Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ұлттық киімдерді насихаттау

«Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі», - деген ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем болған жоқ. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сыяпат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш, белгі ретінде жүрген. Ат, шапан сыйлау құрметтеудің көрінісі деп бағаланған.Ертеде халық шеберлері қазақтың болмысына тән, кигенде ыңғайлы әр түрлі киім үлгілерін жасаған.

Қазақ халқының қол өнері көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына Қазақ халқының киімдерінде қаншама жылдардың көшпелі, жартылай отырықшылдық және отырықшылдық тұрмыстарының көркем өнеркәсіпшілік жетістіктері мен негізгі принциптері жинақталған. Неолит дәуірінде өру, иіру және тоқу кәсібі дамып, иықтан, мықыннан киілетін киім түрлері пайда болған. Еңбек бөлінісі күшейіп, адамдар мал, аң терілерін илеп мәнерлеу, жүн иіру, тоқыма тоқу, бояу жасау, тас күйдіріп металл өңдеуге қол жеткізген заманаларда киім-кешек түрлері де кемелдене, түрлене түсті. Көшпелі қазақтардың ішкі-сыртқы киімдері жүріп-тұруға, көшіп-қонуға ыңғайлы етіп тігіліп, негізгі түрлерге бөлініп келген.

Бүгінгі таңда елімізде тек айтулы Көрісу күні, Наурыз мейрамын секілді мерекелерді есептемегенде, күнделікті өмірде ұлттық нақыштағы киімдеріміз киілмейді. Сонымен қатар, қазақша киімді сахналарда, мерекелік іс-шараларда ғана киіп жүрген қыз-жігіттер мен аға буын өкілдерінен көреміз.  Яғни, ұлттық дәстүрімізді, салт – санамызды, киімімізді бүгінгі жастарға насихаттау ісі ақсап тұр. Қазақтың көне ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектерді сақтай отырып, қазіргі уақытқа ыңғайланған сан алуан киімдер мен әшекейлерді қолданысқа енгізуге, күн­делікті гардеробымызды ұлттық үлгі­де тігілген киімдермен толтыруға болады деп ойлаймын. Ұлттық үлгіде тігі­л­ген киім арқылы жастардың бойы­на пат­риоттық сезім ұялатуға болады. Отан­дық өндірісті қолдай отырып, эко­логия­л­ық таза материалдан бірта­лай киім мен әшекейлерді киюге жол ашу керек. Мыс­алы, мектеп оқу­шы­лары, студенттер және мемлекеттік қыз­мет­шілердің кос­тюмдері мен галстуктары­на қазақтың ұлт­тық эле­мент­терін салып, күнделікті жұ­мыс­қа кисе несі айып?! Шетелдерге өзі­міз­дің ұлттық эле­мент­тері бар сапалы киім­дері­міз­ді ұсына отырып, отандық өнімдері­міз­ді экс­порт­қа шығаруға барлық күш-қуаты­мызды салсақ жөн. Абайдың айтуынша, «киім кию салты ар­­­қы­­лы адамның мінез-құлқы, қоғам­дағы ор­­­ны, болмысы анықталады». Сондық­тан елі­­­міз­­­дің жастары сәнді және әдемі киін­се, олар­­дың өмір сүру сапасы да жақсара түседі.

Дегенмен, жастар арасында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында жоғары оқу орындарында арнайы іс- шаралар, тәрбиелік сағаттар,ашық сабақтар, жарыстар өткізудің арқасында кейінгі уақыттарда ұлттық нақыштағы киімдеріміз мен әшекейлерімізді заманауи талғамға сай үйлестіріп жүрген жастар бар. Көшбасшы университеттеріміздің бірі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде Наурыз мейрамы қарсаңында студенттер мен магистранттар арнайы қазақи нақыштағы киімдер киіп, қыздарымыз көздің жауын алатын әшекейлерімен сабақ жүргізеді. Ұлттық киімдерімізге арналған қызықты сұрақтар қойып, қазақтың ұлттық аспаптарымен өнерлерін паш етеді.

Ұлттық киім – ұлт бейнесі. Осы орайда студенттер мен университет оқытушылары ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында ұлттық нақыштағы киімдер мен әшекейлер тағып ұлт мұрасын ұлықтауға атсалысты. Жас буын бойына патриоттық рух сыйлай білген шара барысы ұлттық нақыштағы қазақи киімдер мен әшекейлерге құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында ата-бабаларымыздан қалған құнды дүниелерді насихаттау айтылған болатын. Осы мақсатта университет атқарған іс – шаралар құндылықтарымызды дәріптеу, шеберлеріміздің еңбегін көрсету, халқымыздың тарихы мен ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар екендігін жастарға жеткізді.

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Удербаева С.К.
Қазақстан тарихы кафедрасы.
Мукышева А.М. 1- курс магистранты
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама