген Макаров палуанмен таныстырайын.

Макаров сияқты жігіт сирек кездеседі. Өткен жылы көктемде мені танкке қарсы ататын батареяның командирі етіп тағайындады. Өз алдына айрықша бөлім подразделение басқару үшін, қарамағыңдағы командирлердің, қызыл әскерлердің барлығымен толық танысып, сырын алып, оның кім екенін жақсы білуді күнделікті қызмет өте керек етеді. Ол, әсіресе, соғыс кезінде керек. «Менің жаным осыдан артық па еді деп, майданда кім қалады бірге тұрып» деген көзқараспен қарап, бейбітшілік уақытта қарамағыңдағы кісілерді сынап, сырын біліп, жолдастық, бауырмалдық, адамгершілік, ерлік, жомарттық мінез-құлқын да тәрбиелеу керек — ол командирдің борышты міндеті де.

Адам сырын алу оңай емес, оған қоса адамның бәрі бірдей емес қой. Әр жақтан келген, әртүрлі, әр мінезді, әрқайсысы өзінше ата-ана тәрбиесінде болған. Біреулерінің білімі аз, біреулерінікі одан артық, азы үйленген, көбі бойдақ. Тұрмыстың не екенін біліп, таңдайы еш нәрсе татпаған, басылмаған жас жігіттердің бастарын міндетті әскер қызметі қосып, өмірінде көптеген ұлты, салты бөлек, танымайтын өзі сияқты жігіттермен жолдас қылып, бір үйге жатқызып, бір қазаннан тамақтандырып, бірге қызмет еткізіп отыр. Ол жігіттерді майданда бірін-бірі туысқан бауырындай қорғап, бір ниет, бір ынтамен ұлы отанға берілген патриот, адал туған ұлдың құлқымен бір қасық қаны қалғанша шепті жаудан қорғап, тайынбайтын, аянбайтын айбатты, жүгінбейтін жүректі, жігерлі, халыққа берілген азамат етіп тәрбиелеу — командирлердің бас міндеті. Сол міндетіңді орындап, командир атыңды ақтау үшін күнделікті қызмет қарамағыңдағылардың әрқайсысына айрықша көзбен қарап, тәрбиелеуді керек етеді. Аттың сырын бір мінгенде алуға болады, бір көргеннен адам сырын білуге болмайды. Солай болғандықтан ол ерінбей, жалықпай соңына түсіп қызмет етуді тілейді.

Макаров — әскерге шақырылған сол көп жігіттердің бірі, әңгіме соның қара басы туралы болсын. Макаров — жастайынан жетім қалып, ата-ана тәрбиесін алмай, баскесер ұры, бұзықтықтың салдарымен түрмеге түсіп, Беломор каналында істеп, мезгілін бітіріп шыққан соң, төрт айдан кейін әскерге шақырылып, Қиыр Шығысқа Еділ бойынан келген жігіт.

Орта бойлы, дембелше, тығыз бұлшық етті, күшті, жалпақ үйрек мұрын, ернінің қалыңдығы екі елі, сойдақ тісті, гүрілдеген жуан дауысты, майда секпіл бетті, денесін инемен шаншып салған порнографиялық сурет қаптаған жирен жігіт жолықса, оны Макаров Алексей Терентьевич десеңіз қателеспейсіз.

Мен батареяға келгенде, бұрынғы командир Макаров туралы мынандай мінездеме берді: «Бұрын қылмысты болған, өте тәртіпсіз, ешкімге бағынбайды. Алты рет сөгіс алып, бес рет нарядқа тұрып, төрт рет гауптвахтаға қамалған сенімсіз субъект...».

Сөйлескелі шақырғанымда, Макаров сұрақтарыма жауап бермей, бедірейіп тұрып алды.

— Макаров жолдас, сіз әлде қызмет жағынан бір нәрсеге наразы шығарсыз, олай болса, айтыңыз, тексеріп көрейін, — деп ем.

— Мен төрт жыл түрмеде болдым, оның үстіне әскерге алынып, енді тағы екі жыл жамалып отыр, — деді.

— Әскер қызметін түрмемен салыстыру жарамас, ол қате болар. Еркек болып туғаннан кейін, Отан қорғау қызметін өтеу — әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз. Некрасов дейтін сіздің Еділ бойынан шыққан орыстың атақты ақыны:

Ақын болмау өз еркің,

Азамат болу — міндетің, —

(Поэтом можешь ты не быть,

Но гражданином быть обязан.)

деген. Азаматтың міндеттен қашып, оны қорлық көру дені cay жігітке өте мін болады, адамгершілікке жатпайды, азаматтығыңа сын.

— Мені бұл жерде адам орнына санамайды, — деп Макаров жыламсырап жіберді.

— Адам орнына санамасам, бұлай сөйлеспес едім, Макаров жолдас, сіз қате түсінген боларсыз. Өзіңіздің осы жерге келгеннен бергі барлық істеген қылықтарыңыздың сізді «адам орнына санаттырмаған» себебін қайтадан ойлап қараңызшы. Кімдікі дұрыс, кімдікі теріс болар екен. Кейін маған келіп қорытындыңызды айтарсыз, — деп Макаровқа кетуге рұқсат бердім.

Бір кеште командирлердің барлығын шақырып алып:

— Ертең жорыққа шығамыз, взводтарыңызды даярлаңыздар, сақал-мұрты өскен, кір бір қызыл әскер болмасын,—деп бұйрық бердім.

Ертеңіне, аттанардың алдында барлық батареяны қатар тұрғызып қарасам, Макаровтың бет-аузы шаң басқан, жирен түк, жағасы бес батпан кір, мелшиіп қабағын шыта қарап түнеріп тұр.

— Сіз, Макаров жолдас, сақалыңызды неге алмадыңыз, жағаңыз неге кір? — деп едім.

— Менің ұстарам жоқ, — деп гүр етті.

— Жолдастарыңызда бар шығар, сұрасаңыз бермес пе еді, тазалық адамға өте керекті ғой.

— Мен ешкімнен еш нәрсе сұрамаймын, егер де білгіңіз келсе, мен бұдан еш уақытта таза болған емеспін, — деп, қабағын түйіп дүрсе қоя берді.

— Барып қырынып, жуынып шығыңыз, 15 минут срок,—деп бұйрық еттім.

— Бармаймын, мені әурелеме, — деп даусын бұрынғыдан да қатты шығарды.

— Төртінші зеңбірек адамдары бес қадам алға марш, — деп бұйрық бердім.

Басқалармен бірге Макаров та орнына тұрды.

— Кіші командир жолдас, қазір казармаға қайта кіріп, Макаров көнбесе, аяқ-қолын байлап, сақал-мұртын алып, жуып болған соң, стройға қайта келіп тұрыңыздар, — деп бұйырдым.

Он минуттан кейін барлығы күліп қайта келді.

— Мен өзім жуынып, өзім қырындым, командир жолдас, — деді Макаров.

— Бес-алты күннен кейін атқосшымды қалдырып, оның орнына Макаровты ілестіріп, Покровка деген қыстаққа бардым. Жолдасым жол-жөнекей тіс жармастан соңымнан жүріп келеді.

Қызметті бітіріп, ресторанның алдына барғанда:

— Атты айқастыра білесіз бе? — деп Макаровтан сұрадым. «Жоқ» деген соң, өзім айқастырып, Макаровты ресторанға ертіп кірдім.

Ресторанның ішінде Макаровтан кір адам көрінбеді. Оны сезіп, ол кіре салысымен-ақ қуыстанып, қызарып, қысылды. Шығып кетуге мен рұқсат бермедім.

— Мұнда жақсы қыздар бар көрінеді, көзіңізді сала отырыңыз, жас жігітсіз ғой, — деп қалжыңдап ем, Макаров тұншыға терледі. — Батыл болуыңызға мүмкін себеп болар және аппетит үшін, — деп алдына бір стакан арақты қойып, өзімнің стаканымды соғыстырдым.

— Ішпеуші едім, лейтенант жолдас, — деп Макаров қымсынды.

— Ол өтірігіңізді маған айтпауыңыз жөн болар, саулығыңыз үшін алып жіберіңіз, мен сіздің саулығыңыз үшін ішем, — деп қағып салғанымда, Макаров сасқалақтап, жан-жағына қарап алып, менің көзімді ала беріп, сіміріп тастады...

Ертеңінде Макаров тойға баратындай таза киініп, жып-жылмағай болып қырынып, әсемденіп айнаның алдында тұрғанын көрдім. Сол күннен бастап ол тәртіпті, таза болып жүретін болды. Қызметке беріле істеп, қолымыздағы техниканы, атқа мініп жүруді аз уақытта тез үйреніп, жолдастарының арасында абыройы тез өсіп, сыпайы, ұқыпты, жүректі аттылардың қатарына кешікпей-ақ қосылды. Сауаты шамалы болса да, саяси сабақтан да артта қалған жоқ. Қызыләскер кітапханасынан кітаптар алып оқып, газет қарауды әдет етіп, қоғам қызметіне белсене қатысып, қабырға газетінің белсенді тілшісі болды. «Жығылған үстіне жұдырық» кері келмей, адам қатарына қосылғанына мен қуандым.

Макаров менің, өзінің ат тұрманына кір жуытпай, бағып-қағып салтанатты түрде ілесіп жүретін болды.

— Бұрынғы командирлер зекіріп, ұрсып сөйлеуші еді, оған ызаланып мен тәртіпсіз болып едім, сіз мені адам қатарына қостыңыз, рақмет сізге, командир батареи жолдас, — деді Макаров бір жолы. Менің көңілім көтеріліп, сый алғандай риза болдым.

— Жәрдемдесу — менің міндетім, табыс — сіздікі, — дегенімде Макаров:

— Жоқ, менің мұндай болуыма, менен де сіз көп еңбек сіңірдіңіз, — деді.

Батареядан штабқа ауысқанда Макаровты өзіммен бірге ала кеттім, содан бері менімен бірге еді. Полкқа күн бата жеттік, мал дәрігерінің рұқсаты бойынша, қазаққа аюдың өті адал болғанда, еті арам болып па деген оймен, аюдың етін асып кешкі тамақ жедік. Дәмі жылқының қара кесек етіндей болады екен.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама