МӘМС-те мәселе мол
МӘМС жүйесі қалай жұмыс істейді?
Жалақысынан үнемі жарна төлеп отыратын әр азамат науқастанса немесе медициналық көмек қажет кезде керекті ем түрлерін қабылдай алады. Егерде сізге ұсынылатын қызмет түрі өзіңіз жинақтаған сомадан қымбат болған жағдайда, ешқандай кедергісіз толық емделе аласыз.
МӘМС артықшылығы мұнымен шектелмейді. Сақтандырылған азамат бұл мақсатта шығындалған қаражатты әлеуметтік медициналық сақтандыру тізіміндегі кез келген клиниканы, оның ішінде жеке клиниканы таңдауға толықтай құқығы бар. Сонымен қоса, МӘМС медұйымдарда көрсетілетін қызметтердің сапалы болуына толықтай жауапты.
МӘМС көмегімен қандай қызмет түрлеріне жүгіне аламыз?
МӘМС-ке ақылы қызметтерден басқа барлық денсаулыққа байланысты шағыммен тіркеле аласыз. Профилактикалық тексерістен өту, ауруды диагностикалау және оны емдеу, арнайы құрылғылармен технологиялық және құны қымбат зерттеулер сонымен қатар операция жасау қызметі кіреді. Дегенмен барлық көмек түрін алдын ала жоспарлап, біршама уақыт бұрын өзіңіз таңдаған дәрігер қарауына тіркелгеніңіз жөн.
Медкөмектен бөлек МӘМС арқылы мемлекет кепілдік берген қызметтерді алуға болады. Оларға шұғыл көмек қажет жағдайлар қарастырылған. Учаскелік дәрігер қабылдауы, анализдің кей түрі, қауіпті әрі инфекциялық аурулар кезіндегі медкөмек, созылмалы аурулары бар нуқастарға көрсетілетін көмек қызметі қарастырылған.
Медкөмектің кепілдендірілген пакетін (ТМККК) яғни, тегін медициналық көмектің кепілді көлемін МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар да ала алады.
Бұл санаттағы азаматтар қандай көмек түріне жүгіне алатынын ТМККК тізімімен, ал сақтандырылғандар МӘМС тізімімен таныса алады.
МӘМС қызметіне тұрғындар неге наразы?
МӘМС іске қосылғалы талай рет сын тезіне ілікті. Қоғам белсендісі Ерсайын Сарыбаев: «Бұл жүйеге дұрыс назар аударылып, бір нәтиже шығаратын құзырлы орган әзірге болмай тұр. Мұның бәрі о баста мемлекет дұрыс жоспарламағандықтан кеткен қателік» деп есептейді.
«Оған дәлел — біріншіден, бөлінген ақшаның мөлшері мен халыққа берілетін есептің жоғы. Оның қайда жұмсалып, қайда кетіп жатқанын дәл қазір ешкім де тап басып айта алмайды. «Медициналық қызмет көрсету» деген желеумен қыруар қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр ма деген күдік бар. Ал медициналық сақтандыру төлемін аудармаған адамдар қайтеді? Оларға қалай қызмет көрсетіледі? Бұл жағы да қараңғы. Біздің есебімізше, елімізде әрбір алтыншы адам МӘМС жүйесінің қызметін пайдалана алмай отыр. Әрі олардың басым бөлігі — ауыл тұрғындары. Әрине, уақытында сапалы медициналық қызмет көрсетілмесе, ол адамдардың денсаулығы сыр берері сөзсіз ғой» дейді қоғам белсендісі.
Ел азаматының 40 пайызы ауылда тұрады. Ал ауыл тұрғындары, жұмыс істеген орнынан келісімшарт талап етпейді. Жұмыс берушіде қажет құжатты ұсынбағандықтан ортақ келісімде, мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылмауы әбден мүмкін. Ай сайынғы жалақыдан төленетін бес пайыз көлемінде медициналық жарна мемлекетке аударылмайды. Ал ақшасы жоқ адамды қазір жеке емханалар қабылдай қоюы екіталай.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының дерегінше, қазір елде 15,9 миллион адам сақтандырылған. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстан азаматтарының саны бүгінде 20 млн адамға жетті. Яғни, медсақтандыру жүйесінен тыс қалғандар саны 4 миллионды құрады. Бұл санды қордағылар жоққа шығармайды. Айтпақшы, осы қордың Saqtandyrý ақпараттық жүйесінің санағына жүгінсек, жүйеге ілікпей қалған қазақстандықтар саны 4,2 миллион адамды құрайды екен. Мысалы, онда Қазақстан азаматтығынан бас тартып, өзге елдерге көшіп кеткен, сонымен бірге о дүниелік болған азаматтар есепте тұрған көрінеді. Қордың түсіндіруінше, «Ақпараттық жүйеде азаматтардың мәліметтерін өзге мемлекеттік дерекқорлармен салыстырып, өзектілендіру тетігі жоқ». Осылайша, 2019 жылдан бері қолданылатын, әзірлеп, іске қосуына, ұстап тұруға және насихаттауға қыруар ел қаржысы шығындалған Saqtandyrý шикі болып шықты.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ төрағасы Әбілқайыр Сқақов пен Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуі барысында МӘМС жүйесінің жылдық қорытындысы талқыланды. Медициналық көмек, әлеуметтік медициналық сақтандырудың ауқымын кеңейтуге, қордың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және МӘМС-ке қатысты барлық үдерісті жедел цифрландыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқаны жайында есеп берді. Кездесу соңында, мемлекет басшысы Әбілқайыр Сқақовқа әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірнеше міндеттер жүктеді.
Мерей Мұсақызы