Түймедақ
Қаланың сыртында, жолдың дәл бойында саяжай тұратын еді. Сіз, бәлкім оны көрген де шығарсыз? Саяжайдың алдында сырланған ағаш шарбақпен қоршалған шағын бақ та бар еді.
Саяжайға жақын жердегі ордың жиегіндегі жұмсақ көк шөптің арасында түймедақ өскен. Күннің шуағы саяжай алдындағы бақта құлпырған әсем гүлдермен бірге оны да қыздыра аялаған кезде, біздің түймедағымыз күн санап емес, сағат санап өсті. Арайлап атқан ақ таңның бірінде жүрекшенің айналасын көз қарықтырарлықтай аппақ, ұп-ұсақ күлтелер жапқан, дөп-дөңгелек күндей сап-сары түймедақ айқара гүл жарды. Түймедақ өзінің жұпыны да қарапайым гүл екендігіне, қою шөптің арасынан ешкім өзіне назар аударып қарамайтынына еш қиналған жоқ, қайта осыған өзі риза болып, күн сәулесіне ынтыға ұмсынып, сонау зау биік аспаннан бозторғайдың сайраған әнін құмарта тыңдады.
Түймедағы бүгін шын мәнінде дүйсенбі болғанымен, өзін жексенбі күндегідей сезініп, сондай қуанышты әрі бақытты күйде еді; барлық балалар мектеп орындықтарында тып-тыныш қана отырып, ұстаздарынан білім алып жатқанда, біздің түймедағымыз да өзінің сабағында тып-тыныш орналасып, барша қоршаған табиғаттан, жарқыраған күннен құдайдың мейірім-шапағатын тануды үйреніп отырды. Түймедақ бозторғайдың сайраған үнінен құлақ салып отырып, оның әсем де асқақ даусы өзінің жүрек түкпірінде жатқан құпияны тербеткендей болды; сондықтан түймедақ соншалықты бір ерекше ықыласпен шаттана сайрап тұрған әнші құсқа құрмет сезімімен қарады; бірақ өзінің ән салып, әрі ұша алмайтыныдығына қайғырған да жоқ, құстың өнерін еш қызғанған да жоқ. «Мен бәрін көзіммен көріп әрі құлағыммен тыңдап тұрмын емес пе! — деп ойлайды ол. — Күн нұры мені аймалайды, самал жел бетімнен өбеді! Мен қандай бақыттымын!»
Бақтың ішіндегі небір толық әрі тәкаппар гүлдер қауыз жарды және олардың шашатын жұпары неғұрлым аз болған сайын, соғұрлым мардымсып кекірейе түсті. Таушымылдық раушаннан үлкен болғысы келіп өзін қампайтып әуреге түсті, шындығында мәселе осы көлемде ме? Қызғалдақтардан асқан алуан түсті, әрі сымбатты ешқайсысы жоқ еді, оны бәрі білетін, бұлар осыны білгендіктен де көзге көбірек түсу үшін сымдай тартылып тұруға тырысуда. Тәкаппар гүлдердің ешқайсысы да ордың жиегінде өсіп тұрған кішкентай түймедақты байқаған да жоқ. Бірақ түймедақ болса оларға қарап: «Бұлар неткен әсем, сымбатты еді! Оларға тамаша әнші құстар үздіксіз ұшып келіп қонақтап жатады! Құдайға шүкір, бұларға жақын өскенім қандай жақсы, мен де олардың бәрін әбден құмарым қанғанша көріп қызықтайтын болдым!» Кенет «пыр-пыр» еткен дыбыстар естілді де, бір бозторғай ... таушымылдық пен қызғалдақ өскен баққа емес, тура көк шөп арасындағы қарапайым түймедақтың қасына келіп қонды! Қуанып кеткен түймедақ, не істеп не қойғанын білмей сасқалақтап қалды!
Бозторғай болса түймедақты айнала секіріп жүріп: «Паһ, қандай сүйкімді жұмсақ шөп еді! Алтын сары жүрекшелі, ақ күміс көйлекті қандай әдемі гүл еді!» — деп әндетті.
Түймедақтың алтын жүрекшесі шын мәнінде алтындай жарқырап, көз қарықтырарлық аппақ күлтелері күмістей құбылды.
Түймедақ болса айтып жеткізгісіз соншалықты бақытты, соншалықты қуанышты еді. Бозторғай гүлдің бетінен сүйіп, ән салып берді де, қайтадан көк аспанға көтеріліп кетті. Бас айналдырған бақыттан түймедақ есін жиғанша, ширек сағат уақыт өтіп кеткен екен. Ол қуанышты әрі ұялшақ жүзбен әсем гүлдерге ұрлана көз тастады — мұның пешенесіне қандай бақыттың бұйырғанын олар да көріп тұрды емес пе және мұның қандай бақыт екенін олар болмаса кім біледі! Бірақ қызғалдақтар ызадан қып-қызыл болып сорая тымырайып, ал таушымылдықтар тіпті жарылып кетуге шақ қалып тұрған еді. Олардың сөйлей алмайтыны абырой болды — әйтпесе олар түймедақтың сазайын жақсылап тұрып тарттыратын еді. Олардың мұнша күйінгенін түсінген түймедақ қатты қынжылды.
Осы кезде баққа қолында жарқыраған өткір қайшысы бар қыз бала енді. Ол бірден қызғалдақтарға жетіп келді де, оларды шетінен бір-бірлеп қия бастады. Мұны көрген Түймедақ: «Неткен сұмдық! Бәрі құритын болды-ау!» — деп аһ ұрды. Гүлдерді қиып алған қыз кетіп қалды, ал түймедақ болса өзін ешкім де көрмейтін, назар аудармайтын қою шөптің арасында өскендігіне қатты қуанды. Күн де батты, түймедақ та қауызын бүркеп ұйқыға кетті, бірақ ол бәрі бір түсінде қызғыл арайлы күн мен әдемі құсты көрді.
Таңертең гүл қауызын қайтадан ашып, жарық күнге қарай қолын созған баладай ұмсына түсті. Осы кезде құстың дауысы естілді: бозторғай ән салып тұр екен, бірақ даусы сондай мұңлы естілді! Бейшара құс тұзаққа түсіпті, енді ашық терезенің жанына ілінген тордың ішінде отыр. Бозторғай шексіз көк аспан туралы, даланың балғын жасыл желегі туралы, бостандықта емін-еркін самғаудың қандай рақат екендігі туралы ән шырқады! Тұтқын болған бейшара құстың жүрегі қайғы-шерге толы еді!
Түймедақ тұтқынға көмектесуге жан-тәнімен ықыласты еді, бірақ қалай көмектесе алсын? Түймедақ тіпті айналасында қандай тамаша екендігін: күннің жадырата қыздыруын да, өзінің күміс күлтелерінің қалай жарқырағанын да ойлауға мұршасы болмады, ол тек бейшара құсқа өзінің көмек көрсете алмағанына құсаланумен болды.
Кенет бақ ішінен екі бала шықты; біреуінің қолында ана жолы қызғалдақтарды қиған қыздың қолындағы тәрізді үлкен, өткір пышақ бар еді. Балалар тұп-тура түймедақтың жанына жетіп келгенде, оларға мұнда не қажет екеніндігін түсінбей қайран қалды.
— Мінеки, бозторғайымызға арнап дәл осы жерден тамаша шым ойып алуға болады екен! — деді балақайлардың бірі, сосын пышағын жерге тереңірек батырып, төрт бұрыштап шым кесегін оя бастады; түймедақ осы ойылған шымның дәл ортасында еді.
— Қанеки, гүлді жұлып тастайық! — деді екінші балақай, түймедақ болса қорыққанынан қалтырап кетті: ол өмірге сондай құштар еді, жұлып алар болса өліп қалады ғой! Енді ғана байғұс тұтқын құстың қасына барудың реті келіп тұр еді ғой!
— Жоқ, осылай қала берсін! — деді алғашқы балақай. — Осылай тұрғаны әдемі.
Сөйтіп түймедақ бозторғай отырған торға келіп топ етті. Тұтқынға түскен күйіне өкінген бишара құс қатты қамығып, тордың темір қабырғасына сенделе соғылуда. Байғұс түймедақ айтайын десе тілі жоқ, оны сөзбен болса да жұбатуға дәрмені жетпеті. Әйтпесе, жұбатқысы-ақ келеді! Осылайша, таңды да атырды.
— Мұнда су жоқ! — деп шырылдады бозторғай. — Олар маған су беруді ұмытып кетіпті, бір жұтым су да қалдырмады! Тамағым құрғап, шөлден қаталап барамын! Ішім күйіп, өртеніп барады! Қандай қапырық еді, мұнда! Уһ, өліп барамын, бұдан былай күннің қызыл арайын да, балғын көк шалғынды да, мынау жарық дүниені де көре алмаспын!
Аздап болса да таңдайын жібітіп алу үшін бозторғай тұмсығын жаңа ойылған дымқыл шымға батырды да, кенет түймедақты көріп басын изеді де, бетінен сүйіп былай деді:
— Бейшара гүл, сен де осында соларсың ау! Олар маған бүкіл әлемнің орнына сенімен бірге осы бір шөкімдей шым кесегін беріп отыр! Мен үшін енді мұндағы әрбір шөп жасыл желекті ағаш есебінде, сенің әрбір жапырағың хош иісті гүл есебінде болмақ. Амалым қанша! Тек сен ғана мынау жарық дүниеде қол жетпеске айналғандарымның бәрін есіме салып тұрарсың!
— «Әттең-ай, қайтіп жұбатсам екен!» — деп ойлады түймедақ, бірақ өзі жапырағын қозғауға да шамасы келмеді, тек бар шамасынша жұпарын аңқытқан үстіне аңқыта түсті. Мұны бозторғай да сезді, шөлден қаталап шөптің бәрін жұлып тастаса да, гүлге тиіскен жоқ.
Ақыры кеш болды, бірақ бейшара құсқа әлі ешкім су әкеліп бермеді. Сонда ол өзінің кішкентай қанаттарын жайып жіберіп дірілдетті де:
— Су! Су! — деп бірнеше рет жанұшыра шиқылдады.
Содан кейін байғұс құс басын бір жағына қисайтты да, бұл қасірет пен қинауға шыдамай, жүрегі жарылып жан тапсырды.
Бұдан соң түймедақтың да бұрынғыдай қауызын бүркеп ұйықтауға шамасы болмай қалды: ол әбден титықтап құр сүлдері қалғандықтан, басын көңілсіз салбыратып тұрды.
Балалар тек келесі күні ғана келді. Олар өліп жатқан бозторғайды көріп қатты аяп, жылап жіберді. Содан кейін оған қабір қазды да, оны гүлмен көмкерді, ал бозторғайды әдемі қызыл қорапшаға салып — патшаны жерлегендей салтанатпен көмбек болды! Байғұс бозторғай! Ол ән салып тірі тұрғанда бұлар оны ұмытып кетіп, торда шөлден қаталатып өлтірді, ал енді өлгеннен кейін сән-салтанатпен жерге көміп, қабіріне көз жастарын көл қылып төкпекші!
Түймедақ өскен шым кесекті шаңдақ жолға лақтырып жіберді, ал байғұс құсты шынайы жақсы көріп, оны жан жүрегімен жұбатқысы келген түймедақ гүл туралы ешкім ойланған да жоқ.
Орыс тілінен аударған Асылбек Байтанұлы