Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ұлттық идея

Әр халықтың мінез-құлқы, ойы, болмысы өз заманындағы әдебиетінен білінеді. Барлық жаратылыстың бүкіл мәнді мағынасы – оның идеясы болса, халықтың табиғатына байланысты мәні –ұлттық идея болып табылады.

Жер бетінде көптеген ұлттар өмір сүріп жатыр, әр ұлт өзінше «ұлттық идеяны» ұстанады. Орыс ғалымдарының: «Ұлттық түсінік пен ұлттық идея бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Бірінші ұғым түгел әлемге деген көзқарастарын, әр ұлттың өздері туралы  түсініктерін, дәстүрлер мен салттарын қастерлеулерін білдіреді. Ал ұлттық идея барлық түсінікті жалпылама түрде қамтиды. Сол үшін кез келген берілген анықтама өзінше дұрыс болады»деп айтады. Бұл да бір жағынан дұрыс ой деп тануға болады. «Ұлттық идея» атты еңбегі бар Н. А. Бердяевтің өзі былай дейді: «Ұлттық  мінезді, даралықты анықтау оңай емес. Сондықтан бұған дәл анықтама беру мүмкін емес» дейді.

Тарихи дамуға орасан зор үлес қосқан Г. В. Ф. Гегель: «Әр халықтың өзіне тән, өзіне ғана тиесілі еншісі бар» деп, «халықтық рух» ұғымын қолданысқа енгізді. Гегельдің ойынша, халықтық рух деген жалпы әлемдік жаратылыс рухы мен жеке дара адамның рухын байланыстырушы, осы халықтық рух негізінде барлық тарихи процестер жүреді. Халықтық рухтың ең биік белгісі – ұлттың өзін толық тануымен көрініс береді. Н. В. Гогольдің «Пушкин туралы бір-екі ауыз сөз»мақаласында: «. . . ұлттық сипат, бейне халықтың өзінің өзегінде жатыр» дейді. Бұл тұрғыда З. Қабдоловтың Абай туралы еңбегінде: «Ұлттың ақыны болуоның шығармаларындағы өрнектерге, сипаттарға ғана байланысты емес. Яғни, ұлт ақыны болу тек шығармаларындағы бейнелеу сөзінде ғана емес, сол халықтың, ұлттың өзіне айналу» деп керемет тұжырым жасайды.

Әрбір халық бірте-бірте жетілген сайын «халықтық рух» ұғымының орнына «ұлттық рух» ұғымын көп қолданады. Осы мәселені тереңінен зерттеген этнопсихолог Г. Шпет «ұлттық рух» халықтың толықтай сипатын, идеясын бейнелейтін «образ» ұғымымен тікелей байланысты екендігін көрсетеді. Бұл ұғым «ұлттық мінез» ұғымымен бірдей, тең дәрежеде келеді. Қазіргі зерттеушілер де осы екі ұғым арасына баламық белгісін  қоюға қарсы емес. Онымен қоса, ұлттық төлсананы да осы екі ұғым қатарына  қосқысы келетіндігі байқалады.

Г. Лебон өзінің «Идеялардың халықтар өміріндегі мән-маңызы» деген еңбегінде қалыптасу мен қатпарлану бірден бола қойматын ұзақ процесс дейді. Сол себепті де тарихи даму кезінде кез келген идеяның өну, өрлеу, даму және өшу кезеңдерінен өтетіндігі мәлім.

Сонымен, ұлттық идея дегеніміз – халықтың болмысына байланысты өзгеріп, дамып отыратын, десек те өзіне тән белгілерін жақын уақытта жоқ қыла қоймайтын тарихи болмысының, сана-сезімінің, табиғи мінезі мен мәдениетінің мәнін, маңызын жинаған ұйытқысы. Ұлттық рух пен ұлттық идеяның арасындағы жіпсіз байланыс халықтың өзінен, өзегінен басталады деп айтуымызға әдбен болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ-нің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 1-курс магистранты: Сағынбаева Әсел Радикқызы

ҚазақҰУ-нің профессоры, доцент: Жанатаев Данат Жаңатайұлы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама