Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Кешірші, мені кептер

— Вон, вон, вон. В-в-в-в. Жандос мен сенен озып кеттім. Өйткені, менің машинам ВМВ ғой, — деп Біржан кетік тістерін көрсете күлді.

— ВМВ емес, БМВ! — деді Жандос оның сөзіне түзету енгізіп.

— Сен ұтылдың!

— Ұтылған жоқпын! — деп Жандос дес берер емес.

— Мықты болсаң жарысайық, қане! — деді Біржан рөлге ұқсас дөңгелектене келіп иілген темірді арлы-берлі айналдырып. Досының да қалысар түрі жоқ. Жандостың аяқ-киімі жыртық, ескі, әрі табаны тесіліп қалғаны көрініп-ақ тұр. Мезгіл — шіліңгір шілде. Дала дегеніңіз қапырық. Аумағы шағындау аулада бұрқ-бұрқ еткен қара топырақтың шаңын көкке көтеріп он қаралы бала доп теуіп жүр. Ал, ана бұрышта қаз-қатар тізілген орыстың төрт бірдей кемпірі әңгіменің қызығына кіріп отыр. Көкке көз сүзген көрші шал терезеден мойнын оздырып, жан-жағына қарауда. Бір затын жоғалтқанға ұқсайды. Бүкірбел кемпірі әлденені айтып жатыр. Алайда, сөзі естілер емес. Жандостың Сергей есімді көршісі қаражон Жиппен, жыртық-жамау жолмен ырғалып үйіне жетті.

— Біржан! — деді бала ойлы қалпынан танбай.

— Ау!

— Ана машинаны көрдің ғой?

— Көрдім. Не бопты?

— Мен өскенде сондай аламын.

— Бөсе бермеші, қиял.

— Өзің қиялсың! — деген Жандос бұл сөзді жақтырмай қалды.

— Жүр, одан да паркқа барып кептер атайық.

— Атпаймын.

— Неге?

— Оларды өлтіргенше жем берейік та.

Біржан ойланып қалды да, аз-кем бөгелістен соң:

— Дұрыс айтасың, кеттік! — деп екеуі үйлерінің жанындағы саябаққа бет алды. Сөйтіп, олар қалтасындағы нанның қоқымы, шемішкенің дәні мен жемді құстарға шашты. «Пыр» етіп ұша жөнелген құстар аспанда қалықтап барып, қайта қонды. Құс атаулысы адамға бірден үйренсе кетпейтіні белгілі. Алғашында аса сеніңкіремейді, жаныңа жақындамайды. Олар шашылған жемге таласып-тармасады, бір-бірін қуады. Құс демесеңіз кейбір қылықтары адамдікінен аумайды, тура. Екі бала өмірлеріне риза. Құстар оларға рақметін айтқандай бастарын изеуде. Біржанға солардың ішіндегі бір кептер қатты ұнап қалды. Ол соны біразға дейін бақылады, зерттеді. Мойнындағы қара жолағы, арқасындағы сұп-сұр белгісі, сынған соң қисая біткен оң қанаты, бәрі-бәрі — оны өзгелерден ерекшелендіріп тұрды.

— Бүгіннен бастап сенің атың — «Жалғыз» болады! — деді Біржан сыбырлай сөйлеп.

— Ертең тағы да келейік. Жемді көбірек алып келу керек шығар, қалай ойлайсың?

— Иә! — деді Біржан әлгі кептерден көзін алмай...

Кеш батты. Екеуі келесі күні тағы да келетін боп уағдаласты. Жандос — шикіл сары, дүрдек ерін, сопақбет, ал Біржан — көмірден сәл ғана ақшылдау, қырмұрынды, қалқан құлақты, тәмпіш танаулы бала. Екеуі қазақша айтқанда «түйдей құрдас». Онда. Бүгін — жексенбі. Яғни, аптаның аяғы. Барлығы дерлік үйінде демалып жатыр. Арайлап атқан таң, жан-жануарларға ұқсаған бұлттар, төбеден төнген теректер қос досқа сұмдық әдемі боп көрінді. Олар үйлерінен: қатқан нан, тары, қуырылған бидай, құрттардың үгітіндісін алып шықты. Жандос пен Біржан бір нәрседен құр қалатындай саябаққа қарай жүгірді. Келсе, жұмысшы сол жерді сыпыртқысын бірде оңға, бірде солға сілтеп сыпырып жүр. Сквер іші бос бөтелке, шашылған қағаз, шағылған шемішкеге толы. «Е-е-е, адамдар!» — деді Біржан күрсіне сөйлеп. Екеуі барлық қоқысты жинастыра бастады. Бір кезде, бала су сіңген, екі-үш жері жыртылған газетті жерден көтергені сол еді, өзіне ерекше ұнаған жансыз кептерді көрді. Әуелгіде, шошып кетті. Ал, Жандос болса саспастан құсты алақанына салып:

— Көмеміз бе?! — деді сұраулы жүзбен.

— Білмеймін...

— Онда кептерді жәшікке салып, ана жерге апарып қояйық, — деді Жандос сенімді сөйлеп. Екі дос бейкүнә кептерді айтқан жеріне алып барды. Бір түрлі қиғысы келмегендей өлі құсқа ұзақ қараған Біржан оның жанына бір шыны су, бір үзім қара нан қойып, үстіне ақ мата жапты да былай деді:

— Қарны ашса, түнде тұрып жейді. Ең бастысы мұздамаса болды.

Жандос жылай бастады.

— Енді, мен бұл кептерді ешқашан көрмеймін бе? — деді Біржан жасын сүртіп.

— Білмеймін...  — деді досы даусы айрықша қатты шығып.

Біржанның аузынан:

— Кешірші мені, кептер! — деген сөздің шығуы мұң екен өзін тоқтата алмады. Жылады келіп. Содан бері бала бір топ кептерді көрсе «Жалғызын» сағынатын болды. Ол ешкімге ұқсамайтын. Ешкімге. Дара. Егер де, Алла «Жалғызды» кептер етіп емес, адам қылып жаратса, ол жақсы адам болар еді, шіркін. Қош бол, «Жалғызым»!.. Қош бол!..


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама