Сөз реті келгенде...
Соңғы он-он бес жыл тұрғысында қазақ әдебиеті мен өнері бір кезде бүкіл елімізді қуантқан биік деңгейінен төмендеп кеткен жоқ па деген күдік айтылып жүрді. Ол күдік, кей ретте, орынды да еді. Бір кезде М. Әуезовтың аты шулы «Абай жолы» эпопеясы дүниежүзіне тарады. Сол тұста С. Мұқановтың, Ғ. Мүсіреповтың, Ғ. Мұстафинның шығармалары да шет жұрт оқушыларына кеңінен танымал бола бастады. Кейінгі жылдары қазақ әдебиетінің бұл серпіні әлсіреп кетті. Дүниежүзілік аренаны, шетел оқушыларын былай қойғанда, бүкілодақтық аренада да сирек көрініп жүрді. Соңғы бір-екі жылда қазақ әдебиетінің туындылары бұндай үнсіздіктің темір құрсауын үзіп шығып одақтық оқушының, шетелдік оқушының назарына қайтадан іліге бастады.
Әдебиеттің басындағы бұл хал қазақ өнерінің де басында бар. Ол да біраз уақыт «төмендеп кетті» деген сын естіп жүрді. Соңғы жылдары қазақ өнері де ол қыңқыл-сыңқылдан құтыла бастады. Қазақ өнерінің құлдырау үстінде емес, өрлеу үстінде екеніне оның «Экспо-67» көрмесіндегі, еліміздің елу жылдығы алдындағы Москвадағы концерттерінің зор табыспен өтуі-ақ дәлел бола алады. Қазақ өнері кейінгі жылдары күллі одақтық аренада кеңінен танымал өнер иелерінің жаңа тобын өсіріп шығарды. Қазақ артистері одақ көлемінде де, шет елдегі гастрольдерінде де үлкен табыстарға ие болуда. Алайда, қазақ өнерінің барлық сырқауы бірден жазылып кете қойды десек, ол бір әншейін желбуаз әңгіме болар еді. Қазақ өнерінің ойлантатын, толғантатын сан-сала проблемалары әлі де толып жатыр.
Қандай да ұлттың өмірінде болмасын оның өнерінің өркендеуіне әдебиеттің қаншалықты орасан зор ықпал ететінін айтпасақ та түсінікті. Әдебиет пен көркемөнер егіздің сыңарындай екі құбылыс; олар сонымен қатар біріне-бірі үлкен мұрындық. Қазақтың профессионалдық көркемөнеріне қазақ әдеби творчествосының ықпалы орасан зор болды. Қазақтың ұлттық драма театрының тууын былай қойғанда, ұлттық опера және балет өнерінің өркендеуіне қазақ әдебиетінің М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Б. Майлин сияқты көрнекті өкілдері қаншама зор еңбек сіңірді.
Кейінгі жылдары әдебиет ауылы мен өнер ауылының ат құйрығын үзісердей іргесі алыстап кетпегенмен, бір кездегі енді туу, қалыптасу кезіндегі арадан қыл өтпестей татулық бәсеңдеп кеткен тәрізді.
Біздіңше профессионалдық өнеріміз бен әдебиетіміз қаншалықты шарықтап өскен сайын олардың арасындағы творчестволық достық, ынтымақ та соншалықты қарыштап өсуге тиісті еді. Ол өнер үшін де, әдебиет үшін де керек.
Біздің жағдайымызда әдебиет пен өнердің арасындағы әр алуан байланыстарды айтпағанның өзінде, әдебиет пен өнердің ортасындағы телі жанр болуға тиісті драматургияның өзі жазушы ұйымын да, Мәдениет министрлігін ойлантатындай жағдайда.
Кейінгі жылдардың драматургиясына көз салсақ, сырт қарағанда бәрі орнында, бәрі жайында сияқты. Жазылып біткен, театрларға қойылып жатқан пьесалар саны көп болмаса аз емес; әдетте әдебиеттің өзге жанрларында жылына бір автордың екі шығармасы қатар туып, қатар жарық көре бермейді, ал біздің драматургтеріміз жылына алды екі пьеса, арты бір пьеса ұсынады. Ол шығармалары өндіріс бабында азын-аулақ дау-дамайға ұшырағанмен, көп ұзамай театр сахнасына шығып жатады. Қазіргі драматургия шығармалардың саны жағынан өнікті. Бұрын жанрдың заңдарынан сескеніп көп автор қосыла бермейтін драматургияның соңғы жылдары авторлар қатары да едәуір өсті. Рас, министрліктің репертуар-редакциялық алқасы жаңа авторлар тарту мақсатында әдебиеттің проза, поэзия жанрларында жақсы көзге түскен әдебиетшілерді драматургия саласында да сынап көрмек үшін жаңа авторлармен творчестволық байланысты игі дәстүрге айналдырды.
Қысқасы, қазақ драматургиясының қазіргі көрсеткіштері сан жағынан көңіл бөлердей-ақ. Ал енді сапа жағынан келгенде, ауыз толтыра сөйлеп кетуге ұятты екеніміз әдеби қауымға да, көрермендерге де құпия болмаса керек.
Қазақ драматургиясы соңғы жылдары прозамыз бен поэзиямыз сияқты одақтық аренада ықылас-ілтифатқа бөленердей елеулі шығарма бере алмады.
Бұның бәрі де қазақ драматургиясының өзге жанрларынан әлдеқайда шабан өркендеп жатқанына даусыз дәлел болғандай. Драматургиямыз тек жалпы қазақ әдебиетінің аяқ алысына ғана емес, ұлттық театр өнеріміздің де даму қарқынына ілесе алмай келе жатыр десек, онша ақиқатқа обал жасаған болып шықпас едік.
Қазақтың ұлттық театр өнерінің екі үлкен коллективі — М. Әуезов атындағы академиялық драма театры мен республикалық жасөспірімдер және балалар театрының кейінгі жылдардағы үлкен творчестволық табыстары баршаңызға мәлім. Академиялық театр бүкіл советтік драма театрларының ішінде ешбір елеулі коллективтердің қатарынан саналады. Жақында Москвада гастрольде болып қайтқан республикалық жасөспірімдер театры одақ бойынша өз саласындағы ең озық бес театрдың қатарына ілікті. Расын айтсақ, екі театр да астана көрермендерін ұлттық репертуарымен баурай алған жоқ; театрдың да творчестволық келбетін мықтап танытқан Ш. Айтматов шығармалары бойынша жасалған инсценировкалар болды. Біздің театрларымыздың «Ана — Жер ана» мен «Арманым — Әселім» спектакльдері күллі совет театрының өміріндегі елеулі құбылыстар ретінде аталып өтті.
Мұның өзі ұлттық драматургиямыз ұлттық театр өнерінен кенже қалып қойды ма деген күмәнымыздың жаны бар екенін растайды. Қазір Қазақстанда тек жоғарыда аталған екі коллектив қана емес, әлденеше талантты ұлттық труппалар өсіп шықты. Жақсы шығарма туып жатса, нәрі мен әрін еш солғындатпай сахнаға шығара алатын режиссурамыз да бар.
Ендігі міндет — сол жемісті өркендеп келе жатқан ұлттық театр өнерімізге лайық өскелең драматургия жасауда болып тұр. Бұл мәселе бұдан бұрын да ара-тұра әңгіме болып келді. Бірақ, бір өкініштісі, ол әңгімелерде істің ұйымдастырушылық техникалық жағына көбірек көңіл бөлініп, творчестволық жағына назарды аз аударыппыз.
Бір кезде орын алған жалтылдақтық, тартыссыздық әдебиет пен өнердің қай саласын да мандытпайды; ондай кеселден ең алдымен театрдың тынысы тарылады. Өйткені театрда көркем шығарма, көркем образ қауыммен көзбе-көз, жүзбе-жүз тілдеседі.
Мұндай жағдайда театр ғасырлар бойғы озық ойдың мінбесі атанған асыл қадырынан айырылып қалады.
Қазір совет театры шын мәніндегі озық ой мен озық идеалдардың мәртебелі мінбесі бола алатындай жақсы жағдайлар мен мол мүмкіндіктің бәріне ие.
Мұның өзі жалпы алғанда совет драматургиясының да қауырт өсуіне жағдай жасады.
Қазір совет драматургиясы сахнаға өз кезіміздің ең көкейкесті мүддесін айтатын күрескер геройларды шығара бастады. Совет драматургиясы замандас бейнесін жасауды тал бойында бір міні жоқ идеал герой жасаумен шатыстырудан атымен арылды.
Ол өнер мен әдебиет қоғамды адам арқылы танып, адам арқылы бейнелейтін болғандықтан, адам жанындағы рухани процестерді де уақытпен тығыз байланыста көрсетуге көшті, замандас бейнесін жасауда өмірлік фактіге тарихи даму тұрғысынан қарайтын болдық.
Өнер мен әдебиеттегі бұл бет алыс идеал герой теориясын атымен мансұқтап шықты. Идеал герой өмірде барды көңілде бармен, шындықты арманмен шатыстыруға ұрындырды.
Замандас бейнесін жасау — қоғамымыздың даму процесін, міндетті түрде ескі мен жаңаның арасындағы күресті көрсету болып табылады.
Бізде ұзақ уақыт ескі мен жаңаның күресін тым қарабайыр түсіну, оны көбіне — көп адамдар арасындағы сырт тартыстардан, өндірістік, семьялық келіспестіктерден іздеу орын алып келді. Көрушілер сахнадан драма көрудің орнына әншейін дау — дамай, ұрыс — жанжал көріп шығып жүрді.
Ескі мен жаңаның күресі — қанша да догманы сүймейді, ол өмірге ылғи жаңаша қарауды, өмір ағысының барша діріліне сергек үңілгенді талап етеді.
Қазақ драматургтері де соңғы шығармаларында жалтылдақтықтан, үйреншікті штамп, трафарет тартыстардан арыла бастады, өмірдің соны қырларына, болмыстың терең қабаттарына көз жүгірту бой көрсете бастады.
Қоғамдық болмыстағы барынша актуальды проблемаға жиі бой ұрғанмен көруші қауымның көңілін тебірентетіндей сахналық шығармаға қолымыз жиі жетіп жүрген жоқ. Көп ретте сахнада көкейкесті мәселелер төңірегінде әңгіме болғанмен, сол ойларды айтып отырған кейіпкерлердің көруші көңілін, ақыл-санасын, сезімін атымен бір өзіне баурап алатын қапысыз мүсінделген сом тұлғаларын көре алмаймыз. Сахнадағы құбылыс адамдар жанындағы толғақты процестен гөрі логикалық жағынан жібі түзу ойлар мен идеялардың жалаң иллюстрациясы сияқтанып кетеді. Мұның өзі түптеп келгенде драматургтеріміздің өмірдегі ең маңызды мәселелердің не екенін жете білгенмен, сол рухани процес үстіндегі замандас бейнесін, оның жан дүниесіндегі рухани өзгерістерді әлі жеріне жете суреткерлікпен тереңдеп көре алмай жүргенінде болса керек. Осы себептен де біздің геройларымыз көп ретте ұсақ құрғақ, жалаң біреулер болып шығады.
Драматургияның әдебиеттің өзге салаларынан ең басты айырмашылығы — оның адамдардың жан дүниесіндегі лапылдаған құштарлыққа, өзегін өртеген күйзелісіне барынша бой ұратындығында. Шекспир шығармаларының қай-қайсысын алсақ та үлкен әлеуметтік мәселе әншейін сөз таласы арқылы емес, әр қия көзқарастағы адамдардың от жалын құштарлығы арбасқан үлкен рухани тартыс үстінде ашылады. «Ромео мен Джульеттаны» алыңыз мейлі, «Отеллоны» алыңыз мейлі, «Гамлетті» алыңыз мейлі, шығармаға ең басты эмоциялық қуат бітіріп тұрған — қаһармандарының от жалын құштарлығы, үлкен рухани арпалысы. Мұнда әншейін сөз таласы, бұзық ойлылар мен түзік ойлылардың арасындағы бақай қақпа әңгімесі емес, сілкінген адам рухының арпалысы, содан өрбитін драма мен трагедия бар.
Шын үлкен идеалдар арасындағы тартыс ең алдымен осындай от жалын құштарлыққа толы болуға тиісті. Максим Горькийдің тоғышарлар тақырыбындағы драмаларына-ақ көз салалықшы. «Шыңырау» мен «Мещандар» әншейін керілдескен кеу-кеу әңгіме емес, пасық, тоғышарлық идеалдармен жұлқыласқан күрескер рухтың от жалын құштарлығы бет шарпымай ма?
Біз күресіп жатқан идеалдардың қай-қайсысы да әншейін түзік ойлауы ғана емес, жан-тәнімен күресуді қажет етеді. Ендеше біздің кейіпкерлерімізде азаматтық құштарлық неге бәсең?
Өз басым қазіргі қазақ спектакльдеріндегі кейіпкерлердің көмескі, жалаң, қораш көрінуінің ең басты себебі — олардың бойында азаматтық құштарлық, күрескер рухтың, жігерлі ойдың бәсең көрінуінде деп білем.
Сонау антикалық дәуірдегі драма қаншалықты ұлы, қаншалықты әсем болғанмен, адамзат мәдениетінің енді оған қайтадан орала алмайтынын Белинский айтып еді. Бірақ ол антикалық дәуірдегі трагедияларға ең басты өзек болған азаматтық құштарлық драматургияның мәңгілік мінезі екенін, оны әдебиеттің өзге түрлерінен ерекше қып тұрғаны да, сол адамдардың дүр сілкінген рухани құштарлығына ғана құрылатындығы екенін айырықша атап көрсетіп еді.
Кейінгі жылдары драмалық шығарманың осы бір айшықты сипатын атымен ауызға алмайтын болып барамыз. Осы заманғы драматургиядағы, осы заманғы театрдың ең басты қасиеті деп әлгі сипаттан алыстай түсуін санайтын тәріздіміз.
Ал шын мәнінде солай ма?
Осы заманғы театрдың ірілі — ұсақты құбылыстарын былай қойғанда, прогрессивті театрды өркендетіп отырған екі бағыт, екі мектепке көз салалықшы.
Ендеше, адам рухының күйзелісі, азаматтық от жалын құштарлық осы заман театры үшін ескірген қағида деп түсінетін қисын әншейін әңгіме болып шығады.
Мен өз басым фольклорлық тақырыпта, тарихи тақырыпта драманың осы заңдылығын, осы табиғатын меңгере алған қазақ драматургиясы бүгінгі күн тақырыбында әлі де болса, қара дүрсіндіктен арыла алмай келе жатыр-ау деп қауіптенем де тұрам.
Қазақ прозасы мен қазақ поэзиясы бүкілодақтық оқушыға ең алдымен, өз тақырыбы, өз үнімен танылды. Ал, қазақ драматургиясы, әлі күнге, осы заман тақырыбында, өз үн, өз тақырыбына ие бола алмай жатқан сияқты. Біздің драматургиямыз тақырып таңдауда әлі де болса жітілік көрсете алмай келе жатқан тәрізді. Көп шығармаларымыздың тақырыбы өзге әдебиетте әлдеқашан көтерілген тақырып болып шығады, не көтерген проблемамыз өмірде әлдеқашан шешімін тапқан проблема болып шығады. Қазақ драматургиясының өз үн, өз бетімен таныла алмауының басты себебі де — онда тақырып сонылығының кемістігі.
Ал, шын мәнінде, бүгінгі қазақ драматургіне бүгінгі қазақ өмірінен табылатын соны тақырып жоқ па? Ондай тақырыптың көп екені, соны шетінен санап шығудың еш мүмкін еместігі дау туғызбайтын шығар. Мен тек біздің моральдық өмірімізде әлі күнге дейін шешімін таба алмай келе жатқан мына бір қайшылықты-ақ айтайын. Қазақтардың моральдық институтын бүгінгі өмірімізде дәл сол қалпында қабылдайтын болсақ, орынды боп шығар ма еді. Бүгінгі өмірде сауатсыз әке, сауатты, оқыған ұлға көп ретте көсемдік айтуға жарамай қалды ғой. Өмірдің осы өзгерісін мойындамау, баяғы институтты талап ету, кертартпалыққа ұрындырып жүрген жағдай аз ба? Бұл тек жалан мораль көлемінде қалмайтын, үлкен әлеуметтік проблема емес пе?
Суреткер қазіргі қазақ өмірінен мұндай атымен соны проблеманың талайын табады. Өмірдегі осынау тақырып молдығы әлі драматургиямыздың бойына дари алмай отыр. Біздің драматургиямыз қазіргі прозамыз бен поэзиямыз сияқты өз тақырыбымызға, өз шындығымыз бен өз табиғатымызға барынша батыл, барынша терең бой ұрмай тұрып, өзгелер түгілі өзімізді де риза ете алмайды.
Осы ретте қазіргі қазақ драматургиясы мен қазақ театрының тілі туралы да бір бөлек ой туады. Меніңше, бұл тарапта да жағамыз жайлау, омырауымыз төскей мұңсыз-қамсыз отыра беруге әлі ертерек сияқты.
Өздеріңізге мәлім, қазақтың жазба әдебиеті басталғанына төңірегі жарты ғасырдай уақыт болды. Жарты ғасыр ішінде әдеби тілдің бір арнаға түскенмен, түгел қалыптасып үлгере қоймайтыны белгілі. Оның үстіне бұрын не мемлекеттік, не ұлттық бүтіндігі болмаған қазақ сияқты халықтың әдеби тілінің қалыптасуы біршама уақыт қажет ететіні әбден заңды. Ендеше, қазақтың әдеби тілінің қалыптасуы, біздің жағдайымызда әлі бітіп болмаған процесс. Мұндай жағдайда қазақ тілінің тазалығын сақтау үлкен әлеуметтік мәні бар проблема. Тілдегі құбылыстар мен өзгерістерге барынша сергек, барынша сезімтал болатын да ең алдымен театр.
Біздің театрымыздың бар-бар спектаклі де бұл ретте де мінсіз болып шыға бермейді. Тіл шұбарлығы, тіл жұтаңдығы жиі-жиі байқалып қалады.
Тіл шұбарлығы дегенде өзге тілдерден сөз араластыруды айтып отырған жоқпыз;ана тіліміздің барша әуезін, әрін, нәзік мінездерін, жете білмей салдыр-салақ сөйлеуді айтып отырмын. Көптеген спектакльдерімізде халықтың ауызекі әңгімесінде атымен ұшыраспайтын қолдан жасаған конструкциялар орынды-орынсыз көп ұшырасады. Сахнада сөйлеп тұрған актердің ең әуелі сөзіне шүбә келтіріп отырып, ойына, күйзеліс-күңіренісіне, қуаныш — серпілісіне, қысқасы, ол жасаған образға илана қоюыңыз тіптен қиын.
Сондықтан да театр үшін тіл басы артық мәселе емес.
Қазіргі драматургиямыздың басындағы бір міндет — осы заманғы адамдардың тілін жасаймыз деп ана тіліміздің нәзіктігін, мазмұндылығын, мәнділігін бұзатын тілдік құбылыстарға бейқам қарау, жүдеу сөйлеу, жұтаң сөйлеу.
Қазақ драматургиясының М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов сияқты шеберлерінің шығармасындағы тіл соншалықты нәрлі, соншалықты күшті, сазды еді. Ол шығармаларда екі сөздің бірі афоризм болып келетін. Мұның өзі халқымыздың табиғатында ежелден бар құбылыс еді. Соңғы шығармаларда ол сипат атымен көрінбей кетті. Өйткені авторлар өздерінің көрші-қолаңнан, күнде кездесіп жүрген санаулы жүз таныстарын көреді де, қазіргі қазақтар олай сөйлемейді деп ұғады. Ал, халықтың қалың ортасына барсаңыз, әлі солай сөйлейді. Ендеше, қазақ драматургтерінің ана тіліміздің сан сипатты, алуан бояулы көркемдігінен безіп, қаланың қарабайыр тіліне біржола көшіп алғаны жөн бола қояр ма екен? Бұл — бір мәселе. Екіншіден, адамдардың қай заман болмасын, жұтаң сөйлеуі, жүдеу сөйлеуі ақылға сыймайтын құбылыс қой. Осы ғасыр қазақтары өткен ғасыр қазақтарынан гөрі өзгешерек сөйлейтін болса, ол өзгешелікті — біздің тұсымыздағы қазақтардың байырғы ана тілін қалай жүдеткенінен емес, қалай байытқанынан, оның күйі мен санына, бояу әлеміне, өткірлігіне қосқан соны сипаттарынан іздеуіміз қажет қой.
Біздің драмалық шығармаларымыздың тілінен ондай терең ізденісті емес, көше сөзінің көзсіз кешірмесін көп көреміз.
Ізденіс дегеннен шығады, қазақ драматургиясының бұл салада ойланатыны жалғыз тіл ғана емес.
Біздің заманымыздағы театрдың өскендігі, көркемдік құралдарының молайғаны, мүмкіндігінің кеңейгені адам естімеген жаңалық емес. Алайда, қазіргі қазақ драматургиясы осы заманғы театрдың көркемдік тілін тым баяу үйреніп, баяу меңгеруде.
Біздің көп драматургтеріміз жалғыз бір ғана театр, бір ғана труппа үшін — академиялық театрдың труппасы үшін жазылатын сияқты, көбіне пьесаны оқып шыққанда, қай рольді қай артист ойнайтынын театрға бармай тұрып-ақ біліп қоясың. Қазір республикада сегіз қазақ театры бар. Олардың мүмкіндігін жеріне жете зерттеп, шығармаларында ескеріп жатқан драматургтерді сирек ұшырастырамыз. Мен мұны әншейін, драматургиямызда осындай әліпби мәселенің өзінде самарқаулық, салғырттық бар екенін көрсету үшін айтып тұрмын. Әйтпесе, драматургия тек театрдың ыңғайына көшумен көңіл көншітетін болса, драматургия да, театр да өспейді, ол ұлттық театрдың мүмкіндігінен де асып жатса ғана, өз ұлтының театр өнерінің жемісті өркендеуіне ықпал ете алады.
Біз қазақ драматургиясынан ұлттық театр өнеріміздің өркендеуіне де мұрындық болатын жетекші ықпал талап етуге әбден қақымыз бар.
Драматургия тек актерді, режиссерді, театрды ғана өсіріп қоймай, көрушілерді, сол арқылы бүкіл қауымымызды баулып отыруға тиісті.
Біздің Алматыда алуан салалы, әр қилы қазақ көруші қауымы жоқ. Көп спектакльдерімізге тек бірыңғай студенттер ғана барады. Студенттер тек бір қырлы, бір түрлі, өзіндік спецификасы бар, бір алуан ғана қауым. Оның өзі әлі түгел қалыптасып болмаған қауым. Ол бүкіл бір ұлттық қоғамның жиынтық көрінісі бола алмайды. Біздің көп спектакльдеріміз студент қауымның ыңғайын біліп алып, оңай эффектіге үйір болыңқырап жүр. Жан қинамай соғылған қол шапалақтауды малдану театрға да, драматургке де абырой әпермейді.
Бұның бәрі баршамызды ойлантатын мәселе. Бірақ сол толғақты ой ең алдымен драматургтың столынан басталуға тиісті.
Көруші көңілінен тек сонда ғана шығамыз. Көруші қауымның ризалығын көргенде ғана, актер да, режиссер де, драматург те өз еңбегінен творчестволық ләззат ала алады. Тек сонда ғана қазақ драматургиясының қал — жайы турасында көңіл бірлеп сөйлейтін боламыз.
1967