Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Балалық сапар

Сырдария губерналық халық ағарту бөлімінен мен, Құрманбек, Сейтқасым үшеуіміз Орынбордағы Халық ағарту институтының шақыру қағазын қолымызға алғанбыз. Үшеуіміз 23 сомнан – 69 сом жол қаражат алдық.

Губерналық атқару комитетінің қорасынан шыға салысымен «Киім» мектебіндегі ондай-бұндайларымызды алып поезға шықпақ болып үшеуіміз бірдей жүгіріп бара жатырмыз. Жүрегіміз дүрсілдеп, поезға қашан мінеміз деп, поезға жеткенше жүрегіміздің дүрсілі қоятын емес.

Үшеуіміз бір жарым сомға бір арбаны жалдап, бір сәтте стансаға жетіп бардық. Барсақ, билетке кезекте тұрған адам мүлде көп екен. Сейтқасым біреуінің артына тұра қалды. Орынборға дейін 18 сом 75 тиыннан билетті алып шықты. Сол арада бәйгіден озған жүйріктей, алдына жан салмай поезд да пышылдап келіп қалды. Тоқтағаннан кейін біреу мініп, біреу түсіп жатыр. Біз де біреуіне барып міндік. Біз мінген поезға бізден басқа да бірнеше адамдар мінді.

Қоңырау үш қағылды, паровоз ақырды, ағып жатқан дарияша поезд жылжый бастады. Терезеден қолын былғақтатып жолаушылар бір-бірімен қоштасып жатыр. Біз «қош, Шымкент!» деп Шымкентпен қоштастық. Поездың сып-сып, дүрс-дүрс еткен даусы естілді. Ішіндегі адамды бесіктегі баладай сәл-сәл қимылдатып, тербейді.

Біз үшеуіміз терезеден қарап тұрмыз, жол-жөнекей не бір жақсы сайлар, басын ағартып, шағаладай болып тұрған мақталар, жапырағы сарғайып тұрған талдар, аңыздағы шырмауықты быртылдатып жеп жатқан қойлар, сиырлар көзге бір көрініп қалып кетіп барады.

Солардың ешқайсысына зер салмай, ботасы өлген түйедей боздап, жұла тартып паровоз бізді Арыс қайдасың деп алып қашып барады. Поезд жолдағы Бадамға сәл тоқтап, сып-сып етіп және жөнелді. Паровоз бір ақырып, жылжып барып тоқтай қалды. Терезеден ст. Арыс деген жазу көрінді. Әрқайсымыз жүгімізді арқалап түстік. Стансаның алдына барып, жүгімізді үстел етіп отырдық. Түскен адамдармен қоштасқандай паровоз бір ақырып Ташкентке қарай сүйрей жөнелді. Біз отырып қала бердік. Бойы аласалау келген жас орыс жігіті: «жолдастар, қайда барасыздар?» — деп бір кішкене сандықшасын қолына алып, біздің қасымызға келді. Қайда баратынымызды айттық.

— Мен Қызылордаға барамын, жолдас екенбіз ғой, — деді. Жүгін біздің жүкке қосып қойды. (Бұл Крайкомолдың еңбек бөлімін басқаратын Пермин деген жігіт екен).

— Біз қай поезға мінеміз? — деп Перминовтан сұрап едік.

— 22-ге — деді. — Азанда келеді.

Күн батқанша скорый, поштабайлар өтіп жатты. Мінетін адамдар мініп кетіп жатты. «Әттең, плацкарт сатып алуға пұл жоқ-ау» деп қоямыз. Перминов «жүріңдер, дарбыз желік» деді. «Мақұл» деп қауын базарына қарай төртеуіміз жүрдік. Барып бір әйелден 20 тиынға бір дарбыз алдық.

— Я режу как ақсақал, — деп Перминов күліп, қарбызды сойды. Біз де күлдік. Дарбызды жеп болған соң стансаға келсек, көшеге панарларды жатып қойған екен, елдің бәрі ерсілі-қарсылы жүріп жүр екен. Біз де жүрдік. Перминов әр нәрсені бір айтып, бізді күлдіріп қояды.

Сол жүргендердің көбі — студенттер, ақшалары жоқ болып, бәрі де 22-ні қашан келеді деп қарап отырғандар. Орынбордағы рабфак студенті Орынтайұлы бізге жолығып қалды. (Бұрыннан таныс) «Қайда барасыңдар?» — деп жөн сұрады. Жайымызды айттық. Одан біз бара жатқан институттың жайын сұрадық. Ол жаман атамады.

Ерсілі-қарсылы жүруден де зеріктік. Жалғыз біз емес, елдің бәрі де жүктерінің қасына барып отырып жатыр. Біз де жүгіміздің қасына барып отырдық. Сол уақытта шамасы түнгі сағат 11-12.

Еш нәрсеге көңілді бұрдырмай, тұл денеңді босатып, арақ ішкендей мас қылып, көзіңді еріксіз жұмдырып, бәрімізді де ұйқы билеп барады.

Қолымызды жастанып бәріміз қисайып жатырмыз... Қол-аяғымыз бүрісіп, бір тұтам болып жатырмыз. Жатқан жеріміздің жайсыздығынан оянып кетеміз. Аяқ-қолымыздың сәл жаурап қалғанын сеземіз. Мейірімсіз ұйқы бойымызды қайтадан билеп кетеді. Әулиеатаға және басқа жаққа баратын поездар өтіп жатыр. Олармен ісіміз жоқ.

Күн шыға 22-ші поезд келді. Апақ-жұпақ тұра салып поезға қарай жөнелдік. Келсек, вогонның көбі бос екен. Бесеуіміз 2 бөлмесінен орын алдық. Бақалдан барып нан, қант алып келіп, бәріміз шай іштік. Шай ішіп болғаннан кейін, Перминов ұйықтауға жатты. Біз төртеуіміз әңгіме айтып отырдық. Әңгімеміз таусылған соң, вагон-вагонге қыдыра бастадық. Сейтқасым біздің алдымыздағы вагонда бірде адам жоқ және жаңадан ремонт қылған, таза екен деді. «Онда соған баралық» деп Орынтайұлы екеуіміз көрпемізді алып, сол вагонға бардық.

Құрманбек пен Сейтқасым стансаға барамыз деп қалды. Бізден кейін, біз отырған вагонға екі өзбек келді. Біреуі сақал-мұртын қырған, жас жігіт, біреуі қырықтар шамасындағы адам.

Келіп біздің жанымызға отырды. Орынтайұлы «Е, әкәлар, қайда барасыздар?» — деді.

— Түркістандағы Ахмет Ясавый (Әзіреті-сұлтанға) зейрат қылғалы барамыз — деді.

— Зейрат қылғандарыңа Әзірет-сұлтан сендерге не береді деді Орынтайұлы.

Екеуінің де түрі бұзылып кетті. «Ә, берәдігәні барда» деді. «Сұрасаңыз береді» деді.

Орынтайұлы өзбектердің зәресін алып, бара жатқаннан кейін Әзіреті-сұлтанның мешіті туралы әңгіме айтып, Орынтайұлын сөзге қонақ бермей кеттім. Мешіттің тарихы туралы сөйлегеннен кейін өзбектердің реңі кіре бастады.

Әңгімеден әңгіме туып, шариғаттан сөз қозғалып кетті. Мен жас өзбек жігітіне:

— Шариғатта сақалда не бар деген? — дедім.

— Періштелер бар дейді ғой — деді.

— Онда сен періштенің барлығын құртыпсың ғой деп едім, сол жердегілердің барлығы күліп жіберісті, жігіт «яшмізкү» деп қызарып ұялып қалды.

Қасындағы жолдасы қалжыңдап, табалап жатыр.

— Қатын алдың ба? — деп едім,

— Алғаным жоқ — деді.

— Сен ақыр сауап іздеп барады екенсің ғой, мұсылманның шариғатында да «патшаның әмірі уажүп» деген, осы күні өкімет ісіне бұрын есті адамдардың тіліне кіріп, суық көзбен қарап жүргендер аз емес, мысалы: жас қызды кәрі адамға беру, малға сату сықылдылар. Еліңде сен сықылды жастар да бар шығар, соларды бастап, қыздардың қалауына баруына жәрдемдес болсаңдар, әйелді сатудан құтқарсаңдар, сауаптың ең үлкені сол. Өздеріңнің қолдарыңнан келмесе, өкімет уәкіліне жәрдемдес болыңдар — дедім.

Менің сөзімді шын қоштаса да, өтірік қоштаса да, екеуі де мақұл көріп отырды. Бұдан кейін қожа-молда туралы, олардың тура еместігі туралы барлығымыз айтып жатырмыз. Ақырында бізбен қосылып өздері де жамандап берді.

Әңгімемен отырғанда Түркістанға келіп қалыппыз. Өзбектер бізбен қоштасып, поездан түсіп кетті. Артқы вагоннан Құрманбек пен Сейтқасым да көшіп келді.

Кешкі сағат 2-3 шамасында Шиеліге келдік. Поезд бұл жерде көп тоқтады. Қауын, дарбыз сатып алдық. Біздің вагондағы емпростың балалары қауынға бір полкіні толтырды. «Мұны мұнша не қаласыңдар?» — деп едік, «Аралдан ары Ақтөбеге жеткенше ауқат табылмайды» деді. Біз оны елең де қылғанымыз жоқ. Қызылордадан, Қазалыдан, Аралдан өттік. Жаңағылардың айтқаны рас екен, қай стансаға тоқтаса да сатып алатын ауқат табылмады. Емпростың балалары 20 тиынға алған қауындарын 60, 70 тиыннан сатып жатты.

Біздің артымыздағы вагонда стансалардың тізімі бар еді, әр стансаның арасында, енді қай станса екен деп әр қайсымыз бір барып көріп келуші едік. Құрманбектің бір дөңгелек қалпағы бар еді соны киіп артқы вагонға өттім. Келесі стансаның атын біліп, өзіміздің вагонға өте бергенімде, жел тұрып Құрекеңнің қалпағын басымнан ұшырып алды да кетті. Қалпақты ұшырдым деп вагонға келдім. Бәрі күлісті. Августтың 26-сы күні 62-ші разъезге жеттік, мұнда ауқат бар екен, ондай-мұндай сатып алып, ауқаттанып қалдық. Емба, Ақтөбені басып өтіп, августың 28-і күні азанда Орынборға жеттік. Поездан түсіп, жүгімізді бір жерге қойып тұрдық, қаланы бекеттің үйі көрсетпей қалқалап тұр. Бір есіктен елдің бәрі билеттерін беріп өтіп жатыр екен, біз де билетімізді беріп өттік. Қарасақ, екі автомобиль және бірталай извошіктер сап тізіліп тұр екен. Екі извозшікке екі-екіден мініп алып, жұмыскерлер факультетінің үйіне келдік. Оқушылар көп-ақ екен. Олардың ішінде біз танитын Сырдарияның балалары амандасып жатыр. Сол жерде ИНО-ның да оқушылары жатады екен, бір жатақ үйіне біз де орналастық. Бір күні еріккен соң мен, Құрманбек, Сейтқасым, Шаймерден төртеуіміз Оралдың суына қайық жалдап түстік. Ішімізде есу білетін Шаймерден-ақ екен. Ағыс жақтағы үлкен темір көпірді көргіміз келіп, ақтық. Көпірге «жақындама» деген сигнал берілді. Қайта жүзіске атыс бой бермеді. Әбден састық. Ақыры далбасамен қайықты шетке қарата бұрдық. Бір жерге келіп қайық құмға шөкті. Күн бұлттанып, суый бастады. Үшеуіміз шешініп суға түсіп, қайықты өрге қарай жетелеп, пристаньға әрең дегенде жеттік.

Ақыры екі-үш күннен кейін үшеуіміз, шетімізден қирай бастадық. Қатты суық тиіп қалыпты. Құрманбектің көзіне, Сейтқасымның мұрнына, менің бетіме жара шығып, барлығымыз да басымызбен әлек болып, ауылға қайтуды мақұлдадық. Қайтып кеттік.

Вагонның ішінде астыңғы полкесінен орын алып, бинтпен бет, көз мұрнымызды таңып алған — жаралы, соғыстан қайтқан солдаттарша тырп етуге әліміз келмей жатырмыз. Стансаларға тоқтағанда ауқат алу үшін бір-бірімізді жұмсап, келіскенімізше поезд жөнеліп қалады. Үшеуімізде де дәрмен жоқ.

Поездағылар «бұл бет-ауыздарын таңып алған неткен жап-жас балалар» дегендей, біздің бетімізге қарап өте шығады.

Шымкент қаласына келіп, Окроно жанынан ашылған 1 айлық бірінші басқыш мектепке мұғалім даярлайтын курсқа кірдік. Айлық степендиямыз 20 сом болды. Ақшаны орынды жарату үшін Сейтқасымды кассир етіп сайладық.

Бір ай бір күндей өте шықты, аудан-ауданға бөле бастады. Құрманбек екеуіміз Сарысу ауданына дайындалдық. Дәл сол кезде Сарысуға экспедиция жаңа аудандық аткомның құрылысыменен жүргелі тұр екен, бізді де ілестіріп алып кетпек болды.

Экспедиция Әулиеатадан бастап, атпен жүрмекші болып, 1-ноябрьді уәде қылып, біз ауылға қайрылып қалдық. Ат-сайманымыз түгел, мылтық, қылыш, патранташтарды мойнымызға асып алып, 50 адамдық экспедиция жолға түстік.

Сол күні кешке Шайқорықтың ар жағына барып қондық. Экспедиция бастығы Ократком ағасы Мақыұлы барлығымызды жинап алып, экспедицияның мақсатын түсіндіріп:

— Барлығымыз да әскер тәртібінде болалық, әркім өз атын өзі бағуы керек, көбінесе түнгі салқынмен жүрілсін. Ауқат, жем, шөп, көрпе-төсек артқан түйелерге екі адамнан сөткілеп дежурный болсын, — деп тәртіп берді.

Жолдан мидай сор даланы, қып-қызыл сексеуілді, ішінде жәндік қорқағы сансыз қояны өріп жүрген сусыз шөл, сап-сары сасық суы бар, іші қоңыз, құрт-құмырсқаға толған құдықтар кездесіп, лаждың жоқтығынан зәрдей ащы суын жұтып, 7-ноябрь күні Шу бойындағы «Кентарал» дейтін ауданның болашақ кіндігіне жеттік.

Үгіліп тұрған сорлы топырақтан тұрғызған Өксікбай дейтін байдың ағаш үй-тамына орналастық. Ел әлі Сарысудан Шуға құлаған жоқ екен. Шу бойында жатақтардан басқа ешкім жоқ екен. Қонышы үлкен киіз етікті тамалар келіп, кетіп жатыр. Іздеп жүріп-жүріп екі қой тауып сойып, группа-группаға бөліп ас істеуге кірістік. Біздің группаға роно инспекторы Тыншықбайұлы, тағы сол сықылды құрғақ сыпылар душар болды. Олар аштан өлгеніне пейіл, ас істегісі жоқ. Қарнымыз ашқан соң, Құрманбек май турады, мен нан илеп бауырсақ кестім, оны пісіруге қазан жетпейді. Ақырында түс қайта, бір группадан «жарық» қазан тиді. Екі тасты қалап, қазанды асып, астына қамыс жағып, майды шыжғырып, бауырсақ пісіре бастадық. 2-3 минут өтпей-ақ қазандағы бауырсақ мылтықша атылды, өте көп салып қойған екенбіз, қасына адам жолатар емес. Құрманбек екеуіміздің ішегіміз қатып, тышқан аңдыған мысықша бұғып отырмыз. Етігін майлап, галустігін жөндеп әуреленіп жүрген Тыншықбайұлы келіп, о да жолай алмай жүр. Елдің барлығы жиналып келіп қалды. Ақыры атылғаны қойылған соң барып қарасақ, қазанның жарығынан май ағып кетіпті. Түбінде қалған тоқаш, қап-қара көмір болып күйіп кетіпті.

Мақыұлы оны көріп, біздің группаластарға ұрсып-ұрсып, біз екеуімізді өз группасына қосып алды. Ауқатқа тойып, біздің жанымыз кіріп қалды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама