Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Өзгерген өңір өнері

Қазақстанда Совет өкіметі орнағанына 40 жыл толуы — үлкен тарихи маңызы бар, зор мереке. Осы күнді республиканың еңбекшілері ғана емес, ұлы Лениннің пролетарлық интернационализм рухында тәрбиеленген бүкіл совет халқының ынтымақты одағы қуанышты қарсы алғалы отыр. Патшалық Россияның шет аймағында отар елге айналған Қазақстан 40 жылдың ішінде гүлденген социалистік республика болды. Экономикамыз бен мәдениетіміздің сан түрлі саласындағы қол жеткен табыстарымыз көпшілікке мәлім де айқын. Бұл қол жеткен табыстар ец алдымен данышпан Коммунистік партиямыздың, Совет үкіметінің, оның үстіне ұлы орыс халқы бастаған совет халықтарының туысқандық, достық көмегінің жемісі.

Осындай тарихи мереке күндерінде өткен жол, еткен еңбекке шолу жасау, тапқан табысын таразыға салу совет халқының белгілі дәстүрі.

Қазақ халқының көркемөнер мен мәдениет саласындағы табысы өміріміздің басқа саласындағы қол жеткен табыстармен теңбе-тең десек өтірікші болмаймыз. Рас, революцияға дейінгі Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық мешеуліктің кесірінен мәдени дамуымыз да ең төменгі сатыда болатын. Шын мәніндегі профессионалды өнерді қазақ халқы бұрын білген емес-ті. Ал, халық өнері, тек жеке ән айту, домбыра тарту, майда ою-өрнек өнерімен ғана шұғылданудың төңірегінде болды. Ислам дінінің кертартпа кесірі сурет өнерінің дамуына ешбір мүмкіншілік бермеді. Өйткені адамның немесе хайуанаттың суретін салу шариғатқа шек келтіру деп саналды.

Қазақтың ұлттық мәдениетінің бай саласы ән-күй болды. Мұнда қазақ халқы өзінің ой-арманын, табиғатпен сырласып мұң-мұқтажын айтты. Қазақ халқының мәдениетінде ән мен жыр егіз. Сондықтан да әйгілі халық ақындары, бір жағынан дарынды ақын болса, екінші жағынан өз шығармаларына арнаулы әуен тауып, халыққа жеткізетін атақты әнші де болған.

Жеке ән айту, домбыра тарту, қобыз бен сыбызғы шалу музыкалық шығармаларды орындайтын негізгі аспаптар еді. Домбыра — қазақтың ең сүйікті музыкалық аспабы. Шексіз сахарада өмірі өткен, аты белгісіз талай ғажап домбырашылар көптеген күйлерін мұра етіп тастап кетті. Бізге бұдан бірнеше ғасырлар бұрын туған күйлер жетті. Сол күйлердің музыкалық тілдерінің байлығы, орындалу әдістерінің шеберлігі, оның үлкен оқиғаларға байланысты тууы, мазмұн байлығы, барлығы — қазақ халқының музыкалық мәдениетінің жоғары сатыда дамығандығының айғағы.

Музыкалық фольклорымыздың бай тарихында айрықша орын алатын халықтың өткен ғасырда өмір кешкен халық композиторлары: Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Біржан, Сейтек, Қазанқап, Мұхит бар. Қазақтың ұлы ақыны әрі ағартушысы Абай қазақ музыкалық мәдениетіне көп үлес қосты. Ол шығарған тамаша әндер мен әуендер мол.

Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй, —

деп ұлы Абай өнердің тигізер әсерін, берер ләззатын аса жоғары бағалаған.

Өткен ғасырдың аяқ шенінде орыс халқымен байланыс арқасында қазақ даласына гармонь мен балалайка, гитар мен мандолин келе бастады. Бірақ бұлар халық арасына етене сіңісіп кете алмады.

Қазақ халқы орыстың музыкалық мәдениетімен, ең алдымен олардың халық музыкаларымен, кейін революциялық әндерімен таныса бастады. Соның барлығын өз бойына сіңіріп, қазақтың композиторлары бұған қазақ музыкасының кейбір ерекшеліктерін енгізді. XX ғасырдың қазақ қалаларына орыстың театр труппалары келе бастады. Соған еліктеудің арқасында драмалық үйірмелер пайда болды.

1910-1912 жылдары Семейде, Қызылжарда, Атбасарда, тағы басқа қалаларда қазақтың алдыңғы қатарлы интеллигенттері үйірмелерде жеке спектакльдер көрсетіп жүрді. Осы кездері қазақтың тұңғыш шығармалары да туа бастады. Олардың көбі көлемі жағынан шағын, бірлі-жарым көріністі комедиялар болды. Е. Ерданаевтың «Малқамбайы», Көлбай Тоғысовтың «Надандық құрбандары» сияқты шығармалары қазақ драматургиясының тұңғыштары еді.

Кезбе әнші-күйшілер жыл сайын болатын жәрмеңкелерде жиі кездесе бастады. Олардың ішінде Жамбыл, Шашубай, Жаяу Мұса, Қалыбек,Майра, тағы басқа халық шеберлері бар. Бірақ Қазақстанда Совет өкіметі орнағанша профессионалдық көркемөнер болған жоқ.

Қазақстанның мәдениеті мен көркемөнерінің дамуына Коммунистік партия әрдайым басшылық етіп, көп көңіл бөліп отырды. Сондықтан да қазақтың советтік өнерінің алғашқы ұрығы азамат соғысының кезінде пайда болып, шайқас күндерінде шыңдалды. Оның алғашқы адымы азамат соғысының жеңісімен ұштасты, 1918-1919 жылдардағы Торғайда болған Әліби Жанкелдиннің жорығында бірнеше өнерпаздар болды. Олар халық арасында ойын қойып жүрді.

Қазақтың ағарту институты мен Орынбордың рабфагінің жанында оқушы жастардан құралған музыкалық драмалық коллективтердің саны көбейе бастады. Бүгінгі ұлттық опера және драма театрларының көрнекті өкілдері: Ж. Шанин, Қ.Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Қ. Жандарбеков, Е. Өмірзақов, Қ. Бадыров, т. б. осы ортадан шықты.

Қазақтың ұлттық музыкасының даму жолдарын зерттеу мен оны уағыздауда аса үлкен роль атқарған адам — композитор Александр Викторович Затаевич болатын. Қазақтың музыкалық фольклорын жинауда тынбай еңбек еткен ол, аз уақыттың ішінде 2300-ден аса халық әндері мен күйлерін қағазға түсірді. Соның нәтижесінде «Қырғыздың (Қазақтың) мың әні» 1925 жылы, «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» 1931 жылы жарық көрді.

Қазақ халқының музыкалық қазынасын топтаған осы екі жинақтың көркемдік те, ғылыми да құны зор. Бұл жинақтар жеке композиторлардың өз бетінше опералық шығармалар жазуына негіз болу былай тұрсын, оның үстіне қазақ музыкасының бар сыр-сипатымен танысуға үлкен құрал болды.

1925 жылы жазда Париждің атақты концерт сарайында ән салған Әміре Қашаубаев халқымыздың музыкалық мәдениетін әлемге таныстырды. Дүниежүзілік көрмеде СССР халықтарының ән-күй шеберлерінің қатарында бәйгіге қатысқан ол, осы дүниежүзілік жарыста екінші орын алды. Француздың музыка ғылымының зерттеуші мамандары музыка тарихында сирек кездесетін құбылыс деп жазды. Әміренің бірнеше әндерін Сарбон университетінің профессоры Перно фонографқа жазып алды.

Тұңғыш рет қазақтың профессионалдық театрының пайда болуы, қазақ көркемөнерінің даму жолындағы алғашқы он жылында аса бір көрнекті оқиға болды.

Ол тұңғыш шымылдығын сол кезде Қазақстанның астанасы болған Қызылорда қаласында 1926 жылы 13 январьда ашты.

Театрдың творчестволық негізгі тобы: Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Қ. Жандарбеков, Ә. Қашаубаев, Е. Өмірзақов, Қ. Бадыров, И. Байзақовтар болды. Осылардың қатарында қазақтың тұңғыш актрисалары 3, Атабаева, Ш. Байзақова, Қ. Әшкеевалар еді. Бұлардың көпшілігі көркемөнер үйірмелерінен келді.

Творчестволық жас коллективтің негізгі жетекшісі, әрі ұйытқысы болған драматург-режиссер, әрі тамаша артист Ж. Шанин еді.

Ол кезде ұлттық драматургияның жаңа ғана туа бастаған кезі болатын. Сондықтан да театрдың репертуары қолма-қол атүсті жасалатын. Театрдың тұңғыш шымылдығын ашқан, 1917 жылы жазылып, бірінші рет киіз үйде қойылған Мұхтар Әуезовтың «Еңлік — Кебек» пьесасы болатын. Қазақтың ұлттық драматургиясының негізін салған осы бір ғажайып шығарма күні бүгінге дейін халық сүйіспеншілігіне бөленіп, сахнада өмір сүріп келеді.

Қазақ театрының дамуы буржуазиялық ұлтшыл элементтермен қиян-кескі идеялық күрес үстінде қалыптасты. Театр сахнасында өткен дәуірді аңсаушылық, ауыл, ел өміріндегі тап тартысын жоққа шығарған кейбір шығармалардың көрінуі де осыған байланысты. Қазақстанның партия ұйымы бұған шұғыл назар аударып, театрдың репертуарын тазартып бүгінгі өмірді көрсетуге тікелей көмектесті. Содан кейін қазақ еңбекшілерінің жаңа өмір үшін күресін, колхоз құрылысын нығайту жолындағы еңбегін ауылдағы тап тартысын, индустрияландырудың алғашқы адымдарын баяндайтын шығармалар көріне бастады. Соның бірі — В. Киршоның «Астығы».

Бұл шамада қазақтың бейнелеу өнерінің де алғашқы адымы басталды. Қазақ суретшілері Ә. Қастеев пен Ә. Исмаиловтың тұңғыш еңбектері жарық көріп, бірінші көшпелі көрме 1928 жылы ұйымдастырылды.

Міне, осылай советтік Қазақстанның алғашқы он жылында партия ұйымдары мен Совет өкіметінің күнделікті қамқорлығының арқасында қазақтың көркемөнерінің берік негізі қаланды.

1930 жылдардың бірінші жартысында көркемөнердің бірнеше ұйымдары пайда болды. Бұл мәдени ошақтардың атқарған рөлі орасан зор. Ұлттық кадрлар даярлау мәселесіне зор көңіл бөлінді. Соның нәтижесінде 1932 жылы республикада бірінші музыкалық драмалық техникум, 1933 жылы музыкалық актерлар студиясы, 1934 жылы музыкалық мектеп пен қазақтың ұлт аспаптарының мемлекеттік оркестрі (қазіргі Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі) ашылды.

1930 жылдар театр мен музыкалық мәдениетіміздің белең алып өскен кезеңі болды. Осы кездері бейнелеу өнерінің дамуы бір арнаға түсіп, қазақтың кинематографиясы туды. 1934 жылы құрылған Алматы кинохроника студиясы «Советтік Қазақстан» атты киножурналды үзбей шығара бастады. Мұның өзі республикамыздың бай өмірінің жан-жақты даму жолдарын қамтитын кино шежіресіндей болды.

Көп ұлтты мәдениетіміздің, онын ішінде қазақ мәдениетінің сан түрлі саласының қысқа мерзім ішінде, жедел қалыптасып, тез дамуына үлкен себепкер әрі қамқор көмекші болған орыс мәдениетінің қайраткерлері. Бұл тарапта Е. Брусиловскийдің, С. Шабельскийдің, В. Великановтың сіңірген еңбектері аса зор.

Орыс көркемөнерінің қайраткерлерімен қоян-қолтық творчестволық ынтымақтың нәтижесінде ұлттық музыкалық мамандар өсті. Олардың ішінде композитор-академик А. Жұбановтың ізін баса шыққан М. Төлебаев, Қ. Қожамияров, Б. Байқадамов, С. Мұхаметжанов, Н. Тілендиев, тағы басқалары бар. 1933 жылы сентябрьде драма театрының жанынан музыкалық студия ашылды. Барлық әншілер мен бишілер музыкалық студияға ауысты. Олардың ішінде аты әлемге әйгілі болған қазақ бұлбұлы атанған Күләш Байсейітова және бүгінгі қазақ сахнасының шеберлері: Қ. Байсейітов, Қ. Жандарбеков, Ж. Елебеков Ғ. Құрманғалиев, Шара, М. Ержановтардың орны ерекше. Әнші-күйші, тағы басқа өнер иелері сол кезде құрылған қазақтың мемлекеттік филармониясына келді. Студия бірінші музыкалық спектакль «Айман — Шолпан» комедиясын әзірлеуге кірісті. Сонымен музыкалы театрдың тұңғыш шымылдығы «Айман — Шолпан» комедиясымен 13 январьда 1934 жылы ашылды. Қазіргі Абай атындағы Қазақтың академиялық опера және балет театры осы.

Көп ұзамай «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» опералық спектакльдері жарық көрді. Бұлардың да музыкасы халық әндерінен құралып, Брусиловскийдің өңдеуімен іске асты.

1930 жылдары қазақтың драма театры көркемдік — идеялық жағынан жаңа сатыға көтерілді.

Театр тарихында Мұхтар Әуезовтьң 1916 жылғы көтерілістің жағдайын баяндайтын «Түнгі сарыны», Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлуы», Әуезов пен Соболевтің «Абай» трагедиясы ерекше орын алады. Азамат соғысының дәуіріне арналған С. Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлары», Ғ. Мүсіреповтың «Аманкелдісі», С. Мұқановтың «Күрес күндеріндесі», М. Әуезов пен Ә. Тәжібаевтың «Ақ қайыңдарының» да мәні бар.

Көркемдік идеялық жоғарғы сатыға көтерілгендігін еске алып, театрға үкімет пен партия 1937 жылы 27 февральдa «Академиялық театр» деген атақ берді.

Осы кездері ұлттық бейнелеу өнері де дами бастады. 1933 жылы қазақтың Суретшілер одағы құрылды. 1937 жылы Шевченко атындағы Қазақтың мемлекеттік көркем сурет галереясы ашылды. 1938 жылы суретшілер училищесі жұмысқа кірісті.

Ғ. Мүсірепов, Б. Майлин, В. Ивановтың сценарийі бойынша 1936 жылы тұңғыш рет көркемсуретті фильм — «Аманкелді» экранға шықты.

1940 жылы Мұхтар Әуезовтың сценарийі бойынша «Ленфильм» «Райхан» деген кино-картинаны жарыққа шығарды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда Москваның, Ленинградтың, Киевтің, Харьковтың, тағы басқа қалалардың өнер шеберлері, тәжірибелі топтары болды. Сонет көркемөнерінің даңқты қайраткерлері жас қазақ өнеріне үлкен творчестволық көмек көрсетті. Мұның өзі шеберлікті игеруде мол мүмкіншілік туғызды.

Абай атындағы Академиялық опера және балет театрының сахнасында соғыс жылдарында совет балетінің мақтанышы Галина Уланова биледі. Уланованың белсене қатысуымен қазақтың жас хореографиясының негізі қаланды.

Соғыс жылдарында опера театрының сахнасында патриоттық сезімге толы бірнеше шығармалар болды. Солардың бірі — Е. Брусиловский жазған «Гвардия, алға» операсы (либреттосын жазған Сәбит Мұқанов), 1944 жылы Мұхтар Әуезовтың либреттосы бойынша композиторлар A. Жұбанов пен Л. Хамиди «Абай» операсын жазды. Бұл опера қазақ музыкалық мәдениетінде елеулі табыс деп саналады.

Театр репертуарлары жақсарып, қазынасы байи түсті. Олардың сахнасында бүгінгі замандастарымызға арналған шығармалардың саны көбейді. Жеке спектакльдердің де көркемдік құны жоғары дәрежеге көтерілді. 1940 жылдардың аяқ шенінде қазақ композиторларының өздері жазған опералық, симфониялық шығармалары бой көрсете бастады. Соның ең көрнектісі Мұқан Төлебаевтың «Біржан — Сара» операсы. Операның либреттосын белгілі Сара мен Біржанның айтысы жүйесінде Қажым Жұмалиев жазды. Опера шын мәнінде ең жоғары баға алды. Сахнаға қоюшы Қ. Жандарбеков, композитор М. Төлебаев, басты рольдерді орындаған К. Байсейітова, Ш. Бейсекова, Ә. Үмбетбаев, Б. Досымжанов, спектакльдің суретшісі Ненашев 1948 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығын алды.

«Біржан — Сара» операсы қазақ өнері мен әдебиетінің 1958 жылы Москвада өткен онкүндігінде аса жоғары бағаланды. Композитор Төлебаевқа СССР-дың халық артисі деген құрметті атақ берілді.

Республикамызда маманданған хореографияның ұлттық тобы көбейді. Олардың көпшілігі 1934 жылы Алматыда ашылған хореографиялық училищеде тәрбиеленіп, ерекше көзге түскен таланттары Москва мен Ленинградтың балет мектептерінде қайтадан оқып, шеберліктерін шыңдай түсті.

Қазақтың би өнері дамуында көптеген ұлттық билерін шығарған республиканың халық артисі Шараның еңбегі өте зор.

Совет өкіметі жылдарында Қазақстан композиторлары бірнеше мыңдаған музыкалық шығармалар жазды. Олардың ішінде жедел дамыған халық сүйетін ән жанры. Қазақ совет өнерінің тақырыбы сан салалы бай, тынысы кең. Олар еңбектің сан түрлі саласын совет адамдарының тұрмысын, жан дүниесін, Қазақстандағы социалистік құрылыстың ғажайып табыстарын жыр етеді. Біздің Ұлы Отанымыздың қуатын, халықтардың мызғымас достығын паш ететін патриоттық сезімге толы әндер ондап саналады.

Қазақтың аспапты музыкасының дамуы Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрмен байланысты. Бұл оркестр — қазақ халқының музыкалық мәдениетінің ғажайып дәстүрін социалистік дәуірдің күрделі көркемөнерінің бар тілегіне сай ұштастырып, одан әрі дамытып келеді.

Қазақ композиторлары көптеген тамаша симфониялық шығармалар жазды. Олардың ішінде ерекше көзге түсетіндері Мұқан Төлебаевтың «Коммунизм таңы» атты кантатасы

мен «Қазақстан» атты поэмасы, Брусиловскийдің «Советтік Қазақстан» кантатасы мен төртінші симфониясы еді.

Шетелге шыққан Қазақ өнері өкілдерінің де табысы аса мол. Будапештегі жастардың халықаралық фестивалінде Бағланова лауреат атағын алып қайтты. Жастар мен студенттердің Берлинде өткен үшінші дүниежүзілік үшінші фестивалінде дирижер Ғазиз Дұғашев, қобызшы Фатима Балғаева, әнші Байғали Досымжановтар лауреаттық атаққа ие болды. Бухаресте өткен жарыста Ш. Қажығалиев басқарған Құрманғазы атындағы оркестрдің жастар тобы, әнші Ермек Серкебаев тағы да лауреат атағын алды. Алтыншы дүниежүзілік фестивальі мен Бүкілодақтық Москвада өткен фестивальдарға Қазақстаннан қатысқан творчестволық коллективтердің бірнешеуі лауреат атағын алып, көпшілігі алтын, күміс, қола медальдармен наградталды.

Соғыстан кейінгі дәуірде, музыкалық мәдениеттің өсуіне сай, театр өнері де жаңа белеске көтерілді. Театр фольклорлық, тарихи тақырыптан бой тартып, бүгінгі заман тақырыбына шұғыл бет бұрды. Көркемдік, идеялық жағынан әлсіз, күңгірт шығармалардан репертуарды тазартты.

Москвадағы онкүндікте «Жалғыз ағаш орман емес» (Ә. Тәжібаев), «Ақын трагедиясы» (Ғ. Мүсірепов), «Еңлік — Кебек» (М. Әуезов), «Шоқан Уәлиханов» (С. Мұқанов) спектакльдері зор баға алып келді.

Қазақстанның театр өнері көп ұлтты. Бізде он қазақ коллективі, он бір орыс коллективі, бір ұйғыр, бір корей театрлары жұмыс істейді. Олар жыл сайын 2,5 миллионнан 3 миллионға дейін көрерменді қамтиды.

Республикада көркемөнер кадрларын даярлау да жолға қойылды. Алматының мемлекеттік консерваториясы, хореографиялық училищесі, суретшілер училищесі маман кадрлар даярлап шығаруда. Қазақ жастары Москва мен Ленинградта топ-тобымен оқып, білім-тәрбие алып қайтады. Республикамыздың ірі қалаларының барлығында музыкалық мектебі бар. Осының барлығы көп жанрлы қазақ өнерінің бұдан былайғы дамуына үлкен негіз болып қала береді.

Қазақ халқының өткен дәуірдегі өмірі, революция кезіндегі бостандық үшін күресі, тарихымыздағы ғажайып адамдар кино өнері арқылы экранға шықты. Бұлар «Абай», «Оның уақыты келеді», «Жамбыл» фильмдері. Қазақстанда Совет өкіметін орнату күресіне арналған «Ботакөз» бен «Біз Жетісуданбыз» кинокартиналары да аса құнды шығарма. «Өмір жолы» атты Турксибке арналған кинофильмді жұртшылық жақсы қарсы алды. Қазақ фольклорының ізімен жазылған «Махаббат туралы поэма», театр спектакльдерін экранға түсірудің тұңғыш талаптануы болды. Көпшілік қауым қазақ драматургиясының көрнекті шығармасы «Қозы Көрпешпен» осылайша танысты. Міне, жоғарыда келтірілген мысалдардың өзі Қазақстанда шыққан кинематография шығармаларының тақырыптарының жан-жақтылығын көрсетеді. Әрине, мұның барлығы көркемдік идеялық жағынан төрт аяғынан тең басып тұрған шығармалар емес. Көпшілігінің кемшіліктері уақытында орталық баспа орындарында айтылып, сынға ұшырады. Қырық жылдық қарсаңында Қызылорда облысының малшыларының өмірінен А. Тоқмағамбетов пен Қожықовтың сценарийі бойынша «Маржан» атты кинофильм түсірілді.

Қазақ кино өнерін сөз еткенде де айта кететін бір жәйт, республика бойынша киносеттері көбейді. Орта есеппен алғанда жыл сайын кинофильмдерді Қазақстанда жүз миллионға тарта адам көреді. Кинотеатрлар мен кино көрсететін жеке қондырғылардың республика бойынша жалпы саны он мыңға таяу. Жақын жылдардың ішінде республика түгелдей кинофикацияландырылады.

Біздің бейнелеу өнеріміз де қарыштап алға басуда. Республикада профессионалды білім алған талантты суретшілер тобының саны күн сайын өсуде. Соғыстан кейінгі дәуірде әр жанрдан көп тақырыптарды қозғаған бірнеше мыңдаған шығармалар жазылды.

Жанрлы живопись — Қазақстанның бейнелеу өнеріндегі жетекші орын алатын жанрдың бірі. Бұл салада Қ. Тельжанов, С. Мамбеев, Н. Нұрмағамбетов, М. Кенбаев, Р. Сахилар жемісті еңбек етіп келеді. Бұлар жазған шығармалардың негізгі мән-мазмұны — колхозды ауылдың жаңа тұрмысын, қазақ семьясының мәдени қалпын, ұлттық интеллигенцияның өсу дәрежесін, қазақ жастарының еңбек жолындағы кейпін бейнелейді. Тарихи және тарихи революциялық тақырыптағы шығармалардың көпшілігі Қазақстанда Совет өкіметі орнау кезеңімен байланысты.

Өңірі өзгерген республикамыздың қырық жылғы өмірінде қол жеткен табыстары ұшан-теңіз. Қазақтың ұлттық өнер даңқы бүкіл дүние жүзіне әйгілі болды. Бұл шындық — советтік шындық.

1960


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама