Қаратай Нұралыұлы
Қаратай Нұралыұлы – Әбілқайыр ханның немересі және Нұралы ханның баласы, 1772 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Шідерті өзенінің бойында дүниеге келген.
Қаратай сұлтан хан ұрпағы саналғандықтан жастайынан саяси белсенді болып келді. Патша үкіметінің Кіші жүзді толығымен орыс ықпалының астына алу әрекеті, рубасылар мен сұлтандардың оқшаулануынан қол үзуге асықпағандықтарынан сәтсіз аяқталды. Ол өз кезегінде 1797 жылдың күзінде қарт әрі әлсіз Айшуақты Кіші жүздің ханы ретінде сайлауына алып келді. Бұл шешім билеуші элитаның да, орта және төменгі топтардың да қара халықтың да көңілінен шықпады. Халық жігерсіз әрі қарт Айшуақты емес, жүзде беделі бар, көшбасшы, батыл және ақылды Қаратайды қолдауға туралы өтініш берді. Патша әкімшілігінің Қаратай сұлтанды Кіші жүздегі ең беделді сұлтандардың бірі екендігін ұққаннан соң, Қаратай сұлтанды хан сайламады.... Cұлтандардың өздері салт шыңғыстың тікелей ұрпағы Нұралының ұлдары отыру керек деп есептеді. Осы жағдайды тез арада аңғарған Қаратай сұлтан Кіші жүздегі Байұлы, Жетіру руларын маңына топтастырып жетекшілікке ұмтылды[1].
Осы мезетте Қаратай сұлтанның патша әкімшілігіне бейілділігін байқаймыз. Сепаратты сұлтан өз беделін пайдаланып рубасылардың көмегімен ақ киізге отыруға асықпай, губернатор көмегімен ресми сайлауынан үміттенді. Бұл тұжырымды өзінің үлкен беделіне қарамастан тек 1806 жылы ғана Шерғазының хан сайлануынан кейін жүзеге асырғанынан байқаймыз.
Қаратай XVIII ғасырдың аяғында хан билігі институтының өмірін ұзарту үшін отаршылдыққа қарсы қозғалыстарын басқарды. Ол Хан билігін жойып, аумақтық басқару жүйесін енгізген 1824 жылғы "Орынбор қырғыздары туралы" Жарғы қолданысқа енгізілген уақытқа дейін өзінің тайталасын жүргізді. Екінші жағынан, тағайындалған ханның билігін мойындамауы Айшуақты алаңдатқан. Көптеген руларды басқарған және өз бауырларын күресіне араластырған сұлтанның негізгі күші Айшуаққа қарсы бағытталды. Сонымен қатар, өршіл Каратай ренжіткен жағдайлардың бірі жаңадан құрылған Хан кеңесі үшін мүшелерді іріктеу кезінде оны қайтадан айналып өтуі еді. Ал төраға болып оның інісі Бөкей сайланды. Жергілікті әдет-ғұрып бойынша кеңес өкілдері хан фирмандарын (жарлықтар) бекітерде ықпалды шыңғыс тұқымдарының пікірін ескеруі қажет тіпті осы кезде де Қаратай сұлтанды ескермеді. Ендігі кезекте өкілдерді Айшуақ ханның ұсынысы бойынша Орынбор губернаторы Н. Н. Бахметев тағайындады. Қаратайдың ызасы губернатордың хандық институттың ішінара құзыретін жоюдан ғана емес, отарлық әкімшіліктің шыңғыс тұқымдарын елемеуімен де болды.
Патша өкіметінің сайлағанына қарамастан, Кіші жүздің нақты көшбасшысы Қаратай болды. Оның басшылығын Әбілқайырдан тараған сұлтандар ғана емес, Кіші жүз руларының ақсақалдары және халық мойындады. Қара халық пен сұлтандардың қолдауын сезінген Қаратай өзін нағыз хан сезінді. Ол барлық ауылдарды аралап, ханды қайта сайлауға шақырды. Оның ықпалы Орал(Жайық) жағалауынан Ембіге дейінгі кең жерлерді қамтыды деген көзқарастар да кездеседі. Алайда хан билігін мойындамағанына қарамастан Қаратай орыс билігіне қарсы болған жоқ. Тіпті, Қаратай патша үкіметіне адалдығын жан-жақты көрсетіп бақты.
Айшуақ хан өмірден озған соң оның орнына патша үкіметі Айшуақтың баласы Жантөрені хан сайлады. Бұл кез Қаратайдың ашуының шегіне жеткен кезі еді. Жантөренің хан сайланғанын естіген кез оның патша үкіметіне қарсы тұруына себепші болды. Губернатор тәуекел қадамға барып, Каратай мен Жантөрені дауында өзінің делдалдық қызметтерін ұсына отырып, екеуін Орынборға шақырды. Жантөренің хан сайланғаны туралы жариялай отырып, губернатор Бахметов Қаратайға оны құттықтауды ұсынды. Қаратай оған Жантөре "... далада емес, қалтада жақсы хан болады ..."(1) деп жауап беріп, оның далада өмір сүретін халқының алдындағы ынжықтығын білдірді.
Мүмкін, Қаратай, оны бүкіл Кіші жүз қолдағанын көрмесе, өзін ұстамдырақ ұстар еді. Жоғарыда айтып өткендей, 1806 жылы өткен хан кеңесінде ру ақсақалдары Жантөрені әлсіз және қажетсіз деп санап, оның орынына Қаратай хан деп жариялау туралы шешім қабылдады[2]. Алайда, Кіші жүздің ресми билеушісі Жантөре болып қала берді. Билік үшін күрес сөзсіз жалғаса түсті. Қаратай Жантөрені қорлау мақсатында губернаторды ханның пайдасыздығына сендіруге тырысып, халық оны өз ханы деп мойындамайтынын мәлімдеді. Кеудесінде жанған жек көрушілік Каратайды күтпеген қадамдарға итермеледі. Қаратай даладағы көпес керуендерін тонау Ресей мүддесіне зиян келтіретінін түсініп, беделіне сеніп оларды тонай бастады. Оның ойынша өз серіктестерінің әрекеттері үшін жауапкершілікті хан ауылдарының мойнына жүктеп құтылмақшы еді және оның кінәсін дәлелдеу мүмкін болмады.
Қаратайдың қатал мінезінен және халықтың қаһарынан қорқып, Жантөре даланы тастап, Қазақстан мен Ресей шекарасына бағынышты ауылдармен бірге қоныстанды, қажет болған жағдайда орыстардың көмегіне сенді және оның есебі ақталды.
Елдегі жағдайдың шиеленісуін бәсеңдету жолында хан кеңесінің мүшелері және 35-ке жуық старшындар, билер, Байұлы, Әлімұлы, Жетіру руларының беделді сұлтандары Жантөре ханға 1806 жылы 5 тамызда хат жолдап кеңеске қатысуын шақырады, кеңес Қобда өзенінің бойында өткізіліп, ел ішіндегі өршіп тұрған барымта мәселесін шешуге шақырды. Бірақ хандық кеңеске Жантөре ханның келмеуі сұлтандар мен старшындардың заңды наразылғын туғызды[2]. Қаратайдың Жантөреге бағынбауын отаршылдық әкімшілік өзіне бағынбау белгілері деп санады. "Жалған ханға" қарсы жазалаушы экспедициялар жіберілді. Қаратай хан қазақтардың жаппай қолдауын пайдаланып, оларға Ресейдің шекаралас аудандарына шабуылдармен жауап берді. Алайда, бұл ісін оның тарапынан жеккөрушіліктің көрінісі емес тек жауап ретінде қарасытырған жөн. Екі жылғы текетірестен кейін Қаратай тағы да патша өкіметіне пайдасыз Жантөренің орнына өзінің қажет екендігіне сендіруге тырысты. Патша әкімшілігінің өзі де бұны керемет байқап отырған еді. Алайда Қаратайдың орыс самодержавиесін алаңдатқан мәселердің ішінде қазақтардың мүдделерін соңында тұрғанын түсіне алмады.
Өзінің көмекшілерімен Жантөре ханға қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жұргізіп ол өз кезегінде жемісін бере бастады. Нәтижесінде Жетіру бірлестігінің, Тама руының старшындары, Шанышқылы руының, Жиенқұл бөлімдері секілді Қаратайды жақтаушылардың саны арта түсті. Мұны білген Жантөре сұлтан да Қаратай сұлтанға қарсы өзінің іс-әрекетін бастады[3].
1806 жылдың жаз, күз мезгілінде Гурьев қалашығынан Троицк бекінісіне дейінгі аралықтағы шекара бекіністеріне көтерілісшілердің шабуылы жиелеп кетті. 1806-1807 жылдарының қыс айларында Қаратай сұлтанды үгіттеушілер арқасында Кіші жүз қазақтарының басым бөлігі Сыр бойына көшіп, Қаратай сұлтанның қоластына біріге бастады.
Ал, Волоконский болса қазақ жасақтарының шабуылынан сақтанудың шараларын жүзеге асыруға бастады. Ниже-Уральск шекара шебін күзетуге 450 казак, Гурьев қалашығынан 150 казак, басқа ішкі форпоттылардан 75 казак, башқұрт катондарынан жақсы қаруланған 550 салт аттыны, Елек қорғанынан 100 казак отряды дайындыққа келтірілсе, Троицк қамалының маңындағы дала беткейлерге казак-орыс қарауылдарын қою күшейтілді[4].
Талпыныстарының жемісін көрмеген Қаратай хан ақырғы шараға бекінді. 1809 жылы 2 қарашада Каратай бастаған оның үш ағасы түнде Жантөренің ауылына және киіз үйіне кіріп, оны 20-дан астам жаралап, пышақтап өлтірді. Ызаланған туыстары кегі мен отарлық биліктің қуғындауынан сескенген Қаратайға елден қашуына алып келді.
Марқұм Айшуақтың тағы бір ұлы Шерғазы 1812 жылы патша жарлығымен, екіге бөлінген Кіші жүздің ханы болып тағайындалды, ол өлтірілген ағасынан кек алып, Қаратай ханды жоюды және сонымен бірге қауіпті бәсекелесінен құтылуды мақсат етті. Себебі Қаратаймен қатар Арғынғазы да өзін хан деп жариялаған еді. Ал Қаратай өз кезегінде халықтан қолдау тауып, барлық қазақтарды Шерғазыға қарсы көтеріліске шақырды.
1815 жылдың қарсаңы Қаратай сұлтан өзінің ұзаққа созылған қарулы күресінен біртіндеп бас тарта бастаған кезі елі. Ресей саясатының бағыт-бағдарын түсінген ол жаңа бұл жолы саяси тактикалық жолды іздестіруге көшті[5].
Бүлікшіл Қаратай көптеген жылдар бойы патша өкіметінің қуыршақ қойылымдарымен қарулы күрес жүргізіп, уақыт өте келе олардың орнына тұрды. Пайда болған тұрақсыздықтан құтылу үшін және "бүлікшіл сұлтанды" жеңу жолында прогресс болмағандықтан, ресейлік билік сұлтанмен 1816-1817 жылдары келісімге келді және келісөздер нәтижесінде Қаратай сұлтан қарсылықты тоқтатып, Кіші жүздегі қақтығыстарды реттеу, толқуларды басу ісінде Ресей үкіметіне қызмет етті. 1824 жылы тамызда Орынбор губернаторы П. Г. Эссен оны Кіші жүздің Батыс бөлігінің сұлтан-билеушісі етіп тағайындады. 1825 жылы күзде Жоламан Тіленшіұлы бастаған табын руының көтерілісінбасуға тікелей ат салысып қаталдығымен көзге түсіті. Тіпті көтерілісті басудағы әрекеттері үшін Ресей үкіметі тарапынан алтын медальмен марапатталған.
Қаратай хан 1826 жылы 3 маусымда өз өлімімен қайтыс болып, Шідерті өзенінің жағасында жерленді. Қаратайдың туыстары мен достары оның қабірінің үстіне кірпіштен кесене тұрғызды, ХХ ғасырдың 20-шы жылдары тозған күйде болып қабірі бүгінгі күнге дейін сақталмаған.
Жалпы XVIII-XIX ғасыр тарихнамасы Қазақстан тарихындағы күрделі кезеңдердің бірі. Ұлт азаттық күрес, көтеріліс, ескі өмір салтын қарқынды өзгеріп келе жатқан кезде сақтауға талпыныстар бұның барлығыда сенімді деректемелердің ашылмауымен күрделенеді. Алайда тарихымызда қарама-қайшы тұлғалардың болғандығын ескеруіміз қажет. Қаратай сұлтанның патшамен күресі тақырыпта айтып кеткендей ұлт-азаттық мақсатта жүрмегендігін және керісінше сұлтанның кейін адал қызметкерлері ретінде танылғандығын байқаймыз. Қалай болса да тарихымызды жан жақты қараудың арқасында ғана өз-өзімізді ұлт ретінде тануға жол ашылады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Орындаған: Самиғолла Беркін Сабитұлы Ғылыми жетекшісі: т.ғ.д., проф. ҚР ҰҒА академигі Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы