Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қандастар қамы

Қандастар деген кімдер?

Бұрын тарихи отанына оралған этникалық қазақтарды "оралман" деп атайтын. Алайда 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сөзден бас тартып, "қандас" терминін пайдалану туралы бастама көтерді. Көпшілік оның ұсынысын қолдап, көп ұзамай заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Осылайша 2020 жылдың көктемінен бері шеттен оралған этникалық қазақтар ресми түрде қандастар деп аталады.

Заң бойынша қандас — бұрын Қазақстан азаматтығында болмаған, халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері. Осы тұста қандас мәртебесі қалай беріледі деген сұрақ туындайды.

2023 жылдан бастап қандас мәртебесін алу үшін өтінімдер Қазақстан елшіліктері арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша қабылданады. Жаңа тетік бірқатар мемлекетте пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Осылайша шетелдегі қазақтар республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алып, жұмыс пен баспана мәселелерін шешеді. Қандас мәртебесі мынадай шарттармен беріледі.

Этникалық қазақ өтініш беру кезінде елге оралудағы мақсаты не екенін көрсетеді:

— еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстандыру үшін;

— демографиялық дамуға қажеттілігі бар агломерация аумақтарында және ауылдарда, шағын және моноқалаларда, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда қоныстандыру үшін;

— баспана мәселесін өз бетінше шешіп, Қазақстанда тұратын отбасымен немесе жақын туыстарымен қауышу үшін;

— баспана мәселесін өз бетінше шешіп, жұмыс берушінің шақыруымен қызметке орналасу үшін. Осылайша, қандас мәртебесін алған этникалық қазақтарға қандас куәлігі беріледі.

Өтініш беру үшін қандай құжаттар қажет

1. өмірбаян (еркін нысанда);

2. өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесі, қазақ немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасымен;

3. өтініш берушінің этникалық қазақ екенін растайтын құжаттардың көшірмесі.

Осылайша Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бері республикаға 1 млн 120, 7 мың этникалық қазақ оралған. Жә ендігі кезекте қандас атағын алған, қандастардың білім алу мәселесіне көшсек. Жалпы қиыр­дағы қазақтардың тарихи Отанында білім алуы 1994 жылдан басталған. Сол кезде қандастарға білім беруге 2 пайыз арнайы квота бөлінді. Қазір квота саны жалпы мемлекеттік грант­­тың 4 пайызын құрайды. Деген­мен грант саны артса да, грант есебінен оқуға түсетін қандастарымыздың саны көбеймей тұр.  

Неліктен? 

Биыл тек 23 пайыз білім квотасы игерілген. Осы жылы 305 000 талапкер ҰБТ тапсырды. Жалпы 2023-2024 оқу жылына Жоғарғы оқу орындары үшін 88 204 мемлекеттік білім гранты бөлінген. Яғни осынша студент мемлекет қаражатынан тегін және шәкіртақы алып оқиды деген сөз. Оның 4 пайызы яғни 3 528-і ұлты қазақ шетел азаматтарына бөлінген. Бірақ биыл тағы да 3 528 грант толық игерілмеді. Біз мемлекеттік білім грантының қорытындысын қарап, қандас­тарға бөлінген квотамен тек 801 баланың оқуға түскенін анықтадық. Бұл бөлінген гранттың тек 23 пайызын құрайды. Сонда қалған 77 пайыз, яғни 2 727 білім беру кво­тасы өз иесін таппай, мемлекетке қай­тарыл­ған. Бұл бірінші рет туындаған мә­селе емес. Статистикаға сүйенсек, кейінгі төрт жыл ішінде грант иегері атанған қан­дастардың үлесі азайып кеткенін бай­қауға болады. Мәселен, 2019 жылы грант игеру көрсеткіші 40,12 пайыз болса, былтырғы көрсеткіш 17,72 пайызға кеміп, 22,4 пайызды құраған. Демек, қандастарға жоғары білім беру бас­тамасы толыққанды нәтиже көрсетіп отырған жоқ.  

Осы тақырыпты зерттей отырып, грантты бөлу тәртібі де дұрыс жоспарланбағанына көз жеткізуге болады. Мысалы, мемлекеттен 2 920 грант бөлінсе, Foundation-ге тек 1 300 адамға орын бөлеміз. Яғни, 1 300 адам ғана келіп арнайы дайындықтан өте алады. Бірақ foundation-ның өзінде тек 873 қандас оқыған. Олардың 68 пайызы грантқа түс­кен. Бірақ бәрібір, 33 пайызы түсе алмаған. Сондықтан жастардың тестілеуден неге өте алмағанын, олардың қаншасы foundation-де оқыды, қаншасы оқымады деген сұрақтарға терең зерттеу жүргізу керек. Осының бәрі 4 пайыздық квотаға қарастырылған қаражаттың игерілмеуіне себеп болады. Осы тұста Астана қаласындағы — Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессор, Ғoundation бөлімінің жетекшісі Қуандық Құлмановтың пікірін білдік. Оның пікірінше, шетелдегі балалар Қазақстан тарихын оқымайды. Олар тоғыз айдың ішінде дайындық курсын оқып, оқу бағдарламасын толық меңгеріп кете алмайды. Балалардың басым бөлігі Қазақстан тарихынан төмен балл жинайды. Мысалы, бұл пәннен 5 ұпайдан төмен жинаса, олар грант конкурсына қатыса алмайды. Тіпті, шығармашылық мамандықтардың емти­хандарына да қатысуға мүмкіндік алмайды. Сондықтан бірінші кезекте дайындық курстарындағы Қазақстан тарихы пәнінің сағатын көбейту керек.  Екіншіден, Қы­тайдан келген балалар төте жазумен, Өз­бекстаннан келген балалар латын графи­касымен оқып келгендіктен кирилл әріп­теріне үйрене алмай қиналады. Моңғолия­ның ішкі аймақтарынан келген балалар моңғол тілінде білім алғандықтан, қазақ­шаны жеткілікті деңгейде білмейді. Негізі осы елдерде қазақ мектептері аз. Сондық­тан оқу сауаттылығы пәнінің де сағатын арттыру керек. Ал математиканың оқу бағдарламасы барлық елде бірдей, — дейді foundation бөлімінің жетекшісі. 

Жалпы мемлекет тарапынан шетелдік қандастарымызға бөлінетін гранттың басты мақсаты — жастарды тарихи Отанында еңбек етуге шақыру. Бірақ бағдарлама бұл миссиясын толық атқарып жатқан жоқ. Мысалы қанша этникалық қазақтың жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін елде қалғаны туралы нақты статистика жүргізілмеген. Осы мәселе бойынша сауалнама жүргізгінде елімізде оқып жатқан қандастардың басым көпшілігі, нақты жұмыс жасайтындығын білмейді. Біршама жастар 

— Егер мамандығым бойынша жұмыс табылса, Қазақстанда қалар едім. Бірақ мұнда жұмыс табу өте қиын. Танысың болмаса, өзің қалаған қызметке кіре алмайсың, — деген пікірде.

Сондай-ақ грант иегері атанған қандастар үшін мәселе шаш етектен. Жыл сайын  қандас екеніңізді анықтайтын құжатты жаңартып отыру, медициналық сақтандыру қоры тағысын тағы. Сонымен қатар, Ұбтдан жоғары бал алған балалардың басым көпшілігі педагогикалық бағытта білім алуда. Мұның өзі көңілге күдік ұялатады. Игеріліп жатқан грант иесіз қалып жататын кездері де бар. Яғни, шетел студенттері  түрлі себептермен гранттан айырылып қалып жатады. Тақырып аясында бұл гранттар толық игерілмей аяқсыз қалатындығын анықтадық.

Қорытындылай келе, мемлекетімізге қанымыз бір қандастарым тұрақты қызметте қалып, отанға қызмет еткенін қаласақ грант бөліну тәртібін қайта қарастыру керек деген тұжырымға тоқтаймыз.

Аяжан Қожатай


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама