Біржанды көргенім
1939 жылы июль айында Аманжолов екеуміз Көкшетауды араладық. Көкшенің сұлу жерлерімен бірге Біржанның, Шолақтың, Бекахметтің, Әпіш ақындардың туған жерлерінде болып солар жайындағы елдің ауыз әңгімелерін көп есітіп тыңдадық. Әнші, Тілеубайдың Ахметжаны, Еркесарының Мұқаны, Асантай күйші, Ысмайыл, Ысқақ деген қариялар, Шолақтың қызы мен баласы Біржанның ағайын жақындары бәрі бізге неше түрлі қызық әңгіме, өнер жәрмеңкесін ашқандай болды. Қасым толып жатқан жаңа ән-күйді жаттап қайтатын болса, мен қариялардың бірқатар әңгімелерін жазып алып едім. Олар Біржанның туған, өлген жылдарын, ата тегін таратып айтып берді. Жетісуға, Найманға барып, Сарамен айтысқаны жөнінде бірталай деректерді анықтап, әңгімені бабына келтіріп, майын тамызып шебер айтатын Тұран баласы Ысмайыл қария да сол кезде жетпістің ішінде, онымен құрбы Ысқақ қалжыңдап, Ысмайылдың әңгімесін мақұлдап, толықтырып, не сынап-мінеп отырады. Ысмайыл былай деді:
Біржан Сарыарқадағы жәрмеңкенің барлығын аралап, орыс, қазақтың бәріне бірдей әнін шырқап салған адам ғой. Қоянды, Атбасар, Тайынша, Ботау, Ірбіт жәрмеңкелерін, Омбы, Семей, Ақмола, Қызылжар, Орынбор қалаларын да талай аралап көріп, сайран салған сабазың емес пе? Біржан орыстың, ноғай, башқұрт— суан, қырғыз, шүршіт, тағы басқа жұрттардың әндерін де білетін. Қояндыға барса, тез оралмайды. Алтай, Қуандық, Қаракесек, Сүйіндік, Найман, Тобықты елдерін аралап, ән салып жүретін. Қасындағы жолдас-жорасымен түгел олжалы болып қайтатын. Бір жолы Қояндыға барғаннан қайтпай, бірнеше ай тобықты Құнанбай ауылында болып, келер жылғы жәрмеңкеге қайта қатынасып елге келген. Құнанбайдың баласы Абайды осы жолы мақтап қайтқан екен. Сараның даңқын да Қоянды жәрмеңкесінде есітіп біліп келіп, қасына елден таңдап бір топ нөкер ертіп Сарамен айтысып жеңіп қайтыпты, Қасына ергендердің ішінде ағасы Нұржанның баласы Ахметжан, Атығай, Тоқабай дегендер болса керек.
Сарамен айтысқаны жөнінде Біржан өзі — ондай ақын қызды өмірімде көрмедім, басы байлаулы әйел болғасын тосыла берді ғой. Әйтпесе алдыратын емес. Шаңын көрсетпес саңлақ еді. Кеудеге, есерлікке басып жеңдік деп кеттім, үйтпесе Сараға тең түсер адам жоқ,— деп әлде неше рет айтқанын жақсы білемін. Біржанның салған әнін бала кезімнен бастап естідім. Ол керемет әнші еді. Біржанның дауысы он-он бес шақырым отырған ауылға жетіп, даланы жаңғырықтырып жіберуші еді, шырқап ән салғанда тамағы, кеңірдегі ісініп толып, бас терісі, бет-ауыздары тегіс өзгеріп, басында да тақиясы бір орында тұрмай әрі-бері қозғалып билеп жүретіндей көрінетін. Мұндай күшті, зор дауысты естігеміз жоқ, ақырын шырқағанда аспан асты, жер үсті қалтырағандай жер-тау қозғалып, көл шайқалғандай болушы еді.
Байлаулы жатқанда Біржанды әлденеше рет көрдім, жылап еңіреп өлеңін айтып, қалжырап барып ұйықтап кетеді. Шошып оянып, тағы да өлең айтатын. Есі бірде бар, бірде жоқ сияқты. Жүдеу, сақал, шашы ағарған, алынбаған, көзімен ежірейе қарағанда өткір еді, өңменіңнен өтіп кете жаздайды. Біз жас жігіттер сонысынан қорқып, шыдай алмай шығып кететін едік. Бір барғанымда қасында екі-үш шал, бір кемпір отыр екен. Жайбарақат әңгімелесіп, жасындағы көрген қызығын есіне түсіріп, ел жайын сұрап, алыстан жолаушылап қайтып, өзінің ағайын, ел-жұртының жайын білгісі келгендей халінде екен. Шалдар берген сұрағына тиісті жауабын айтады. Бір кезде жалынып аяқ-қолын шешкізді онда да тыныш отырды, өзімен өзі сырласқандай, домбырасымен сөйлескендей күбірлеп отырды. Шалдың бірі сыбырлап «тары бүлдірмесе жарар еді» деп еді, соны құлағы шалып қалды да, Біржан — ия бүлдірем, дүниені бүлдіріп-ақ келгемін, бүлдіріп кетем деп, қолына түскен нәрсені лақтырып қирата бастады. «Шалдар сорлы-ай! Бишара-ай» деп, ауру Біржанды қоршап, қайтадан қол-аяғын байлап тастады. Біржан ешкіммен тіл қатпай сұлық түсіп жатты. Шалдар енді тимеңдер тынықсын, деп шығып кетті. Біз де бірге шықтық.
Біржан ауырып жынданды десе де, төңірегіндегі елге қадірлі болды. Оның көңілін сұраған жұрт ағылып келіп жатты.
Керей мен Елтоқ елі құдандалы: ауыл арасы жақын ғой. Біздің төңіректе Біржанды мінеген адамды көргеміз жоқ, бәрі де өнерін асыра мақтап, соңғы кезде ауруға шалдыққанын айтып аяйтын еді. Жанбота тұқымыменен Біржан, оның, ағайындары тату-тәтті құдандалы еді. Бұлардың арасында араздық болған емес, қайта олар, оның балалары бәрі Біржан арқылы Қожағұл әулетімен дос болып кетті. Біржан ел аралап, әсіресе біздің Елтоқ ішіне келгенде қасына бір топ нөкері болушы еді. Бір-екі рет сол топтың ішінде, Шолақ бәрі келді. Ол кезде Біржан қария ел ағасы сияқты да, Шолақ жас жігіт, есер, мақтанып сөйлейді. Бірақ Біржанның алдында кішілік, сыпайылық сақтайтын. Ал Біржан жасына қарай, салмақты мінез көрсеткен жоқ. Сол Шолақпен қасындағы нөкер жігіттермен замандас, құрбыларындай күліп ойнап, әзілдесіп отырғандығын елде жасы үлкен қариялары ұнатпады. Пайғамбар жасына келсе де, мынаның жыны басылмаған екен, жын-шайтан билеген адамға дауа болмас деген сөздерді естігенім бар. Қасындағы Шолақ тағы басқа жастардың қыз-келіншекке айтатын қылжақ сөздерді көбірек айтса, Біржанның қышыған жеріне тиетіндей; жаны кіріп балаша мәз болып отырады. Біржан қартайғанда, өте сыпайы, сәнді киінетін. Ол есер емес, тәкәппар да емес, сәнді салтанатты адам болатын. Ауыл аралас, қой қоралас отырған жапсарлас Керей мен Майлыбалта елінің арасында дау-жанжал, барымта, партия тартыстары бірде өршіп, бірде бәсеңдеп жүріп жатқан мезгілдерде, Біржан ондай тартыстардың ешбіріне мән бермей, халықтың бәрімен де тату-тәтті достасып өзінің ойын-сауық, әндерімен шұғылданып күліп-ойнап жүре береді екен. Осы мінезіне қарап, Керейдің кейбір шонжарлары ел намысын жоқтай білмес есуас деп Біржанды талай рет кінәләпті.
Біздің төңіректе дәл Біржанның өзіне пар келер өнерпазды көре алмадым. Шолақ алдыменен палуан ғой, Керей ішінде Бөкеннің Хамиті, Сары балаларынан Бекахмет пен Мариям, біздің елдегі Мұқан бәрі де сол асылдың сынығындай әншілер ғой.
Жазып алған Есмағамбет Ысмайылов