Қазақ киносындағы келін бейнесінің көрініс табу ерекшелігі
Қазақ халқы қыз баласын ерекше қастерлеп, мәпелеп өсірген текті халық. Халқымызда нәзік жандылар жөнінде «Қыз өссе — елдің көркі» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Себебі, қыз баласы бойжетіп халқына қалаулы, еліне елеулі ұлы тұлғаларды дүниеге әкелетін анаға әрі өзінің айрандай ұйып отырған отбасының үлгілі келініне айналады. Осы дәрежеге абыроймен жету үшін халқымыз қыз баласын өте мұқият тәрбиелейді. Қазақ халқы ежелден қыз баласын қырық үйден тыйып ұстаған әрі бөтен біреудің үйіне қондырмаған. Қыз баласына арналған мұндай түрлі тыйымдардың арқасында қазақтардың тектілігі сақталып, әрбір қыз-келіншектер бақытты анаға, үлгілі келінге айналды. Алайда мұның барлығы ежелден қалыптасып келген үдеріс екенін ұмытпағанымыз жөн. Уақыт өте келе, заманмен бірге адам да өзгереді. Қазіргі заманда өмірдегі түрлі оқиғаларды көгілдір экранның арғы жағынан дәріптейтін түрлі кино мен сериалдар толып жатыр. Олардың әрқайсысы әртүрлі бағытта түсірілген және қоғамның санасына жылдам сініп кетеді. Осыған орай, мен бүгінгі мақаламда қазақ киносындағы келін бейнесінің көрініс табу ерекшелігі жөнінде айта кетемін.
Жалпы, Қазақстан кино саласында Америка секілді үлкен экранды жаулап ала алмаса да, өзінің біртуар ерекшелігімен, атап айтсақ салт-дәстүрі мен менталитеті арқылы көптің көңілінен шыға білді. Кино түсіру үшін еліміздегі өзекті мәселелерді бақылап отыру қажет. Солардың бірі, қазақ келіндерінің образы, ене мен келін арасындағы бітіспес дауға айналған мәселелер – көптеген режиссерлардың басты тақырыбына айналып шыға келді. Оның себебі неде? Өкінішке орай, теледидарды қосып қалсаңыз, ене мен келін арасындағы өзекті мәселелерді көрсетіп жатқан ток-шоулар, бағдарламалар көбейіп кетті. Бұл жерде екі тараптан да қателік болары сөзсіз. Біріншіден, ата-енемен дұрыс мәміледе болмайтын келіннің қателігінің көп болуы. Ал екіншісі, келінге көп талап қоятын, келінге суық көзқараста болатын ененің қателігі болуы да ғажап емес. Жалпы, бұндай даулы мәселелер орын алмас үшін, қазақ киносының жанашырлары ене мен келін арасындағы байланыс пен қарым-қатынастың қандай болуы керектігін кино арқылы тайға таңба басқандай анық көрсете білді. Ене мен келін арасындағы отандық туындылар өте көп. Оларды жалпылама екі кезеңге: Кеңес Одағы құрамындағы қазақ кинолары мен Тәуелсіз Қазақстандағы отандық туындылар деп ел тарихымен байланыстырып жіктейміз. Аталмыш екі кезеңдегі халықтың қоғамдық санасы әртүрлі болғандықтан айрықша ерекшелікті байқаймыз. Мәселен, Кеңес заманында түсірілген «Гауһартас» фильмінде Салтанат атты қыз Тастанға тұрмысқа шығып, сол әулеттің отымен кіріп күлімен шығатын пысық келініне айналады. Алайда, күйеуі Салтанатқа суық көзқараста болып, оған дұрыс қарамайды. Ол замандағы адамдар тек жұмыс пен атақ абыройға кеңелуді көздейтін. Соған қарамастан, Салтанат өзінің келіндік қызметін барынша жақсы атқарады. Тастанның отбасындағы барлық адамдармен оңай тіл табысып кетті. Дегенмен, Салтанат бұл фильмде бағаланбай қалған гауһартастың кейпіне енеді. Жалпы, бұл фильм нәзік жандыларға құрметпен қарап, оларды бағалауды дәріптейді. Кеңес одағындағы келін бейнесі туралы отандық туындылар сол замандағы қазақтардың ауылдағы қиын өмірі мен жаңа түскен келінге деген түрлі көзқарастарымен ерекшеленді. Ал Тәуелсіз Қазақстандағы келін туралы замануи фильмдер бәрімізге белгілі комедиялық жанр да түсірілген. Мәселен, атышулы «Келинка Сабина» фильмі заманауи қаладан келген қыздың карапайым ауылдың жігітіне тұрмысқа шығып, ол мекеннің тұрмыс-тіршілігіне бейімделуі туралы баяндалған. Бұл фильм жоғарыда өткен Кеңес Одағындағы фильмдерден айтарлықтай ерекшеленеді. Атап айтсақ, келіннің ауылда тұрғысы келмеуі, ата-енесіне қарсы шығуы сынды жаңа қырларымен ерекшеленеді.«Келинка Сабина» фильмі өмірдегі барлық өзгерістерге төтеп беруге болатыны жөнінде баяндайды. Қаладан келген қыз Сабина үшін ауылда келін болып жүру мүмкін еместей көрінетін. Алайда, фильм соңына қарай ауылдағы өмірге үйренісіп нағыз бақыттың сол жердегі айрандай ұйып отырған отбасыда екенін түсінеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, қазақ киносындағы келін бейнесі халқымыздың ежелден қалыпьасқан салт-дәстүріне негізделіп көрініс тапқан. Қай кезеңде болмасын, қандай фильмде болмасын келіндер қазақтың салт-дәстүрімен ұзатылған және оның келіндік міндеттерінің барлығы бір-біріне өте ұқсас. Тек фильм авторларының идеялық ерекшеліктері әртүрлі болғандықтан, әрбір фильмнен келіндерге деген әртүрлі көзқарастың болғанын байқаймыз.
Науразбекова Алима Ермекқызы