- 17 сәу. 2023 00:00
- 240
Білікті ұстаз - сапалы білім негізі
«Ұстазды алтын діңгекке балар едім» — деп, ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің айтқанындай, ұстаздық – тарихтағы ең ұлы істің бірі. Шындығында, мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен, ұлағатты ұстаз мәртебесі кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ.
Отандық білім беру жүйесінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ұлағатты ұстаз жайында ой толғайтын болсақ, білім берудің барлық сатыларынан өткен, тәжірибелі мұғалім, әдіскер, оқытушы, білікті басшы, ұстаздардың ұстазы болған педагогикада барлық саналы ғұмырын халыққа білім беру саласына арнаған адал азамат - Орынбаев Кожантай Асанович.
Орынбаев Кожантай Асанович 1978 жылдың қазан айының 2 жұлдызында дүниеге келген 1985 жылы Бейнеу селосындағы Абай атындағы орта мектебінде қабылданып, 1995 жылы бітіріп шықты.1996-1999 жж аралығында Маңғыстау энергетикалық колледжінде «Жылу технигі» мамандығын үздік бітіріп, 1999-2004 жж Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Құқықтану» мамандығының, 2015-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алып шықты. Еңбек жолын алғаш Бейнеу политехникалық колледжінде 2004 жылдан бастап арнайы пән мұғалімі қызметін бастады.
2013-2015 жж оқу бөлімінің меңгерушісі, 2015 жылдан казіргі уақытқа дейін басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Кожантай Асанович колледждегі лауазымдық қызметін ҚР Заңнамасына, колледж жарғысына, колледждің стратегиялық жоспарына, басқа да нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес оқу жұмысын ұйымдастыру жөнінде жоспарларды әзірлеуді жүзеге асырады.Сонымен қатар біліктілік арттыру курстарынан, колледждегі мамандықтарға сәйкес оқулықтар, оқу құралдарын, әдістемелік кешендер, имитатор-макеттер дайындауға қатысады.
Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен елі үшін еткен еңбегінде», - деуінің өзі бекер емес, өйткені ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған әр адамның бойында үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек ету қасиеттері болуы шарт.
Білім беру саласында табанды еңбек етіп, жоғары көрсеткішке жеткен Бейнеу политехникалық колледжінің ұлағатты ұстазы, абыройлы әріптес, жастарға үлгілі парасатты педагог Орынбаев Кожантай Асановичті “ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҚҰРМЕТТІ ҚЫЗМЕТКЕРІ” белгісімен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев марапаттады.
Өз шәкірттеріне сүйіспеншілікпен қарай алмаған мұғалімнен жақсы маман шықпасы анық. Ал, Кожантай Асановичті алатын болсақ, сан мыңдаған шәкірттер мен жас мамандарды тәрбиелеуде. Ұстаздың білім саласын жандандыруға қосқан өлшеусіз еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Алған мақтау, марапат, алғыс хаттарын тізетін болсақ, өз алдына бір төбе. Бірақ, адамның адамшылығы марапат қағазымен ғана өлшенбек емес, адамды одан да биік етіп, қосымша көрік беріп тұратын – адами қасиеттері, игілікті істері болмақ.
Көп жылдар бойғы ерен еңбегіңіз, кәсіби шеберлігіңіз бен қызметтік қабілетіңіз көпке үлгі. Осы абыройлы қалпыңызда әлі талай белесті бағындырып, шәкірттеріңіздің сүйіктісіне айналып жүре беріңіз.
Бейнеу политехникалық колледжі МКҚК
Бекқалиев Ерболат Қожахметұлы
Арнайы пән оқытушысы