Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 сағат бұрын)
Қазақтың ұлттық ою-өрнегі арқылы іскерлік шығармашылығын арттыру

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бесарық балалар өнер мектебі

Ізденуші: Нұрланқызы Ақкенже 9-сынып оқушысы

Бағыты: Сәндік қолданбалы қолөнері

Тақырыбы:  Қазақтың ұлттық ою-өрнегі арқылы іскерлік шығармашылығын арттыру (ғылыми жоба)

Жетекшісі: Бимурзаева Патима Нұрболатқызы

                   Бесарық балалар өнер мектебінің мұғалімі

 

Аннотация

Қазақ ою-өрнегі –қазақ халқының ауыз әдебиеті сияқты мәдени шежіресі. Мақсат, болашақ ұрпақтарымызға ұмыт болып бара жатқан осы өнерді таныстырып қана қоймай, оны қолөнер, сурет, сәулет өнері және өндіріс салаларына ендіре отырып, осы өнерді қайта жаңғырту, оған жаңа мазмұн беру.

Кіріспе

Ғасырлар бойы қалыптасқан мұраның бүгінгі күнге жетуіне халық шеберлерінің қосқан үлесі айтарлықтай. Шеберлер қолынан шыққан көз тартарлық өнер туындыларының эстетикалық маңызы, тәрбиелік мәні зор.

Сонымен қатар ол ата-бабаларымыздың тұрмыс тіршілігінің табиғатпен байланысын, салт-дәстүрін көрсетеді. Қолөнер халықтың тұрмыс тіршілігімен тікелей сабақтас болғандықтан, қашан да адамға жақын әрі түсінікті.

Қолөнер туындылары жастарды әдемілікке, сұлулықты көре білуге тәрбиелейді және эстетикалық талғамын ортаға деген көзқарасын қалыптастырады, ұлттық мәдениеттің дамуына ықпал жасайды.

Өзіміздің туған Республикамыздан табылып отырған ежелгі дүние өнерлі ғалымға көп жаңалык әкелді. Қола, темір дәуірлерінде осы аймақты мекендеген біздің ата-бабаларымыздың қолынан шықан өнер шығармалары өзінің бейнелігімен, айтар ойының тереңдігімен ғалымдар мен археологтардың назарын аударып отыр.

Осындай шығарманың бірі - қола дәуірінің шеберлері өмірге келтірген түрлі ою-өрнектер, әр түрлі бұйымдар, ожау, табақ, қасық сияқты олардың сыртқы беті өрнектен безендіріліп қажалып салынған. Сондықтан біз ерте дүние өнерін жай кездейсоқтықтан туған деп қарамай, оған көп көңіл бөліп, оны қастерлеуіміз қажет, тіпті солардан үйренуіміз керек. Өйткені, бұл - өнердің бастау - бұлағы, содан сусындап, содан нәр алып, қарыштадық емес пе?!

Ою-өрнек - адам баласының ақыл-ойларының толып-толқуымен, жүрегінің үлпілінен, өзін айнала қоршаған ортадан туған бейнелер. Гүлдің, жапырақтың, жан-жануардың бейнелері нақгы сол шыны қалпында берілмей, көшірілмей, бейнелер арқылы ою-өрнекке айналып, қолдану аясына ерекше мәнермен, үндестікпен, әуенмен жеткен. Бұл халықтың білімінің, шеберлігінің өсіп, ою-өрнек өнеріне қосқан үлесі, тапқырлығы, даныпшандығы.

Ою-өрнекті зерттеген, қолдарынан сан-қилы өрнектің үлгі- түрлерін жасап көрермендерді паш етіп қуантқан зергер, ұста, шеберлерімізді, ән мен жырға қосқан әнші, ақындарымызды айтпаған күнде оларға талдау жасап тарихқа жазып, сызып кеткен қазақ колөнерінің, оюдың не екенін басқа елдерге жеткізген, көптеген шет елдердің саяхатшыларын, тарихшыларын, этнографтарын, археолог-ғалымдарын айтуға болады. Олардың ішінде В.В.Стасов, Г.Н.Потанин, П.С.Паласс, И.Георги, А.К.Гейнес, С.М.Дудин, В.Н.Чепелевті және т.б. қосып айтуға болады.

Қазақ елінің топырағынан таралып, суын ішіп жоғарғы дәрежелі білім алып, сол білімдерін басқа ел мамандарына таныта білген және қазақ қолөнерін жоғары бағалап, талдау жасап, оның ішіңде ою-өрнекті топтастырып бір жүйеге келтірген этнограф, тарихшы, әдебиетші, өнертанушы ғалымдарымыз да бар. Олар Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, Х.Арғынбаев, С.Қасиманов, М.Мұқанов, Ө.Жәнібеков, Т.К.Бөсенов, Е.Масанов, Б.Тұяқбаева, Б.Әлмұхамбетов, Б.Ибраев, К.Ибраева, Т.Жанысбеков, Ж.Шәйкенов, Ұ.М.Әбдіғаппарова және т.б. ғалымдар зерттеген.

Қазақ ғалымы Т. Бәсенов былай дейді: "Қазақ ою-өрнегін зерттеуде әр уақыттың, әр саланың ғалымдары көп еңбек етті. Бірақ бұл зерттеушілер халық ою-өрнегінің жұмбақ тілін жете түсіне, шынайы сырына үңіле алмады. Олар өз ойларын халқымыздың өнер кілтін ашатын тума тілде емес, буржуазиялық жат тілде, өзге халыққа деген астамшылық көзқараспен саралады. Өнерін зерттеп отырған халықтың тілі мен зерттеушінің ойы мен тілінің үндестік таппауы көптеген бұрмалаушылықтарға, тіпті елеулі ағаттықтарға әкеп соқтырды".

Аталмыш өнер кезеңіне академик Әлкей Марғұлан "Аңдабы мәнер" деп ат берген. Есік обасынан, Шығыс Қазақстаннан қазылып алынған "Алтын адам" киімі осы аңдабы мәнерінде жасалған өрнек. Міне, қазақ халқының ою-өрнек өнері осылайша түркі жосығымен, ол жосық ежелгі сақтар өнері зергерлік әшекейлермен тікелей сабақтасып отырады.  

Қазақ халқының кемеңгер ғалымы Шоқан Уәлиханов "Тәңірі" атты еңбегінде біздің ата-бабаларымыздың әдеттен тыс табиғат құбылыстарын қасиетті санайтындығын айта келе: "Айдалада дара өскен ағаш... тәу етіп, басына түнеуге жарап жатыр. Жанынан өткен әрбір жолаушы оларға ырым етіп, әлем байлап, жанына ыдыс-аяқ тастап кетеді... басына құрбандық шалады", - деп жазса, түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы саналатын "Қорқыт Ата кітабында" да тікелей ағашқа бағышталған айшықты сөз бар. Бұл жалғаннан біз ағаштың қазақ тұрмыс-тіршілігіндегі қолданыс орнымен қатар, оның ата-баба таным, түсінігінен алар жүйесін де өте айқын байқай аламыз.

Келе-келе ұлттық қолөнердің дамуында сәулет ғимараттар, мүсін, ағаштардан жасалған қазақтың музыкалық ұлттық аспаптары, күнделікті қажет тұтынатын үй жиһаздары, ыдыс аяқтар өмірге келді. Енді адамдар сәулетті  сарайлар, қалалар, ірі қорғаныс құрылыстарын салды,  ғажайып ою-өрнектермен безендіре бастады.

Зерттеу мақсаты:

ұлттық ою-өрнектерді пайдалану мен үйрету шарттарын анықтау;

- халықтық қолданбалы өнер арқылы ұлттық мәдениетке баулу, ою-өрнектерді пайдалана отырып ұлттық тәрбие беру;

Зерттеу объектісі: Мектеп оқушыларына технология сабағында ұлттық ою-өрнектерді оқыту.

Зерттеу пәні:

- Оқушылардың шығармашылығын ою-өрнекті үйрету мен шарттары арқылы дамыту;      

Зерттеу міндеттері:

- зерттеу проблемалары бойынша педагогикалық-психологиялық әдебиеттерді зерделеу;

- халықтық қолданбалы өнер арқылы ұлттық тәрбие беруде қалыптастырылуы тиіс еңбектік іскерлік пен қабілет әрекеттерінің көрінісін айқындау;

- зерттеу тақырыбына сәйкес әдебиеттерді пайдалана отырып, ұлттық ою-өрнектерді пайдалану мен үйрету шарттарын сипаттау.

Жобаның құрылымы мен көлемі: кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Негізгі бөлім

1. Қазақ ою-өрнегінің даму тарихы
2. Ою-өрнектердің қазақ мәдениетіндегі алатын орны
3. Ою-өрнек өнеріне баулуда ұлттық тәрбие берудің негіздері
4. Сабақта ою-өрнектердің үйрену жолдары

1. Қазақ ою-өрнегінің даму тарихы

Қазақ ою-өрнегінің өзіне тән даму жолы мен тарихы бар. Тарихи-ғылыми деректерге жүгінсек, қазақ халқының  алғашқы ою-өрнектерінің тарихы сонау көне замандардан, сақ, андронов мәдениетінен басталады. Мысал ретінде, қазба жұмыстарынан табылған құмыра мен ыдыстардағы өрнектер, тау-тасқа бейнеленген суреттер, сәулет өнерінде қолданған өрнектерді айтуға болады.

Дәлірек айтқанда, 1960 жылы Талдықорғанда табылған қазанда «ұлу» өрнегі бейнеленген. Алматы облысында табылған құмырада «лотос қауызы» тәріздес өрнектер болған. Бұл өрнектер неолит және  қола дәуірінен бастау алған деген болжам бар. Қазақ қолөнерінің ертеректе пайда болғанын Досбай тауларында бейнеленген суреттер мен Ұлытаудан табылған керамикалық ыдыстар да дәлел бола алады. Көне дәуірде өмір сүрген адамдардың кәсіптерінің бірі-саятшылық болғаны белгілі. Оның көріністері ретінде Қаратау жақпаларына салынған суреттерді айтуға болады. Ал орта ғасырларда өрнектер сәулет өнерінде пайдалана бастады. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде, Батыс Қазақстандағы  құлпытастарында, Тараз қаласының маңында тұрғызылған Айша-Бибі ескерткіштерінде, сонымен қатар қазақтардың баспанасы саналған киіз үйлерінде  көп бейнеленген.

Қазба жұмыстары кезінде сақ қорғандарынан алтыннан, ағаштан, қоладан, теріден, зергерлік бұйымдарынан, яғни жалры қолөнер туындыларынан  жасалған барлық ескерткіштеріне  ою-өрнек бейнеленген. Ол ою-өрнектер жан-жануарлар мен аңдардың, құстардың бейнелері болған. Сақтар зергерлік бұйымдарына (білезік, сақина, жүзік, алтыннан жасалған моншақтар) негізінен ғарыштық және геометриялық ою-өрнектердің қарапайым элементтерін бедерлеген. Олардың алғашқы оюларының бөлшектері ғарыш әлемінен туындаған деседі. Кейін келе, сақтарда сынық, жолақ, жіңішке, жуан сызықтар мен үшбұрыштар пайда бола бастады. Бұл сақтардың тұрмыс-тіршілігін айқындай бастады. Осындай ізденістің арқасында олардың сана сезімінде табиғатқа байланысты бейнелер (күн өрнегі, жапырақ өрнегі, жұлдыз өрнегі, крест бейнелері) туындап, оларда түстерді бояп, композиция жасап қолдана бастады.

Ғұн мәдениетінде сыртқы пішіні пирамидаға ұқсап жасалынған «үшбұрыш» өрнегі әйелдерінің алқасында бейленді. Ғұндар өнерінде киізге, былғарыға,, тастарға түрлі бейнелер салды. Бұл ата-бабаларымыздың тұмыс-тіршілігінен көптеген мағлұматтар алуға болады. Зергерлеі бұйымдарда жануарлар мен аңдардың бейнелері кездеседі.

Сақ тайпасының жалғасы болып табылатын үйсіндер мен қаңлылардың  мәдениеті  сақ мәдениетін одан ары қарай дамытты. Оларда темірден жасалған өрнектер көптеп кезедседі. Үйсіндер мен қаңлыларда бейнеленген ою-өрнектері басым бөлігі геометриялық элементтерден жасалынып отырды.

Түрік қағанаты өмір сүрген жәдігерлерге сүйенсек, қолөнер шеберлері үстем тап өкілдеріне арнап үй-жиһаздарын, ер-тұрман, киім-кешек, ыдыс-аяқ, зергерлік бұйымдарына геометриялық және өсімдік тектес ою-өрнектерді салып отырды.

Қарлұқтар мен қараханидтер кезеңінде қазақ ою-өрнегінің стилі геометриялық және өсімдік тәріздес өрнек болды. Бұл кезеңде ою-өрнектерді әрлеу мен түрлі кескін берудің жаңа кезеңі пайда болды. Ою-өрнек салынған бұйымдарға қосымша фон беріп, көркемдік деңгейі өсіп отырды.

Қазақ ою-өрнек өнерін жан жақты зерттеуде ғалымдар мен өнертанушылар, тарихшылар мен этнографтар ат салысты. Ою-өрнек тарихын қазақ ғалымдарының саралай бастағанына небәрі 50 жылдан енді асыпты. Ғалымдардын пайымдауынша, пайда болуының бірнеше себептері бар. Адамзат ғасырлар бойы әсемдікке, сұлулыққа ұмтылған, сондықтан да ою-өрнектерді тұрмыстық заттарды безендіру үшін пайдаланған. Ою-өрнек өнерінде белгілі бір халыққа ғана тән негізгі көркемдік ерекшеліктері сақталады. Сондықтан ол халықтың бейнелеу, сұлулықты қабылдау мәдениетіліктің жоғарлылығымен, ұлттық қолтаңбамен тікелей сабақтасып жатады. Ғалымдар халықтың өнеріне баға беру кезінде  жоғарыда аталған өлшемдерді  басшылыққа алады. Қай халықтың мәдиениетіне байыппен көз салсақта, сол халықтың өздеріне тән әсемдік талғамы мен танымына, эстетикалық ұстанымына сәйкес дамып отырғанына көз жеткіземіз. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ою-өрнек қатыспайтын саласы жоқ  деуге де болады. Сондықтан да қолөнер саласының бәрінде де бұйымдарды көріктендіру үшін, әшекейлеу үшін ою-өрнекті молынан пайдаланған.

Халықтың тарихы, мәдениеті, дүние танымы құрылымы, тыныс-тіршідігі біртұтас дүние. Демек оның қолөнерінде зерттегенде осы тұтастықты аңғару керек. Ою-өрнекті көзбен көріп қана әсерленбей, оның атауларының мазмұнын, шығу тарихын білудің, тұспалды ойын түсінудің  маңызы өте зор. Өйткені, ою – өткен заманның хабаршысы, шежіресі  болып табылады.

2. Ою-өрнектердің қазақ мәдениетіндегі алатын орны

Қазақ халқымыздың көне дәуірлерден өшпес мұрасы болып ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға сабақтасып, тізгінің ұшында өзіндік тарихынан әдет – ғұрыппен сәндік көркемдік жолмен көшпенді елімізді бүкіл әлемге өзіндік ерекшілігімен таныта білген – қолөнер.

Қолөнердің халықтың әлуметтік, салт-тұрмысында алатын орынының қаншалықтты  биік, жоғары екеніне сене алсаң – оның ішінде қол өнерді нақышына келтіріп әдемілік, әсемдік дүниенің ауқымын кеңейткен ол - ою-өрнек .

Ою-өрнек сөздері бір мағынаны білдіреді. Бедері түсірілген үлгіні ойып кесіп, қиып немесе екі затты ою кесіп, қиюластыру ою деп аталады.  Ал киім-кешекке, түскиізге, т.б. қолөнер  бұйымдарына кестелеп бейнеленетін бедер, сол сияқты тоқылатын алашаға, басқұрға және қоржынға түсірілген түрлі геометриялық бедерлерді өрнек дейді. Өрнекті тасқа, ағашқа күйдіріп қашап бояп түсіруге болады. Сонымен ою және өрнек деген сөзі бірігіп келіп, латынша «Орнамент» деген ұғымды білдіреді. Бұл сөз көп халықтың тіліне сіңген термин, мағынасы – сәндеу,  әсемдеу.

Қазақ ою-өрнегі — ғасырлар бойы дамып келе жатқан өнер туындысы. Халқымыздың қай қол өнері саласын алсақ та, ою-өрнектердің өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, белгілі бір тәртіппен орналасқанын көреміз. Оюлардың ежелден келе жатқан нұсқаларындағы элементтер құстың, гүлдің, жануарлардың түрін тұспалдап тұратыны белгілі.

Көне түркілердің түсінігі бойынша, құс — көктің, балық — судың, ағаш — жердің белгісі. Сол қазақ ою-өрнегінің мақұлық аты, нәубет аты, ғарыштағы, тіке сызықты, нышандық, танымдық т.б. сарындарының мазмұнын байыта түсті. Халқымыздың ғасырлар бойы мұра болып келе жатқан алпысқа жуық оюлардың мазмұны мен нұсқасын, атауларын жинақтап келеді

Бұйымдарда жан-жануарлардың мүйізі, дене мүшесі, тұяғы, құстың тұмсығы, түлкінің басы, бөрінің құлағы немесе иттің құйрығы т.б. және өсімдіктердің түрлері кеңінен бейнеленген. Ою-өрнек өнері — қазақ халқының ауыз әдебиеті секілді мәдени шежіре. Мақсат, болашақ ұрпақтарымызға ұмыт болып бара жатқан осы өнерді таныстырып қана қоймай, оны қолөнер, сурет, сәулет өнері және өндіріс салаларына өндіре отырып осы өнерді қайта жаңғырту, оған жаңа мазмұн беру.

Қазақ халқының ою-өрнек өнерін жан-жақты зерттеуге ғалымдар мен өнертанушылар, тарихшылар мен этнографтар ат салысты. Ал еуропа, орыс өнертанушы ғалымдары бұл туындыларды XVIII ғасырға дейін зерттеп, көп ғылыми еңбек  қалдырды. Төл өнерімізді Зерттеуге В. Вансалов, А. Хедона, саяхатшы Джен-Кинсон, Р. Карутц, С. Дудин, В.Радлов, В. Бартольд, Е. Шнейдер, М.В. Рындин т.б. сол сияқты көптеген орыс және Еуропа ғалымдары мен жиһанкездері елеулі үлес қосты. Олар қазақтың ою-өрнектерін ғылыми тұрғыдан талдап, шығу тегіне сипаттама беруге тырысқанымен, олардың жасаған тұжырымның бәрі де қазақ ою-өрнектерінің ішкі ұлттық табиғатын, мазмұнын аша алмаған еді. Бұл орайда қазақ ою-өрнегін алғашқы рет зерттеген қазақ ғалымы Т. Бәсенов былай дейді: "Қазақ ою-өрнегін зерттеуде әр уақыттың, әр саланың ғалымдары көп еңбек етті. Бірақ бұл зерттеушілер халық ою-өрнегінің жұмбақ тілін жете түсіне, шынайы сырына үңіле алмады. Олар өз ойларын халқымыздың өнер кілтін ашатын тума тілде емес, буржуазиялық жат тілде, өзге халыққа деген астамшылық көзқараспен саралады. Өнерін зерттеп отырған халықтың тілі мен зерттеушінің ойы мен тілінің үндестік таппауы көптеген бұрмалаушылықтарға, тіпті елеулі ағаттықтарға әкеп соқтырды". Көптеген  зерттеушілер кеңестік кезеңге дейін. Қазақстанның халықтық өнерін, атап айтқанда, ою-өрнектерін зерттеуге экзотика немесе құрып бара жатқан мәдени мұра ретінде қарады. Мұның астарында жалпы алғанда, дамудың сарқылмас қайнарларын түсінбеу  жатқан еді.

Қазақ елінің топырағынан таралып, суын ішіп жоғарғы дәрежелі білім алып, сол білімдерін басқа ел мамандарына таныта білген және қазақ қолөнерін жоғары бағалап, талдау жасап, оның ішіңде ою-өрнекті топтастырып бір жүйеге келтірген этнограф, тарихшы, әдебиетші, өнертанушы ғалымдарымыз да бар. Олар Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан,  Х.Арғынбаев,  С.Қасиманов, М.Мұқанов, Ө.Жәнібеков, Т.К.Бөсенов, Е.Масанов, Б.Тұяқбаева, Б.Әлмұхамбетов, Б.Ибраев, К.Ибраева, Т.Жанысбеков, Ж.Шәйкенов, Ұ.М.Әбдіғаппарова және т.б. ғалымдар зерттеген.

Қазақ халқы әсемдікті таңдай білген. Осындай әсемдікті таңдай білген хас шебер оюшы зергерлеріміз осы ою-өрнеке бояу түрлерін пайдалануды да, жете меңгерген. Халқымыздың ою-өрнектерінде басым түс ақ пен қара болып келеді. Бұл ою-өрнектердің ең шешімін тапқан жарасымды түрі болып есептелінеді. Ақ пен қара түс бір – бірін айқын ашып, қандай затқа пайдаланса да, анадайдан көздің жауын алып, сән беріп тұрады. Асқан шеберлер былғарын ақ күміспен әшекейлеп, түс киіз жасаған. Бұл түсті халқымыз ең жоғары бағалаған, қастерлеген. Әрбір түстің өз мән мағынасы бар.

Мысалы: қазақ қолөнерінде қолданылатын түстердің символдық мәні бар: көк түс — аспанның, қызыл-оттың, күн көзінің, ақ түс — ақиқаттың, сары-ақыл-парасаттың, қайғы-мұңның, қара-жердің, жасыл-жастықтың, көктемнің символы. Бұйымдағы ою-өрнек осы түстердің бірімен бейнелегенде ғана оған белгілі мән беріледі. Сырмақ сыруда қара мен ақ түсті пайдалану қалыптасқан, сол сияқты көк пен сары түстің, көк пен жасыл, қара  мен ашық қызыл, түстің қатар пайдаланылуы ғасырлар бойы дәстүрге айналған. Көбінесе түстер нақ ортадан бастап шетке қарай түрленеді. Сонда ортада қара, ақ, қызыл, жасыл. Сары көк түс келеді. Бұл ұлт өрнегінде түстерді орналастырудың көне мәнері. Өрнек атауларын түгел қамтып, олардың әрқайсысына жеке атау беру мүмкін емес, әр шебер өзі жасаған ою-өрнекке өзі ат береді. Сол оюдың пайда болу тарихын оюшыдан артық ешкім білмейді. Ою-өрнек саласын зерттеп жүрген ғалымдар оларды бір жүйеге түсіріп, мынандай топтарға бөлген:

1. Өсімдік типтес ою-өрнек ("жапырақ", "үш-жапырақ", "шиыршық гүл", "ағаш" т. б.)
2. Зооморфтық ою-өрнек (жан-жануарлардың табиғи және мифтік бейнелері, "қошқармүйіз" жөне оның түрлі нұсқалары: "қосмүйіз" "сынықмүйіз", "қырықмүйіз", сондай-ақ "өркеш" "табан", "ботамойын", "кұсқанаты" т. б.)                        
3. Космогониялык өрнек («дөңгелек», шымай,төрткөз, айшық )
4. Геометриялық өрнек(«ирек», «қармақ», «балдақ» т.б)

Өнертану ғылымында қазіргі ою-өрнектерді белгілі бір тәртіппен мазмұны жағынан топтау жөнінде қатып қалған заңдылық жоқ. Соған қарамастан қазақ тіліндегі сан алуан ою-өрнек атауларын лексика-семантикалық топқа ғылыми тұрғыдан былай бөліп қарастыруға болады;

1. Ай, күн, жұлдыз-аспан әлеміне байланысты ою-өрнектер.
2. Малдың дене молшеріне, ізіне  байланысты ою-өрнектер.
3. Аңға, аңның дене мүшелеріне,  ізіне  байланысты ою-өрнектер.
4. Құрт-құмырсқаларға, олардың ізіне  байланысты ою-өрнектер
5. Құстарға байланысты ою-өрнектер.
6. Жер, су,  өсімдік бейнелі ою-өрнектер.
7. Қару-құралдарға  байланысты ою-өрнектер.

Ою-өрнектерді осылайша топтастыру қазақ ою-өрнектері атауларының мазмұнына жақын. Ал өсімдік бейнелі ою-өрнектердің нұсқасын алғаш рет қағазға түсіріп, оған түсініктеме берген Төлеутай Бәсенов.

Ою өрнектің көне атаулары – халықтың тарихы мен мәденеті ұлттық ерекшелігінен ертедегі дүниетанымнан мағлұмат беретін құндылық. Олар халықтың өткен  тарихы, рухани, мәдени материалдық өмірнің айнасы. Қазақ тіліндегі ою-өрнек атауларының шығу төркіні сан–салалық балғанымен олардың атауларында тек қазақ тіліне ғана тән сөздер, яғни түрлі тілдерде артық атаулар ғана кездеседі.

Қазақ халқының ою-өрнек өнері байырғы  ұлттық өнерлернің ішінде ең ежелігі, әрі кең тараған саласы. Бұл ұлтымыздың мәдени дамуының шежіресі, эстетикалық мәні зор өнер. Бүгінгі  таңда қазақтың 230-дай оюының ежелден келе жатқан атаулары бар.

Солардың бірнешеуіне тоқтасақ .

" Жұлдыз гүл" ою-өрнегі бес бұрыш жасап, гүлмен өрнектеліп, бес тармақтан түратын гүлді түспалдайды. Тұскиіз, төсекжапқыш, бет-орамалдың ортасына жөне сырт киімнің арқа ұсына немесе шапан етегінің алдыңғы екі бұры- салынады. Кейде жұлдыздың натуралды қалпын кесгелейді. Жұлдыздың бейнесі композицияланған ою-өрнектердің ортасында кездеседі жөне бес жұлдыздың бейнесі анық көрініп тұрады.

  "Сынық мүйіз " морт сынған тік төртбұрыш жасап, төрт  рет ішке қарай иіледі. Бұл ою-өрнек кілемдерді, шилерді, басқұр мен алашаларды, сондай-ақ әр түрлі бұйымдарды безендіру үшін пайдаланылады, ал сырт көрінісі малдың сынған мүйізіне ұқсайды.

"Қосмүйіз" - ою - өрнегі қойдың, ешкінің, сиырдың екі мүйізін ғана бейнелейді және кейде "ырғақ", кейде "ілмек" деп аталатын оюларды "қосмүйіз" дейді. Үй жиһаздары мен тұрмыстық заттарды, киім-кешектерді, қару-жарақтарды безендіру үшін қолданылады. Қазіргі кезде "қосмүйіз" ою-өрнегін сәукелеге, айыр қалпақтың төбесіне, шетіне, камзолдың алдыңғы жағына, етіктің қонышына салады.

"Тоғызтөбе" ою-өрнегі ең көне оюлардың бірі. "Бұл өрнек қимақтар мен қарлұқтардың қол-өнерінде сақталған жөне кезінде "тоғызтөбе" ою-өрнегін Айша-бибі күмбезінің кірпіштерін өрнектеу үшін қолданған. Ал қазіргі кезде қазақ, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ қолөнерлерінде кездеседі.

 

"Арқармүйіз" — ою - өрнегі қойдың мүйізін бейнелейтін оюдың түрі. Бұл элемент "қошқар-мүйізге" өте ұқсас, бірақ, оған қарағанда шиыршықтанып, тармағы одан көбірек болып келеді Кілем, түскиіз, сырмақ, кесте, киім-кешек пеі үй жиһаздарында кездеседі.

 

"Сыңармүйіз"  "қосмүйіз"', "қошқар"  мүйіз'- оюдың тек бір  жақ сыңарын ғана бей нелейтін өрнек түрі. Шебер орналастырылған "сыңармүйіз" өрнек композициясында дараланы түрмай, жымдасып келеді. Әдетте, "сыңармүйіз' оюы үй-жиһаздары мен тұрмыстық заттарға, сондай ақ киім-кешек, қару-жарақ т.б. бетіне салынатын ою-өрнектің бөрінде кездеседі. Жөні текеметті, сырмақты әшекейлейтін, олардың жиегіне жүргізілетін өрнектің бір түрі.

"Қошқармүйіз"ою өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен  мүйіз бейнесінде келіп оның қолтық  тұсына қойдың құлағын долбарлайтын тағы бір шола мүйіз төрізді екі буын шығып тұрады. Одан байқаған адамға қошқардың тұмсық пішіні аңғарылады. Текеметте, сырмақта, басқұрда, алашада кілемде, былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдардың барлық түрінде кездеседі. Киізден жасалған бұйымдарда бұл ою түсті шүберектер мен ойылып, құрақ, яғни аппликациялық өрнек  түрінде де тігіледі.

"Қырықмүйіз" — ою-өрнегі біріне-бірі жалғаса, тармақтала қосылған  көп мүйізден құралғат-ою-өрнектің бір түрі. Ол көбінесе дөңгелек не төрт бұрыш ішінде бейнеленеді, кейде ағаш бұтағы тәрізді тармақталып, жайылып бейнеленеді. Бір-бірімен қосылған бірнеше тармақты көп мүйізді оюлардан құралады. Негізінен, "қошқармүйіз" ою-өрнегінік символдық мәні бақыт-береке, байлық, мал жанының көбеюуы. Түскиіз, тон, кежім, сырмақ, текемет, сәулет өнерінде молырақ кездеседі.

 «Төртқұлақ» ою-өрнегінің төрт тармағы зооморфты немесе өсімдік оюларынан құралған, ортасы крест бейнесін жасайды. Орташа крест төрт тармағына мүйіз элементі қондырылған, бұл өрнек ең  көне оюларға жатады. Алғашқыда "төртқұлақ"  сөз өрнегі Пазырық қорғаннан табылған. Төрт жұмбақтан дөңгелек, төртбұрыш, төртжапырақ құрайтын ою-өрнектер жасалады. Бұл оюлар,көбежеге. жұкаяққа, аяққапқа, батырлар шапағатына жауырынына, қалқанға, шалбардың тізе түсіна дөдегенің ортасына немесе шет бұрышына салынады.

."Үшкұлақ", "үшжапырақ,"  ою-өрнектері барлық қол-өнерге тән үш мүйізді, үш жапырақты, үш тармақты болып бейнеленген.X—XI ғасырларда Тараз қаласындағы мазарлардың қабырғалары үш жапырақты өрнекпен бейнеленген.

 

"Түйемойын" ою-өрнегі түйенің мойнына ұқсап, иіле көтеріліп барып, тармақталатын мүйіз оюы. Мұндай өрнек мәнері көбінесе күрделі бір мүйіз оюларымен түтас келеді де, түйемойын - өрнегі сол топта өз алдына оқшауланып, өзге денелерден озып тұратын түйенің ұзын мойнына ұқсайды.

 

"Өркеш" ою-өрнегі түйенің қос өркешін бейнелейді. Сырмаққа, текеметке, түскиіздерге салынатын ою-өрнек композициясында көбірек кездесетін элемент. Қазақ оюында мал мен аңның қос мүйізін түйенің қос өркешін, биенің қос емшегін бейнелеу тек симметриялық тепе-теңдік үшін ғана емес сонымен қатар береке-бірліктің, көбеюдің символын білдіреді.

 

"Айыр". "Ашатұяқ". "айыртұяқ" өрнегі кейде "айыр" өрнегі деп те аталады. Пішен ашалайтын айырға ұқсас келеді.

 

 

"Ботагөз" ою-өрнегі — әшекейлі композиция ортасына салынатын немесе бірнеше қайталанып келіп, орамалдың шетін көмкере жиекте-метүзейтін, сырт пішімі ботаның көзіндей, ромбы төріздес геометриялык ою-өрнек.

 

"Каңқа" ою-өрнегі тоқыма бұйымдарында қолданылады. Малдын қурап қалған сүйегін түспалдайды. Алаша, басқұр, бау т.б. тоқыма бұйымдарында негізгі өрнек ретінде салынады.

 

"Жылан", "Жыланбас" - балалардың тақиясына "көз тимесін " деп тағатын, жыланың  бас сүйегіне ұқсас ою-өрнек. Бұл өрнек жылан бейнесін тұспалдап тұрады.

 

Омыртқа"   ою-өрнегін кестелерден, өрме шилердесүйек пен ағаштан жасалған бұйымдардан жиі көреміз. Бұл өрнек түрі омыртқаның түрін тұспалдайды, ол өр түрлі үйлесімде түрленіп, ою композицисының ортасына және жиегіне салынады. Ал кілемнің жиегіне "шетою" ретінде де қолданады..

"Тіс" малдың, аңның тісіне, шахмат тақтасына ұқсас ою-өрнек. Кесте тігуде бұрыштарын қарама-қарсы түйістіріп отыратын тік сынық сирек тігістердің өрнегінде қолданылады. Мұны "тіс", "иттіс" деп те атай береді.

 

"Таңдай" ою- өрнегі мал таңдайының бедерін бейнелеуден шыққан, диагональ тәрізді өрнек. Бұл ағаш, мүйіз, сүйек заттарының шетіне, киімдердің жағасына, кимешектің жағына салынады. Таңдай өрнегі басқа түркі тектес халықтарда  да кездеседі.

 

 "Құсқанаты"- мүйіз оюы немесе шахмат шаршылары бейнеленген  құстың қанаты тәріздес ою-өрнек. Бұйымдарда көп қолданылатын бұл ою қанатын жайып  ұшып жаткан  құсты тұспалдайды. Қазіргі кезде құсақанаты" ою-өрнегін басқа өрнектермен аралас  қолдана береді.

«Құстұмсық» -  құстың тұмсығын түспалдаудан туған. Ол тармақты мүйіздер мен сызықтардан құралады. Мұнда ою ортасындағы сызық ұшы құстың тұмсығына ұқсас етіп қиылады. "Құстұмсық" жүзік немесе "топсалы" жүзік сәлемдеме ретінде туыстар арасында дәнекер қызметін атқарған. Тұрмысқа шыққан қызынан орамалға түйілген "құстұмсық" жүзік келсе, ата-анасы қуанып. көршілерін шақырған. Құс бейнесі — халық түсінігінде азаттықтың белгісі. Жүзікке қарап ата- анасы қызының  ұзатылған  жерінің  жақсы  екендігін біледі.

"Қазтабан" ою өрнегін  Маңқыстар жағында құлпытастар  ды өрнектеуге қолданады, қаздың табанын түспалдаға күрделі таңбасынан тұрады. 8 белгісіндегі "ботамойын" оюынан айырмашылығы — қатар орналасқан екі  қаздың бейнесін тұспалдайды. Қаздың басы, мойны анық байқалып тұрады.

"Қарғатұяқ" ою өрнегі. Мұнда өнері мұнда геометриялық және зооморфтық ою  бедерлері біріккен. Бұл оюлар алаша, кілем тоқуда пайдаланылады.

 

"Шетою" ою-өршгін шексіздікке ұластыра ою деп те атайды. Өрнектің бір әлемең шексіз қайталана береді. Есіктің, текемет, сырмақ, кебеже, киім–кешек пен ыдыс–аяқтың жиегіне салынды.   

"Ирек"  "ирексу" өрнектері кейде түзу сызықтардың сынықтары, кейде доғал сынықтардың үштасуы арқылы жасалады.

 Ондай сызықтар бірнеше қатар сызықтар түрінде қатарласа жүреді. "Ирек", "Ирексу" өрнегінің жасалуы кейде бір иректің іші екінші ирекке қарсы келіп, "төртбұрыштар" мен "сағатбау", •"саты" тәріздес өрнектер жүйесін түзейді. Бұл өрнек бешпеттің, камзолдың, шапан мен тақияның жиегіне салынады. Зергерлік бұйымдарда: сақина, білезік, қапсырма, алқалардың жиегінде жөне ши, сырмақ, кебеже, жұкаяқ, табақ ернеулерінде, әдіп тігісте көбірек кездеседі. Ирек немесе толқын жолақтар ағын суды түспалдайды.

"Қос дөңгелек"мал таңбасына ұқсайтын ою-өрнек. Қос дөңгелек өрнегімен негізінен киіз ұйымдары, текеметтерді, сырмақтарды әшекейлейді. Ежелгі көшпелілер дүниетанымында күнді түспалдайтын дөңгелек таңбасында тылсым бір күш бар деп сенген, сондықтан тұрмыста қолданатын барлық бұйымдардың ортасына Күннің түспал бейнесі қолданған.

"Тұмарша" ою-өрнегі үшбұрыш үлгілес болып келеді. Үш гүл, үш бұрыш, тәрізді тұмарлар тіл-көзден сақтау үшін адамдарға ғана емес, үй жануарларына да бойтұмар ретінде тағылады. Кілем бұйымдарының жиегінде киіз, кілем, текеметтің орта түсын көмкеруде кездеседі.

 

"Җостұмарша " ,"сызығыштұмарша " ою-өрнегі төбесінен түйістірілген екі тұмарша үшбұрыш өрнегі қосылады да, екі геометриялық үшбұрыш жасайды. Бұл өрнектің түрі "тұмарша" өрнегі секілді тіл-көзден сақтау ұғымын білдірмейді, тек әсемдік әшекей ретінде қолданылады әдетте кілем шетіндегі және ортасындағы оюлардың ортасына салынады, кейде бұл өрнек "аралықгүл" деп аталады.

"Бағанаөрнек "қора төбесінің арқалығын астына тіреп тұратын діңгек ағаш. Бұл ою-өрнекті заттың, бұйымның ортасына келтіреді, оны негіз етіп, жан-жағын басқа өрнектермен бейнелейді. Бағана өрнек" асадалмен, кебежелердің аяқтарына, қырларына, айна қойғыштың шетіне, піспек саптардың жоғарғы  жақ басына, адалбақанның бойында жиі үшырайды және текеметтің орта түсын көмкеруде кездеседі.

"Шыныгүл" ою-өрнегі гүлді түспалдап түрады. Бұл өрнек "төртайшық", "итем-шек" оюларына ұқсас келеді. Ол айға, мүйізге, жапыраққа ұқсас элементтерден құралған. Екі мүйіздің қайырылған екі үшына жапырақ қондырылған, сол   жапырақтар бірнеше рет сатыланып, қайталанып отырады.

 

"Гүл" ою-өрнегі барлық гүл түрін түспалдайды. Бұл өрнектің түрі қолөнер бұйымдарында үш жапы-рақтыдан басталып, он екі жапырақты ою-өрнекке дейін кездеседі. Кестетіккенде және киім-кешектердің жағасына, қалтасына, жиектеріне салады.

 

"Су өрнегі" деп өрбір өрнекті бөліп тұрған жолақты айтады. Су өрнегі екі қатар сызық аралығында ирек сызық жасай отырып, дөңгелек, төртбұрыш бейнелер жасайды. Су өрнегін "бессаусақ", кейде "бесгүл" деп те атайды.

"Ромб" ою-өрнегінің сыртқы түрпаты геомет-риялық бейнелерден жасалып, ішіне "қошқармүйіз" және "құсқанатты т.б. элементтерінен композиция құралады.

 

 

"Жауқазын" - жауқазын өсімдігін тұспалдайтын ою.

 

 

3. Ою-өрнек өнеріне баулауда ұлттық тәрбие берудің негіздері

«Ұлттық тәрбие» деген термин кез – келген ұлтқа байланысты айтылатын ұғым. Өйткені, қандай  ұлт  болса да тәрбиесін өз  тілінде ұлттық тәлім тәрбие тәжірибесіне байланысты жүгізеді.

Сәндік қолданбалы өнері халқымызда ұлттық тәрбиемен тікелей байланысты. Көркем өнердің қазақ халқынын ұлттық мәдениетінде алатын орны, манызы ерекше. Тәуелсіздік алған қазақ халқының мерейі өсіп, мәртебесі биіктеп келеді. Мемлекетімізді өрке-ниетті елге айналдыру үшін ұлттық мәдениетімізді жаңғыртып, көркейту қажет. Ұлттық мәдениеттің ауқымы кең. Ол — еңбастысы тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық өнерімізді дамыту. Ежелден келе жатқан қасиетті дәстүр, тәлім-тәрбие. ұлттык өнерге баулу — жас жеткіншектерді жан-жакты тәрбиелеудін негізгі құралы.

Қазақстан Республикасы өркениетті елдің қатарына қосылу үшін оқушыларымызға  сапалы білім, саналы тәрбие беру керек. Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған қазақтың ұлттық өнерінің түрлері көп. Оларға жаңаша талдау жасау қажет. Ұрпақ тәрбиелеуде  қазіргі кезде ұлттық педагогиканы негізге алу басты міндет. Ұлттық педагогика - ол халықпен бірге дамып оқушыларға ұлттық тәрбие беруде қолданып келе жаткан, қайта жаңғырған тәрбие арқауы. Ұлттық тәрбиені оқушыларға  бойына қалыптастыруда көркем-өнердің маңызы ерекше. Қазіргі Тәуелсіз мемлекетіміздің туы желбіретіп, келер ұрпағымызға еліміздің  еңсесін  түсірмей, оны ары қарай өрлете түсу үшін қоғамға саналы, білімді, ұлттық намысы бойында тасып тұрған "қазағым, елім" дейтін  азаматтарды тәрбиелеу қажет. Оған атсалысу — аға буынның, ұстаздар мен тәрбиешілердің, отбасындағы ата-аналардың  міндеті.                                                                 

Қолданбалы қолөнер түрлі ұлттың халықтары сияқты қазақ еліне де тегіс тараған өнер. Әр ұлттың өрнегінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Сәндік қолданбалы қолөнері тек ою-өрнек емес, олар математикалық ойдың, есептің, бұрыштық өлшемдерінің сабақтастығының қосындысы, жан-жақты тәрбие құралы.

Халық қолөнерін игеру — оқушыны еңбексүйгіштікке, әсемдікке талаптандырып, халқының тарихын біліп мәдени мұрасын қадірлеп дестүрін жалғастыра білуге баулиды.

Сәндік қолөнері - халықтың мәдениеті мен өнерінің айқын көрінісі.

"Өнер таусылмас азық, жұтамас байлық" - дейді халық даналығы. Қазақтың қолөнері де өзінің даналығы. Қазақ қолөнері көркемдік мол - мағынасымен халқымыздың ғасырлар талғамынан өткен асыл қазынасы.          Бабалардан қалған қандай өнер, қандай қазына бар? Оның бірі - ою-өрнек. Оларды жоғалтпай үйреніп, әрі қарай дамыту біздің міндетіміз.

Ұлттық өнерді, оның ішінде сәндік – қолданбалы өнерді ойдағыдай меңгерген балада ұлттық талғамның қалыптасатыны сөзсіз. Адамның адам болып қалыптасуының құралы — еңбек дейміз. Еңбек тәрбиесі — барлық тәрбиенің қайнар көзі. Өйткені бала алған білімін іс жүзінде қолдана біліп, оны өмірмен, өзінің іс-әрекетімен, күнделікті тіршілік қызметімен байланыстыра білгенде ғана өзіне де, қоғамға да пайдасын, жемісін береді.

Қазақ халқының еңбек тәрбиесіне аса үлкен мән бергені: «Еңбек етсең емерсің», «Екпей егін шықпас, үйренбей білім жұқпас», «Өнерліге өріс кең», «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», тағы басқа мақал-мәтелдерінен-ақ көрініп түр.

Ою-өрнек қайдан шыққан? Ою - бір нәрсенің пішінін ойып алу. Қазақ халқы жері от, суы мол жайылым қуып, кең сахарада жүріп жер-суының  қадір қасиетін жетік білген, жайлы қоныс іздей жүріп, өсімдік қасиетін мол байыптаған.

Өнерді құрметтеген халық шеберлерді де ізгі ілтипатпен елдің құрметті адамдарының қатарына қосты. Әрине, халықтың қолөнерді қажет ететін тамаша үлгілері көп. Солардың табылмай, танылмай жатқан түрлері де баршылық. Айталық, қазақ халқында өрмек тоқу, текемет басу, сырмақ сыру, тұскиіз жасау сияқты өнері кең тараған. Міне, осындай мәдени мұраны көш деп қарамай, оны байырғы байлығымыз деп бағалап, халқымыздың тұрмыс қажетін өтеуге тиімді пайдалануымыз керек. Халқымыздың ұлттық ою – өрнегі – кең даланы мекендеген талай тайпалар өнерінің әсері мен замандар бойы қалыптасып, белгілі бір жүйеге келген ою – өрнек үлгілері Андронов мәдениеті мен байырғы сақ, ғұн, үйсін өнері мұраларынан геометриялық зооморфтық (жан – жануарлардың табиғи және фантастикалық бейнелері) көгеріс өрнек пен қиял ғажайып ою – өрнектер (аспап, жер символы) ретінде көрінеді. Олар негізінен мал шаруашылық, аңшылық әдет – ғұрып, үй жабдықтары мен сән – салтанат бұйымдарын, батырлар қару жарағын әсемдеуге қолданылған.

Ұнамды жасалып, биязды көркемденген өнердің көш мұраларына (алтын тәжілер, ағаштан, қыштан, теріден өңделіп жасалған ыдыстар, түкті кілемдер мен кестелі заттар т.б.) біздің заманымыздан бұрынғы VIII-ші ғасырларда ою – өрнек өнерінің ерекше дамығанын көрсетеді. V-VII ғасырларда зергерлік өнері мен кілем тоқу өнерінің жан – жақты дамуына байланысты ою – өрнек әсері де өркендей түскен.

Ертеден келе жатқан ескерткіштерді: «Қошқар мүйіз», «Түйе табан», оюлары басым қолданылса, V-i ғасырдан бастап «Қырық мүйіз», «Шытырман», «Таңдай», «Құман бау», т.б. күрделі ою – өрнектермен толыққан.

Ою–өрнектер заттардың көлемі мен формасына, ерекшелігін жұмсалатын мақсаттарына қарай ойластырып жасалады.

Кілемдер алғаш ру үлгілеріне (керей үлгі),  ою – өрнек түріне (тақыр кілем , түкті кілем, т.б.) қарай аталатын болған.

Қазақтың сән және қосалқы өнері туындылары орта ғасырларда (VII-XVII ғ.) көлемі жағынан тұрпатты, шеңбер мен ромб пішініне келтіріліп айқын ою – өрнектермен (ішінара құс пен маймыл) бейнелі көркемдеме XVIII-XIX ғасырларда ұлттық дәстүр жетекші орын ала бастады.

Үй жиһаздарына көбінесе ашық түсті айшықты жайылмалы (түс киіздерде – алқызыл, құлпырмалы), түкті кілемдерде – геометриялық ұласылды, текшелі, алаша  басқұр, тақыр және арабы кілемдерде, инструкциялы аралас (кебеже, сандық жүк аяқтарда) ою–өрнектер қолданылады. Кестелеу, зерлеу тоқыма әдістері арқылы жасалатын тұтыну заттарды, киім–кешек өрнектерді басқа ою–өрнектерге қарағанда нәзік, ұтымды әрі көркем жасалуымен ерекшеленеді.

Ел арасында тұрмыстық ою–өрнектер мен қатар ертеден келе жатқан өнердің бір түрі – архат ою–өрнек. 

Осы ұлттың ою-өрнектің шығу тарихына байланысты, мынандай аңыз әңгіме қалыптасқан екен.  

Ертеде бір Әділ хан болыпты. Соның жалығы бойынша қол астындағы елдің ою, өрнек, кесте, батырма, тоқыма, оймыш, бәдіз, тігін, шекіме, құйма өнерлерін  меңгергені сонша үйлерінің іші-сырты, киім-кешектері, жиһаздары мен бұйымдары, құрал-саймандары, қару-жарақтары түгелдей оюланған әрі өрнектелген әсемді де көрікті екен және олар бір-бірімен ою тілінде де сөйлесе алатын болыпты. Сол себептен бұл ел басқарушы Ою хан аталып кетеді. Жылдардың бір жылында бөтен елдің ханы соғыс ашып, Ою ханды орнынан алып, билікті өзі жүргізеді. Ол ескі салт, көне дәстүр, байырға әдет, бұрынғы әдеп, ежелгі өнер бұған дейінгі мәдениет белгілерінің бәрін жойып, жаңаша құрмақ болыпты. Бірақ, ескі оюдың орнына жаңа ою таба алмапты. Жаңа дегеннің бәрі ұзаққа бармай ұмыт бола беріпті. Бұрынғы өнерді жасаушы шеберлердің  көбі азайып, азы жоғалуға айналыпты.

- Уа – хан – ием! Мына райыңыздан қайтыңыз, теріс жолмен кетіп бара жатырсыз, - деп жөн айтқанның да, айтпақ болғанның да, тіпті ондай адамдармен сыбайлас екен дегендердің де көзін жоя беріпті.

Сондықтан да оны халық Жою хан деп атапты. Бұл кезде зынданда жатқан Ою хан жағдайдың бәрін естіп-біліп жатады.  Бір күні Жою ханның жалғыз ұлы аңға шығады. Жолындағы аң атаулыны түгел қырып, еті мен терісіне қарық болмақ ниетпен ойына алғанын істеп келе жатқанда бір үкі мұның бетіне шапшиды. Бала жанталасып ажырата үлгергенше үкі оның екі көзін ойып жібереді. Еш нәрсе көре алмай тентіреп келе жатып, бір жардың басынан құлап, көлге батып кетеді. Бұл кезде Жою хан іздеу салып жатыр еді.

- «Кімде кім баламның өлімінін естірер болса, соның басын аламын» - деп жарлық берген соң ешкімнің батылы бармайды.

Мұны естіген Ою хан баланы іздеуге өзінің баратынын хабарлайды. Жою хан оны зынданнан шығарып жолға салады. Ою хан дәрі-дәрмегін, құрал-сайманын алып орманды аралап келе жатып,  бір тастың астынан: – Жойылсын, Жою хан! – деп қиналған дауысты естиді. Тасты көтеріп қалса, жанбасына оқ тиген сұртышқанды көреді. Ою хан дереу аяғын таңып, дәрі құйып жөніне  жібереді. Осылай жолында кезіккен жаралы аң-құстың бәрін емдейді. Ең ақыры қанаты сынған үкіні дәрілеп: – Жою ханның баласын көрдің бе? – деп сұрайды.

– Қаныпезер хан баласы жолында кезіккен сұртышқанды, арқарды, бұғыны, қодасты, жолбарысты жаралап, балықты құрғаққа тастап, бәрін қайта айланып келіп, сойып алмақ болғанда мен оның екі көзін шығардым. Өйткені ол жаралағанның бәрін Ою хан еккен орманның ең соңғы аңдары еді. Хан баласы қазір көл түбінде өліп жатыр, - дейді үкі.

Болған жайдың шындығына көзі жеткен бетіне түсіреді де, әлгі сырмақты Жою ханға алып жүреді. Мұны көрген аш жалаңаш халық соңынан ереді. Хан сарайына келген соң Ою хан сырмақты Жою ханның алдына жайып тастайды.

Сырмақтың оюы көз жауын алатын көрікті, бояулары адам жанын баурап алатын сиқырлы болады. Жою хан сырмақтың оюына қарап ойланып ұзақ отырып, ондағы оқиғаны іштей былайша тарқатады:            

–  “Балам биік-биік тауларды”...

асып, терең-терең сулардан

өтіп қалың жыныс орманды аралап

күндіз де, түнде де

талмай жүрген екен, Жүрген жолында ол ұшқа құстармен

беттесіпті, бұғымен

кездесіпті, тау тағысы арқар да

жолығыпты, алдынан қодас.

шыққан көрінеді, жорғалаған тышқандар да

қарсы келгенде ұқсайды, сорлы балам жолбарыспен де

арпаласыпты, балыққа да

ұшырасыпты, Айдын көлге де

түсіпті, Қайран ұлым алып күштің иесі.

Екендігіңді аңдарға көрсеткенше, ел ішіндегі дұшпандарыңа неге көрсетпедің? Тірімісің? Өлімісің? Тоқта мына ою не деп тұр? Балаң екіге бөлінді – жаны рухқа, тәні әруаққа айланды деп тұр ма?... кенет Жою хан орнынан атып тұрып.

– О, жалған! Менің жалғыз ұлымның шынымен өлгеніме? Өлтірем! – деп қылышын суырып Ою ханға төнеді.

Сонда Ою хан:

– Дат тақсыр! Сенің “кімде-кім балаңның өлімін естіртсе, соның басын аламын” деген жарлығың бар емес пе еді, - дейді.

– Иә, бар! – дейді қаһарлы хан.

– Ендеше, балаңның өлгенін мен де мына халықта сенің өз аузыңнан естіп тұрмыз, “ханның екі айтқаны өлгені”, алынса сенің басың алынуы керек, - дейді Ою хан саспай.

Бүкіл халық оны қолпаштай жөнеледі. Сөйтіп Жою хан өз жарлығы өзінің басын алуға себепкер болыпты. Ою ханды ел-жұрты ақ киізге орап, хан көтеріп, ақ боз үйге көтеріп кіргізіп, отырғызып, ақ түйе сойып ұлан асыр той жасапты. Көп ұзамай ел еңсесін көтеріп, төл өнерін жандандыра бастапты. Халықтың да күнкөрісі жақсара бастайды. Залым Жою хан мен оның ұлы, өздерінің сондай қатыгездігінің, жауыздығының арқасында халықтың алдында өледі.

Осы аңыздағы Ою ханның бойындағы адамгершілігі, күштілігі және ақыл-ой парасаттылығы қасиеттерінің қазіргі және келешек ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мол.

4. Сабақта ою-өрнектердің үйрену жолдары

Қазақтың ою-өрнектерін технология пәнінде үйретудің жолдарын қарастырайық.

Қағазды бір бүктеп ою

Мүйіз ою-өрнегі

Қайшымен қию бағыты

Бүктеу бағдарын көрсететін жебе

Бүктелген қағаз бұрыштарының аралық өлшемі.

Бүктелген қағазға дәл осындай қарындашпен ою сызып алып, әрі қарай қия бастайсын.


Қағазды екі бүктеп ою
«Қосалқа» ою-өрнегі

Ортасынан екі рет бүктелген түрлі қағаз бетіне "қосалқа" ою-өрнегінің жарты көрінісінің эскизін тез салып, қайшымен қиып көрсетуден бастайды. Алынған оюды басқа қағазға желімдейді.  "Қосалқа ою-өрнегінің бірнеше үлгісі мен жасалу әдістерін үйренеді. «Қосалқа» ою-өрнегін түрлі-түсті қағаздан қиып, желімдеуге аз уақыт жұмсайды. Осындай жаттығулар оқушыларды тез жұмыс істеуге дағдыландырады. Ал осы "қосалқа" ою-өрнегін матаға түсіріп тігетін болса, онда тігілген ою-өрнектің шеті сетінеп кетпес үшін жиектеп тігу қажет, себебі кестеленген өрнектің жиегі біркелкі әдемі көрінеді. Сонда сырмаққа, тұскиізге, дөдегеге ұқсас қолөнер бұйымы пайда болады. Ендігі оятындарын бірте-бірте күрделене түседі. Алдын ала кесіп дайындап алған төрт бұрышты жұқа қағаздарынды нүктелі сызық бойымен жебе бағытымен екі рет бүктейсіңдер. Қағаздың бүгілген қырынан бастап сызылған үлгіні қайшымен қырқып аласыңдар.

Қағазды үш бүктеп ою
Төрт құлақ ою-өрнегі
«Ромб» ою-өрнегі

Сырмақ сырып, киіз басып, тұскиіз тігуші ісмерлер шеберлігін әбден жетілдіріп алғаннан кейін кейбір қарапайым үлгіні алдын ала сызып жатпай-ақ қағаздан бірден қияды. Қию, ою, сызу әдістерін жақсы меңгеріп, көптеген ою түрлерінің өзіндік ерекшелігін әбден жете жаттап аласындар, сендерде, әрине, бірден оюға көшесіңдер. Алдымен қолымызды жаттықтырыл, көзімізді қанықтырып алайық.

Қазір осы төрттаған ромб түзілген тұтас композицияны ою, қию әдісін үйренеміз.

Суретте корсетілген нұсқадағыдай, қағаздарьшды үш рет бүктеп төрт бұрышты етіп аласындар. Содан кейін қарама-қарсы бұрыштарын қосатын қиғаш тартылған үзік сызық бойымен жебе бағытына қарай тағы бір бүктейсіңдер. Сонда бүккен қағаздарың тұмар тәрізді болып шығады. Енді  тұмардың бітеу қырын болашақ оюдың нақ ортасы деп есептейік те, қарындашымызды алып, ою үлгісін сызамыз. Тұмардың қатталған қырларын бір жағынан екінші жағына қарай қайшымен қырқа бастаймыз.

Толыққтып шығып, жыртып алмай, асықпай, еппен қағаздың қаттауы мен бүктеуін жазамыз. Жазамыз да, қыртыстары жайылуы үшін тегіс жерге жатқызып, үстін жайпақ, салмақты затпен бастырып қоямыз. Егер кішігірім болса, кітаптың арасына салуға, әйтпесе бір жақ бетін желім жағып, түсті қағаздың бетіне тегістеп жапсырып қойсада жарайды.

«Төртбұрышты» ою-өрнек
«Шаршы» ою-өрнегі

Ою-өрнектегі оюдағы басты мәселе — қағазды қалай қаттауда. Тік төртбұрыш қағазды тігінен, одан кейін көлденеңінен бүктеп аламыз. Төменгі бұрыштың бір қабатын қиғаштап, жоғары қарай бүгеміз. Екінші қабатын да дәл осылай келесі бетіне қарай қайыра қабаттаймыз. Үш бұрышталған бөлігін жеке қиып аламыз да, ою үлгісінің жарты сынарын сызып, сол бойынша қиып шығамыз.

Қиындының бүктеуін жазып, тегістеп, қажетті түстегі қағаздың бетіне жапсырып қоямыз. Оюды қиып жатқаңда қайшыны тік ұстап, жүзін қайта-қайта қағаздан ала бермей үздіксіз қырқып шыққан жақсы.

«Бесбұрыш» ою-өрнегі

Бесбұрыш өрнегі пішіннің ішіне өз қалаулары бойынша түрлі элементтерден өрнектерді үйлестіреді.

Алғашқыда төрт бұрышты қағазды тігінен бірі бүктеп аламыз. Бүктелген қырының нақ ортасын тауып, жоғарын бұрыштарына қарай қиғаштап қаттаймыз. Төменгі бұрышына қарай жебе бойынша үшінші рет бүгеміз. Осыны тағы бір қабаттайық. Сонда үшбұрыш пішімі шықты. Үш қабырғасы да сәйкес болуы үшін үзік сызықтары бойынша қайшымен қырқып тастаймыз. Бітеу қырын ою элементінің өрнегін алып, бір бетіне әлгі элементтің сыңарын саламызда сызық бойынша қырқып шығамыз.  

Тік бұрышты қағазды тігінен теңдей етіп бір бүктеп алу керек. Бүктелген қырының нақ ортасын тауып, осы нүктеге дейінгі екі жақ бұрышты ішке қарай 45 градус аралықта бүктейміз. Бір жағы үш бұрыш, екінші бөлігі төртбұрыш болып келген пішін шығады. Осыны енді көлденеңінен сыртқа қарай қаттап, үшбұрышты жағын қиып алу керек. Қиындыны тексеру үшін бүктеуні жазып көруге болады.

 «Алтыбұрыш» ою-өрнегі

 «Алтыбұрыш» өрнегін тік төртбұрышты қағазды тігінен бір бүктеп, бүгілген қағаздың жоғарғы бұрышын төмен қарай елу градуска жеткенше қайырады. Енді төменгі бұрышын жоғары қарай қабаттаймыз. Жеткен жерді қиып, тұмар жасап аламыз. Тұмар тәрізді бұл қағаз алты қабат болып, одан кейін бір жақ бетіне ою үлгісін сызып, қиып шығамыз.

                  

 

 

 «Сегізбұрыш» ою-өрнегі

«Сегізбұрыш» өрнегін дайындау  үшін, тік бұрышты қағазды теңдей етіп бір бүктейміз. Бүктелген қырының нақ ортасын тауып, осы нүктеге дейінгі екі жақ бұрышты ішке қарай 45 градус аралықта бүктейміз. Бір жағы үшбұрыш, екінші бөлігі төрт бұрыш болып келген пішін шығады. Осыны енді көлденеңінен сыртқа қарай қаттаймыз да, үшбұрышты жағын қиғаштап қиып аламыз. Қиындыны тексеру үшін бүктеуін жазып көруге болады.

 

 

 

«Онбұрыш» ою-өрнегі

Қағазды осыған дейінгі үшбұрышты етіп бүктеп сызып шығамыз. Сызылған үлгі бойынша қағазды қиямыз. Қиылған үлгіні көру үшін жазамыз.

«Шетою» немесе шексіздікке ұластыра ою-өрнегі.

Ұзындығы өз қалауынша болады. Содан кейін бір элемент қанша рет қайталанса 30 см ұзын қағазымызды сонша рет таңдаған оюмызды қайталаймыз. Мәселен (30 : 6=5) алтыға бөлеміз, сонда бес сан шығады. Сонда әрбір 5 см сайын бір бүктеп отырамыз. Бүктелген ою үлгісін бір жақ бетіне сызып аламыз да, қайшымен қырқып шығамыз. Сонда бір-бірімен жалғасқан шексіздікке ұласқан ою шығады.

Бұл өрнек тұскиізге, текеметке, сырмаққа, кілемдерге салынады.

 

Қорытынды

Қорытындылай келе, аталған ғылыми жобамызды орындаудағы мақсатымыз, халқымыздың қолынан шыққан қолөнер туындыларының ұлттық ерекшеліктерін, ою-өрнек өнерін жете түсіндіріп, оқушыларды қолөнерге баулу. Халқымыз еңбек пен өнерге егіздеп қараған, қол өнері шеңберлігін жоғары бағалаған. Өнер - өмір бұлағы, ізгілік пен әсемдік бұлағы. Ұлттық қолданбалы өнерді, оның қоғамдағы тәрбиелік мәнін жан - жақты түсіну үшін әсемдік, әдемілік заңдарын жақсы түсінуі шарт.

Сондықтан біз халық өнерін, айнала қоршаған әсемдікті, сұлулықты жете түсініп, сүюіміз қажет, өнердің ғажайып сырларын ашып, оқып үйренуіміз қажет. Өнер - жастарды рухани, эстетикалық тәрбиелеуде қабілетін арттылудың сенімді күшті құрал болып табылады. Ою - өрнек өнері адамға тән ізгі қасиеттерді қастерлей білуге үйретеді. Халық мәдениеті, өнері, дәстүрлі даму тарихы жайлы қанша айтқанмен, әрбір адам немесе халықтар өз қолымен жұмыс істеп, жасаған жұмысының әсемдігін көрсете білсе, халық қолөнерін дамытуға қосар үлесі мол деп шексіз болмау.

Оқушы білімді бар ынтасымен меңгеретін болса ол тек қана білім алмайды, сонымен қатар ол өзінің қарым-қатынасын білдіреді. Білім мөлшеріне қарай көзқарасы, танымы кеңейеді, білім арқылы іс-әрекетке араласу мүмкіндігі артады. Жоғарыда айтылғандай, қазақтың ою-өрнектері арқылы оқушылардың қабілетін арттыруда оқытудың мақсаты:

- оқушының бағдарламада берілген тапсырмаларды жан-жақты меңгеріп оны өз бетімен орындай білуі;

-  тапсырманы шығармашылық ізденіспен қазіргі уақыттың жаңа

-  талаптарын ескере отырып сапалы дайындау;                                

-  теориялық білімін практикада қолдану;

- технологиялық бірізділікте өңделген үлгілерді қолдана білу;

- жас жеткіншектің бойында эстетикалық талғамды қалыптастыру.

Ғылыми жобамыздың тақырыбына сай оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыруда халықтық қолданбалы өнердің мүмкіндіктерін пайдаланудың зор екені анықталды.

Нәтижесінде: оқушылардың сәндік қолданбалы өнерге қызығушылығы артып, ою-өрнек өнерінің қыр-сырын меңгеруге, күнделікті іс-тәжірибеде қолдана білуге дағдылана бастауы байқалады. Жүргізілген ғылыми болжамдарға сүйене отырып, жинақталған теориялық және тәжірибелік мәліметтерді талдай келіп, төмендегідей қорытындыға келдік:

-  халық   шығармашылығының   қайнар   көзінің, сәндік   қолданбалы өнерінде көп қолданысқа ие болып жүрген ою-өрнек өнерінің қоғамның  рухани  материалдық  өміріндегі   маңызын ашу;

- халқымыздың ою-өрнек өнерінен рухани ләззат алып қана қоймай, оқушылардың кәсіппен айналысуға деген қызығушылығын қалыптастыру;

- ою-өрнек жасау өнерімен айналыса отырып жас жеткіншектерді талғампаздыққа тәрбиелеу, әсемдіктің құндылықтарын дарыту;

-  сапалы еңбек іс-әрекеттерін жасай білуге үйрету;

- ою-өрнектер арқылы әсемдікті еңбек нәтижесінен көруге үйрете отырып, саналы тәртіп пен мінез- құлыққа тәрбиелеу;

-  көкем шығармашылық қабілетін дамыту;

-  еңбек мәдениетіне тәрбиелеу.

Сонымен қатар, жоғарыда айтылғандай қазақтың ою-өрнектері арқылы оқушылардың қабілетін арттыру мүмкіндіктері мұғалімнің, оқушылар мен ата-аналардың арасында жүйелі түрде байланыс орнағанда, мәдениет орталықтары мен отбасы арасында тығыз байланыс болғанда ғана жоғары болады. Мектептегі технология сабақтарында ою-өрнек жасауда оқушылардың дүние танымы мен ойлау деңгейін, көркемдік шығармашылық қабілетін, еңбек ете білудегі белсенділігін дамытады, ізгі қасиеттер қалыптастырады.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.   Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987. 113 б.
2.  Төленбаев С., Өмірбекова – «Қазақтың ою-өрнегінің жасалу жолдары», Алматы, 1993 ж.
3.   Иляев – «Альбом», авторың ою-өрнек жинақтары, Алматы, 1986 ж.
4.   Бәсенов Т.К. Орнамент Казахстана в архитектуре, Алматы, 1957 г.
5.   Бәсенов Т.К. Казахский народный орнамент. Алма-Ата: Казахское государственное издательство художественной литературы, 1958. С.3
6.   Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987. 121-бет.
7.   Ақайқызы З. «Ою-өрнек ой айтар» (Монғолия қазақтарының ою-өрнектері мен қолөнері), Алматы, 1996 г.
8.   Әбдіғаппарова Ұ.М. – Қазақтың ұлттық ою-өрнектері, Алматы, 1999 ж.
9.   Қазақ халқының ою-өрнектері. Қытайда тұратын қазақтардың қолөнері. 1979 ж.
10. Өмірбекова М.Ш. «Энциклопедия» Қазақтың ою-өрнектері. – Алматы: «Алматыкітап» ААҚ, 2003-284 бет.
11. Қасиманов С. «Қазақтың қолөнері» - Алматы: Қазақстан 1995. -7 бет. (240 бет)
12. «Мектептегі технология. Технология в школе». Республикалық әдістемелік журнал. №4,  2003, №10, 2003, №7-8, 2006 ж.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама