Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қарахан мемлекеті

Қарахан мемлекеті (840-1210) — батыста Амудария мен Сырдария арасындағы Мәуереннахрдан бастап, шығыста Жетісу мен Қашғарға дейінгі жерлерде билік құрған алғаш мұсылман түрік мемлекеті. Қарлұқ, шігіл, яғма және т.б. түрік тайпаларынан құралған. Қарахан сөзінің шығуын шығыстанушы тарихшылар бұл тайпалардың қара деген атақты көп қолдануынан келеді деген болжам айтуда. Қара — сол кездегі түрікшеде ұлылық, биіктік деген ұғымды білдірген.

Қарахан мемлекеті 840 ж. Ұйғыр мемлекетінің қырғыздардан жеңілуімен Орта Азия далаларында Білге Құл Қадір хан тарапынан құрылған. Х ғасыр басында Сатұқ Бұғра хан мұсылман дінін қабылдағанын жариялайды. Мұсылман болғаннан кейін Әбдулкәрим деген атпен аталады.

Нұх алейһиссаламның ұлы Яфестен тараған түріктер қанындағы тазалығы есебінен көп ұзамай бүкіл түркі халқы Ислам дінін қабылдайды.

Қарахандық ақсүйектері арасындағы тақ таластардың нәтижесінде 1042 жылы мемлекет Батыс және Шығыс Қарахан мемлекеті болып екіге бөлінеді. ХІІ ғ. екінші жартысында Батыс қағандығының билігі қарақытайлар қолына көшеді. 1210 ж. шығыс Қарахандар әулеті наймандармен соғыста жеңілуімен Қарахан мемлекетінің тарихы аяқталады.

Қарахан әміршілерінің ілімге мән беруі, ғалымдарға құрметтілігі және оларды қолдау нәтижесінде Түркістан, Мәуреннахр қалалары сол кездің мәдениет орталықтарына айналды. Шығыс Қарахандықтар дәуірінде Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік», Махмұд Қашқаридің «Диуани луғат-ит-Түрік», Имам Әбул Футух Абдулғафурдың «Тарихи Қашғар» атты туындылары түрік тілі әдебиеті, мәдениеті және тарихы үшін өте маңызды еңбектер болып табылады. Сарайлар, мешіттер, кесенелер, медреселер, кітапхана, емхана, монша, керуенсарайлар, көпірлер салынды. Мешіттерінің тек мұнаралары ғана күнімізге дейін жеткен. Араб әрпіне негізделген жаңа түркі жазуы қалыптасты. Түрік хуснихат (каллиграф) өнері Қарахан дәуірінде басталды. Куфи, сүлүс, жәли секілді жазу түрлерімен Құран кәрім және хадис кітаптарын ұқыптылықпен жазып сақтаған.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама