Назарбаев Зияткерлік мектептерінде World Robot Olympiad 2021 Ұлттық чемпионатының жеңімпаздары анықталды
WRO-2021 байқауының басты тақырыбы – PowerBots, яғни қазіргі заманның ең жаһандық басымдықтарына арналған. Жасыл экономиканың болашағын қалай құруға болады, жаңартылатын жаңа энергия көздерін қайдан алуға болады, экологиялық жауапкершілікті қалай қалыптастырады – жас робототехниктер шығармашылық тұрғыдан және жас ерекшеліктеріне байланысты Regular, Open, Future Engineers санаттарында нақты міндеттерді қарастырды. WRO-ның ұлттық кезеңіне барлығы қырыққа жуық команда жиналды, олардың әрқайсысы өңірлік іріктеу турларында табысты өнер көрсетті.
Онлайн формат қатысушылардың ынтасын, креативтілігін, үздік дайындығы пен жас робототехниктердің жеңіске деген ұмтылысын көрсетті.
Негізгі кіші санатта Алматы қаласындағы «Ақ-Ниет» жеке бастауыш мектебінің MagicKris командасы жеңімпаз атанды. Команда құрамы – Кристина Киселёва, Марк Бирюков, Петр Мороз және бапкері Олег Киселёв. Олар энергия тұтынуды азайтатын ақылды үйдің ең оңтайлы шешімін ұсынды. Негізгі орта санатта чемпион титулын алматылық «Lessons.kz» оқу орталығының A and B командасы жеңіп алды. Арьяна Кадырова мен Бернар Бердалиев (жаттықтырушы Әйгерім Еркабаева) жасаған роботтар олимпиадалық жылдамдықта гибридті және электромобильдерді зарядтауға арналған аккумуляторлар таратты. Негізгі жоғары санатта командаларға жаңартылатын ресурстардан тұрғын үйлерді электр энергиясымен жабдықтау, аккумуляторларда артық энергия сақтау міндеттері қойылды. Бұл санатта дәстүр бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептері өкілдеріне тең келер ешкім болған жоқ. Шыңғысбек Балғабай мен Альтаир Жамбыл (жаттықтырушысы Ясынжан Шакан) бастаған Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS-тің Vector командасы ең үздік уақыт пен ең жақсы нәтиже көрсетті. Осы санаттағы барлық құрмет тұғырын Зияткерлік мектеп оқушылары иеленді.
WeDo негізгі категориясында балалар шындыққа барынша жақын күрделі мәселелерді шешті. Командалар орман өрттерімен күресетін және адамдарды қауіпсіз жерлерге эвакуациялайтын роботтарды жасақтады, кейін өртенген ағаштардың орнына жаңасын отырғызды. Бұл тапсырманы Орал қаласындағы «Jaiq school» робототехника және бағдарламалау мектебінің (жаттықтырушы Есенғали Қайсар) Jaiq 3 командасынан шыққан Даниель Талғатов пен Ерасыл Хайдар өте жақсы орындады. Кіші шығармашылық санатында Халықаралық робототехника академиясының LegoMozg командасынан Даужан Бекетов пен Кирилл Островский (жаттықтырушысы Tom Noah) күн панелі мен жел турбинасын қамтитын ақылды электр станциясын жасады. Жаңартылатын энергия көздерінің тиімділігін арттыруға бағытталған жоба өз авторларына жеңіс әкелді.
Елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің NG- PHOTOBIO командасы атынан қатысқан Амина Рахымбергенова, Алдияр Пазилов және Дәулет Мұханов (жаттықтырушысы Бақытгүл Қажыкенова) аморфты балдырлар өсімдігінен биоотын алу үшін жасанды интеллект қағидаттарын пайдаланатын робот құрды. Олар жоғары шығармашылық санаттағы жеңімпаздар деп танылды.
Өз санаттарында үздік болған барлық командалар 2021 жылдың қараша айында онлайн форматта өтетін WRO-2021 әлемдік кезеңіне қатысу құқығын иеленді. Қазылар алқасы құрамына енген әлемдік робототехниканың танымал тұлғалары байқауға қашықтан қатысады деп жоспарлануда. Өңірлік жарыстар мен WRO Ұлттық чемпионатын жыл сайын Қазақстандағы World Robot Olympiad ұлттық үйлестірушісі ретінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы өткізеді.
- Олимпиадалар өзекті инженерлік-техникалық міндеттерді практикалық шешудің шығармашылық қабілеті мен дағдыларын дамытуға, ғылыми-техникалық қызметке қызығушылықты кеңейтуге, ақпараттық технологиялар саласындағы кәсіптердің беделін арттыруға бағытталған, – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Ақпараттық технологиялар және қызмет орталығы директорының орынбасары Азамат Биданов.
⠀
World Robot Olympiad (WRO) – Дүниежүзілік роботтар олимпиадасы, бұл 10-19 жас аралығындағы 6-11 сынып оқушыларына арналған байқау.