Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Шұға

(пьеса)
4 перделі, музыкалы пьеса
ҚАТЫСУШЫЛАР:

Есімбек – бай.
Бәйбіше – оның әйелі.
Әлім – баласы.
Шұға – қызы.
Мақпал – Шұғаның жеңгесі.
Айнабай – Есімбектің қол шоқпары.
Күлзипа – оның қызы
Қабен.
Кәрім – Әбіштің жолдастары.
Қарасай – Шұғаның айттырған күйеуі.
Шоқпарбай – Қарасайдың жолдасы.
Базарбай – Есімбектің қойшысы.
Әбіш – оқыған жігіт.
Қыз-келіншектер, жігіттер, бақсы, пристав, тағы басқалар.

БІРІНШІ ПЕРДЕ
Шымылдық ашылар кезде сахнада жаң-жұң дауыс; ойын-күлкі. Қыз-бозбала, келіншектер. Сахнаның орта шенінде алтыбақан. Алтыбақанда бір қыз бен бір келіншек тербеліп, көтеріңкі түрмен ән салады. Бірсыпырасы оған қосылады. Алтыбақаннан бөлектеу Шұға мен жеңгесі. Жеңгесі Шұғаға сөз айтып тұрады. Шұға ұнатпаған пішін көрсетеді. Бұларға таяу бір келіншек пен Күлзипа. Бұл екеуі де өзара сөйлесіп, әлденеге мәз болған түрде. Алтыбақанның екінші жағыңда Қарасай мен Тоқтарбай. Бұл екеуі өзара сөйлесіп, көздерін Шұғаға қадаумен болады. Ән тоқталып, жаң-жұң басылған кезде.
Шұға (ұнатпай).
Апырм-ай, жеңеше,
Құлағым сарсылды.
Мақпал.
Беу, еркежан,
Жастықты неліктен,
Жүрегің тарсынды?
Шұға.
Кім көрінгенмен
Ойнап-күле алмаймын.
(Бұрылып алтыбақанға кетеді.)
Мақпал (күрсініп).
Біле алмаймын.
Мақпал Шұғадан қалмайды. Шұға бағанға сүйеніп, Қабенмен сөйлеседі.
Әсия (Күлзипаға).
Шұға тағы тұлданды.
Күлзипа.
Адыра қалсын!
Қол жетпестей бұлданады...
Әсия.
Бұлданатын жөні бар,
Осы өлкеде бұған
Сөз салмаған кім қалды,
Бірін еледі ме?
Қарасай (күрсініп).
Ойында оңаша тимейді,
Кім көрінген келеді де...
Жанды-ау жүрегім!
Осыған ауып тілегім,
Өмірі зарлап өтем бе?
Шоқпарбай.
Қынжылмашы!
Тап бүгін ұстатайын білегін.
Қарасай (басын шайқап).
Әй, білмеймін,
Маған дегенде
Бір түзелмейд шырайы.
Неге келмейд жарқылдап,
Неге тұнжырайд ұдайы ?
Шоқпарбай.
Қыз болған соң, қысылад та.
Қарасай.
Кімнен? Қой әрі, шатпа!?
(Бұртиып Шоқпарбайға сыртын береді.)
Шоқпарбай (күрсініп).
Бір Шұғаны көндіре алмай,
Күлкі болдым жатқа.
(Шоқпарбай екеуі сөйлеседі.)
Күлзипа.
Сөйлессем бе екен, Әсия?
(Қарасайға таман ойыстайды.)
Әсия (Күлзипаны жібермей).
Қой,ойбай!
Күлкі болып тайпы елге,
Қаларсың жаманатқа.
Күлзипа.
Әсия, неге олай?
Қызықпайтын жаным жоқ.
Әсия.
Болғаны да арың жоқ.
Күлзипа.
Тек!
Қарасай (Шоқпарбайға).
Бар, жолық Мақпалға!
Ашып айт солай деп.
Шоқпарбай Мақпалға кетеді.
Қарасай (Күлзипаға).
Құдаша! Сыбырыңыздың сыры қандай?
Күлзипа (селт етіп).
Тіл қаттыңыз-ау,
Мүдделі сөзіңіз бардай.
Қарасай (көпке қарап күрсініп).
Ой, алда-ай!
Керексіз қыз дайын.
Әсия (Күлзипаға).
Сен сөйлеспе, ұятты,
Мен байқайын ыңғайын.
Әсия Қарасайға ойыстап, сөз қатады. Күлзипа қылымсумен тұрады. Шоқпарбай Мақпалмен оңаша сөйлесіп тұрады. Бірсыпыра жұрт алтыбақан маңында «алақан соқпай» ойнап жатады.
Шұға(Қабенге ынтығып).
Кім деген дейсің?
Қабен (күлімдеп). Әбіш.
Шұға (ойланып).
Ие, аты таныс.
Келіп еді-ау бір.
Қабен.
Жүрген жері сауық-жыр,
Жігіттің гүлі...
Шұға (Қабенге күле қарап).
Не дегелі тұрсың?
Не үшін айттың мұны?
(Қабен үндемейді.)
Мақпал (елеңдеп).
О не?
Шұға (жауaп бермей).
Күлзипа, қане, алтыбақан тебейік.
Шұға мен Күлзипа алтыбақанға мініп, Мақпал тербетеді.
Шоқпарбай (Қарасайға келіп).
Бүгін жөні көрінбейд,
Басқа күні келейік.
Қарасай (кейіп).
Дуасыз ит,
Қайтпекпіз
Тындырар ма екенсің жұмысты!
Шоқпарбай.
Қайттік
Бізге болысып,
Жеңгесі қанша ұрысты.
Бұл екеуі кете бергенде, бір бүйірден Әбіш пен Кәрім алтыбақан басына келеді. Қабен оларды қарсы алады.
Қарасай (одырайып).
Мына сұмпайы кім?
Шоқпарбай.
Бұл – ошител Әбіш.
Қарасай.
Бұл неге келед ойынға,
Мұнда қандай мәніс?
Шоқпарбай.
Жас болған соң...
Қapaсай.
Жоқ, кетпеймін мен!
Жан сүйген адамымды
Жатқа қылман жем!
Әбішке жақындай түсіп, одырайып тұрады. Шұға бастап ән салады.
Шұға.
Қызы едім Есімбектің атым Шұға,
Бастады бұл өлкеге атым шыға.
Жалақтап қасапшыдай төнді талай,
Малмын ба, алушы мен сатушыға?
Құрбыжан, күні құрсын ұрғашының,
Билігі болмаған соң бір басының.
Кісіге көңілге алған қол артпасаң
Не пайда жүйрігі мен жорғасының?!
Қарасай (Әбішке).
Танымадық па?
Әбіш.
Мүмкін.
Қарасай.
Атыңыз кім?
Әбіш.
Әбіш.
Қарасай.
Қай жақ?
Әбіш.
Тобыл бойы.
Шоқпарбай (Кәрімге сыбырлап) Жай жүрген жоқсыңдар ғой, Мынауыңның кімде ойы?
Кәрім.
Сыр тарт деп
Мырзан, тапсырып па еді?
Шоқпарбай (желкесін қасып). Енді... Оны...
Әбіш.
Барасың неге әкенің сатқанына?
Батасын неге шылық батпағына?
Жан сүйер, жолдас болар бір адамды
Шынымен іздеп көңілін таппады ма?
Шұға (әнмен).
Теңімді тапсам жіпті тақпас па едім?
Мұңымды шын көңілден шақпас па едім?
«Шылықтың құрбаны боп еле алмаймын,
Жарыққа баста!» – деп қол артпас па едім.
Ата-ана жақтырмайды бұл ісімді,
Оғаш көріп сөзімді, жүрісімді.
Ескіліктің шынжыры әдет-ғұрып,
Тарылтып бара жатыр тынысымды...
Шұға (алтыбақаннан түсіп).
Уһ!..
Еркін дем алғандай болдым ғой жаңа!
Әбіш.
Еркіндікті толық алмай тынысыңыз кеңімейді.
Шұға.
Оны қалай алам? (Ұмтыла түсіп.)
«Күреспен» дейсіз бе? (Күлімдеп.)
Кіммен күреспекпін?
Мақпал Шұға мен Әбіштің арасына килігіп, сөзді бөледі.
Қарасай (Әбішке).
Орысша оқығансыз-ау, ә?
Әбіш (салқын). Да!
Қарасай.
Бәсе, ел әдетінен
Болған екенсіз ада.
Шұғa (көпке қарап, күрсініп).
Шын жігіттің гүлі екен! (Күлімдеп).
Қабен! «Күрес» деп ошител айтпақшы,
Күрес неге бастамайсың?
Қабен.
Дұрыс. Қане, қақ жарылып тұра қалыңдар.
(Жұрт екі жарылып тұрады.)
Мырза, балуаныңды шығар.
(Екі жағынан әзірленіп жатады.)
Әсия (Күлзипаға сыбырлап).
Шұға күндей жайнап, гүлдей құлпырды-ау...
Күлзипа.
Неге олай?
Әсия.
Бай-бай, аңқаусың,
Білмеймісің, мынау кім?
Күлзипа.
Ым-м...
Қарасай.
Шоқпарбай, Өлсен де жық,
Басын жерге тық!
Шоқпарбай (әзірленіп).
Иә, жарықтық!
Әнбие, әулие, таба қылма жатқа!
Шұға.
Сіз сиынбайсыз ба аруаққа?
Әбіш.
Менің сиынған аруағым
Тап сіздің жақта.
Шұға (күліп).
Оныңыз...
(Мақпал араға кесе түсіп, өздерін бөледі.)
Мақпал (көпке қарап).
Бұ не деген қыз?
Күрес. Кәрім жығып, Шоқпарбайдың басынан күш алады.
Қарасай жағы.
Уай, неге күш алады?
Кімді қорлайды мына Қыпшақ?
Жаң-жұң. Қабендер арашашы.
Шоқпарбай (Кәрімге тепсініп). Тегіңді пәлен етейін, қаңғырған түрікпен! Сенің түбің түрікпен. Сенің әкең ақ білек бәйбішенің шаңырақ түйесіне мініп келген. Анау Әбішің де құл.
Кәрім.
Бекзат болсаң,
Қолыңнан келгенін қыл!
Қарасай (көпке қарап, назаланып).
Бұл болды-ау жаман ырым,
Өзгертті Шұға түрін.
Кәрім (Әбішке).
Шұғаның алдында мырзаның
Қаздым білем көрін.
Әбіш.
Әй, ерім!
Көтерілді белім!
Кәрім (күліп).
Қыз алдында қызармай,
Көңілің бітсінші сенің.
Әй... Шұға кетәрі емес-ау,
Қалай еді ебің?
Күрес артынан жұрт сапырылысып кетеді.
Күлзипа.
Әсия, Әсия!
Енді анаған ауа бастадым. (Әбішті нұсқайды.)
Әсия (бетін шымшып).
Бетім-ау, бәрін қойып басқаның?..
Қабен.
Енді «Соқыртеке» ойнайық.
Біреу.
Жөн-ақ!
Екінші біреу.
Мырзадан басталсын.
Қарасай.
Ошителден бастап көр.
Қабен.
О кісі не дер?
Әбіш.
Халық ұйғарса, хан түйесін соймай ма?
Қабен.
Міне, ер!
Шұға, орамалыңды бер!
Шұғаның орамалымен Әбіштің көзін байланды. Жұрт сахнаның тұс-тұсына тарайды.
Қарасай (Шоқпарбайға келіп).
Сындырдың сүйегімді,
Сықақтап Шұға күлді.
Шоқпарбай.
Саспа, сөзіміз өтер
Тап осы шиаяқ құрлы.
Екеуі кетеді.
Әбіш (сахнада жалғыз).
Қап-қараңғы,
Айналғандай бас.
Қайғы басып мәңгі
Аққандай көзден жас.
(Күрсініп.) Рас... рас...
Қазіргі ел өмірі
Тап осыған меңзес.
Іс істелер ірі
Ерте ме, иә кеш,
Қарману керек!
Әбіштің биі. Әбіш көп ортасынан Шұғаны ұстап, көзін ашады. Күлзипа наразы.
Күлзипа (Әбішті жанасалап).
Сөз байласқандай Шұғаға тап бердіңіз-ау.
Шұға (селт етіп).
Сенікі қай дау?
Күлзипа (Шұғаға бұртиып). Саған емес, Мына кісіге айтам.
Шұға.
Қойшы, апырм-ау...
Әбіш Күлзипаны елемей, ынтығып қараумен тұрады.
Күлзипа (тағы Әбішке).
Сөйлеместей тіл кестіріп пе едіңіз?
Әбіш (Шұғаға).
Мына кісі неңіз?
Шұға.
Заман құрбы.
Күлзипа.
Е, солай деңіз. Көрерміз. (Кетеді.)
Шұға.
Байлаңыз.
Әбіш.
Қолым бармаса қайтем?
Шұға
Көтеріңіз былай.
Әбіштің қолын көтеріп, көзіне апарады.
Әбіш (қолын түсіріп).
Шұға!
Шұға.
Қойыңызшы...
Қарамаңызшы ынтыға.
Әбіш.
Шұғажан!
Шұға (наздана күліп).
Кетіп қалам ендеше...
(Алыстай түсіп.) Байлайсыз ба?
Әбіш (күрсініп).
Да!
Байлайын.
(Шұғаның көзін байлап жатып.)
Жүрек толған мұң
Ашсам деп ем сырын.
Шұға (салқын).
Барыңыз. Ұят болар...
Әбіш (кете беріп).
Қудыңыз ба?
Шұға.
Қуған кім?
Адам таппас алысқа кетпеңіз тым...
Әбіш.
Іздейтініңіз шын болса,
Қиырдан кезіп табарсыз. (Кетеді.)
Шұға (жалғыз).
Не боп барам? Не дедім әлгіге? (Басын ұстап.)
Ұят боп жүрер ме екен?
Сақтаулы сөздер
Жанға айтпаған бөтен...
Шұғаның биі. Шұға Қарасайды ұстайды. Күлзипа оған қуанып, қуаныш биін билейді.
Күлзипа (Әбішке сәлден кейін).
Сүйген сүйгенін тапты.
Карасай.
Ырзамын!.. Ырзамын!..
Шұға есі кетіп көзін ашып, орамалды лақтырып, Қарасайдан алыстап, Әбішпен екі арада мұңайып тұрып қалады.
Қарасай.
Шұға, байла көзімді.
Шұға.
Байламаймын!
Қарасай.
Ендеше мен байлайын. (Орамалды алады.)
Шұға (безеріп).
Бикеш! Осының нақ
Аулақ!
Қарасай. Күлзипа.
Көңілге мықты дақ.
Дейсіз бе? (Әбішке.)
Неге томсырайдыңыз?
Сөйлесейік біз де.
Әбіш (сырт беріп).
Айтарым жоқ сізге?!
Күлзипа.
Бір ауыз да ма?
Әбіш.
Да.
Мақпал (шыға келіп).
Жаным-ау, бұ не?
Қабен (шығып).
Неге тоқтадық, ау, е?..
Жұрт анадай шығып, тізіліп тұра қалады
Мақпал.
Ата-ананың жолы бар әдет-ғұрып,
Кетпекпісің,
Еркежан, соны бұзып.
Шұға.
Ата жолы, жеңеше, тынысымды
Тарылтты ғой бұғаудай қысып-бүріп.
Қарасай.
«Қыздың құны бес байтал» – ұғын, бикеш.
Қылмасайшы сөзіңді шығын, бикеш.
Қырық жетіні мен берсем қырқа матап,
Күні ертең келмеймін бе ұрын, бикеш?!
Әбіш.
Сатып алар мал емес, адам Шұға,
Адамдыққа жетем деп алаң Шұға.
Бұл бағыты Шұғаның үлкен сабақ
Әйелді мал орнына санаушыға.
Төмендегі өлеңдерді төртеуі қосылып айтады.
Шұға.
Өрескел жан жібітпес жүрегімді,
Мен ұстатпай айуанға білегімді.
Өзім деген адамға қолымды артып,
Орындамай мен қойман тілегімді!
Мақпал.
Ел аузына ілінген еркежаным,
Ертеден іздегенім сенің қамың.
Атақты, абыройлы бір мырзаға
Көрсем деуші ем жар болып қосылғанын.
Қарасай.
Ережептің баласы Қарасаймын,
Мырзалықпен даңқымды жұртқа жайдым.
Ерке қыздың шолжыңы егестіріп,
Ем қонбас іс болар деп қысылмаймын!
Әбіш.
Темір торға шырмалған әйел сорлы,
Талаптансаң шығасың үзіп торды.
Тайталасқан майданға жаным құмар,
Таласқа себеп болсын, бердім қолды!
Қарасай (Әбішке).
Шырақ!
От басқан өзің,
Өкінбе бірақ!
Әбіш.
Көрінген жел сөзге
Үйренген құлақ.
Қарасай.
Әй, тобалатармын!
Әбіш (сықақтап күліп).
Сен тобалатқанша, мен сені домалатармын!
Қарасай (көпірініп). Қоймадың ба?
Әбіш.
Қарасай, тыңда! Әкіреңдеме,
Құлың жоқ мұнда!
Табанымда жүн болған
Сендей талай мырза.
Қарасай (қызып).
Шын ба?
Енді түстім сынға!
Енді түстім сынға!..
(Мақпалға.)
Сұлу қыздың жеңгесі
Мәжілісіңіз келісті.
Көрмей жүрген адамдар
Кездесті бүгін көрісті.
Ойнады да күлісті.
Сұлуыңыз шығандап
Іздегендей-ау өрісті.
Кейін тағы көрісеміз,
Қайтеміз қозғап ол істі.
(Кетуге ыңғайланады.)
Мақпал.
Мырза жігіт! Тарасайшы ойнап-күліп.
Шұға.
Іздегені болса бүлік
Тоқтатпа, барсын.
Қарасай.
Бикешім, жалынарсың! (Ашулы қарап кетеді.)
Мақпал (Шұғаны оңашалап.)
Бұ не сұмдық? Жұртты шу қып,
Өсекке жол аштың.
Шұға (жалынышты).
Мен бір мұңдық,
Жүрекпен таластым.
Бірақ... Сонша
Не істеп адастым?
Екеуі сөйлескен күйі кетеді.
Қыз, бозбала сахнаның тұс-тұсына тарайды. Сахнада Әбіш пен Кәрім. Аз тыныс. Ауыл жақта үрген ит, айтақтаған қойшының даусы.
Не болды ісіміз,
Көз тіккен ісіміз
Көңілден шыққандай.
Қарасайдың екпіні
Қарлы тауды жыққандай.
Әбіш
Білім тілінде мұны не дейді
Білемісің?
Не дейді, ие?
Драма!.. (Күрсініп.)
Басталды!
Демесін жасқанды,
Түстім майданға!
Сахна сыртында Қарасайдың даурыққан даусы.
Менің дегенімді істе, Ойланба!
Бастырма басынды!
Екінші дауыс.
Міне, міне...
Жаңа таптың досыңды!
Бастарың жаңа қосылды.
Әбіштер сахнадан шыға бергенде Қарасай, Шоқпарбай, Айнабай, Әлім келеді.
Қарасай.
Міне!
Кәрім.
Әбіш.
Кәрім.
Әбіш.
Әбіштер қарсы қарап тұра қалады.
Айнабай.
Әбіш шырағым!
Елдің сарсылттың құлағын:
«Бес-алты ауыз тіл білем.
Төрелерге жақынмын деп бір адым»
Біз де табармыз,
Ақшаға сатсақ та алармыз.
Сосын... Іһім... Іһім... Бұғалықты
Шықпастай ғып салармыз!
Әбіш.
Сонда
Біз қарап қалармыз?!
Әлім (Әбішке).
Әй... Не... не...
Неге келесің мұнда?
К.,, к... кім шақырды сені?
Кәpiм.
Мырза, тегі, Ел аралау арам ғой?
Айнабай.
Байқаймысың, Әлім?
Түрлері тым жаман ғой.
«Ел біздікі»деп.
«Жер біздікі»деп
Бел көрсетпек саған.
Әлім (булығып, Әбішке).
Әй... м... м... мін атыңа.
К... к... көтер ө...ө... өкшеңді!
Әбіш.
Саумысың өзің,
Не істеппін сонша?
Қарасай.
Салғыласып тұрғанша,
Жігіттерді жинап,
Байлат та таста!
Әлім (кете беріп).
Е... е... ер болсаң, қашпа!
Әбіш (сықақтап).
Айтарың бар ма басқа?
Айнабай (даурығып).
Жігіттер қайда?.. Уа, жігіттер!..
Бұлар кетеді. Әбіш пен Кәрім сахнада. Күн күркіреу, найзағай, жаңбыр. Қою қараңғылық.
Кәрім.
Нетпек болад осылар?
Әбіш, мен болдым дал.
Әбіш (күрсініп).
Өктемдік деген осы,
Кедейге дүние тар.
Әйтпесе бәрі даурығып?
Аттан саларлық не бар?
Кәpiм.
Сонда?
Әбіш.
Қаймықпан!
Қарасайдан қорқып
Мен бұқпан.
Сахна сырты шаң-шұң.
Сасқан пішінмен Шұға шығады.
Шұға.
Мұныңыз не?
Қашсаңызшы!
Әбіш. Неге?
Шұға.
Сұрамаңызшы!
Барыңызшы!
Әбіш.
Шұғажан!
Көзге толды қан,
Оқ жауса да төздім,
Сертіңді алмай кете алман!
Шұға (ән).
Сарғайған ғарып едім қуып сағым,
Бұлдырға айналғандай баста бағым.
Жүзіңді жаңа ғана көргенімде,
Жан қалқа, жау тілеген не қылғаның?
Әбіш (ән).
Өртенді жүрек өрт боп, өзің сөндір!
Болашақ әзіріне болжал, бұлдыр.
Шын сүйсең, сертің болсын мәңгі берік,
Кел, сәулем, жайдым құшақ, келші, кел, кір!
Әбіш Шұғаны құшақтап тұрғанда, сыртта
«Еркежандаған» дауыс. Мақпал асығыс сахнаға шығып, құшақтасқан Әбіштерді көріп, шыбжыңдап.
Мақпал (бетін шымшып). Сойқан-ау!..
Кәрім (Мақпалдың жолын тосып).
Айыбы жоқ, құдағи, ата-ененің жоралғысы.
Шымылдық.

ЕКІНШІ ПЕРДЕ
Байдың салтанатты үйі. Жазғы тұрмыс. Көрпенің үстінде Есімбек жатыр шынтақтап. Бәйбіше оның аяғын сипап отыр. Бір жақ шетте Әлім домбыра шертіп отыр.
Есімбек (аздан кейін бәйбішесіне).
Өнген жерің жаман еді, ит, сенен туған қыз не оңсын!
Бәйбіше (бұртиып).
Сенің дегенің-ақ болсын!
Есімбек.
Қысқарт тіліңді! Шығарма үніңді!
(Әлімге)
Менен туған ұл болсаң,
Бастырма белімді!
Жолатпа топырды ел маңына!
Әлім.
Т... т... тұзақ құрылды жолына.
Есімбек.
Жат жұрттық бала ғой,
Жасы ер жетті. ( Әлімге.)
Білемісің, мына қонақтар құда бола келіпті.
Әлім.
К... к... кімге?
Бәйбіше.
Қарасайға ма?
Есімбек (бәйбішеге).
Бергің келмей ме әлде?
Бәйбіше.
Дені дұрыс жігіт
Құрыған шығар елде?
Есімбек.
Қоясың ба, әй?
Уа, құдай, мүлде...
Айнабай кіреді.
Айнабай.
Қонақтар жүрмекші екен,
Қоштасамыз дейді сізге,
Есімбек (басын көтеріп). Кірсін!
(Айнабай кетеді.)
Қызыма тең кім екенін
Аймағым тегіс білсін.
Бәйбіше.
Дұшпаның табалап,
Досың күлсін.
Есімбек.
Әй, қоямысың?
Айнабай дәйек боп қонақтарды кіргізеді. Жуан би, сәлделі молда төрге отырады.
Би.
«Жолаушының ақысы жүрсе бітер» дегендей.
Тұстастықты ойға алып,
Келіп едік бөгелмей.
Есімбек.
Әбден, «Ат сатсан, аулынмен» деген, Қарасайдың тұқымы атақты Шеген. Ол шаңыраққа бір қызымды қимаймын ба? Берем!
Би. Айнабай. Дұрыс-ақ!
Молда.
Ие, хақ! Ила әмин!
Екі жас біріне-бірі мейрімді болсын!
(Бата қылысады.)
Есімбек.
Жақсы, жүріңіздер!
Қонақтарды ертіп бәрі шығады. Үй бірсыпыра бос. Қа-қа- лап Күлзипа кіреді.
Күлзипа.
Алақай-ay, алақай!
Шұғаның басы байланды,
Әбіш қалды маған,
Әбіш қалды маған. (Ойланып.)
Әбіш неге сонша
Шұға дегенде ала??
Ол қол жетпес сұлу боп,
Мен бе түрсіз жаман?
(Айнаға қарап.)
Мынау – мұрын,
Мынау – көз,
Мынау – күлімдеген түрім.
Кенет елеңдеп, есіктен қарап, жүктің, сыртына жасырынады. Сырттан Шұға мен Базарбай кіреді.
Шұға (сөйлеп кіреді).
Масқаралап ел күліп,
Мазақ қылмақ бұ да...
Мені сана досқа,
Замандас ем жасқа. (Бөгеліп.)
Айтарым бар, Шұға,
Бұдан дағы басқа.
Шұға (безеріп).
Аулақ, жаным, аулақ! (Өзіне.)
Күйдірді-ау от қаулап, «Бұзық» деген ат тағып,
Гуілдеді ауыл-аймақ.
Жәрдемге созған қолды кейін теппе.
Шашпайсың жалғыз топырақ мына көпке!
Мұңдаспын, күйінішті мен де өзіңдей,
Сырыңды мен шашпаймын сенің шетке..
Жазылмас тықылдаған тілім жара,
Көтерме көңілімді жеке-дара. (Ашулы.)
Басынып баласы да, малайы да,
Осы жұрт не боп кетті бара-бара?
Мақпал (тыстан кіріп).
Еркежан, маған қара,
Әлгі би мен молдекең
Келіпті құда бола,
Ата-анаң береді.
Шұға (селт етіп).

Береді? Береді?
Қара күн жаңа төнді,
Үміт сәулесі сөнді.
Мақпал (қынжылып)
Қалқам-ай, енді...
Шұға.
Рас, ата-ана жеңді.
Мақпал.
Күйеуің тең, онды,
Ел ағасы, мырза,
Есіткен жұрт ырза.
Базарбай (күрсініп кетіп бара жатып).
Қайтейін,
Шұға, қайтейін,
Санайсың мені құлға.
Мақпал.
Мұңаймашы, сәулем!
Шұға.
Күлмекшімін-ау мен?
Мақпал.
Күлмейтін саған не бопты,
Тұрған мына дәурен!
Қабен кіреді.
Қабен.
Мақпал, сені шақырад Қаумен.
Мақпал кетеді.
Қабден Шұғаға.
Неге келдім, білші?
Түнерме... Күлші!
Шұға (ұмтыла түсіп).
Қабен-ау!..
Қабен (қалтасынан қағаз шығарып). Мә!
Шұға (қуанып).
Әбіштен бе?
Қабен.
Ие.
Шұға (хатты дереу қалтасына салып). Не деді? Не деді?
Қабен (жан-жағына қаранып). Ретін тапса, Бүгін өзі келеді.
Шұға
Неге таппайды ретін?
Сезбей жүр ме,
Мен болдым шын жетім!
Қабен.
Аңдушы көп,
Әкеңнің кәрі жаман.
Aт үстінде бәрі,
Әбішті іздеп лан.
Сезіктене қарайды
Ең ақырғысы маған.
Бір жауабын берсең,
Әбішке алып барам.
Қашан келейін?
Шұға (күлімдеп). Соңыра таман...
Қабен кетеді.
Шұға ойланып.
Жасаған-ау,
Дидарласар күн бар ма есен-аман?!
Күлзипа қа-қа-қалап жүк сыртынан шығады. Шұға сасып қалады.
Шұға.
Сен бе едің, Күлзипа?
Күлзипа. Ие.
Шұға (көпке қарап).
Бұл бетбақтың, сезгені бақ па, сор ма?
(Күлзипаға.)
Тың тыңдауға қашаннан болдың үйір?
Күлзипа. Биыл.
Шұға (кенеттен әзілге шаптырып.) Қойшы әрі, замандас ең жасырмайын. (Күлзипаны құшақтап, сандыққа отырады. Күрсініп .) Ал, досым... Сездің білем... Осы жайым.
Күлзипа.
Бетіңнен жарылқасын, мен тілектес,
Дұшпанның ісін істеп не қылайын.
Шұға (Күлзипаны құшақтап).
Қайран замандас!
Иә, құдай, бағымды аш!
(Екеуі қосылып ән салады.)
Етегін көйлегімнің кестеледім,
Жан қалқа, жатсам-тұрсам ескеремін.
Қара күн туса дағы қайғы жемей,
Тұзақтан құтқарады деп сенемін.
Ән салып отырып, Күлзипа Шұғаның қалтасынан хатты алады. Ән бітісімен кетуге ыңғайланады.
Шұға.
Кайда кеттің, Күлзипа?
Күлзипа.
Қазір. (Шығады.)
Шұға (күлімдеп.)
Жақсы айттым-ау әзіл.
Күлзипаны алдадым.
(Қалтасын қарманып.)
Не деді екен сәулем,
Оқиыншы жазғанын.
Шұға (хатты таба алмай сасып, бармағын тістеп отырып қалады.)
Білдім, білдім,
Бірге жүрген құрбым
Шалушы екен аяқтан.
Күлзипа (үйге кіріп).
Әлгі Қабен қу
Армансыз болды-ау таяқтан.
Шұға.
Күлзипа.

Ағаң.
Шұға.
Қанған шығар табан?
Күлзипа.
Не қыл дейсің маған?
Шұға (мұңайып).
Замандас ең, Күлзипа,
Демейін ойың арам.
Алдың білем ойнап,
Әкелші әлгі хатты!
Күлзипа.
Мен бір жаманатты.
Шұға.
Күлзипа! Бермейсің бе?
Күлзипа.
Кімге?
Қойшы мүлде.
Шұға (жалынышты).
Берсейші, көкетай-ау, бір көрейін,
Өлейік деген болса, бірге өлейін,
Торлаған қайғы бар ма қан төктірер,
Өскендей қуаныш па шын мейірім?
Күлзипа (орнынан тұрып).
Жылаған бұл жалғанда жалғыз сен бе?
Сен асыл, басқа қыздар сенен кем бе?
(Сықақ пішінмен.)
Қол арттың Қарасайдай сүйгеніне.
Шұға (ышқынып).
Кет, бетсіз!
Енді қайтып келме! Келме!
(Күлзипа кетеді.) Бетсіз!.. Бетсіз!..
(Мұңайып біраз отырып, басын көтереді.)
Әкем сатты, Қарасайға жіп тақты.
Күлзипаға ойыншық қылдым
Әбіштен келген хатты.
Арада жүрген Қабен,
Нақақтан жаза тартты.
Қол кесілді,
Күйігім қаулап артты.
Тағы да шу,
Абырой төгілді.
Қара бұлт шындап
Қоршады көгімді,
Жылаумен,
Табамен
Өткізіп өмірді,
Күтпекпін бе өлімді?
Шұға мұңайып отырады. Базарбай кіріп, босағада тұрады.
Базарбай (өзіне).
Сөндірсем екен қалай?
Шұға (күрсініп). Ие, солай.
Базарбай.
Апырм-ай, Шұға, Айттым ғой талай.
Шұға (жалт қарап) Қоймадың ба?
Базарбай.
Шұға!
Шұға
Сықақ қылама бұ да.
Базарбай (жалынышты).
Бір ғана жұмыс тапсыр,
Шын сертімді берейін.
Әбіш үшін оққа ұшсам,
Армансыз-ақ өлейін.
Шұға (селт етіп).
Сенің Әбіш нең?
Базарбай.
Ол менің бөлем.
Шұға (жақындай түсіп).
Әбіш сенің бөлең?
Неге айтпадың бұрын?
Неге жасырдың менен?
Мендей жақыны бардан
Жиреніп жүрер деп ем.
Шұға (шіміркеніп).
Әбіштен жиіркенбекпін бе?
Далада дауыс.
Бай-бай-бай, Құдай-ай!..
Шұға (тыңдап).
Келе жатыр пәле,
Сөйлесейік оңаша,
Жүр, кетейік, қане...
Базарбайды ертіп Шұға кетеді. Аз тыныс. Ырсылдап, ентігіп Есімбек кіреді. Қолында қағаз. Соңында Айнабай.
Есімбек (отырып). Ә, құдай! Қақпас құдай! (Қағазды Айнабайға ұсынып.) Оқы мынаны!
Айнабай (қағазға үңіліп). Өлең екен. (Тақпақтап оқиды.)
Сен бір айсың – нұрландырған аспанды,
Буландырған, уландырған жас жанды.
Мен көбелек сәулең құшып билеген,
Жас жүректе мықты жара басталды.
Кірді нұрын, отты жақты ішіме,
Көтерем деп сене алмаймын күшіме.
Бірінші зар шықты тілден мұңданып,
Бұдан бұрын айтылмаған кісіге.
Жас жүректің жалқынды көп тілегі.
Жарамдысын сенен қалап тіледі.
Әзіріне үміт Қаптың тауындай,
Жазмыш түрін жауап қайтса біледі...
Есімбек (қалтырап.) Тоқтат! (Айнабай қағазды Есімбектің алдына қойып, жүгінген күйі отырады. Есімбек ен тігіп, әлсіреген түрмен.) Атыңа мін! Пырыстыпқа барасың, одан әрі уезге барасың, әйтеуір менің малымды аяма, осының басын жұтатын бол!
Айнабай (қолын төсіне қойып). Құп!
Шымылдық жабылып, кішкенеден кейін қайта ашылады.
(Базарбай желкесін қасып).
Шұғажан! Қойым барад қырдан асып,
Отырмын байдан дағы қорқып-сасып.
Берсейші бір жауапты тыңғылықты,
Әбіштің жұбанғандай мауқын басып.
Шұға (таң болған пішінмен).
Ие, жауап...
«Басқан ізіңді тауап
Етеді екен» дегейсің.
Базарбай. Әлгі айтқаның?
Шұға. Ол ма? Ол... (ойланып.) Қайда көрдім дейсің, айтшы, айтшы, Базарбай? Салшы әніңе тағы, үйренер ме екем.
Базарбай әндетеді. Шұға қосылады.
Шұғажан, сүйдім сені, бердім қолды,
Қас дұшпан керте болып құрды торды.
Мен мұнда, сен ол жақта зар иледік,
Көрмегелі едәуір күндер болды.
Жел соқса жылы, майда, бойым балқып,
Қасыма сен келгендей көкпен қалқып,
Өштескен жау көбейген сайын үдеп,
Барады ынтықтығым шектен артып.
Мен танбаймын сертімнен, сен де танба!
Біз іздеген жарық күн, бақыт алда.
Жабыққанда көңілге сүйеу қылшы,
Зарлантып осы әнімді жалғыз сал да.
Базарбай. Шұға деймін!
Шұға
Әу! Қазір!
Түу, айналып кетті миым,
Жалғыз ғана сөзді айту
Мұнша неге қиын?
Базарбай. Қарап келейін. Қай жерде екен қойым. (Кетеді.)
Шұға (не істерін білмей қысылған адамның түрімен қиналып отырады. Мұңды музыка тартылып тұрады). Жалғыз ғана сөз. Өмір де сонда, өлімде сонда. Неге айтпаймын? Әлде оны айтуға тиісті емеспін бе? Неге? (Елеуреп, қалтасынан кішкене қағазға бүктеулі зат шығарып, қолы қалтырап, сұрланады.) Жоқ! (Жыламсырап.) Жоқ!.. Неге ілікті қолыма? Бұл емес керегім... (Бүктеулі қағазды қалтасына салып, ақтарып отырып.) Бәсе, шын өмірге жол ашамын деп отырғанда... Бәсе, «бақытты тұрмыс құрайық» деп отырғанда. (Қалтасынан екінші қағаз шығарады, буя хат оқиды.)
«Шұғажан!
Тілектес дос жарды ертіп, тәуекелге бел будым. Мен десең бүгін түнде жетеміз. Еремісің? Сертіңді беремісің, Шұға, түсін, сән-салтанат ортасында жарқылдап өскен бай қызысың, мен – кедей. Кедей демей, шын тең көремісің? Сертіңді ойланып бер. Бұл ақтық өтініш.
Әбішің»
(Шұға аз ойланып, ажары күлімсірейді.)
Әрине, тең көрем!
Сертімді берем!
Кетсек, шын мақсатқа жетеміз,
Сонау Петербург, Москва –
Бәрінен де әрі өтеміз.
Біздің бақыт алыста!
Қарасайдың көзі көрмейтін,
Қолы жетпейтін жерде.
(Дереу хат жазады.)
Базарбай (үйге кіріп). Иә, сәт!
Тап осынысы хат.
Шұға.
Мә, Базарбай, Әбішке тапсыр.
Базарбай.
Құп, тақсыр!
Шұға.
«Шұғаң көңілді,
Жаңа тапты өмірді,
Жолыңа шын берілді,
Күтем деп айтты жолыңды» де.
Базарбай.
Сол айтқандарың тап осының ішінде ме?
Жүгіріп бақ, Базарбай!
Базарбай асығыс кетеді.
Шұға (көтеріңкі).
Түу,
Өзімді өзім
Осыншама қинап.
Ақтық күшімді жинап
Әлдеқашан бумай бел.
(Мақпал кіреді. Шұға күлімдеп.)
Жеңеше, кел.
Мақпал.
Еркежан, сүйінші бер!
Шұға.
Қалағаныңды ал.
Мақпал (өзіне).
Тым көңілді екен,
Мұнда қандай сыр бар?
(Шұғаға.)
Қарасай адам жіберіп,
Бүгін келем депті.
(Шұға кенет өзгереді.)
«Ұрын» келіп,
Сені көрем депті...
(Шұғаның өзгергенін сезіп.)
Сәулем-ай, тағы...
Ылғи қайғы...
Қандай ғана пәле
Уытын саған жайды?
Тәңірің қосқан адам,
Тасташы басқа ойды!
Шұға (мұңданып).
Тастамаймын, жеңеше, бұл ойымды.
Ауруға ем, жүрекке жылы ойымды.
Шын мұңдастық бұл жолға, мінде тартып,
Айтпақшы ем caған дағы бір ойымды:
Мен ұстадым Әбіштің етегінен,
Сайла жүйрік, мінемін жетегімен.
Келмек түгіл Қарасай құдай келсін,
Тап бүгін, жеңешетай, кетемін мен!
Мақпал (жағасын ұстап).
Maсқара, мұны естуім елім маған.
Жүз шыдап айтқаның-ау, сенің маған?
Ата-ана қарғысына мен де ортақ:
«Баулыған бал елдейді-ау келін балам...»
Шұға.
Мұның бәрін, жеңеше, ойлағамын.
Ойлай келе, басымды байлағамын.
Бір адамға сыр айту керек болып,
Осынша көптен сені сайлағамын.
Сырым ашық, бөгесен, қолындамын.
Мен қашудың жеңеше, жолындамын.
Тастан қамал соқсаң да талқандаймын!
Тілекті айдан анық орындауым.
Мақпал сасып, аң-таң болып отырады.
Мақпал (қынжылып).
Сәулем, еркежан-ай, енді қайттім, құдай-ау?
Далада даурыққан дауыс.Айнабай кіріп, артына қарап дәйек болады.
Айнабай. Кіріңіз, тақсыр, кіріңіз...
Есіктен пристав, одан кейін Есімбек кіреді. Есімбек пен Айнабай екі жақтан жүгіріп приставтың сыртын жастықпен толтырады. Мақпал сызылып, бетін көлеңкелеп үйден шығады.
Айнабай. Әй, сен қарама! (Жағынып күліп, мәз болады. Шұға кетуге ыңғайланады.)
Есімбек. Шұғажан, отыр, қымыз құйып бер кісіге. (Шұға әкесінің сөзін елемей, шығып кетеді.)
Есімбек (Айнабайға). Кене ме, мынауың? Өне ме, бірдеме?
Айнабай. Өнеді, өнеді.
Есімбек. Әкесінің асын беріп қыздырып алмасақ, көңілденбейді бұл.
Айнабай кереует астынан бір бөтелке арақ пен кесе алып, жымыңдап, жүгініп отырып, аузын ашады. Пристав та жымыңдап мұртын сипай бастайды.
Айнабай. Қараша, ә? (Кесеге құйып, приставка ұсынады.)
Пристав. Байдікі ішсін, ол хозяйн.
Есімбек (апалақтап). Апырым-ай...
Айнабай. Дініңіз үшін болмағанмен, күніңіз үшін ғой, тартып жіберіңіз.
Есімбек (кесені алып). Есікке баршы, біреу келіп жүрмесін.
Айнабай есікке барады. Есімбек ішіп, тыржияды.
Пристав (мәз болып). Хорошо!
Есімбек. Қараша, қараша.
Айнабай (приставка қайта арақ беріп). Вот, настоящий Әбіш, настоящий бұзық, ол патшаны боқтаған, құранды тепкен... Патшаны боқтағанды менікі, вот мына құлағыммен есіткен. (Присав мастардың әнімен өлең айтады.)
Есімбек. Қабенді шақыр, мына кісінің әніне домбырасын қоссын.
Айнабай (Шайқайлап). Қабен, уа, Қабен! (Домбыра ұстап Қабен кіріп, есік жаққа тізерлей отырады.) Он жыл орыстың күтуін баққанда бірдеме үйренген шығарсың, тартып жібер орыстың, бір күйін.
Қабен билеу күйін тартады. Пристав қызып, тұра билейді. Есімбек пен Айнабай мәз боп, олар да қосылады. Би түрі: Приставтікі өктемдік пішін, Айнабай мен Есімбектікі соған жағыну.
Айнабай.
Әнге бас, әнге!
(Қабен ән салады.)
Мен қалайша жалғанда тұрақтаймын,
Көлге біткен майыстым құрақтайын,
Аузы түкті төренің талайларьн
Бақыртып бауыздаушы ем лақтайын.
Айнабай. Әй, қан жауғыр, төбесі жарық екенін білмеймісің мұның?
Есімбек (кейіп). «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деп? көрдің бе мұның? Жоғал, көзіме көрінбей!
Қабен кетеді. Аз тыныс. Пристав қалғи бастайды.
Есімбек (Айнабайға). Осының көмейіне олқы болған жоқ па? Тағы бір жұдырық тығып жібересің бе?
Айнабай. Сүйтейін. (Есілбек ақша береді, Айнабай жеңінің ішіне орамалмен көлегейлеп.) Баше, сенікі, орамал түскен, орамал... көресің?.. (Ақшаның шетін приставка көрсетіп, қалтасына тығады.)
Пристав (Күлімдеп). Ох, как хорошо... (Айнабайды арқадан қағып.) Әйдә, барамыз, ұстаймыз Әбішті!
Есімбек. Иә, сәт! Ырзамын малыма, ырзамын!
Екеуі дәйек боп приставил ертіп шығады. Сахна бірсыпыра бос, Шұға кіреді.
Шұға (есіктен қарап). Қимылдары асығыс, бірдемеге әзірлік... Сөздері сыбыр. Шетке қаққандары мен. (Күрсініп.) Рас, мен бөлектендім... (Кереуетке отырады.)
Макпал кіреді.
Шұға. Жеңеше, төре неге келіпті?
Мақпал (жабыңқы). Білмеймін, қарағым.
Шұға (Мақпалға қадала қарап). Жеңеше, ұғыныса алмадық па?
Мақпал. Сәулем-ай, енді...
Базарбай кіреді.
Шұға (селт етіп). Базарбай, жолықтың ба? (Базарбай қыбыжықтайды.) Жасырма, айт! Жеңешемді жатқа санамаймын. Жат болам десе, ұстап берсін. Шын дос болам десе, бүгін қолынан аттандырып қоштасатын күні.
Базарбай (күлімдеп). Тапсырдым. Әзірленеміз деп ауылына кетті. Ел жата Тасшоқының арғы бауырында тоспақ.
Шұға. Есіттің бе, жеңеше, бүгін кетеміз! (Мақпал үндемейді.) Жеңеше, бері келші, жаныма отыр (Мақпал кереуетке отырады.) Қолыңнан аттандырасың ғой, иә?
Мақпал. Сәулем-ай!
Шұға. Аттандырасың! Жанымдай көрген жалғыз жеңгем ең, тым болмаса сенімен араздаспай кетейін. Алыста жүріп саған ғана, ойыма алып, мауқымды басып жүрейін.
(Шұға Мақпалды құшақтап ән салады.)
Кербесті аттың кекілі өрім-өрім.
Қоштасамын сенімен қайран елім.
Өлсем, бақыл, сау болсам дұғада бол,
Достасқан бала күннен, жеңгелерім!
Өлеңнің соңғы ауызы айтылғанда Күлзипа кіріп, есікте тұрады.
Күлзипа (мысқылдай күліп). Жүргелі жатырмысың, Шұға? Менімен қоштаспаймысың?
Шұға (шошып). Қарабет! Тағы тыңдап үлгірдің, бе?
Күлзипа (мысқылдап). Мен де ғашықпын Әбішке, мені де ала кет бірге.
Шымылдық.

ҮШІНШІ ПЕРДЕ
Байдың отауы. Түн. Шымылдық ашылғанда ән салып отырған әнші. Кереует алдыңда Қарасай. Қарасайдың жоғарғы жағында тізесіне сүйеніп Күлзипа отыр. Төменгі жағында Мақпал, одан әрі Шоқпарбай. Қыз-келіншек, бозбалалар. Ән тоқтағанда жұрт жайрандасады. Қарасай тұнжыраулы.
Қарасай (Мақпалға).
Сыпайы жеңге! Ойын болса әңге Осы бастан сездір.
Мақпал
Бай-бай, күйеужан-ай,
Жетсін деп ем мезгіл.
Жатсын деп ем кемпір-шал,
Елдің салтына сәйкес болса не өкпең бар?
Қарасай. Түк өкпем жоқ, тек сол салтқа сақ бол.
Мақпал. Жүрші, Әсия, міндетімізден құтылайық. Қызғаныш отыр дер.
Мақпал мен Әсия кетеді. Қарасай Күлзипамен сөйлеспеді.
Бір жігіт (домбыра ұстап). Ал, әйелдер, айтысасыңдар ма?
Бір келіншек. Айтысарлық әлің бар ма?
Жігіт. Тіл сайрауға дайын, домбыра қолда.
Екінші жігіт. Болма! Болма!
Жігіт (әндетіп).
Арбаның арысы емес, белағашы.
Ауылымның жиналыпты кәрі-жасы.
Сайрайын сайра десең, бұлбұл болып,
Әйелдер, маған таман қараңдаршы.
Екі әйел (қарсы отырып қосылып).
Арбаның арысы емес, белағашы,
Ауылымның жиналыпты кәрі-жасы.
Білмейміз, бұлбұлсың ба, қарғасың ба?
Күшіңді көрсеткенше мақтанбашы.
Жігіт.
Мінгенім дәйім менің торы бесті,
Тұралап торы бестімнің тұяғы ескі.
Салғанда мен «Көкекке» естен танып,
Шуласып әйел біткен «пәли!» десті.
Әйелдер.
Мінгенім дәйім менің торы бесті,
Тұралап торы бестімнің тұяғы ескі.
Салғанда сен «Көкекке» әйел біткен:
«Құрысын, даусы неткен жаман?» десті
Жігіт.
Деген соң әләуләйім, әләуләйім,
Аспанда жарқыраған күн мен айым.
Шындасам мен сендерді жеңер едім,
Әуре боп болмашыға не қылайын.
Әйелдеp.
Деген соң әләуләйім, әләуләйім.
Аспанда жарқыраған күн мен айым.
Шыңдасам мен де сені жеңер едім,
Сыйладым замандас ең не қылайын.
Жігіт.
Деген соң өлең екен, өлең екен.
Білгенге мынау өлең өнер екен.
Жігіттер, байқайсыңдар ма?
Мынау әйелдерге бірдеме керек екен.
Қа-қа-қалаған күлкі.
Мақпал мен Әсия Шұғаны алып кіреді.
Шұға ақ шәлі бүркенген, отырған жұрт бір ауыз өлең айтады.
Есімбектің қызы едің, атың Шұға,
Жаралғаннан кем емес затың, Шұға,
Хан ұлындай Қарасай келіп отыр.
Шыдайды не қып қана дәтің, Шұға!
Құттықтаймыз жарыңды!
Сүйіп алған жаныңды.
Күлсін жүзің желпіп аш
Ақ бөкебай-шәліңді!
Мақпал Шұғаның бетін ашады.
Шұға (налып). Жеңешетай, шынымен отырам бақасына?
Мақпал. Еркежан, жасыма! Қайтесің, көн. Шұға (күрсініп ілгері аттап).
Сорлы әйел көретін күнің осы да! (Шұға Қарасайдан алысырақ отырады.)
Күлзипа.
Қалындық деген назданып,
Күйеуіне күлмес пе,
Иығына асыла?!
(Мысқылдап.)
«Тасшоқының бауырында
Тұрған шығар жол тосып».
Жезде деймін,
Келейін бе із кесіп?
Қарасай.
Сұлу қыз, түсің сұрғылт дерттенгендей,
Сырласып әлдекімге серт бергендей,
Аптыққан ашу кернеп бой-басыңды,
Жүйрігің жауға аттанар ерттелгендей.
Шұға.
Жау келсе қарсы аттану ердің ісі,
Әзірге тыныштық қой елдің іші.
Қарасай.
Тыныштық болса неге шегін тартып,
Жағасын ұстап отыр үлкен-кіші?
Шұға (ашулы).
Кетпесін ол айтқаның өз басыңнан,
Ежелден арылмаған сөз басыңнан.
Қарасай (ақырып).
Тоқтат сөзіңді!
Шұға (оған бұрыла түсіп). Ол күшіңді кейінге сақта, босағаңды аттасам, сол жерде жұмсарсың!
Бір жігіт (жолдасына). Жүз жанбауын көрдің бе, ой өзі де Шұға десе, Шұға-ау!..
Базарбай кіріп, Шұғаға жақындайды.
Шұға (елең етіп сыбырлап). Келді ме?
Базарбай. Зыр жүгіріп іздемеген жерім жоқ.
Шұға (налып). Не болды апырм-ау? (Екеуі сыбырласады.)
Күлзипа (Қарасайға). Әбіш келген болды, мынау хабаршы. Қарасай (тіксініп, Шоқпарбайға). Атаңның басын бітіріп отырмысың, сүйреп шығар ананы!
Шоқпарбай тұра ұмтылып, Базарбайды жағасынан сүйрей жөнеледі.
Шұға (шошынып). Бұ не бассыздық?.. (Күрсініп.) «Жаманның әлі жапалаққа жетеді» болды ма?
Қыз-келіншектер өз алдына күліседі.
Жігіт. Ойын бастайық, ау. Басқалар.Сен баста.
Жігіт. «Онда құл бітеді» дейтін ойын бар. Мен бастайын. Мен не істесем, сендер соны істеуге міндеттісіңдер. Мақұл ма?
Жігіт жерде отырып бастайды. Басқалар ереді. Музыка қимылдары билеуге айналады. Би аяқтала бергенде, Әбіш кіріп келеді. Жанында Кәрім мен Қабен.
Әбіш. Шұғажан.
Шұға (ұшып тұрып). Әбіш.
Қарасай ақыра тұрып, Шұғаға жабысқанда, Әбіш наган суырады.
Әбіш (Қарасайға мылтығын төсеп). Жаның керек болса, жібер!
Қарасай мылтықтан қорқып, бір отырып, бір тұрады. Басқа жігіттерге «жабылыңдар» деп бұйырғанмен, оларды Кәрім мен Қабен қозғалдырмайды. Қарасай Шоқпарбайды ымдап жұмсап, ол абайсызда шыққандай еңбектеген күйі үйден шығады.
Әбіш (ән).
Шұғажан!
Сертті жерге тостым келіп.
Ерер деп сені артыма сертін беріп.
Бұл қалай: адастың ба сөзден шықпай.
Келгенің Қарасайға сенің көніп?
Шұға (мұңайып).
Сорлы екен әйел деген әдет құлы,
Жоқ еді сен дегенде көңіл кірі.
Жүрек – қан, басым – тұман, көзім– бұлдыр,
Құр сүлдер тұр демесең әзір тірі.
Әбіш.
Шұғажан, тұра берсек өтеді күн,
Қос жүйрік міндім таңдап жетегімен,
Ашық айт ақтық сөзін, әуре қылма!
Шұға (әнімен).
Сен білші, мен ұстадым етегіңнен!
Әбішке келіп, иығына қол салады. Қарасай өлердей боп бүлініп отырады.
Әбіш (көтеріңкі) Шұғажан! Ырзамын, ойлағанымдай шықтың. Ескі әдеттің шынжырын үзіп, жаңа өмірге жол салғандық осы, бұрын қазақтың қай қызы күйеуінің көзінше сүйгенімен сөйлесіп, құшағына кірді екен? (Шұғаны құшақтап.) Көресің.
Қарасай! Мен дегеніме жеттім!
Апыр-топыр боп екі стражник пен Айнабай кіреді. Стражниктер Әбішке мылтығын төсеп тұра қалады. Шұға шошып, шегінеді. Қарасай есін жинағандай боп, әкіреңдеп Шұғаға жабысады. Кәрімдер стражникке төне түскенде.
Әбіш. Кәрім! Қанды қолдың тырнағына қапыда іліктім. Мені босату екеуіңнің ғана қолыңнан келмейді, қалың кедейдің ұйымдасқан айбарлы күші керек. Сол күшті ұйымдастырыңдар!
Айнабай. Ә, мұндар!
Стражниктер Әбішті итермелеп үйден шығарады. Әбіш тысқа шығып бара жатып «Шұғажан», –дейді. Шұға «Әбіш», – деп ұмтылғанда, Қарасай жібермейді. Дабыр басылады. Жұрт аң-таң. Шұға есінен айырылған адам тәрізді.
Бір әйел. Сұмдық-ай, мұны да көрдік пе?
Екінші әйел. Әбішті айтам-ау, жігіттің гүлі екен!
Бір жігіт (жолдасына). Өй, өзі де Шұға десе, Шұға-ау! Именуіңді білмейді-ау, ә!
Күлзипа (біраз бұртиып отырып, кенет түсін өзгертіп). Жезде деймін! Жақын отырайыншы!.. Жезде деймін, ашшы қабағыңды! Өштескен адамыңды көкпар қып сүйреткен жоқсың ба? Бітті ғой кегің.
Қарасай (көтеріліп). Асау тайдай алысқан арсыз сұлу, құлақ сал! Арыстан деп мақтаған адамыңның адымын қысқарттым. Білдің бе, кім жеңді?
Шұға (селт етіп). Рас, сен жеңдің. Түу! Қалай мықтысың-ай. Бұл күшіңді бұрын неге көрсетпеп ең? Рас, мен арсыз... мен арсыз ғой, иә?.. Қа-қа-қа. (Кенет ойланып.) Не күтіп отырмын мен? Жеткен жоқ па кез? (Қалтасын қарманады.) Енді маған не қалды? Қарасайдың тепкісінде шірімекпін бе? (Қалтасынан ораулы қағаз шығарып, қалтыранып.) Қайран өмір! (Қағазды аузына апара беріп, кенет тоқтайды.) Неге?., әлде... жоқ!.. (Кенет аузына салып, түйлігіп отырып қалады.)
Қарасай (даурығып) Уа Қаумен!
Адамдықта болса дәмең,
Сал әнді!
Шамшырағым жанды,
Жауым жеңілді,
Жаңа тілек тілейін!
Күлейін, күлейін,
Көңілім семірді.
Өлең бастала бергенде, Шұға сылқ егіп құлай кетеді. Жұрт шу етіп, жағалай келіп төнеді.
– Байғұс-ау!
– Түсі кетіп қалыпты ғой.
– Аузы көпіргені несі?
– Бұған бірдеменің шалығы тиген!
– Аруақты сілкіндірген соң оңай ма?
– Молдаға шабындар!
– Бақсыны алдырыңдар!
– Тоқтаңдар, бірдеме дейді.
Жұрт тынып, төне түседі. Шұға Мақпалға сүйеніп, басын көтереді. Қиналу. Музыка.
Шұға (әлсіреген пішінмен, қиналып).
Өртен жүрек! Өлімге есік ашық.
Сүйгеніңнен айрылдың болған ғашық.
Маңайым қаптаған жау, кезелген оқ.
Мен кімді қиратармын қарсыласып?!
Шымылдық.

ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ
Байдың отауы. Үйдің ортасында төсек үстінде Шұға жатыр, ауру. Үйді жағалай жүгініп отырған адам. Шымылдық ашылғанда бақсы секіріп, зікір салып жүреді. Қозғалысы би, музыка. - Басқаларды да билетеді. Аздан кейін бақсы болдырып, мықшиып отырады.

I кісі. Жынымен сөйлесіп отыр-ау, сірә?
II кісі. Бұл атақты бақсы ғой, жазбай қоймас.
I кісі. Осыдан бірдеме болмаса, бақсы-балгердің өзін де түгендеді ғой. (Бақсы айқайлап қалғанда, жұрт селк етеді.)
Бақсы.
Бірін қалмай шығындар!
Бұл үйдің маңында,
Қыбыр еткен жан болмасын,
Жыным соғып кетеді.
Жұрт топырлап шығады. Үйде бақсы мен Шұға. Бақсы мықшиюмен отырады.
Шұға (күрсініп).
Жынды қыз атандым,
Бақсы-балгерге ойыншық болдым.
Бақсы (Шұғаға жақындап). Жарқыным!Айтыңызшы, ауруыңызға не себеп болды?
Шұға. Әулие емессің бе? Біл өзің.
Бақсы. Жарқыным, түсін, қайткенде жазылар ең, соны айт. Тілегіңді орындатып берейін. Тілімді алдырайын.
Шұға (көтеріле түсіп, өзіне). Айтсам ба екен?.. Бәлкім... (Бақсыға.) Айдай әлемге әшкере жұмыс қой: менің дертім ғашықтық. Ғашығымды көрсем.
Бақсы. Жазыласың ба?
Шұға. Жазылам!
Бақсы. Көрсеттірем! Жазыл, қарағым, маған да абырой керек. («Шуақ»деп секіріп бақсы кетеді.)
Шұға. Алдау... арбау... қараңғылық... Түсініп келем... Мен осының құрбаны... (Ойланып, мұңайып.) Қайдан келсін ол, қанды қолға іліккен соң... Жаным, Әбішім!.. (Қамығады.) Базарбай, қайдасың?
Базарбай (кіріп). Келдім, Шұға.
Шұға (талықсып). Айтшы өлеңімді! Тарқатшы шерімді! Тұншықтым ғой.
Базарбай бастап, Шұға қосылады.
Әуре қып неге біткен ажар-көрік,
ішіңе от түсірдің, сәулем, көріп!
Жолыңды жар болғалы тосып едім,
Серттесіп, қол алысып, уәде беріп,
«Шұғажан» деген сөзің бойды жайлап,
Келбетін көз алдымнан кетпейді ойнап.
У жеген аңдай болып, буын босап,
Жан қалқа, өртендім ғой бір сені ойлап.
У іштім ел ісіне күйгенімнен,
Жан қалқа, жалғыз сені сүйгенімнен!
Жатқаным көр ішінде мың есе артық,
Қатын боп Қарасайға тигенімнен.
Жолыңа құрбан қып ем жан мен тәнді.
Дариға! Айтылған серт болмай қалды.
Көре алмай ақтық минут дидарыңды,
Арманда өтемін бе, болып зарлы!..
Мақпал кіреді.
Мақпал. Сәулем-ай. Күңіренбеші! Сырқыраттың ғой сүйекті. Ата-анаңда егілді. Жақсылықтың белгісі де көрінді.
Шұға (селт етіп). Қандай?
Мақпал. Қуаншы сәулем, сергіші. Әбіш босанып еліне келіпті!
Шұға. Шын ба, жеңеше, Әбіш еліне келіпті дейсің бе?
Мақпал. Қуан сәулем, Әбішке адам жібергелі жатыр: келіп көріп кетсін деп.
Шұға (елеуреп). Әбіш келе ме? Шын келе ме? Жеңеше, шын дос екенсің, қуанттың ғой! Жарылды ғой жүрегім! Базарбай (көтеріңкі шаттық әнмен).
Серпілді тұман, серпілді,
Аласын Шұға, еркінді.
Көргенде Әбіш қуансын
Құбылтып, Шұға көркіңді!
Жеңілді әкең, жеңілді,
Жеңгем Мақпал көңілді.
Өксігіңді бас,
Өмір таңы көрінді!
Қосыласың теңіңмен,
Келешекке сенем мен.
Жау қорғаны талқан боп,
Осылай болар жеңілген!
Құр қиялға семірген,
Мал мен баққа елірген,
Қарасайдай қас жауын,
Бүгін көрге көмілген!
Шықты қайғы көңілден
Сәулең мынау көрінген.
Жазыл, Шұға, мың құлпыр,
Қол үз енді өлімнен!
Шұға (жайраңдап). Рас, жазылайын! Қол сілкейін өлімнен! Әбішті көретінім рас болса.
Мақпал (көпке). Батыр-ау, бақсы не деген әулие еді: шынымен жазылды мына қыз! Базарбай, кемпірге айт, жазылды де.
Базарбай кетеді.
Сәулем, еркежан, жаңа жайландым ғой...
Шұға. Жеңеше, шын келе ме Әбіш?
Мақпал. Шын, қарағым, шын... (Кетеді.)
Шұға (шашын өріп отырып, тізесінде айна). Осыншама жүдедім. Келсе екен тезірек, айтар ем наз қып... Қызық өмір-ау, сүйген адамыңа назыңды айтып, еркелеп отырсаң... Мінезі... (Күрсініп.) Әй, ел-ай, әдетің сенің құрысын да... (Базарбай кіреді.) Көріне ме, Базарбай?
Базарбай (күлімдеп). Бай, бай, Шұға-ай, бүріп-ақ болдың-ау.
Шұға. Қайтейін, сенен басқа кімім бар?
Мақпал кіреді, түсі салқын.
Мақпал. Бара тұршы, Базарбай.
Шұға. Жай ма, жеңеше?
Базарбай (көпке). Сұмдық болмаса игі еді! (Кетеді.)
Мақпал. Еркежан. (Шұға оған қадала қарайды.) Әшейін, Қарасай келіп... Көңліңді сұрамақпа-ау. (Шұға шошынып, сұрланады.) Өзгермеші, сәулем. Ол сорлыда не жазық бар.
Шұға. Жеңеше, шын айтып отырмысың?
Мақпал. Сәулем-ай, енді... қайтейін? Екі оттың ортасында күйдім-ау. (Жыламсырап.) Айтайын десем, сенен жасқанам, айтпайын десем, ата-анадан қорқам. (Аз тыныс.)
Шұға (сазарып). Жасырма, тағы не бар?
Мақпал (қамыққан күйі). Қарасайдан қаймығып, Әбішті келтірмейтін болды.
Шұға. Не дейсің? Әбішті келтірмейді?
Селт еткендей шошынып, аздан кейін басын тізесіне қояды.
Мұңды музыка. Қамыққан дауыспен.
Тас жүректі жібиді дедім-ау мен,
Табамын деп сонымен жүрекке ем.
Қасыма кеп тұрғандай қуанып ем,
Көзіме елес беріп есіл сәулем.
Ажал таңым лезде түнге айналды,
Шуылдаған құлағым үнге айналды.
Мұның теріс дей тұғын дәрмен қайда,
Көндім, көндім!.. Мен біттім! Тіл байланды.
(Әлсізденіп отырып қалады.)
Мақпал. Еркежан-ай, енді қайттім.
Шұға (аздан кейін, салқын ). Келсін!
Мақпал. Қарасай ма?
Шұға. Кім болса да...
Мақпал Шұғаға қарай түсіп, шығады. Аздан кейін Қарасай, кіреді. Амандасады. Шұға басын көтермей, тіл қатпай отыра береді.
Қарасай. Тәуірмісің?
Шұға (теріс қарап). Тәуір болмағанда қайтпекші ең?
Қарасай. Шұғажан!
Шұға. «Жаның» емеспін.
Қарасай. Шұғажан! Маған деген бір жылы сөзің жоқ па? Мен де адам баласымын. Менің де жар сүйгім келеді.
Шұға. Адамыңды тауып сүй. Жатты иемденбе.
Қарасай. Қалай жат боласың: тәңірі қосқан жарымсың.
Шұға (ашулы). Сенімен қосқан жоқ тәңірі, менің талайыма жаралған адам бөлек!
Қарасай. Ым... қаһарыңа мініп отыр екенсің. Есіткенмін. Тәңірі қосқан күйеуің мені шақыртпай, Әбішке ат шаптыртыпсың. Осы қорлағаның да жетер! Мен кегімді Әбіштен алам. Әбішке тағы да op қазып келдім, мұны да есіте отыр.
Шұға (шошынып). Не дейді мына қарабет?
Қарасай. Әй, «қарабетің» не?
Күлзипа (жайраңдап кіріп). Ойнап-күлгендерді көрейін деп келіп ем. Жиі келмейсің деп өкпелеп отыр ма Шұға?.. (Шұғаның бетіне сықақ күлкімен қарайды, Қарасайға.) Әбіштерді ұстауға әскер шыққан ба, Қарасай-ау?
Шұға қалтыранып, басын ұстап отырып қалады. Мақпал кіреді.
Мақпал. (Күлзипаға ұнатпай қарайды). Несіне сығырая қалдың, былай отыршы! (Шұғамен Күлзипаның арасына отырып.) Еркежан-ау, Еркежан... (Шұғаның басын көтеріп.) Батыр-ау, түсі кетіп қалыпты ғой!.. Еркежан деймін! (Шұғаны сыртынан құшақтап.) Базарбай, кемпірді шақыр. Не болды, жаным?.. Еркежан!
Бәйбіше (сарнай кіреді). Қалқам-ау... Қарағым-ау... (Далада Есімбектің даусы: «Молданы шақыр».)
Есімбек (кіріп). Жай ма?.. Шұғажан!.. Апырм-ай... (Қарасайға.) Жаным, бірдеме білсең, дем салып жіберші.
Қарасай оқынып, жақындаймын дегенде:
Шұға (ышқынып безеріп). Жоқ... әншейін... (әлсіреп.) Базарбай! (Қамығып Базарбай төнеді. Есімбек кейін шегінеді.) Айтшы, ақтық иманым болсын... Оқыған құраның болсын!
Есімбек. Апырм-ай...
Бәйбіше (жылап). Тимеші!
Базарбай (бір тізерлеп отырып, Шұғаның әнімен жоғарғы өлеңді айтып шығады.)
Шұға (елеуреп, төрге ұмтылып). Әбішім!.. Әбішжаным! Әне, әне... келді... келші, сәулем!.. (Күлімдеп.) Түу... осыншам азарықтырып... аямадың ба? Жүдегенімді көремісің?.. Не дейсің! Тоқта, тоқта, Әбіш деймін!.. Әбіш... Әбіш!.. (Тағы да төрге ұмтылады. Мақпал жібермейді, есінен танады. Әйелдердің жоқтауы. Жоқтау біткенде Кәрім мен Әбіш кіреді.)
Мақпал. Әбіш! Айырылдым...
Әбіш (аңырып тұрып қалады. Музыка. Ән).
Оқ тиген жапандағы болдың киік,
Жан қалқа, жараландым сені сүйіп.
Жарқылдап сен шыққанда қарсы алдымнан,
Қалмастан таралушы ед қайғы-күйік.
Бетіңді ақ орамал бүркей жапқан,
Тиді екен қай жауыздың оғы айтқан?
Бір ауыз лебізіне ынтық болып
Мен болдым күйгіңді мәңгі тартқан!
Әбіш мұңайып, Шұғаның жанында тізерлеп отырып қалады. Аз тыныс.
Кәрім (күрсініп). Ой, Шұға десе, Шұға еді-ау!.. (Әбіштің иығына қол салып.) Әбіш, жолда келе жатып не деп ең? «У ішкен Шұғаның, үйірге қосылуы қиын. Кегімді аламын: қастасқан Карасаймен майданға түсемін!» деген жоқ па ең? Жасыма. Атқа мінейік...
Әбіш (басын көтеріп.) Солай ма?
Орнынан тұрып, орамалымен көзін сүртем дегенде, «соқыр-текедегі» Шұғаның орамалы қолына түсіп, соған қарап тұрып, әнмен бір ауыз өлең айтып, сахнадан шығады.
Шымылдық.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама