Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Қазақ драматургиясының даму жолдары

Қазақ драматургиясын жанрға бөліп сөз еткенде революцияға дейін поэзиядан ауызша да, жазбаша да мол мұраға ие болса, прозаның төркіні Ыбырай Алтынсарин, Абай, Спандияр Көбеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Майлин шығармаларымен танылады. Ал драматургиямыз болса, дәстүр тұлдыры жоқ тақырда туып, тек қана Октябрь революциясынан кейін қалыптасты. Қазіргі әдебиетіміздің жетекші жанрының біріне айналып, күрделі белге көтерілген драматургияның даму жолы да күрделі. Егер біз озық ойлы орыс әдебиетінің совет дәуіріндегі қазақ әдебиетіне тигізген әсерін айтсақ ең алдымен драматургиядан көру қиын емес. Біздегі драматургия тікелей орыс драматургиясының әсер- үлгісімен дамыды. Қазақ үшін «драма» деген ұғымның өзі Октябрьмен бірге туса, оның үстіне әдебиетіміздің даму жолына түрлі жат элементтермен бірге күресте қалыптасқан, жас жанр сонылығына байланысты көп қиыншылықпен бой көтерді.

Драматургияның басқа жанрдан ерекшелігінің ең бастысы — оның тууы, дамуы, тіршілік тынысы театрға байланысты. Ұлы Октябрь революциясының бостандық бағытқа жеткізіп экономикалық мәдени-рухани өміріміздің сан-саласына енгізген көп өзгерістермен қатар қазақ халқына тартқан үлкен бір сыйы — 1926 жылы ұлттық театрдың құрылуын ескерсек, бұл жанрдың өмір-өлшемі белгілі.

Әрине, халық творчествосында түрлі салт-ғұрыпқа байланысты «беташар», «жар-жар», ақындар айтысы, шешендік сөз сайысы, «бәдік айту», жыл мезгілдеріне байланысты өтетін ойын-сауықтарда, үйлену, сәбидің дүние келуіндегі үрдістерде, күлдіргі тақпақ орындаушылары мен халық ойындарында дау жоқ театр — драмалық элементтер мол жатты. Бірақ, қазақ халқының көшпелі тұрмысы, қоғамдық дамудың мешеулігі бұл өнердің бәрінде шеңберінде ұстады.

Рас, революцияның қарсаңындағы Орынбор, Орал, Семей, Павлодар қалаларына жиі келіп тұратын татар труппаларына еліктеуден туған, қазақтың оқыған интеллигенттері ұйымдастыратын сауық үйірмелерінде бір актылы шағын пьесалар пайда болды. Бұл драмалық шығарманың тұңғыш нышаны болғанымен екі бірдей қысымда отырған халықтың ортасынан өріс таба алмады. Тек Ұлы Октябрь революциясы ғана ғасырлар бойы әлеуметтік теңсіздікте келген халықтың түрі ұлттық мазмұны социалистік мәдениетінің өркендеуіне жол ашқаны баршаға мәлім.

Қазақстанда совет өкіметі орнасымен-ақ қазақ тілінде мектеп, жоғары оқу орындары ашылуымен байланысты олардың жанында көркемөнер үйірмелері қаулап өсті. Азаттық айдынына шыққан халық таланттарының да түйісе табысқан жері осы үйірмелер болды. Қазақтың ұлттық театрының алғаш керегесін тұрғызып, шаңырағын көтерген, қазір халықтың сый-құрметіне бөленіп отырған Қалыбек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Күләш Байсейітова, Елубай Өмірзақов, Жүсіпбек Елебеков, Құрманбек Жандарбеков, Қапан Бадыров, Әбікен Хасенов, Жұмат Шаниндердің алғаш сахналық мектебі де Қоянды жәрмеңкесі, ауылдағы сауық-кештері, жоғары оқу орны мен өндіріс жанындағы көркемөнер үйірмелері еді. Осындай таланттар тобымен қазақ театры сәтімен басталса, драматургиямыздың тарихы да сәтті басталған-ды. Атақты жазушымыз Мұхтар Әуезов жалын атқан жас шағы, жиырма жасында яғни 1917 жылы «Еңлік — Кебек» трагедиясын жазды. Алғаш ауыл сауыққойлары мен қойшының күркесінен баспана тауып, ел жүрегінде ескі жараны қозғаған «Еңлік — Кебек» трагедиясының театрымыздың тұңғыш шымылдығын ашып, күні бүгінге дейін сахнамыздың көркі болып отырғандығы қазақ драматургия тарихының қадамы қайырлы басталғанына айғақ. Содан бергі драматургиямыздың өсу жолына зер салсақ әдетте мидай даладағы жалғыз дарақтай көрінген «Еңлік — Кебектен» бастап, Әлжаппар Әбішевтің «Кім менің әкем?» — деген шығармасына дейінгі аралық құнарлы жерден нәрлі өзек тауып қабындай өскен миуалы бақша реуіштес. Оған дәлелге облыстық театрды былай қойып тек қана академиялық театр сахнасында 120-ға жуық төл шығарманың көрінгендігін алсақ та жеткілікті. Әлбетте, олардың көркемдік құны, сапасы әрқилы болғандығы белгілі жай. Қазақ драматургиясының жедел бой көтеріп қалыптасуына орыстың классикалық драматургиясының ықпалы зор болды. 1927 жылы А. С. Пушкиннің «Сараң серісі» мен «Тас мейманының» сахнада көрінуі, кейін H. B. Гогольдің «Үйленуі» мен «Ревизорының», Погодиннің «Менің досымы», «Мылтықты адамы», Д. Островский мен М. Горький шығармаларының қазақ тілінде театр репертуарынан орын алуы тек аударма факторы емес, қазақ драматургтері үшін де, театр коллективтері үшін де үлкен мектепке айналды.

Қазақ совет әдебиетінің негізгі тақырыптары: Ұлы Октябрь революциясының жеңісі, азамат соғысы жылдары, одан кейін ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, бай — кулактарды тап жауы ретінде жою, әйел теңдігін уағыздау, ескінің қалдығы феодалдық салт-сананы әшкерелеу, шаруаларды колхозға ұйымдастыру, жастарды өнер — білімге үндеу, Отанға деген сүйіспеншілік, халықтар достығын дәріптеу, еңбек ерлерін, совет адамдарының рухани үстемдігін паш ету болса осының бәріне де қазақ драматургиясы үн қосты. Бүгінгі өміріміздің әр саласын қамтумен өткен тарихымызға да сапар шегіп, мұңлы Жібек пен Баян зұлмат ғұрыптың құрбаны болған Еңлік Кебекті әкелді. Қазақтың ардагер ұлдары Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уалиханов, Абай, Исатай — Махамбет, Ақан сері, Аманкелді, Майра, Тоқаш Бокин бейнелері де драмалық шығармалар арқылы сахнаға шықты.

Ұлы орыс халқының бай қазынасынан нәр алып, тартыс үстінде шынығып, өміріміздегі бар өзгерістерге араласып, социалистік реализм әдісімен дамып келе жатқан, тынысы кең алуан түрлі арна тапқан іргелі қазақ әдебиетін профессионалды әдебиет дәрежесіне жетті деген байлауды айтқанда драматургияның да жетістігін айтсақ керек.

Біз жоғарыда «Еңлік — Кебек» 1917 жылы жазылды, драматургияның тарихы осыдан басталды дедік. Енді осы жанрдың өсу жолын қысқаша шолып өтейік.

Мұхтар Әуезов «Еңлік — Кебек» пьесасын қазақ тарихында болған ел арасына аңыз болып таралып кеткен оқиғаның негізіне құрған. Бұл тарихи аңыздың сүрлеуі ғана алынып автордың творчестволық тезінен өтіп жазылған басы ашық төл шығарма. Сол 1926 жылы сахнаға шыққаннан кейін театр да, автор да «Еңлік — Кебекке» бірнеше рет оралды. Алғашқы нұсқасында автордың балаң ойынан көзқарасының толқымалы шағында кеткен кейбір идеялық ақаулары өңделген сайын жөнделіп, жаңа нақыспен түрленіп отырды. «Еңлік — Кебектің» өңделген нұсқаларын оқысаңыз автордың шеңберлікті игеру творчестволық толысу, көзқарасының қалыптасу жолындағы эволюциясынан аңғару қиын емес.

Феодалдық қытымыр заманның келеңсіз құрылысын, қатыгез жексұрын қалпын әшкерелейтін шығармадағы кең пішілген кесек бейнелердің әрекеті, мінез-құлқы дәуір шежіресіндей көз алдыңыздан өтеді.

Шығармада өз күшігін өзі жеген қасқырдай заман кейпі, жесір дауы, ру тартысы сияқты қияпат қайшылықтар бар шындығымен танылды. Ac көрсе араздасып, бөрі көрсе бірігетін ит мінездес билердің қазақ даласында салтанат құрған «ақсақалдығының» да шырқы бұзылып, көбесі босағандығына куә боламыз. Кесапат қырсығымен кері кеткен заманның азулы қорқауларының қолында дегеніне жете алмай кеткен қос қыршын Еңлік пен Кебектің аянышты халі тебірендірмей тұрмайды. Драматургиялық желісі берік тартылған оқиға түйіні — «адам тағдыры — халық тағдыры» деген байлауды аңғартады. Шығарманың ең бір бағалы жағы тілінде. Тәлім аларлық сөз өнерінің тамаша үлгісі зерделі ойдан туған мақал-мәтелге айналып кететін құнарлы шумақтар мол кездеседі.

Ертеректе жазылған пьесалардың ішінен Рахметжан Малабаевтың «Қатесіз қарғыс» (1922 жылы жеке кітап болып шыққан) атты үш перделі комедиясын атаған жөн. Комедияның оқиға өзегі парақор болыс пен оны қоршаған ала аяқтардың халыққа істеген зорлық әрекеті. Шығарма комедия деп аталғанмен, мұнда нағыз күлкі туғызатын жәйттер аз, жасандылық басым, «Қатесіз қарғысты» қазақ драматургиясы тарихында алғашқы тәжірибелердің бірі ретінде еске аламыз.

1926 жылы сахнаға шыққан Мұхтар Әуезовтың «Бәйбіше — тоқал» атты пьесасы ескі ауылдың сүреңсіз қалпын суреттейді, Көп әйел алудың, бай үйіндегі күндестік тартыстың рулық тартысқа айналуы шындық шеңберінде көрінеді.

Осы жылдары жазушылық жолы революциядан бұрын басталған кейбір буржуазияшыл-ұлтшылдардың да пьесалары жарық көрді. Олар театр сахнасын Советтік құрылысқа қарсы үгіт жүргізуге пайдаланбақшы болды. Ескі ауылды мадақтап орыс халқы мен қазақ халқының арасында ала ауыздық туғызуға тырысты. Бірақ, олар кезінде қатаң тойтарыс алды.

Жас қазақ совет интеллигенциясының жалпы мәдени өсуіне байланысты саяси санасы да есейді. Сол дәуірде драматургияға келген жастардың көпшілігі педагогикалық мектептерді бітірген мұғалімдер еді. Олардың ішінде Ержан Ерданаевтың «Малқамбайы» мен Жұмабай Жабаевтың «Сары адыры» назар аударарлық шығармалар. «Малқамбай» «Бәйбіше — тоқалдан »бұрын жазылған, тақырып жағынан тұрғылас. Егep «Бәйбіше — тоқалдағы» оқыған азамат Ғазиз болса, мұнда кедейдің сауатсыз өкілі Малқамбай. Бұл тап тартысын, революцияның не екенін түсінбесе де, кедей мен байдың арасындағы қайшылықты сезінеді. Оның өш алу жолы байды ақымақ ету. Байдың алдында момақан болып жүріп оның отбасын бүліншілікке душар етеді. Малқамбай әрі ақылды, әрі қуақы. Малға сатылайын деп тұрған байдың қызын алдап, өзі сияқты кедей жігітіне қосып жібереді. Одан кейін тоқал мен бәйбішені шағыстырып, байды әжуалайды. Ал, «Сары адырда» революцияға дейінгі қазақ аулында байлардың кедей шаруаның жерін тартып алу баяндалады. Бұл екі шығармада көркемдік жағынан кемшілігі мол болғанмен, сюжеттік жағы жеке кейіпкерлері мен алған нысанасына тиіп жататын жеке ұтымды сәттері бар еді.

Қазақ драматургиясын дамыту мақсатымен Қазақстан Оқу Халық Комиссары 1926 жылы таңдаулы пьесаларға бәйге жариялады. Сарапқа түскен 42 пьесаның төртеуі ғана бәйге алды. Соның бірі жас драматург Ө. Оспанов пен Е. Өтеулиннің «Зарлық» атты пьесасы.

Жиырмасыншы жылдардағы қазақ драматургиясының бөліп көтеріп тұрған, драматургиялық жағынан да көбінен табысты болған әйел теңдігін сөз ететін Сәкен Сейфуллиннің «Бақыт жолында» (1917 жылы жазылған), Азамат соғысы жылдары оқиғасына құрылған «Қызыл сұңқарлары» (1920), Ілияс Жансүгіровтың колхоздасу тақырыбына арналған «Кен» (1931), Түркістан — Сібір темір жолының салынуына байланысты «Турксиб» (1932) атты шығармалары.

Бұл дәуірде драматургиямыздың қаз тұрып, қадам басуына көп еңбек сіңірген жазушының бірі Бейімбет Майлин. Жазушылық жолын революциядағы бұрын бастаған Б. Майлин драматургия жанрына Қазақстанда совет өкіметі орнағаннан кейін кірісті. Сондықтан ол драмалық шығармаларында өткен заманның оқиғаларына бүгінгі күннің тұрғысынан баға беріп, социалистік реализм поэзиясын берік ұстады. Майлин Бейімбет жазған пьесалардың кейінгі тақырыбы — ірі байларды конфискалау негізінде ауыл кедейлерін колхозға ұйымдастыру («Талтаңбайдың тәртібі» 1930 ж., «Майдан» 1931 ж.») Социалистік құрылысқа кеселін тигізген ескіліктің қалдықтарын сынау («Ел мектебі», «Неке қияр» 1926 ж.) тәрізді әдебиетіміздің алдына партия қойған міндеттерден туған күрделі мәселелердің төңірегінде өрбіді. Жазушы бұл еңбектерінде жаңа заманды, совет системасының жеңісін дәріптеп, енбекші халықтардың туысқандық достық негізінде жүргізген тап күресіндегі табыстарын көтере жырлайды. Пьесада бай мен молданың атқа мінерлер мен болыстардың соларға табынатын дәрменсіз жандардың сұрқиялық қылықтары әшкереленеді. Оларға совет адамдарының тегеурінді жарқын образдары қарама-қарсы қойылады. Жазушы партия ұйымдарының басшылық ролін көрсетуге көбірек көңіл бөліп отырады. Сонымен бірге партия билетін бетке ұстап, әлеуметтік істерге зиян келтіргісі келетін кейбір жат элементтерді аяусыз сынайды.

Майлиннің бұл дәуірдегі драмалық шығармаларының ішіндегі көлем жағынан да, көркемдік сапасы жағынан ең маңыздысы «Майдан» пьесасы. Мұнда бұрынғы батырақ Досан, ауылдың партия ұйымының секретары Орынбай, райком секратары Махмудовтар колхоздастыру дәуіріндегі халықты бастаған, ұлы күреске ұйымдастыратын жаңа заман адам болып көрінген. Олардың негізгі мақсат үшін күресі оңай басталып, жеңіл-желпі аяқтала салмайды. Қиын шытырман тартыс арқылы өрбиді. Coвет адамдары бітіспес тартыс үстінде өсіп шынығады.

1929 жылдың ноябрь айында Қазақстан өлкелік партия комитетінің бесінші пленумы қазақ совет әдебиетінің келелі міндеттері жөнінде арнаулы мәселе қарап, жиырмасыншы жылдардағы әдебиетіміздің даму жолына қорытынды жасай келіп, «Қазақта пролетариат әдебиеті бар, бірақ жас», сондықтан да барлық саласы, барлық жанры құлашын кеңге салып, кең өpic алып өркендеуіне шұғыл кірісу керектігін атап ескертті. Сонымен жиырмасыншы жылдары драматургия әдебиетіміздегі дербес жанрлардың бірі болып еніп,

қалыптаса бастады. Бірнеше сапалы шығармалар берумен оның тұрақты кадрларының да бойы көрінді.

1930 жылдар Совет одағында шаруашылық пен мәдениеттің бар саласында шешуші табыстарға жеткен дәуір болды. Жеке шаруаларды коллективтендіру, бай — кулактармен қиян — кескі тартыс үстінде шешілді. Колхоз құрылысы нығайып, Ұлы Отан соғысына дейінгі бесжылдықтарда еліміздің мәдени-экономикалық қуаты арта түскендігі көрінеді.

Бұл кезде, әдебиет пен өнер қозғалысының бұдан былайғы ішкі қатынастарының жаңа принциптерін белгілеумен социалистік реализмді өркендету жолында ВК (б) П Орталық Комитетінің «Көркем әдебиет ұйымдарын қайта құру» туралы, 1932 ж. 23 апрельде қабылдаған қаулысы ерекше роль атқарды. Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Партияның шақыруына қазақ жазушылары іспен жауап беруге шұғыл бет бұрды. Бірақ басқа жанрларға қарағанда, драматургия алғашқы 2 — 3 жылда сол 1920 жылдардағы тақырыбын қайталаумен болды. Тек 1934 жылғы Қазақстан Совет Жазушылар одағының 1 съезінен кейін күрт көтерілді. Ол шын мәніндегі реалистік қалыпта туған Мұхтар Әуезовтың «Түнгі сарын» пьесасынан басталады. Бұл шығарма 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің уақиғаларына құрылған. Автор 1916 жыл оқиғасын кездейсоқ жәйт емес, қалың бұқараның наразылығынан туған қозғалыс ретінде бейнелейді. Әңгіме 1916 жылғы патшаның окопқа жігіт алуына қарсы наразылықта емес, қанаушы үстем тапқа деген боп кернеген ызаның толғағы жеткендігінде. Көтеріліс жеңіліс тапқанмен, оның ертең Октябрь революциясына ұштасатындығын автор жанамалап сездіреді. Тәнекелердің аман құтылуының сыры да осында жатыр. Пьеса шытырман оқиға, қиян-кескі тартыс үстінде мүсінделген кесек образдар, дараланған характерлерге толы. «Түнгі сарын» революцияға дейінгі қазақ қоғамының шындығын типтік жағдайда суреттеген, ұлт-азаттық қозғалысының таптық мәнін терең ашатын шығарма.

Бұл кездегі елеулі шығарма Бейімбет Майлиннің «Шұғасы» (1934) мен «Біздің жігіттер» (1935) атты пьесалары. «Шұға» әйел бостандығы тақырыбына арналған, Теңіне қосыла алмаған Шұға теңдікке, өз сүйгеніне жету жолында құрбандыққа дейін барады. «Шұға» пьесасында баяндалатын жайлар қазақ әйелінің революцияға дейінгі қасіретті халін үлкен трагедиялық сатыға шейін көтереді. «Біздің жігіттер» азамат соғысына арналған. Жалбыр, Таңсық, Ефим сияқты большевиктер патша әскерінің жолын бөгеп, Қызыл Армияға болысып, оның үстіне ішкі дұшпандары Жантаев, Кереев сияқты алашорда өкіметіне де қатты соққы береді.

Сонымен 1933-1935 жылдарда драматургия бұдан кейінгі жылдардың драматургиясы сияқты тақырып жағынан алғанда реалистік қалыпта негізгі екі арнамен дамыды. Бірі қазақтың бай ауыз әдебиетінің таңдаулы нұсқаларын пайдалану, тарихи тақырыпқа бару болса, екінші сала бүгінгі күннің тақырыбына жаңа адамдарды көрсетуге баса көңіл бөлумен байланысты. Музыкалы драма жүйесінде жазылған опера театрының тұңғыш шымылдығын ашқан Мұхтар Әуезовтың «Айман — Шолпан», Ғaбит Мүсіреповтың «Қыз Жібегі». Ескі мұнары пайдаланудың да ең тәуір үлгілері еді.

Халық батыры, қазақ халқының ардагер ұлы Аманкелді туралы пьесаның алғаш нұсқасын жазушы Ғ. Мүсірепов 1937 жылы жазды, кейін де осы тақырыпқа бірнеше оралды. Қазақ драматургиясында шын мәнінде социалистік реализм үлгісінде жазылған пьесаның бірі осы — «Аманкелді», Шығармада дәуір рухы Аманкелдінің өз басы, оны қоршаған орта, өмірлік өзегі берік екендігі танылады. Оқиғаның динамикалық дамуы да шебер қиюласады. Ұлы орыс халқы мен қазақ халқының арасындағы туысқандық достық шынайы көрінеді. Ғабит Мүсіреповті шебер драматург ретінде танытқан «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» драматургиялық құрылысымен де, тіл өрнегімен де, мінсіз характерлерімен де, қандай сахнаға болса да ұялмай ұсынатын еңбектің бірі осы. Эстония, Москва жұртшылығына, Қазанда сол халықтардың өз тілдерінде сөйлеп, жүректерінен жылы орын алған шығыстың Ромео мен Джульеттасы, сөз жоқ үлкен мақтаныш.

Мұхтар Әуезов Қазақстан жазушыларының III съезіндегі драматургия жайлы қосымша баяндамасында пьесаның көркемдік қасиетін айта келіп: «Горькийдің қойған талабы бойынша — пьеса сюжетті болу керек. Оқиға шиеленіскен, қою құрылысты болуы шарт. «Қозы Көрпеш — Баян сұлудың құрылысында бұл зор талап та аяқталған. Пьесада халықтық тілге поэзиялық қасиет бітіріп, әсем күйлілік қалпында кестелеген... Драматургия құрылысы қиын, ауыр жанр болғанда, «Қозы Көрпештің» жазушысы сол қиыншылықтарды шеберлікпен, ақындық, көркемдік, ұсталықпен шеше білген. Пьеса осы

Пьеса осы сипаты арқылы қазақ әдебиетінің қатты өскендігінің айғағы болып шықты. «Қозы Көрпешті қазақ әдебиеті өзінің үлкен мақтанышы ете алады» деген еді. Бұл шығармаға берілген әділ баға болатын.

Отызыншы жылдар қазақтың жас драматургиясының буыны бекіп, бұғанасы қатқан дәуірі. Бірсыпыра жазушылар драматургия жанрының тұрақты кадрына айналды.

Шалғай ауылдағы коммунист Жақыптың бұрынғы алашордашыл Қозыкемен яғни екі таптың арасындағы тартысқа құрылған С. Мұқановтың «Күрес күндеріндегісі» (1939), М. Ақынжановтың «Исатай — Махамбеті» (1938), дінді әшкерелейтін А. Тоқмағамбетовтың «Әзірет сұлтаны» (1939) осы кездерде дүниеге келді. Тікелей драматургия жанрымен шұғылдануға бет алған Әлжаппар Әбішев, Шахмет Хұсайынов сияқты жас жазушылар келіп қосылды. Сонымен, көмір алыбы Қарағанды туралы «Отан үшін» атты пьеса 1938 жылы Әбішевтің қаламынан туды. Сол алғашқы адымынан бастап-ақ Әбішев бұл салада мол мүмкіншіліктің иесі екендігін аңғартты. Қарағанды шахтасының бірінде өтетін уақиғада, бұрынғы бай-болыстың сілімтісі Құрғымет сияқты ала аяқтар қызу тартыс үстінде шиеленісе келіп ақырында әшкереленеді. Шығарманың сәтті шығуы жазушының бұл жанрға деген ынтасын күшейтіп, сенімін бекітті. Ұзамай Шымкент металлургтерінің өмірін баяндайтын «Жолдастар» (1941) пьесасын жазды.

Ш. Хұсайыновтың «Марабайында» тұңғыш рет қазақ совет интеллигенттері жайында мәселе көтеріледі. Адал жанды совет азаматын кірлеуге әрекет жасаған бір топ тоғышарлардың пасық қылықтары әшкереленеді.

«Октябрь үшін» (1932), «Тастүлек» (1935), «Алма бағында» (1937), «Шекарада» (1938), «Абай» (1940), тағы басқа ұлылы-кішілі шығармаларымен Мұхтар Әуезов аз уақыт ішінде аса жемісті еңбек етті. Енді толық мәнді драматургиямыз бар деп сан жағынан да, сапа жағынан да қысылмай айтатын дәрежеге жеттік. Қазақ драматургиясы қандай сын болса да көтеретін белге шықты.

Ұлы Отан соғысының алғашқы айларынан майдан тақырыбына арналған шағын көлемді пьесалар пайда бола бастады. 1941 жылдың аяқ шенінде Мұхтар Әуезовтың «Сын сағатта», С. Мұқановтың «Жеңіс жыры» (1942), Ә. Әбішевтің «Қырағылық» (1942), М. Әуезовпен бірігіп жазған «Намыс гвардиясы», Әуезов пен Мүсіреповтың «Қынаптан қылышы» сияқты ірі пьесалар туды. Сан жағынан мол болғанмен, бұл пьесалардың сапа жағы онша болмады. Майдан жайын жете білмегендіктен көбіне сырттай суреттеу, ойдан құраушылық басым болды. Тек даңқты Панфилов дивизиясының өмірінен жазылған Мұхтар Әуезов пен Әлжаппар Әбішевтің «Намыс гвардиясы» тікелей майдан жайын, оның тылмен байланысын суреттейтін көптеген ұтымды сәттерімен көрінді. Осы жылдардағы пьесалардың кейбірінде идеялық ауытқушылық (Ә. Тәжібаев «Біз де қазақпыз»), жалған символикаға бой алдыру (Ә. Тәжібаев, Г. Рошаль «Жомарттың кілемі») драматургия саласындағы кейбір сәтсіздікті аңғартады. Тарихи тақырыпқа жазылған Ғ. Мүсіреповтың «Ақан сері — Ақтоқты», фольклорлық жүйеде жазылған Ш. Хұсайыновтың «Алдар Көсесі» бұл дәуірдің елеулі табысынан саналады.

Белгілі халық композиторы Ақан серінің әндері қазақтың музыка тарихында өлмес өрнегімен танылады. Драматург Ақан серінің тек қана өнер иесі емес, өз заманындағы әділетсіздікті терең сезінетін үлкен ой-парасаттың иесі етіп көрсетеді, Ислам дінінің пасық та қатал қалпына қарсы шыққан Ақан ар тазалығы, адал махаббат бостандығын ту етеді. Пьесаның архитектоникалық құрылысы классикалық үлгіде өріліп сом жасалған кейіпкерлер адам жанының сан қилы сыр сезімімен көмкерілген. Шығарма романтикалық серпін мен поэтикалық сазға толы, нысанаға дәл тиіп жатқан шебер диалог пен контрасқа құрылған адам характерлері қалт кетпей қауырт өрбитін қатыгез қаталдық, ар мен адамгершілік айқасы бар тыныс — тіршілігімен шынайы көрініп, автордың жанр ерекшелігін меңгерудегі мол мәдениетінен хабар береді. Пьесадағы мылқау Балуанның әрекетінің өзі Виктор Гюгоның Квазимодасымен шендесіп жатқандығын жасыра алмаймыз. Сайып келгенде «Ақан сері — Ақтоқты» қазақ драматургиясының кемелденгендігінің кепілі болатын еңбек екендігінде дау жоқ.

1942 жылы жазылған Ш. Хұсайыновтың «Алдар Көсесі» халық ұғымындағыдай күлкі-сықаққа толы ауыз әдебиетінің үлгісінде жазылған бірінші сәтті комедия дер едік. «Алдар Көседегі» ұтымды диалогтар автордың ой елегінен өтіп, көркемдік тұтастыққа ие болған.

Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін де қазақ драматургтары ішінара майдан тақырыбына оралды. Бұл сапарда X Жұмалиев пен Ә. Сәрсенбаевтың «Арбасу», Ә. Әбішевтің «Достық пен махаббат» (1947), пьесалары келді. «Достық пен махаббат» автордың бұрын жазылған «Тастүлектер» романының материалына құрылған. Пьесада Қарағанды шахтерлерінің Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі, майдан мен тыл бірлігі көрінеді. Тартыстың кілті жаңа комбайнды пайдалану үстінде болады. Сәуле жоғары білім алған, әлеуметтік өмірге белсене араласып жүрген қазақ әйелдерінің өкілі. Нұрлан мен Сәуле басындағы махаббат шығарманың өн бойына жанды рең беріп тұр. Сәулені сүйетін Темір де қазақ драматургиясындағы тың жаңа образ. Темірдің теріс жолдан шығып майдандағы ерлігімен даңққа бөленуі советтік қоғамның адамға деген зор қамқорлығын, Коммунистік партияның шексіз қуатын танытады. Қазақстан жазушылар одағының III съезіндегі баяндамасында Мұхтар Әуезов «Әзірге совет тақырыбына жазылған қазақ пьесаларының ең тәуірі, ең тұрақты, көркемдік сипатқа ие болып шыққаны осы «Достық пен махаббат» деп білеміз» деген еді. Қазірде де осыдан иығы жоғары тұрған, бүгінгі тақырыпқа жазылған пьеса жоқ.

Қазақ драматургиясы елуінші жылдардан бастап бүгінгі күн тақырыбына шұғыл бет бұрды. Ә. Әбішевтің «Бір семьясы» (1949), Н. Баймұхамедовтың «Асыл тастары», Ғ. Мұстафиннің «Миллионері», Ә. Тәжібаевтың «Гүлден, даласы» (1952), «Дубай Шубаевы» (1953), Ш. Хұсайыновтың «Көктем желі», «Есірткен еркесі» (1954), М. Иманжановтың «Менің махаббатым» (1953) сияқты пьесалар бүгінгі өміріміздің әртүрлі тақырыбын қамтиды. Бұл шығармалардың ішінде оқушы жұртшылығының назарын аударып, кезінде тәуір баға алғандары: «Бір семья», «Гүлден, дала», «Есірткен ерке», «Менін махаббатым» болмаса, көпшілігі бүкіл совет драматургиясына кеселін келтірген тартыссыздық теориясының науқасына шалдыққан еді. Көркемдік жағы жұтаң мән-мазмұн жағы да өте саяз жатты. Бұл шығармаларда шынайы тартыстан көрі «тәуір» мен «өте тәуірдің» арасындағы ұсақ келіспеушіліктері басым еді.

Кейінгі екі-үш жыл ішінде үкімет пен партиямыздың әдебиетке қойған биік талабына жауап беру жолында қазақ драматургиясында едәуір серпілу пайда болды. Жазушылардың кейінгі жылдары белсенділігі артуымен бірге бой жазуына тағы бір себеп — өмір процесіне үңіле оның үстіне театр коллективімен тізе қосып творчестволық ынтымақта болғандығы.

С. Мұқановтың «Шоқан Уәлихановы», Ә. Әбішевтің «Күншілдігі» мен «Кім менің әкемі?», Ә. Тәжібаевтың «Майрасы», Ш. Хұсайыновтың «Кеше мен бүгіні», Қ. Сатыбалдиннің «Аягөз аруы» өткен бір-екі жылдың жемістері.

Көп жылдардан бері драматургиямен айналысып, опера-балет либреттоларын жазған Нығмет Баймұхамедов соңғы жылдары екі-үш пьеса жазды. Таныса келсек, автор бұдан он жыл бұрынғы дәрежесінен аса алмай қалған. Шығармаларын көбіне жалаң декларацияға құрады. Оқиға тартыссыздық теориясының төңірегінде, өндірістегі адамдардың бір жиналысының талқысынан аспайтын жеңіл-желпі келіспеушілігін үлкен шығармаға желі етіп ұсынады.

Жоғарыда аталған «Шоқан Уәлиханов», «Күншілдік», «Майра», «Кім менің әкем?», «Кеше мен бүгін» шығармалары театрларымыздың бүгінгі таңдағы бетке ұстары болып отыр. Ұтымды жақтары кезінде баспасөз бетінде мол айтылды. Бүгінгі таңдағы қазақ драматургиясын сөз еткенде арнайы назар аударатын шығарма сахнаға шыққан Ә. Әбішевтің «Кім менің әкем?» атты пьесасы. Бұл қазақ драматургиясының кейінгі жылдардағы табысы болып саналмақ. Психологиялық терең сезімге құрылған еңбек, соғыс зардабынан жапа шеккен аяулы жар, ата мейірімін аңсаған арманды сәбилерге арналған ескерткіш деп ұғамыз. Мұнда адам басындағы күйініш — сүйініш сәттері, сезім дүниесінің сан түсті бояуы өмірге тән өрнегімен көрінеді. Биік адамгершілікке, адалдыққа, сенімге, балаға, анаға, жарға, Отанға деген махаббаттың шиеленісіп шешілген түйінін көргенде ақаусыз адал пейіліңізбен риза боласыз. Осындай өмірлік берік өзегі бар шығарманың драматургиялық құрылысы да бұрынғыларынан оқшау ұтымды әдісі тың сапарды аңғартады. Қазір театр сахнасында жүріп жатқан З. Шашкиннің Жетісуда Совет өкіметін орнатуда көп еңбек сіңірген қазақтың аяулы ұлы «Тоқаш Бокин» туралы пьесасы да тәуір шығармалардың қатарына қосылады.

Алдымызды қазақ әдебиеті мен көркемөнерінің онкүндігі келе жатыр. Астана жұртшылығы өз сахнасында қазақ драматургиясының таңдаулы үлгілерін көрмек. Mұхтар Әуезов «Дос, бедел дос» атты үлкен шығармасын аяқтады. Ғ. Мүсірепов бүгінгі малшылар өмірінен жазған комедиясын театрға ұсынып отыр. Әлжаппар Әбішев, Ә. Тәжібаев тағы басқалары жаңа драмалық шығармалар жазу үстінде.

Қазақ драматургиясын басқаша шолып өткенде туатын қорытынды, Совет өкіметі жылдарында әдебиетімізге жаңа жанр болып енген драматургия қазір кемелденіп, өз қазынасында көптеген асыл шығармалары бар екенін көреміз. Қазақ драматургтерінің алдында әлі шешілмей жатқан көп проблемалар бар. Табысымызды қанша айта бергенмен

қазақ драматургтері көрермендер алдында қарыздар. Заманымыздың алдыңғы қатарлы еңбеккерлерін үлгі етіп ұсынуда шабан қимылдап келе жатқандығын мойындамасқа лажымыз жоқ. Мойындай отырып оған әрбір қалам қайраткері белсенді қатысады деген үміт зор.

1957


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама