Соңғы тазалық: тазалық жүргізудің швециялық жаңа әдісі
Ертең өмірден кететініңізді елестетіңізші. Артыңызда не қалдырасыз?
Скандинавиялықтар әлемге Ганс Христиан Андерсен мен Астрид Линдгреннің кітаптарынан бастап өмірдің хюгге және лагом стиліне дейін керемет нәрселер қалдырды. Олардың келесі сыйы, үй кеңістігін ұйымдастыру мен тазалық сақтауға байланысты.
Döstädning — швед тілінен аударғанда «өлім алдындағы тазалық» деген мағынаға келеді. Оның қарапайым тілмен «соңғы рет азалық жасау» деп те айтуға болады.
Бұл ұғымның авторы «Өлім алдындағы тазалықтың шведтік шетін өнері: өзіңді және отбасыңды өмірлік ретсіздіктен қалай құтқару керек» деген біраз даулы атаумен кітап шығарған шведтік суретші Маргарета Магнуссен «Айналаңа қара. Ертең өлгеннен кейін артыңда не қалады?» деген қарапайым қағиданы алға тартты. Күтпеген жерден бұл тезис сәнді трендке айналды.
Бұл мақаладабіз «өлім алдындағы тазалық жүргізудің» мәнін егжей-тегжейілі түсіндіріп береміз.
Бұл не үшін керек
80-жастан асқан Маргарет Магнуссен әуелде кітаптарын өзі сияқты өмірдің соңғы сәттерін көбірек ойлап жүрген, 50-ден асқан адамдарға арнап жазған болатын. Адамдардың көбі өмір ағысымен кете барады: жаңа заттар сатып алады, ескі заттарды сақтай береді, үйіндегі ретсіздік пен жиналған қоқысқа мән бермейді. Өзіне «Егер бүгін өліп кетсем, жиған дүниеме не болады?» деп сұрақ қоятындар аз.
Мұрагеріңіз сіз қалдырған ескі-құсқыны көреді. Егер де заттарыңыз көп болса, қайсысы расымен де керек, қай зат сіз жайында естелік болады, нендей нәрсенің керексіз екенін білмей, бәрін реттей алмай дал болады. Заттардың бір бөлігі қоқысқа кетеді. Тағы бір жартысы – жаппай сатылымға түсер. Мүмкін сізден қалған ескі заттарды тазалау үшін жақындарыңызға клинингтік компания шақыртуға тура келер?
Мен өзіме мына сұрақты жиі қоямын: осы бір затты үйде қалдырсам біреу қуанып, бақытты бола ала ма? Егер де жауабы «жоқ» болса, онда ол заттан құтылуға тырысамын.
Маргарета Магнуссен
Döstädning тұжырымдамасы үйдің тазалығына дәл осы көзқараспен қарауды көздейді. Үй жинаудың мақсаты - жақындарымыздың жұмысын жеңілдету екені айқын бола бастайды. Өзіңнен кейін жарқын, «таза» естелік қалдыру. Үйіңіздегі әр заттың мәніне көңіл бөлетін болсаңыз, онда көп дүниеңіз де қалмасы анық. Демек, үйді таза ұстау да қиын болмайды.
Сонымен қатар, «өлім алдындағы» тазалаудың тағы бір артықшылығы оның адамды жалықтырып жібермейтіндігінде. Үйдің ішін толтырып жатқан заттарды реттеп, керек емесін тастап, тек маңыздысына ден қоя отырып, сіз өз өміріңізге де қайта қарап шығасыз, естеліктеріңізде де тек қымбат нәрселер қалатын болады. Содан кейін ретті, таза ауаға толы әрі жарық кеңістікте өмір сүретін боласыз.
Шведтік үй тазалаудың 7 қағидасы
«Соңғы рет үй тазалаудың» аса көп ережесі жоқ. Алайда бірнеше маңызды сәттері бар, соған көңіл аудару керек.
1. Жасыңыз 50-ге толмаса да, бұл тұжырымдама сізге де келеді
«Соңғы рет үй тазалау» барлық жасқа жарамды. Бала кезден-ақ біз өзіміз үшін ненің маңызды екенін, ненің әдемі естеліктер болып, қуаныш сыйлайтынын, ненің қажетсіз екенін біліп өстік. Бұл әдіс өз өмірін жеңілдетіп, ретке келтіргісі келетін жандарға арналған.
2. Үй реттеуді асықпай, баппен, бірақ үздіксіз орындаңыз
Döstädning тұжырымдамасында сіз жай ғана тазалық жүргізбейсіз – сіз өміріңізді ретке келтіресіз. Бұл жұмыстың барысында ешқандай да асығыстық пен әбігерлік болмау керек, оны нақты бір уақытпен шектеуге де болмайды. «Өлім алдындағы» тазалау дегеніміз жай ғана шаңдарды сүртіп, заттарды шкафқа салу ғана емес, ол өмір салтын ауыстыру деген сөз.
3. Жақындарыңызға не істеп жатқаныңызды айта жүріңіз
Туыстарыңыз бен достарыңызға не үшін ескі заттардан құтылып, айналаңызды реттеп жатқаныңызды түсіндіріп айтып беріңіз, ниетіңізді айқындап алыңыз. Нәтижесінде сіз жауапкершілікті сезініп, жұмысты да жарты жолдан тастап кетпейтін боласыз.
4. Өміріңізге қажет емес заттарды басқаларға сыйлаңыз
Кезінде сіз сол заттарға ақшаңыз бен уақытыңызды кетіріп сатып алған болатынсыз, яғни өзіндік құны бар деген сөз ғой. Бірақ сіз үшін емес. Мүмкін, бұл құндылықты басқа біреу сезіне алар. Заттарға мүмкіндік беріңіз. Кітаптарға (ең болмағанда, кейбіреуіне) достарыңыз қуанып қалатын болар. Ойыншықтар мен киімдерге – мұқтаж отбасылар риза болады. Ал сіз өз өміріңізге орнатылған тәртіптен ғана емес, сондай-ақ жасаған игі істен де ләззат алатын боласыз.
5. Тазалауды шкафтан немесе киім тұратын орыннан бастаңыз
Магнуссен, эмоционалды жағынан аз әсер қалдыратын затқа киім мен аяқ киімді жатқызуға болады дейді. Кітаптар, әшекейлер және ойыншықтарға қарағанда олармен қоштасу жеңілірек көрінеді. Реттеуді жеңілінен бастасаңыз, жалғастыру да оңайырақ болады.
6. Тазалық жұмыстары психотерапиялық әсер беретінін есте сақтаңыз
Ол өмір соңының жақындап қалғанын еске салу емес. Өз өміріңді қайта қарап шығып, ең маңыздысына ден қою жайында. «Өлім алдындағы» тазалау – бұл өзіңнің жарқын әрі қарапайым хикаяңды жеңіл және мұқият түрде жазу.
7. Атқарған жұмыстарыңыз үшін өзіңізге алғыс айтыңыз.
Реттеудің кезекті аралық кезеңін аяқтаған соң, өзіңізге алғыс айтыңыз. Тіпті өзіңізге сыйлық ретінде киноға барып, қолыңызға маникюр, шашыңызға жаңа шаш үлгісін жасап немесе жаныңызға жақын адамдармен кафеге баруыңызға болады. Бұл сіздің алдағы өмір жолдарында жақсы демеу болады.