Photo: Mesut Yalçın (https://www.pexels.com/@mesut-yalcin-1233429888) / Pexels
- 22 сәу. 2026 13:30
- 26
Актер Азамат Сатыбалдының өміріне араша түскен жедел ота
Танымал актер Азамат Сатыбалдының денсаулығы күрт нашарлап, жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы актердің өзі желідегі парақшасында жазды.
Өнер иесінің айтуынша, алғашқыда өзін жайсыз сезінгенмен, жағдайының мұндай деңгейге дейін ушығатынын ойламаған.
«Сұлтан Бейбарыс» спектаклін ойнай алмай қаламын деп кім ойлаған. Көрермендерімнен кешірім сұраймын. 19-ы күні «Зулейха» спектаклін ойнап үйге бардым. Келесі күні Әуезов театрында спектакль қоюым керек еді. Түнде сағат 12-ден аса, бірден қатты сырқаттанып шыға келдім. Жанымды қоярға жер таппадым. Ішпеген дәрім қалмады. Таңғы төртке дейін алыстым, бірақ жағдай жақсармады.
Жедел жәрдем шақыруға тура келді. Дәрігерлер келген бойда тексеріп, бірден ота жасау керектігін айтты. Мен әртіспін ғой, «ертең жасасаңыз болмай ма?» деп едім, дәрігерлер «бұл не деген сұмдық, тез арада ота жасау қажет» деп таңғалды. Амалым жоқ, жан тәтті ғой, келістім. Қазір жағдайым жақсы, Аллаға шүкір. Дәрігерлерге алғысым шексіз, тынбай еңбек етіп жатыр. Кезегімен келіп, жағдайымды сұрап жатыр. Алла разы болсын. Ауырмаңыздар», - деп жазды актер.
Сонымен қатар, Азамат Сатыбалды қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсіміне қатыса алмағанына өкініш білдірді.
«Бір өкініш бар. Мұхтар ағамен қоштаса алмадым. Жақсы көретін ақыным, нар тұлғалы қоғам қайраткері еді. Алла алдынан жарылқасын ағамызды. Жаныңыз жәннәттың төрінде шалқысын, асыл ағатай», - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Азамат Сатыбалды – кино, театр және теледидар саласында өзіндік орны бар танымал актер. Ол 1975 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында еңбек еткен. Қазіргі таңда Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарады. 2014 жылы актерге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілген.